Теннистен Қазақстан әйелдер құрамасы әлемдік рейтинг тарихында тұңғыш рет ең үздік он құраманың қатарына қосылды. Бұл туралы ҚТФ баспасөз қызметі хабарлады.
Билли Джин Кинг кубогының жаңартылған рейтингіне сай, ел құрамасы 16-орыннан бірден жеті саты жоғарылап, 9-орынға көтерілді. Қазақстан ұлттық құрамасы Ресей, Германия, Италия, Румыния, Бельгия, Польша секілді алпауыт командаларды артқа қалдырып, ТОП-10 құраманың қатарынан табылды. Қазақстандық қыздар биылғы сәуірде елордада Германия теннисшілерін 3:1 есебімен тізе бүктіріп, командалық әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алған болатын.
Әлемдік рейтингте алғашқы 10 команда былайша орналасты: 1. Аустралия – 1002,71 ұпай 2. Франция – 885,6 3. Испания – 884,62 4. Чехия – 842,92 5. Швейцария – 881,81 6. Канада – 780,09 7. АҚШ – 758,09 8. Словакия – 744,23 9. Қазақстан – 704,75 10. Германия – 702,52.
Айта кетейік, биылғы Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңі 8-13 қараша аралығында өтеді. Әзірше қай елде ұйымдастырылатыны белгісіз.