Бұл күндері Әзербайжанның астанасы – Бакуде нысана көздеуден әлем кубогы жолындағы бәсекелер өтіп жатқаны белгілі. Жарыстың кезекті күнінде ел қоржынына тағы бір жүлде түсті.
Спортты дамыту дирекциясының мәліметі бойынша, кеше мергендер стенд атудың трап жаттығуында жүлдеге таласты. Қола медаль үшін аралас сында қазақстандық Виктор Хасянов пен Мария Дмитриенко америкалық жұп Деррик Скотт Майн мен Рэйчел Лейэнн Тозиерді 6:4 есебімен жеңіп, әлем кубогында олжалы болды.
Бұл – әлемдік сындағы Қазақстан құрамасының екінші жүлдесі. Осыған дейін Ислам Усейнов 10 метрден пневматикалық мылтықпен нысана көздеуде үздік үштіктің қатарынан көрінген болатын. Қоржынында екі қола жүлдесі бар Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте 21-орында тұр. Ал көш басында 3 алтын, 1 қола жүлдесі бар Оңтүстік Корея келе жатыр. Екінші орында Сербия (2 алтын, 1 күміс пен 1 қола) құрамасы тұр. Әлем кубогы 7 маусымға дейін жалғасады.