• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 06 Маусым, 2022

Жазғы демалысты тиімді өткізген абзал

486 рет
көрсетілді

Балалардың қауіпсіз әрі көңілді демалысын ұйым­дастыру мақсатында қала­лық әкімдік мамандары ке­шенді жоспар құрып отыр. Өңірлік коммуникациялар алаңындағы брифинг­те Алматы қаласы білім бас­қармасы басшысының орынбасары Қайрат Жұманов жә­не «Жастар саясатын дамыту» мемлекеттік қорының бас­шысы Алма Ауғанбаева атап өткендей жазғы каникул балалар үшін мазмұнды әрі қауіпсіз ортада өтуге тиіс.

Балалар жылына орай «Алматы балаларының жазы – үлкен арман­ға жасалған шағын қадам!» тұжы­рымдамасы қабылданып, мектептер жанындағы жазғы лагерь жұмысына ерекше мән берілуде. Балалар мен жасөспірімдердің қадағалаусыз, бақылаусыз қалуына жол бермеу ата-аналардың ғана емес, бар­лық орта білім беру ұйымдары ма­ман­­дарының жауапкершілігінде. Осы орайда жазғы мектептер жұ­мы­­сы оқушылар біліміндегі олқы­лық­тарды толтыруға ықпал етеді. Үздік­сіз білім беру жүйесі бала­лар мен жасөспірімдердің дамуы, тәрбиесі мен денсаулығын нығай­туда, келесі оқу жылына сергек қарауына ықпал ететін болса, балалардың жарақат алуына, құқық бұзушылықтарға жол бермеуге педагогтер ғана емес, тиісті орган мамандары да жол бермеуге тырысады. Педагогтер балалармен көше, жол және судан да қауіп бар екенін ескере отырып, қауіпсіз жүріс-тұрыс дағдыларын жетілдіру, өрт қауіпсіздігі ережеле­рін сақтау, балалардың жол-көлік оқиғаларында жарақат алуының алдын алу, сондай-ақ оқыс оқиғалар кезінде алғашқы медициналық көмек көрсету жұмыстарына ерекше көңіл бөлуде. Бұл каникул балалардың есінде жат әдеттерден ада, адамгершілік пен руханиятқа ерекше көңіл бөлетін кезең ретінде қалуға тиіс.

Жазғы мектепте оқыту сабақта­ры­нан басқа, дене шынықтыру, қозға­лыс ойындары, флешмобтар өтіп, 26 мамыр мен 17 маусым аралығындағы лагерьге 1-8 сынып оқушылары барады. Ал 7-13 жас аралығындағы оқушылардың қатысу мерзімі: маусым айы мен 27 тамыз аралығы. Осы орайда білім беру ұйымдарында барлы­ғы 1 150 үйірме, атап айтқанда спорт секциялары, клубтар, студиялар, мектеп кітап­ха­наларындағы оқу үйірмелер жұмыс істейді. Оқушылар сарайы және 6 оқушылар үйінде, 44 жекеменшік қосымша білім бе­ру ұйымдарында 1 200-ге жуық үйір­ме мен секция жұмысы жанданса, балалар қалаішілік және қала сыртындағы жазғы лагерьлерге бюджет қаражаты, сондай-ақ ком­мерциялық негізде барып демалу мүмкіндігі қарастырылған. Сауықтыру демалысына, ең алды­мен, халықтың әлеуметтік осал сана­тындағы балалар қамтылады.

Ал биыл үлкен өмірге қадам басқалы отырған түлектер үшін бірқатар ескерту бар. Оларға мектеп бітіру куәлігі 16-17 маусымда салтанатты жағдайда табыс етіледі. Осы орайда күндізгі мезгілде мектеп қабырғасында педагогикалық ұжымның, ата-аналардың, еңбек ардагерлері, қамқоршылық кеңес мүшелерінің қатысуымен өтетін игі дәстүр қалыптасқан. Түлектердің қайырымдылық бастамаларының қатарында «Мектепке кітап сыйла», әлеуметтік осал отбасылар мен балаларға көмек көрсету мақсатында «Мейірімді жүректен балаларға», ағаш егу бойынша «Мектепке сый», «Туған жерге тағзым» акцияларының маңызды екенін айта кеткен абзал.

Педагогикалық әдепті сақтау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында мектеп бітіру іс-шараларына дайындық кезінде бітірушілердің ата-аналарымен киім-кешекке қаражат жұмсаудың орынсыздығына байланысты туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, мерекелік дастарқан ұйымдастыру, агенттіктерді шақыру, автокөлік жалдау, қала бойынша экскурсиялар өткізу, әкімшілік пен мұғалімдерге сыйлыққа қаражат жинауға қатаң ескерту жасалып отыр.

 

АЛМАТЫ