• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Мамыр, 2010

БАСТАУЫШ ҰЙЫМ – БАСТЫ ТІРЕК

999 рет
көрсетілді

Жасампаздық Жолдауы Қазіргідей күрделі кезеңде, дүние жүзінің экономикасын тұралатқан дағдарыстың әсері­нен әлі арылып болмаған тұста біз өз ішіміздегі бірлік пен ынтымақ арқылы қандай ауырт­па­шылық болсын, оны еңсере алатынымызды уақыт дәлелдеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев біздерге, нұротандықтарға қандай істе болсын алдыңғы лектен көрініп, қиындықтан шығудың жолдарын қарастыруды міндеттеп отыр. Сондықтан, біздер барша қазақстандықтардың мүддесі жолында басқа да саяси партиялармен бірігіп, өзара іс-қимылдың жаңа үлгілерін әзірлеп, игілікке жаратуымыз керек. Мемлекет басшысы биылғы “Жаңа он­жыл­дық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақ­стан­ның жаңа мүмкіндіктері” Жолдауында атап көрсеткеніндей, біздің ең басты құндылығымыз – қасиетті Отанымыз болып табылады. Олай болса, осы елді мекен етіп отырған әр адамның әл-ауқатын көтеру ісінде билік партиясының атқаратын жұмыстары ұшан-теңіз. Жалпы, партия жұмысының негізгі бағыты жергілікті жерде тұрғындармен тұрақты қарым-қатынас орнату болып табылады. Сондықтан, партия органдары құрылымдарының барлық іс-әрекеті Елбасының жүргізіп отырған саясаты айналасында азаматтарды, қоғамдық күштер мен жұртшылықты ортақ мүддеге тоғыстыруға бағытталған. Ал, осы игілікті істе “Нұр Отан” ХДП филиалдарына, бастауыш ұйымдарына ерекше жауапкершілік жүктеледі. Бүгінгі таңда партияның Ақмола облыстық ұйымында 35706 мүше бар. Олар 20 аумақтық филиал мен 454 бастауыш ұйымға біріктірілген. Ең ірі ұйымдар қатарына “Ақмола–Феникс”, “Степногор подщипник зауыты” акционерлік қоғамдары, Көкшетау қаласындағы темір жол бекеті, Бұланды аудандық орталық ауруханасы сияқты мекемелерді қоса аламыз. Бұлардың алғашқысында мыңнан астам партия мүшесі бар болса, соңғысында 176 адам шоғырланған. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың ел халқына арнаған биылғы Жолдауында мем­ле­кет­ті дамытудың бес басым бағыты жайлы ай­тыл­ғаны белгілі. Бұл экономиканы дағдарыстан кейінгі дамуға әзірлеу, жедел индустрия­лан­дыру және инфрақұрылымдарды дамыту ар­қылы экономиканың тұрақты өсуіне қол жет­кізу және адам капиталының бәсекеге қабі­лет­ті­лігін арттыру үшін болашақта бұл саланы ин­вес­тициялау сияқты мәселелер болып та­былады. Елімізді дамытудың 2020 жылға арналған бұл стратегиялық жоспары баршамызды өсіп-өркендеу белесіне апаратын жол ретінде қарастырылды. Сондықтан, Ақмола облысында елімізді 2010-2014 жылдарда индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасы аясында индустрияландырудың картасы жасалды. Мысалы, жаңа өндіріс орындарын ашу, кәсіпорындарды жаңғырту және техникалық қайта жарақтандыру бағытында 690 миллиард теңгенің республикалық деңгейдегі 14 жобасы және 29 миллиард теңгенің 7 өңірлік жобасы іске асырылмақшы. Биылғы жылдың алғашқы жарты жылдығында бес жоба, ал екінші жарты жылдығында үш жоба іске қосылады деп күтіліп отыр. Яғни, инновациялық қызметпен айналысатын өнеркәсіп кәсіпорындары жалпы санының 1,2 пайызын инновациялық белсенді кәсіпорындар үлесі алатынын атап көрсетуге болады. Бұл өнімділікті арттырудың негізгі мүмкіндігі екендігін де ұмытпауымыз қажет. Осындай инвестициялық жобаларды іске асыру арқылы өңір экономикасының құрылымы одан әрі теңгермелі бола түсіп, экспортқа шығаратын өнім көлемі артатыны анық. Біздің партиямыздың негізгі жұмыс бағыт­тарының бірі – Президент Жолдауы талап­тарын жүзеге асыруға барлық партия құры­лымдарын белсенді қатыстыру. Бұл жерде әрбір партия мүшесі өз әлеуетін толық пайдаланып, белсене қызмет етуі қажет. Өйткені, партия басшылығы мен активі үшін мынадай нақтылы міндеттерді орындау белгіленіп отыр: біріншіден, “Қазақстанды 2020 жылға дейінгі дамыту стратегиясы” жоспарының не­гіз­гі міндеттерін әрбір қазақстандыққа жеткізу; екіншіден, қоғамның барлық буынын аталған стратегияны іске асыруға жұмылдыру. Өйткені, біздің ортақ жетістігіміз әркімнің жеке үлесі арқылы қалыптасады; үшіншіден, басқа да саяси партиялармен, бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара қарым-қатынасты жандандырып, бұл бағытта ортақ күш-жігерімізді жұмылдыру; төртіншіден, “Жас Отан” жастар қанаты­ның жұмысын жандандырып, олардың белсенді қызметі арқасында партия саясатын жүзеге асыру. Партиямыздың көшбасшысы Н.Ә.Назар­баев ескерткендей, бастауыш партия ұйым­да­рының жұмысын жетілдіріп, жергілікті жердегі жағдайлар туралы шынайы ақпараттардың ұсынылуын қамтамасыз етуіміз керек. Өйткені, бастауыш партия ұйымдарының және оның мүшелерінің белсенді жұмысы және партия тәртібін сақтаудағы жеке жауапкершіліктері біздің негізгі қызметіміздің нәтижесі болатыны белгілі. Сондықтан, партияның ұйымдық бағытындағы жұмыстарды да жақсарту аса қажет. Қазіргі күні, жоғарыда айтқанымыздай, біздің облыстық партия ұйымының 35 мыңдай мүшесі бар. Ал, оның 6177-сі (17,3 пайызы) жұ­мыссыздар болса, 3894-і (10,9 пайызы) зейнет жасындағы адамдар. Мысалы, Степногор қа­ла­лық, Ақкөл, Егіндікөл, Есіл, Жарқайың, Қор­ғалжын және Шортанды аудандық филиал­дарында партия мүшесі болып табылатын жұмыссыздар үлесі басым болып отыр. Облы­сымызда әрбір бесінші партия мүшесі жұмыс істемейді екен. Сондықтан, бізге өз қатары­мыздың сапалы құрамына байланысты көп ойлануға тура келеді. Ал, қоғамымызда жұмыс­сыздықты жою – бұл мемлекеттің ғана емес, партиямыздың тұғырнамасында көрсетілген басты талаптардың бірі. Сонымен бірге, партия құрамын жасарту мәселесі де көп айтылып жүр. Облыстық дерек бойынша, 29 жасқа дейінгі партия мүшелерінің саны 19,8 пайызды құрайды. Бұл көрсеткішті 30 пайызға дейін жеткізу міндетіне сәйкес әлі де көп жұмыстар атқаруға тура келеді. Біздің жүргізген талдауларымызға қарасақ, облыстық партия ұйымының қатарында шаруа қожалықтары өкілдері өте аз екен – бар-жоғы 3,7 пайызды ғана құрайды. Ал, мемлекеттік қызметшілердің небәрі 10,1 пайыз болып отырғаны да өкінішті-ақ. Сондықтан, алдағы уақытта біз жаңа сапалық деңгейге көтерілуге талпынатын боламыз. “Нұр Отан” ХДП жемқорлықпен күрес мәселесіне де ерекше көңіл аударады. Бұл бағытта қолға алынып, істеліп жатқан жұмыс­тар да аз емес. Соңғы екі жыл бойы облыстық және республикалық жемқорлыққа қарсы фо­румдар өткізіліп, осыған байланысты нақтылы ұсыныстар жасалды. Ал енді бірер мысал келтіретін болсам, 2009 жылы облыс бойынша 1857 адам партия мүшелігінен шығарылды. Оның 1220-сы партия жарғысын, бағдарлама­лық құжаттарын орындамағаны үшін, 16 адам жемқорлық қылмыстар жасағаны үшін жауапкершілікке тартылды. Алдағы кезде де билік партиясының беделіне нұқсан келтіретін әртүрлі заң бұзушылыққа жол бергендерге қатысты қатаң ұстанымнан таймаймыз. Жақында “Нұр Отан” ХДП Саяси кеңесі бюросының кеңейтілген мәжілісінде бюджеттен бөлінетін қаржы мен инвестицияларды жұм­сауға байланысты бақылауды жүзеге асыру мә­се­лесі қаралды. Осыған орай, бастауыш ұйым­дар да азаматтардың арыз-шағымдарын қарап, оларды мәслихат депутаттарының, атқарушы билік басшыларының құзырына жіберуі қажет. Өйткені, әрбір нұротандық депутат өз жұмысы жөнінде бастауыш партия ұйымының алдында есеп беруі тиіс. Қазіргі кезде біз “Бизнестің жол картасын” жүзеге асыруға бақылауды кү­шей­тіп, бұған партия белсенділерін де қатыстырудамыз. Бүгінгі таңда біздің олқы түсіп жатқан жа­ғымыз – партияның идеологиялық жұмысына бастауыш ұйымдардың да қа- ты­суын жақсарту мәселесі дер едім. Ол үшін біз депутаттардың әлеуетін жан-жақты пайдаланып, қоғамдық пікір көшбасшыларын анықтап, партия жұмысына тартуымыз керек. Мемлекет басшысы, “Нұр Отан” ХДП Төр­ағасы Н.Ә.Назарбаев өзінің партия съезінде сөй­леген сөзінде және халыққа арнаған Жол­дауында партияішілік жұмыстарды жетілдіру бойынша жаңа міндеттер қойылатынын атап көрсеткен еді. Бастауыш партия ұйымдары бұл бағытта да белсенділігімен танылып, ел игілігі жолында өнегелі істерге жол ашатынына шек жоқ. Ғалым ШОЙКИН,  “Нұр Отан” ХДП Ақмола облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары. Ақмола облысы. АҚЖАЙЫҚТЫҚТАРҒА СОНЫ СЕРПІН БЕРДІ Президент Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауы үлкен қолдауға ие болды. Еліміздің 2020 жылға дейінгі дамып өркен­деуіне бағытталған стратегиялық жоба-жос­пар­ларды белгілеген “Жаңа онжылдық – жаңа эко­номикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүм­кіндіктері” атты құжат біздің аудан хал­қы­на, әрбір ұжымға, жалпы ақжайықтықтарға зор серпіліс берді. Себебі, бұл Жолдауда халықтың өмір сүру сапасын арттыру, денсаулық сақтау мен білім беру салаларын дамыту, кәсіпкерлік пен бизнесті қолдау, тұрғын үй шаруашылығы мен құқық қорғау саласын реформалау сынды ел ішіндегі өзекті мәселелерден бастап, Қазақстанның болашағына қатысты әлемдік ауқымдағы істер де толық қамтылған. Міне, шәкіртақы мен бюджет саласы қыз­меткерлерінің еңбекақылары 1 сәуірден бастап 25%-ға өсті. Бұл Жолдаудың нақты нәтижесі деп білеміз. “Кез келген ел өзінің келешегін өскелең ұр­пағымен байланыстырады”, деп Елбасы өзі атап өткендей, әр Жолдауында білім беруге ерекше көңіл бөліп келеді. Білім саласына қа­тысты айтылған мәселелердің бірі – 2020 жылға қарай барлық балаларды мектеп жасына дейінгі тәрбие беру және оқытумен қамту. Бұл бастаманың да уақытында шешілетініне халық­тың сенімі зор. Өткен жылдың соңында ха­лық­пен тікелей эфир арқылы жүздесуінде де Елба­сы бұл тақырыпқа арнайы тоқталып, кейін тиісті орындарға тапсырмалар берген болатын. Тек қалаларда ғана емес, ауылдық жер­лерде, соның ішінде біздің Ақжайық ауданында да бұл жұмыс қарқынды жүруде. Өткен жыл қорытындысы бойынша аудандағы мектепке дейінгі 36 мекемеде балалардың 80,6%-ы қам­тыл­ған. Үстіміздегі 2010 жылы да Елбасы тап­сырмасына орай, “Балапан” бағдарламасы аясында бұл жұмыс жоспарлы жалғасады деп күтілуде. Өткен жыл қорытындысы бойынша орталықтағы “Ақбота” балабақшасының облыс бойынша “Ең үздік ауылдық балабақша” атануы мектепке дейінгі тәрбие мен оқы­тудың сапалық деңгейінің де жоғары екенінің дәлелі болса керек. Жолдауда Елбасы Үкіметке 12 жылдық оқы­ту моделіне көшуге қажетті дайындық шара­ларын қабылдауды тапсырды. Бұл – өте орынды және маңызды тапсырма. Бүгінгі заман талабына сай жабдықталған материалдық-техникалық базасы бар мектепте ғана оқушы уақыт талабына сай білім алатыны сөзсіз. Аудан әкімі тарапынан білім саласына деген ерекше көзқарас, ұдайы басты назарда ұстау мен қаржылай қолдау нәтижесінде Ақжайықта ауқымды шаралар атқарылуда. Аудан орталығында “100 мектеп, 100 ауру­хана” бағдарламасы бойынша 1 жаңа мектеп пайдалануға берілді, 1 аурухананың құрылысы жүруде. Тек өткен 2009 жылдың өзінде 286 218 млн. теңгеге 4 мектеп, 2 интернат күрделі жөн­деуден өтті. Үстіміздегі жылы тағы 4 мектепті күр­делі жөндеуден өткізіп, 2 жаңа мектеп салу жо­балануда. Егер жоспар жүзеге асса, аудан бойын­ша барлық жалпы орта білім беретін мектептерді күрделі жөндеуден өткізу жұмысы толық аяқ­талады. Аудан мектептері 14 мульти­медия, 27 физика, 20 биология, 18 химия оқу кабинет­терімен жабдықталып, 100% интернетке қосылған. Жолдаудағы жағымды жаңалықтың бірі – Мемлекет басшысының “Интеллектуалды мектеп” секілді жобаларға мән беріп, оларды “отан­дық білім беру жүйесінің флагманы” ретін­де қалыптастыру жөніндегі ұсынысы. “Еңсесін енді көтеріп келе жатқан біздің еліміз үшін дарынды ұрпақтың орны мүлде бөлек”, деп Елбасы өзі атап өткендей, әр ауылдағы, әр мектептегі дарынды шәкірттерді тауып, олардың білімін шыңдап, қабілеттерін дамыту мақсатында оқу жылының басында аудан­дық балалар шығармашылығы орталығы жанынан “Болашақ” ғылыми жобалар мен инновациялар бөлімі құрылып, бүгінгі таңда 51 педагог осы мақсатта қызмет етуде. 2 мектеп-гимназияның түлектері 100% мемлекеттік грант иегерлері атанып, ел мерейін үстем етіп келеді. Сондай-ақ, биылғы Жолдау кәсіптік және техникалық білім беру мекемелеріне де жаңа талаптар қойып отыр. Қазіргі нарықтық және дағдарыс кезеңінде кәсіптік білім беруді эко­номиканың қажеттіліктерімен тығыз байла­ныс­ты­ру – уақыт талабы. Бүгінгі таңда ауданы­мыз­да 2 кәсіптік лицей жұмыс жасайды. Ауыл шаруашылығы және білім беру жүйесі көптеген өзгерістерге ұшырауына қарамастан, кәсіптік білім беруде бұрыннан қалыптасқан өзіндік дәстүрлері сақталған. Олар ауылшаруашылық ма­мандықтары бойынша кадрлар даярлаумен қатар, экономикалық, техникалық және технологиялық мамандықтар бойынша да білім беруде. Өткен Жолдауда қойылған міндеттерге сай, “Жол картасы” бағдарламасы бойынша жұмыссыз азаматтарды даярлау және қайта даярлау курстарында оқыту үшін кәсіптік лицейде қысқа мерзімді курстар ашылды. Осы мерзім ішінде жұмыссыз 60 жас “сатушы”, “аспаз”, “тас қалаушы” сияқты қазіргі таңдағы ауданымызда сұранысқа ие мамандықтар бойынша білім алып, мамандықтары бойынша әр түрлі жұмыс орындарына жолданды. Оқушылардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында қызмет жасайтын қосымша білім беру мекемелері мектеп жасындағы балалардың 72%-ын қамтыса, жазғы кезеңде оқушылар демалысын ұйымдастыру 98%-ға жетті. Аудан­дық туризм және экология орталығы балалар туризмі, өлкетану жұмысын ұйымдастыруда облыста 3 жыл қатарынан үздік танылса, С.Оша­нов атындағы мектептің “Ақжайық” оқу­шылар командасы республикалық туристік тех­никасы сайысына қатысып, ІІ орынды иеленді. Мектеп жасындағы балаларды оқумен қамту, оларға қосымша білім беру мен демалысын ұйымдастыру бағытындағы аудан әкімі А.Иманғалиевтің жұмыс есебі Үкімет жанындағы ведомствоаралық комиссия отырысында тыңдалып, қол жеткен табыстар мен жүйелі жұмыс ерекше аталып өтті. Қазір осы тәжірибені облыс көлемінде тарату жұмыстары кеңінен жүруде. Өткен жылы Тайпақ ауылында 1 спорт кешені күрделі жөндеуден өткізіліп, халық игілігіне берілсе, биыл Шалқар көлі жағасында орналасқан ауысымына 360 бала қабылдайтын “Ақшағала” тынығу лагері “Жол картасы” бойынша күрделі жөндеу жоспарына еніп отыр. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстанның алдағы онжылдықта даму, өркендеу бағыттарын айқындаған бұл стратегиялық құжатта еліміздің білім саласын заман талабына сай экономи­камен тығыз байланыста жандандырудың сара жолдары нақтыланған. “Алмақтың да салмағы бар” демекші, мемлекет тарапынан білім саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінуі ұрпақ тәрбиесіне жауапты әр ұстаздың, әр қазақстандықтың жауапкер­шілігін еселей түсуде. Жүрегінде “Отаным – Тәуелсіз Қазақстан!” деген патриоттық сезімі лаулаған, бойында “Мен – қазақпын!” деп қаны тулаған, білімді, намысты ұрпақ тәрбиелеу – Қазақстанның болашағына қызмет жасау екенін әр ақжайықтық ұстаз өзіне артылған зор сенім, үлкен мәртебе деп біледі. С.ҚҰСАЙЫНОВ, Балалар шығармашылығы орталығының директоры. Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы.