• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 07 Маусым, 2022

Өзгеше ойын

354 рет
көрсетілді

Балалар жылының базарлығы той-думанмен шектелмесе керек. Осыны ескерген Екібастұз қаласындағы Естай атындағы балалар музыка мектебінің ұжымы ерекше ойынды ойлап тапты. «Күй аңыздары» атты ұлттық нақышта безендірілген компьютерлік ойын балалардың құмарын қандырып қана қоймай, күй құдіретін сезінуге септігін тигізбек.

Бүгінде балаларға арналған компьютерлік ойындар көп. Пайдалысы аз. Қан-жоса төбе­лес, кісі өлтірумен өрбитін ойын­дар жеткіншектердің жүй­ке жүйесіне кері әсерін тигі­зетіні рас. Ойыннан ұты­лып қалып, қабырғадағы түс­қа­ғаздарды тырмалайтын бүл­дір­шіндерді де естідік.

Естай атындағы балалар музыка мектебінің директоры Медғат Манаповтың айтуынша, ерекше ойын педагогтерге балалармен өнімді жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

– Қазіргі балалардың оқу жүктемесі көп. Ата-аналардың қалауымен орта мектептен кейін қосымша білім беру ұйым­дарын жағалайды. Одан шаршап шыққан оқушы спорт үйірмесіне, одан қала берді музыка үйірмесіне барады. Мұндай кезде шаршаған баламен жұмыс істеу қиын. Ты­ғырықтан шығу үшін әріптес­терімізбен бірге ойын жобасын құрастыруды қолға алдық. Оған сәйкес, балаларға тапсырма беріледі. Әзірге 3-4 кезең қарастырылған. Тапсырманы орындау кезінде аңыздың же­лісімен күй шертіліп, шы­ғу тарихы баяндалады. Осылайша, ойын барысында бала күйді қалай меңгергенін сезбей де қалады. Оған көзіміз жетті. Алғашқы күні-ақ тың әдіс-тәсілдің нәтижесін көре баста­дық. Балалардың ынтасы арта түсті, – дейді Медғат Манапов.

Әзірге жобада «Ақсақ құлан» күйі ғана бар. Алдағы уа­қытта тапсырмалардың саны артып, сәйкесінше өзге де күйлер топтастырылмақ. Күйден бөлек, классика сияқты жанрларды да ойынға енгізу жоспарланып отыр.

Әдетте домбыра сыныбы­ның тәрбиеленушіле­ріне күйді таныстыру үшін ең әуелі оның шығу тарихы, құрылымы айтылып, содан кейін ғана ноталары үйретіледі екен. Ендігі жерде ойын арқылы теориялық білімді меңгерту жеңілдегенін атап өткен жөн. Ұстаздар практика ісіне басымдық беретін болады. Бұл әдіс тек домбыра сыныбының қатысушыларына ғана емес, музыка мектебінің барлық тәрбиеленушілеріне арналған. Жоба авторларының көздегені де сол. Кез келген үйірмеге қатысушының ойын арқылы көңіл күйі көтеріліп, сабаққа деген ынтасының артуы маңызды.

Ойын жобасын құрастыру­шылардың қатарында музы­ка мектебінің директоры Медғат Манапов, кітапханашы Самал Әбікеева, бағдарламашы Сұл­тан Балташев және дыбыс жазушы қызметін ұсынған жер­­гілікті әнші Бауырбек Бек­теміров бар. Қазірдің өзінде өзге өңірлердегі әріптестері байланысқа шығып, ойын жобасына қызығушылық танытып жатқан көрінеді. Ата-ана­лар да музыка мектебі бас­шылығының үйірме жұмы­сына атүсті қарамай, жан-жақты әре­кет етіп жатқанына дән ри­за. Балалар ойыннан ұтылса да, күйді меңгеруден ұтылмақ емес.

 

Павлодар облысы,

Екібастұз қаласы