• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 07 Маусым, 2022

Өнерде өшпес ізі бар

337 рет
көрсетілді

Баянауылдай сұлу өлкеде өсіп-өніп, қазақ өнерінде өшпестей із қалдырған Кәукен Кенжетаев жайлы шығармашыл қауым сайрай жөнелсе де, қазіргі жастар біле бермеуі мүмкін. Шәкенмен шектелетініне шүбә жоқ. Жаз маусымы басталған уақытта Баянауыл демалыс аймағына ағылатын туристерге жергілікті тарихи тұлғалар жайлы пайдалы ақпарат берілсе артық етпейді.

Кино және театр режиссері, опера әншісі, драматург, аудармашы, педа­гог-ұстаз Кәукен Кен­жетаевты музей жағаламасақ, біз де ара-тұра еске ала­ты­ны­мыз белгілі. Облыс орта­­лы­ғын­да орналасқан Бұқар жырау атын­­дағы әдебиет және өнер музе­йінде талант иесі­нің жеке заттары сақтаулы. Музей бас­шысы Ербол Қайыров біраз әңгіменің басын қайырды.

Жас шағында Алматыға білім қуып келген қарадомалақ бала ешқандай дайын­­дықсыз, оның үстіне орыс тілін жетік мең­гер­местен бірден техникумға, ауыл­­шаруа­шылық және педаго­гикалық инсти­туттарына құжаттарын тапсырады. Өкі­нішке қарай, ешбір оқу орнына өтпей қалады. Қыркүйек айы да келіп, туыс­қандарына ештеңе айтпай, ауыл­шаруа­шы­лық институтына бірінші күні сабақ­қа барады. Бірақ дәріс оқып тұр­ған ұстазы бірден біліп, оның физика пәнінен екі алғанын және институтқа түспегенін айтқанда, Кәукен еш тайсалмастан:

– Иә, емтиханнан құлаға­­ным шын, бірақ менің оқығым ке­леді. Тек сіздің дәрісіңізді тың­да­ған­ды ұнатамын, шын сөзім, төрт пен беске оқимын, – деп ағы­­нан жарылған соң, осы оқу орнында қалады.

Көп уақыт өтпей «Мәскеу кон­серва­ториясы жанындағы қа­зақ опера студиясына әртістер қабылдаймыз», деген хабарлан­дыруды көріп, іріктеу сынағына қатысады. Комиссия құра­мының төрағасы Қалибек Қуа­ныш­баев екен. Олардың алдында тұрып, «Қараторғай» әнін орын­дағанда Е.Бру­си­ловский «біз­ге әбден жа­райды», деп Кәукен Кен­же­таев­ты бірден қабыл­дайды. Үл­кен қуа­нышпен пәтерге жүгі­ріп ке­ліп, болған жайды ағасы Қажы­мұ­ратқа айтқанда, «әулетімізде жын­ды әртіс Шәкен бар, сол да же­­теді, ешқай­да бармайсың» деп­­ті. Содан ешкім­ге білдірмей Мәс­­­кеуге билет алып, алақан­дай хат жа­зып қалдырып, арманына асы­­­ғып кете барады. Міне, бұл Кәу­кен Кенжетайұлының өнер әле­­міне ең алғаш қадам басқан кезі.

Білім алып жүргенде Екін­ші дүниежүзілік соғыс бас­та­лып, Кәукендей өрім­дей жас жі­гіттер халықтық жасақ қата­ры­на жазылып, Мәскеуді не­міс басқыншыларынан қорғау үшін жан аянбай еңбек етті, күні-түні жаудың танкілеріне қарсы окоп, түрлі қорғаныс, бөгеттер орнатты. Офицерлер курсында оқып жүргенде Сталиннің тіке­лей бұйрығы шығып, барлық жастар жоғары оқу орындарына қайтарылады. К.Кенжетаев оқуын Мәскеуде жалғастыра алмады, өйт­кені оның консерваториясын Саратов қаласына көшіргендік­тен, елге оралады. Алматы опера ­театрында әртістердің тапшылы­ғы туындап, Кәукен сонда жұмыс­қа қабылданады.

– Маған ең ауыр тигені – Бе­ке­­жанның рөлі. «Қыз Жібек» опе­ра­сында Жібектің рөлін бірде Кү­ләш Байсейітова, енді бірде Ша­­бал жеңгелерің ойнайтын. Сүйік­­тісін өлтірген Бекежанға қа­рап Жібек Аллаға жалбарынса, енді өздеріңіз ойлап көріңіздер. Өзіңнің өмірдегі жан жарың Жібек рөлінде саған қарап лағнет айтып жатқанда, жанымды қоярға жер таба алмайтынмын, – дейді екен. Театрдың тар гримеркасын 10 жыл қоныс қылғанын біреу білсе, біреу білмес.

Ол тек ұлттық өнердің ауыр жүгін ғана арқалаған жоқ, қазақ халқының қайғы-қасіретін басынан өткерген, ауыр мұңын арқа­сына көтерген батыр еді.

«Өттім талай белестен,

Қатер заман қайғылы,

Өтіп кетті талай шақ.

Одан да қалдым мен аман.

Тірі жүрмін, мұным һақ», –

деп блокнотына жазып қойыпты. Сұра­пыл соғыстан аман-есен өтіп, еліне адал қызмет етіп, өнер туын жықпай жүрген Кәукеннің басына сонау 86-ның ызғары да тиді.

Ол кездері өнер академиясын­да кафед­ра меңгерушісі болып қызмет істеп жүрген. Кәукен Кен­же­тайұлы жұмыс орнына келсе, еш­кім жоқ. Содан іле-шала алаң­ға шыққан жастардың барлы­ғы­на «ұлтшыл» деген айып тағы­лып жатқан соң, алаңға барып, сту­дент­терін тоқтатпақшы да болады, бірақ онысы еш нәтиже бермейді. Сөйтіп, алаңда қақтығыс болып, қан төгіледі. Біраз уақыт өткеннен кейін өзінің әріптестері оны «ұлт­шыл» деп айыптайды. Үстілерінен «Кәукен Кенжетаев және Асқар Тоқпанов – нағыз ұлтшылдар, көздерін жою керек», деген домалақ арыз түсі­реді. Кәукен қамауға алынбаса да, бірнеше ай қатарынан таңертеңнен кешке дейін сот, прокуратураның босағасын тоздырады, тергеледі, үйінің де, жұмысының да берекесі кетеді.

Ешқандай кінәрат таба алма­са да, арызқойлар «ол – ұлт­шыл, кафедраға тек қазақтарды қа­былдайды», деп тағы арыз жазады. Тек­сере келе, кафедрадағы 20 адам­ның екеуі ғана қазақ болып шығады, қалғаны – өзге ұлт өкілдері.

Барлық айыпталудан құтыл­ған­нан кейін, Кәукен аға кафедра­дағы­ларды жинап алып: «сендерге керегі менің орным болса, өздерің істеп көріңдер», деп арызын жазып, жұмыстан шығады.

– Шәкен Айманов ұлттық кине­ма­тографияның іргетасын қаласа, Кәукен қазақ опера теат­рының уығын қадасты. Жасы 92-ге келгенше өнерден қол үз­ген емес. Ағамыз дүниеден өт­кен­нен кейін үйіне барып, бар мұра­сын музейге әкелдік. Оның жағалы шапаны, аққу домбырасы, қамшысы, былғары тор­сығы сынды көптеген заттары – музей­дің баға жетпес құнды жәдігерлері. Қолжаз­баларын қарап отырып, бір блокноттың соңғы бетіне:

«О, Аллам!

Бұл өмірді не деп бердің,

Не қызығын,

мен оның несін көрдім.

Алыс жолға аттанар

жолаушыдай,

Жүгімді жинап,

көлігімді күтіп тұрмын.

Туу барда адамда, өлу де бар,

Оны ойласам жүрегім

от боп жанар.

Бүгін барсың, ертең жоқ...

О, Тәңірім!

Неге сонша болдың құмар!» –

деп жазыпты.

Кәукен Кенжетайұлының жү­регі таза, жаны жайсаң, шуақты еді. Өмірлік жары Шабал жеңгеміз өзінен он жыл бұрын өмірден өтті. Екеуі қазақ театр өнерінің өркендеуіне, қазақ әнінің әлемдік биік­ке шырқауына ерен еңбек сіңірді. Кәукен Кенжетайұлы ар­тында өшпес із қалдырды. Оның өнегелі өмі­рінің ізі – артындағы мұрасы. Сол мұрасы бүгіндері темірқазық­тай кейінгі буын ұрпаққа жол көрсетіп тұр, – деп әңгімесін аяқ­тады Е.Қайыров.

 

Павлодар облысы