• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 08 Маусым, 2022

Үздіктер марапатталды

1180 рет
көрсетілді

Өскеменде «Балалар жылына» орай Шығыс Қазақстан облысының дарынды оқушылар форумы өтті. Көңілді шарада оқу жылы көлемінде республикалық олимпиадалардан жүлде алған, ғылыми жарыстарда жеңімпаз атанған және талантымен көзге түскен оқушылар бас қосты.

Іс-шараның негізгі мақсаты – 2021-2022 оқу жылының қо­ры­тындысын шығару, жалпы білім беретін пәндер бойынша рес­публикалық олимпиада жеңім­паздары мен жүлдегерлерін, дарынды оқушыларды марапат­тау еді. Жүзден жүйрік шыққан білім­ді оқушыларға бұл күні об­лыс әкімінің атынан арнайы ал­ғысхаттар мен бағалы сый­лықтар табысталды. Форумда Шы­ғыс Қазақ­стан облысы білім бас­қар­масының басшысы Сайрангүл Ахметкәрімқызы үлгілі де үздік оқушыларды мерекесімен құт­тықтап, жылы лебізін білдірді.

– Дарынды жастар – кез келген мемлекеттің мақтанышы. Елдің жарқын болашағы олардың білімі мен жаңа идеяларына байланыс­ты. Ал балалардың жетістіктері өңірдің имиджі мен беделін арттырады, – деді облыстың бас ұс­тазы Сайрангүл Жұмаділова.

Айта кетсек, облысымыздың зияткерлік құрама командасы биыл жалпы білім беретін пәндер бойынша оқушылардың рес­публикалық олимпиадасында 30 медаль жеңіп алған. Оның ішінде 8-і  алтын медаль. Сонымен қатар форум ая­сында республикалық олим­пиа­даның жеңімпаздары мен жүлде­герлеріне Қазақстан Рес­пуб­ликасы Білім және ғылым министрлігінің медальдары мен дипломдары берілді.

– Жетістікке жету оңай емес. Халықаралық, Еуразиялық олимпиадаларда орын алдым. Жуықта жеткен тағы бір жетістігім APhO Азия олимпиадасында марапатқа ие болдым. Қандай да дәрежеге жету үшін ең бірінші табанды еңбек ете білу керек, – дейді Семей білім-инновация лицейінің 11-сынып оқушысы Мұхамедкәрім Қаныш.

Мерекелік форумнан алған әсер­лерімен бөліскен оқушы­лар ұйым­дастырушыларға алғыс­та­рын білдірді, артылған үмітті ақтау үшін білім жолында еңбек етуге уәде етті. Жоғарыда айтып өт­кендей, салтанатты шарада бейбіт күнде жасаған ерліктерімен көзге түскен оқушылар да болды. Оның бірі сыныптасының өмірін құтқарып қалған Руслан Омаров еді. Ол мамыр айында суға батып кеткен сыныптасын жағаға алып шығып, алғашқы көмек көрсеткен.

– Сыныптасым судың терең жеріне түсіп кетті. Сөйтсек, ол жүзе алмайды екен. Батып ба­ра жат­қанын байқай сала суға се­кірдім. Оның үстіне су да суық екен. Жүзіп барып, жағаға шығардым. Кейін досым алғыс айтып, өзінің велосипедін сыйлады, – дейді 7-сынып оқушысы Руслан Омаров.

Марапаттау рәсімінен соң күміс көмей, жезтаңдай әншілер озат оқушылардың құрметіне әсем ән арнады. Мерекелік шара аяқтала сала құшақтары гүлге толған оқу­шыларын ұстаздары да құт­тықтап, ақ тілектерін жауды­рып жатты. Рас, ұстаздан шәкірт озып жатса, ұс­таз еңбегінің ақталған­дығы. Ал білімде жүлдегер атанып жүрген оқушылар ертеңгі күні үлкен өмірде де жүлдеге жетері сөзсіз.

 

Шығыс Қазақстан облысы