Қоғамда түрлі өзгерістер жүріп жатқанына қарамастан, ел Президенті 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялағаны баршаға аян. Қандай жағдай болса да, баланың денсаулығы мен тәрбиесінен өткен өзекті мәселе жоқ. Осы атаулы жылда өсіп келе жатқан ұрпақ үшін не істей аламыз? Бұл мемлекеттің ғана міндеті ме? Бұл сауал ата-ана болып отырған әрбір адамды, жауапты мекемелерді, бала тәрбиесінің айналасында жүрген мамандарды айналып өтпейді.
Биыл Алматы қаласының денсаулық сақтау басқармасы балалардың денсаулығын жақсарту мәселесіне ерекше назар аударып отыр. Баспасөз мәслихатында қаланың перинаталдық орталықтарының жұмысы жөнінде баяндаған қалалық денсаулық басқармасының штаттан тыс бас педиатры, профессор Қарлығаш Жұбанышева: «Алматыға денсаулықты жақсарту және балалар арасындағы өлім-жітімді азайтуда түрлі технологиялар келіп жатыр. Қаланың босандыру мекемелерінде түрлі іс-шаралармен қатар, «Ана мен баланы қорғау», «Ана болудың қауіпсіздігін қамтамасыз ету» бағдарламалары жұмыс істейді. Ең бастысы, ана денсаулығын жақсартуға және дені сау баланы дүниеге әкелуге бағытталған тиімді перинаталдық технологиялар енгізіліп отыр», дейді.
Профессордың айтуынша, қалада бала өлімі мен сырқаттанушылық көрсеткіші еліміздің басқа аймақтарына қарағанда, салыстырмалы түрде төмен және бұл үдеріс жалғасын тауып отыр. Дегенмен дәрігерлерді шала туылған нәрестелер, ерекше күтімді қажет ететін, бақылау кабинеттерінде бақылауды қажет ететін, орталық жүйке жүйесінің патологиясы бар балалар, жұқпалы патологиялармен байланысты кеселдері бар балалардың жағдайы алаңдатады.
Барлық перзентхананың қызметі сәбилердің денсаулығын жақсартуға жұмылдырылса, қалада 7 фельдшерлік-акушерлік мекеме бар, олар ең заманауи технологиялармен жұмыс істейді. Тиісті мамандар салмағы 500 грамнан да аз болып туған қызыл шақаларды күту, салмағы аз және ауру нәрестелердің аурушаңдығын азайтумен айналысады.
Алайда спикер балалар ауруларының алдын алуда маңызды мәселе – алдымен ана сүті екенін айтады. Баланың денсаулығын сақтауда ана сүтінен асқан шипа да, тамақ та жоқ.
Қ.Жұбанышева мегаполистегі перинаталдық орталықтардың жұмысына егжей-тегжейлі тоқтала отырып, Қазақстанда 2008 жылдан бастап статистикалық есеп беруге енгізілген өлшемдер бойынша жүктілік мерзімі 22 апта немесе одан да көп болғанда туған; туылғандағы салмағы 500 гр немесе одан жоғары: ұзындығы 25 см немесе одан көп нәрестелер өміршең болатынын айтады.
«Жүкті әйелдерді мерзімінен бұрын босанған әйелдерді және олардың шала туған нәрестелерін жоғары мамандандырылған көмекпен қамтамасыз ету мақсатында республикада перинаталдық көмекті аудандастыру жүргізілді. Мұндағы мақсат – барлық мерзімінен бұрын босануларды 2-ші және 3-ші деңгейдегі акушерлік ұйымдарға шоғырландыру. Бұл пациенттің қауіпсіздігі мен қажеттілігіне негізделген күтімнің үздіксіздігін сақтау аясында әрбір босанған кезде барлық анаға және олардың жаңа туған нәрестелеріне білікті күтімді қамтамасыз ету үшін қажет», деді спикер.
Оның айтуынша, перинаталдық медицина – әртүрлі клиникалық және іргелі мамандықтардың ғалымдары мен тәжірибе жүзіндегі мамандарды біріктіретін медицинаның жаңа саласы. Перинаталдық медицина мамандарына педиатрлар мен неонатологтер, акушер-гинекологтер, невропатологтер және 15-тен астам басқа мамандықтардың өкілдері кіреді.
Перинаталдық орталықтар – жүкті әйелге, босанатын әйелге, босанған әйелге және жаңа туған нәрестеге жоғары білікті медициналық көмектің толық кешенін көрсететін көп салалы медициналық мекемелер. Оның құрылымында перинаталдық патологиясы бар балаларды күту, оңалту және динамикалық бақылау кезеңдерінің болуы қағидатты әрі маңызды.
Сол сияқты бұл салада медициналық инновациялық технологиялар әзірленіп, жаңа туған нәрестелерді басқарудың негізгі стандарттары мен хаттамалары енгізілген, олар медициналық көмекті оңтайландыруға және сапасын арттыруға тиіс.
«Бүгінде мамандардың алдында жаңа міндеттер тұр, оны шешу болашақта нәресте өлімінің динамикасы қандай болатынын ғана емес, бұл дене салмағы өте төмен балаларды күтуге тікелей байланысты, сонымен қатар олардың кейінгі жас кезеңдерінде өмір сүру сапасы қандай болатынын анықтайды», деді ол.
Алматы дәрігерлері балаларда жиі кездесетін кесел түрлері туралы да сөз қозғады. Жас балаларда кең таралған денсаулық мәселесіне нефрологиялық және стоматологиялық аурулар жатады. Бұл мәселе бойынша Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің медицина және денсаулық сақтау факультеті Жоғары медицина мектебінің клиникалық мамандықтар кафедрасының профессоры Клара Шалабаева мен қаланың штаттан тыс бас балалар нефрологі, №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасының нефрология бөлімінің меңгерушісі Сәуле Алпысбаева сөз алды.
Клара Шалабаеваның айтуынша, балаларда әсіресе тіс аурулары жиі кездеседі.
«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өлшемдері бойынша біздің республикада әртүрлі жас топтарындағы балаларда тіс жегісінің таралуы орта есеппен 70-85 пайызды құрайды, ал қарқындылығы бойынша біздің балаларда кариестің декомпенсацияланған түрі жиі кездеседі», деді К.Шалабаева.
Балалардың стоматологиялық денсаулығының мұндай жағдайға жетуіне – жүктілік кезіндегі, әйел денсаулығындағы кінәраттар, жүктілік кезіндегі дұрыс тамақтану, өмірдің бірінші жылындағы баланың ауруы, кіші және мектеп жасындағы диетадағы көмірсулардың артық болуы, ауыз қуыс гигиенасының сақталмауы себеп болып отыр.
Сондай-ақ спикер тіс ауруларының алғашқы профилактикасы бағдарламасының жоқтығы, мектеп жасындағы балаларға жоспарлы түрде ауыз қуысын сауықтыру, жалпы білім беретін мектептердегі стационарлық стоматологиялық кабинеттердің жабылуы сияқты маңызды әлеуметтік факторлар тіс денсаулығының нашарлауына әкеліп соқтыратынын атап өтті.
Осы арада республикадағы стоматологиялық мекемелердің 80%-дан астамының жекеменшікке өтуі стоматологиялық көмекті балалар мен жасөспірімдерден алыстатқанын жасырудың қажеті жоқ. Стоматологиялық қызметтердің (пломбалардың) жоғары бағасы ата-анасының материалдық жағдайы төмен ауылды жерлерде тұратын көпбалалы отбасы балаларының ауыз қуысын жақсарту мүмкіндігінен айырды.
«Ауыз қуысының жағдайы жалпы денсаулық көрсеткіші болып табылады. Ал тіс ауруын азайтпай, дені сау бала өсіру мүмкін емес», деді К.Шалабаева.
№2 қалалық клиникалық балалар ауруханасының нефрология бөлімшесінің меңгерушісі Сәуле Алпысбаева бүгінде балалар арасында нефрологиялық аурулардың жиі кездесетінін айтады. Оның айтуынша, ұл-қыздардың 80-85%-ы – зәр шығару жолдары инфекциясына шалдыққан.
Спикер барлық ата-анаға балаларының себепсізден себепсіз дене қызуы көтерілгенде, дизурия пайда болған кезде – ауырсынумен, ісінумен жиі зәр шығару немесе бала аз зәр шығара бастаған жағдайда міндетті түрде жалпы зәр анализін өткізіп, учаскелік дәрігерге немесе нефрологке жүгінуді ұсынды.
«Бұл аурулардың көбін өздігінен жоюға болатынын атап өткім келеді. Бұл кеселдердің алдын алу үшін балалардың суды көп ішуіне, қыздардың дұрыс шайынуына, дәретке дұрыс отыру мен іш қатудың алдын алуға мән беру керек», дейді Сәуле Алпысбаева.
АЛМАТЫ