Мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығына және Мемлекеттік Елтаңба авторы, көрнекті сәулетші Шота-Аман Уәлихановтың 90 жылдығына арналған «Мемлекеттік рәміздер – елдіктің символы» атты республикалық конференция Петропавл қаласындағы ең үлкен сарайда өтті.
Конференция жұмысын тарих ғылымдарының докторы, М.Қозыбаев атындағы СҚУ профессоры Ақмарал Ыбыраева ашып, жүргізіп отырды. Құрметті қонақтар қатарында қазақтың Тұңғыш ғарышкері, Кеңес Одағының Батыры және Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров, Қазақстанның еңбек сіңірген сәулетшісі Серік Рүстембеков, «Дүние жүзі түркі халықтарының конгресі» қоғамдық бірлестігінің президенті Арман Ақмұқанов, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ҰУ профессоры Серік Негимов, Шот-Аман Уәлихановтың қызы Баян Уәлиханова және т.б. болды.
Алғашқы сөз облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметовке беріліп, ол облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың құттықтау сөзін оқып берді. «Өмірден озғанына бір жылдан асқан атақты жерлесіміз Шота-Аман Уәлиханов артына өшпес із қалдырған жан. Біз оны тамаша архитектор, белсенді қоғам қайраткері, Елтаңбамыздың авторы ретінде әрқашан мақтан етіп, құрмет тұтамыз» делінген құттықтауда.
Осыдан кейін сөз Тоқтар Әубәкіровке берілді. Ол өзінің Шота-Аман Уәлихановпен алғаш танысқан сәтінен қызықты естелік айтып берді. «1991 жылдың қазан айында «Союз ТМ-13» кемесімен ғарышқа ұшарда бір топ қазақстандық Байқоңырға келіп, бізді шығарып салды. Соның ішінде Шота-Аман Уәлиханов ағамыз да болған еді. Ол маған Қазақстанның болашақ Елтаңбасының суретін көрсетіп, өзінің осы жобамен ұзақ жылдар бойы айналысып жүргенін, енді соны өзіммен бірге ғарышқа апарып келуді өтінетінін жеткізді. Гербтің жобасы қатты ұнағаны сондай, мен оны өзіміздің басшыларымызға көрсетіп, қазақ экипажының символы қылуды ұсындым. Олар қарсы болмады. Сөйтіп, Гербтің жобасын ғарышқа шығарып келген едім. Келген соң жобаны Шота-Аман ағамыздың қолына тапсырдым. Кешікпей Елтаңбаны таңдаған конкурста осы жоба жеңіп шығып, Қазақстанның рәмізіне айналды. Шота-Аман ағамыз оның ғарышқа шығып келгенін әрқашан қуанышпен айтып, «оның жолын сен аштың» деп маған ризашылығын білдіріп отыратын. Ол өз халқының нағыз айнымас патриоты еді», деді ол.
Қазақстан Сәулетшілер одағының төрағасы Серік Рүстембеков, Солтүстік Қазақстан Мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікова, сондай-ақ Арман Ақмұқанов, Баян Уәлихановалар да тамаша естеліктер айтты. Ал Серік Негимов «Ш.Уәлихановтың ғұмырнамасы мен ғылыми көзқарасы», KAZGOR жобалау академиясының президенті Айдар Тәтіғұлов «Ш.Уәлихановтың KAZGOR-мен шығармашылық байланысы», осы ұйымның бас сәулетшісі Тоқтар Ералиев Ш.Уәлиханов туралы естеліктер, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Мұхамбетқали Бүркітбаев «Ш.Уәлиханов өмірінің өнегелері», Әл-Фараби атындағы Қазақ ҰУ профессоры Гүлнәр Мұқанова «Ш.Уәлиханов шығармашылығындағы ұлттық жәдігерлерді жасаушының стилі» деген тақырыптарда баяндамалар жасады. Барлық баяндама жиналған қауымның қызығушылығын тудырып, Шота-Аман Уәлихановтың өмірі мен шығармашылығының Қазақстан рәміздерін жасауға қосқан үлестерін айқын паш етті.
Конференцияның соңынан «Шот-Аман Уәлихановтың шығармашылық мұрасы» атты жеті томдық жинақтың тұсауы кесілді. Сонымен бірге Солтүстік Қазақстан өңірінің өнегелі табыстарына үнемі үн қосып жүретін және рәміздер туралы бірнеше танымдық мақалалар жазған профессор Серік Негимовке «Солтүстік Қазақстанның Құрметті азаматы» атағы берілді.