Amanat партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев Парламент Мәжілісіндегі фракция мүшелері Аманғали Бердалин және Ерлан Саировпен бірге Қарағанды облысының Нұра ауданы тұрғындарымен кездесті, деп хабарлады партияның баспасөз қызметі.
Кездесу кезінде Қарой және Жараспай ауылдық округтерінің тұрғындары жайылым тапшылығына шағымданды. «Мәселе өте өзекті. Малға азық таппай отырмыз. Айналадағы жердің барлығы жеке меншікте. Иелері бұл жерге мал жаюға рұқсат бермейді, ал өздері де бұл жерді пайдаланбайды», деді ауыл тұрғындарының бірі Амантай Құпанов.
Нұра ауданының әкімі Аян Шалмағамбетовтің айтуынша, бүгінгі таңда жайылымдық жерлерді тиімсіз пайдалану фактілері орын алып отырғаны рас. Аудан әкімдігі жүргізген талдау нәтижесі бойынша жеке қосалқы шаруашылықтағы 75 мың бас мал үшін 641 мың гектар жайылым қажет екені анықталды. Бұл ретте 261 мың гектар жайылым жер тапшы. Тек алты ауылдық округ бойынша жайылым мәселесі 100% шешілген.
«Ауылдағы бірден-бір табыс көзі жайылымға тікелей тәуелді мал шаруашылығы екенін түсінуіміз керек. Бірақ жердің көптігіне қарамастан әр аймақта ауыл тұрғындарына мал жаюы үшін жер жетіспейді. Ал осы елді мекендерге жақын жерлер тозып кеткен. Бүгінгі таңда еліміздегі жайылымдық жерлердің жалпы қажеттілігі 22 млн гектарды құрайды. Ауылдық жерлерде халқымыздың жартысына жуығы тұратындықтан Amanat бұл мәселеге ерекше назар аударады», деп атап өтті партия хатшысы Эльдар Жұмағазиев.
Мәселені жүйелі түрде шешу үшін партиялықтар ауыл әкімдері өз деңгейінде суару және жердің деградациясы проблемаларын шеше алатындай қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу қажеттігін атап өтті.
Атап айтқанда, жайылымдардың тозуына және шөлейттенуіне қарсы күрес жөніндегі бюджеттік бағдарламаны облыстық деңгейден ауылдық округтер әкімдерінің деңгейіне беру, мал басын ескере отырып, жайылымдардың жалпы алаңына түсетін жүктеме нормаларын жаңарту, елді мекен шекарасынан 5 км радиуста ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жайылым беруге тыйым салу ұсынылады.
Нұра ауданындағы проблеманы шешу үшін әкім Аян Шалмағанбетовке жайылымдық алқаптарда халықтың мал жаюын қамтамасыз етуге ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер, ауыл әкімдері және жергілікті қоғамдастық арасында меморандум жасасу тапсырылды. Сондай-ақ ауылдар мен кенттердің әкімдеріне шалғайдағы мал шаруашылығы үшін босалқы жерлерден уақытша ақысыз жер пайдалану құқығымен алқаптар беру тапсырылды. Бұл мәселе партияның ерекше бақылауына алынды.