(Жалғасы. Басы 77-нөмірде).
– Ал Берлинге... иә, соғыстың соңғы сағаты соғар жау ордасына тікелей шабуыл қашан басталды? Енді осы жөнінде айтсаңыз.
– 1945 жылдың 20 сәуірі менің есімде мәңгілікке қалып қойды. Бұл күн соғыс тарихына Берлинді алғаш рет артиллериялық атқылауға алған күн ретінде енді. Мен осы оқиғаның қалай болғандығын өз көзіммен көрдім. Біздің дивизиямыз қалың өскен қайыңды орман ішінде тұрған болатын. Түс кезінде артиллерист жігіттер ашық алаңқайға алыс қашықтыққа арналып атылатын гаубицалардың бүтіндей бір батареясын орналастырды да қаһарлы қарулардың ұңғысын үшінші Рейхтің астанасына қарай бұрды. Он минуттық дайындық уақыты өткен соң батарея командирінің жарықшақтана шыққан сұсты дауысы естілді.
– Біздің қаза тапқан әкелеріміз бен ағаларымыз, бауырларымыз, аналарымыз бен апа-қарындастарымыз үшін, тұтқында қасіретпен көз жұмған совет адамдарының ыза-кегі үшін фашизмнің ұясына үдемелете оқ жаудырыңдар! – деп команда берді ол. Бұл кезде циферблат тілі Мәскеу уақыты бойынша 15 сағат 50 минутты көрсетіп тұрған еді. Дүрбіден бірте-бірте пайда болған қызғылтым түтін шудалары жақсы көрініп тұрды. Қала сөйтіп өртке орана бастады.
Сол күні бөлімдерге қысқа мерзімдік демалыс берілді. Біз міне, екінші эшелонда снарядтар қазып тастаған жолмен алға жылжып келеміз. Барлық сілтеме белгілері «Берлин» деген сөзді көрсетіп тұрды. Соншама ұзақ күткен және енді міне, барынша таяу қалған арман еді бұл. Бізді әскери техникалар: машиналар, тракторлар, танктер басып озып бара жатты. Аттар артиллериялық зеңбіректер мен зениттік қаруларды сүйреп келеді.
Осы қимыл-көріністен бәріміз де Берлин айналасындағы қоршау шеңбері барынша қаусырыла түскенін білдік. Маршал Жуков басқаратын біздің І-ші Беларусь майданымен бірге маршал Рокоссовскийдің қарамағындағы ІІ-ші Беларусь және маршал Конев жетекшілік ететін І-ші Украин майданы да осында шоғырландырылған-тын. Кейіннен Г.К.Жуковтың атап көрсеткеніндей: «Берлин үшін ұрыс – ерекше, еш нәрсемен салыстыруға келмейтін операция болды». Өйткені, жау астанасына бағытталар шабуыл қарсаңында біздің әскерлеріміздің алдында тұтастай эшелондандырылған қабат-қабат қуатты қорғаныс шебі жатты. Бұл дегеніңіз неміс фашист әскерлерінің басынан бақайшағына дейін қаруланған аса ірі топтары еді.
Сонымен біздің алдымызда тек бір ғана жол – Берлинге баратын жол тұрды. Біз ұзақ соғыстың ең соңғы сәтіндегі осы жерде көптеген адамдардың қаны төгіліп, өмірі қиылатындығын жақсы түсіндік. Сонымен қатар, біз осы жерде адамзат үшін ең қорқынышты жау – неміс фашизмімен ұрыстың аяқталатындығын да жақсы білдік.
Біздің батальонымыз жау қорғанысына алғашқы болып шабуылдайтын топқа айналдырылды. Оған бірнеше жеңіл зеңбірек пен танктер бекітіліп берілді. Оның командиріне, енді майор атағын алып үлгерген Алексей Твердохлебке саперлер взводы да қызмет ететін болды. Батальон атқыштар ротасын қорғайтын екі шабуылшы топқа бөлінді. Оларға Берлиндегі көше шайқастарын жүргізу міндеті жүктелген еді. Мұны естігенде қаладағы әрбір үй, әрбір метр жер үшін жан алып, жан берісетін ұрыс қимылдарының өзімізге жеңіл тимейтіндігін жақсы түсіндік.
Жолымызда Бланкенбург қалашығы тұрған еді. Ұрыс барлық жақтан жүріп жатты. Батальон әрбір үйді шабуылмен ала отырып, өзіне бөлінген учаскелер арқылы қала аумағына тереңдеп ене түсті. Біз бұрын бастан кешірмеген көше ұрыстарының тәжірибесіне әрбір сәт сайынғы қауіп-қатер, кездейсоқ оқиғалар арқылы қаныға бастадық. Рота мен взвод командирлері мұндай жағдайда өз бетінше шешім қабылдау дербестігіне ие болды. Кез келген жеке ұрыс қорытындысы солардың белсенділігі мен шеберлігіне байланысты шешілетіндігі анық еді.
Көп уақыт өтпей біздің бағытымыз өзгертілді. Дивизиямыз Рейникендорфтың оңтүстігін ала Берлин каналының шығыс жағына қарай шығуға тиіс болды. Сөйтіп, алдымызда фашистердің ең қауіпті апандары тұрды. Берлин үшін ұрыстың қиын сәттері де міне, нақ осы жерлерде қыза түсті. Ақыры өзімізге белгіленген бағыт бойынша оңтүстікке қарай сәл бұрылыс жасадық та, картадағы межелі шепке келіп шықтық. Сөйтіп, біздің 674-ші полкымыз теміржолға бойлай орналаса бастады. Осы жерде Берлинді совет жауынгерлері толықтай қоршауға алды деген қуанышты хабар да келіп жетті.
Аз да болса тынықтырып алу үшін бізді ауық-ауық екінші эшелонға ауыстырып отырды. Зеңбірек дүрсілі мен бомба жарылысының астында ұйықтауды осында үйрендік. Келесі бір алға жылжыған кезімізде солтүстіктегі Шпрее өзеніне жеттік те, алдыңғы екпінді топтардың жаудан босатып кеткен көп қабатты үй подъездеріне келіп орналастық. Іргеде өзеннің бір иіні көзге шалынады. Бұл біздің жолымыздағы соңғы су кедергісі еді. Картада оның оң жағына таман түзу сызық тартылған. Ол «105» деген санға барып тіреледі. Бұл цифрдың Рейхстаг екенін білдік. Басшыларымыздың айтуынша біздің ұрыс алаңымыздан оның қабырғасына дейін бар болғаны 550 метрдей ғана жер қалыпты.
Календарьда – 1945 жылдың 28 сәуірі. Бұл күн менің өмірімдегі, иә, біздің батальонның өміріндегі ең бір қайғылы күн болды. Қымбатты комбатымыз майор Алексей Твердохлеб қаза тапты. Ол шайқас кезінде бұзылған үйдің ішінде беліне дейін көміліп қалған эсэс офицерінің қолынан мерт болды. Үнсіз тығылып жатқан жау жендеті енді бұл жерден өзіне аман шығудың жолы кесілгендігін түсініп, терезе қасынан өте берген комбатқа қарай граната лақтырды да өзі атылып өлді. Сөйтіп, өзін өзі шағып өлтіретін сары шаян секілді жан тәсілім етті. Қаза тапқан командирдің қабірінің басында үш рет қоштасу салютін бердік те алға жылжыдық.
Ертеңінде біздің дивизияға орталық қорғаныс секторындағы әскери ұрыс әрекеттерін күшейте түсу жөнінде бұйрық берілді. Бөлімдер адам және техника күштерімен толық жарақтандырылғаннан кейін шабуылды қайта бастауға тиіс болдық. Иә, ұрыстың соңғы екі күнінде біз ауыр шығындарды бастан кешірген едік. Әрбір ротада осының алдында ғана взводта болатын адам санына жетер-жетпестей жауынгерлер қалған-тын. Тың күштер келгенде Мольтке көпірі үшін қызу шайқас жүріп жатқан болатын. Соны бақылап тұрған мен үлкен ақ үйге – Швейцарияның елшілігі орналасқан ғимаратқа көзім түсті. Көпірден тіке басталып кететін көшенің оң жақ шығыс бөлігінде орналасқан әлгі нысанның қарама-қарсы жағында түтінге оранған «Гиммлер үйі» де жақсы көрініп тұрды. Германия ішкі істер министрлігінің бұл ғимаратын фашистердің өздері осылай деп атайды екен.
Таң атысымен «Гиммлер үйін» атқылау басталып кетті. Жарты сағаттық артиллериялық дайындықтан кейін біздің батальонның жауынгерлері дөкейдің қызыл кірпіш үйіне қарай шабуылға шықты. Менің взводым шабуылдаушылардың алдыңғы қатарында келе жатқан еді. Соның нәтижесінде біз бірінші болып үйдің қираған есігінен кірдік те фашистерді екінші қабатқа қашуға мәжбүр еттік. Иә, бұл Висла ауданындағы мен қатысқан ең бір қантөгіс шайқастардың бірі болды. Фашистер ажалға бас тіккендіктен ештемеден қаймықпай қатты қорғанып жатты. Бірақ біздің жауынгерлерді тоқтатудың өзі мүмкін емес еді.
Көптеген қаруластар осы ұрыста мерт болды. Менің взводымдағы жауынгерлердің жартысы оққа ұшып, жартысы ғана қалды. Өзімді сол күндері әйтеуір ажал оғы айналып өтіп жүрді. Бірде бетімнен аққан қанның ыстық табын сезіндім. Сөйтсем, есіктен атойлап кірген кезімде оның оқ шашыратқан жаңқасы маңдайымды осып кеткен екен. Сол күндердегі басқа жағдайлармен салыстырғанда әрине, бұл жара түкке тұрғысыз-тын. Осының алдында қаза тапқан комбатымыз мені «оқ дарымас» деп тегін айтпаған екен. Айтпақшы, майор Твердохлебтің бұл сөзіне сол оқиғаның алдындағы ысқырған оқтың менің басымды жанай өтіп, терімді сыпырып қана кеткендігі себеп болған еді. Иә, «қырық күн қырғын болса да ажалды өледі», деп бабаларымыз тегін айтпаса керек.
Мұнан кейін басқа полктардың жауынгерлерімен бірлесе отырып, біз енді екінші қабатты да жаудан тазарттық. Тірі қалған фашистер шатырдың бер жағына барып бекінді. Үйдің әр жерінен шығып жатқан өрт пен түтіннен көз ашиды. Қараңғылық түсісімен кез келген сәтте оққа ұшудың қаупі де арта түсті. Төртінші қабат үш рет қолдан қолға өтті. Осы кезде әскери операцияны басқарған құпия топтың бізді фонарларьмен жарақтандырғандығының пайдасы көп тиді. Тиімділік мынада еді. Біздің жауынгерлер қараңғыдағы жау бетіне өздері шеткері тұрып қуатты жарық түсірген кезде екінші біреулері автоматты іске қосып жатты.
Сөйтіп, 30 сәуірдің таңында «Гиммлер үйі» толықтай біздің қолға көшті. Жыртқыштар мекеніне айналған ғимаратты түгелдей тексеріп өткенімізде, ондағы бөлмелерде фашистердің өлі денелері үйіліп жатқандығын көрдік. Гиммлердің өз кабинетінен гитлерлік баскесерлерді марапаттау үшін әзірленген бірнеше жәшік швейцариялық сағаттарды тауып алдық. Біздің офицерлер оларды жауынгерлерге тарату жөнінде шешім қабылдады. Мен өзіме берілген сағатты куә болған сол бір тарихи оқиғаның ескерткіші ретінде ұзақ уақыт бойы үйімде сақтап келдім. Қазір ол республика комсомолы Орталық Комитеті мұражайының жәдігері ретінде экспонат болып сонда тұр.
– Жаңа сіз: «30 сәуір күні «Гиммлер үйі» толықтай біздің қолға көшті», – деп айтып қалдыңыз. Бұл совет жауынгерлерінің Рейхстагқа өте жақын, тым таяу қалғанынан хабар береді. Және сол күні кешке осы жау ордасының қабырғасына алғашқы жеңіс жалауы да тігілгені мәлім. Теңдесі жоқ бұл ерліктің иесі сіз бен қызыл әскер Григорий Булатов екеуіңіз екеніңізді біз жақсы білеміз және мақтанышпен еске алып жүреміз. Асықпай, бүге-шігесіне дейін қалдырмай айтыңызшы, аға! Сол оқиға қалай болды? Осы тарихи жағдайды бетпе-бет отырып өз аузыңыздан естісек, өз құлағымызбен тыңдасақ дейміз.
– «Гиммлер үйінің» екінші қабатында артиллеристер Рейхстагты сол жерден көздеп ату үшін 76 миллиметрлік зеңбіректі орнатып жатты. Осы сәтте мені батальон парторгы Кәрібжан Ысқақовтың шақырғанын естідім. Үйдің бірінші қабатында полк командирі майор Зинченконың төрағалығымен парткомиссия отырысы жүріп жатты. Онда Висла мен Одердегі ұрыстарда партия қатарына өткендерге партия билеттері тапсырылды. Лениндік барельефпен өрнектелген қызыл кітапшаның бірі маған да салтанатты жағдайда берілді. Содан соң полк командирі біздерді, жас коммунистерді, қызу құттықтап, Рейхстагқа қызыл туды жеткізетін арнаулы топтың жасақталғандығын хабарлады.
– Бұл – өте жоғары құрмет. Жеңілген жаудың ең үлкен апанына қызыл туды тігу біздің жеңісіміздің символы болады, – деді ол. – Бірақ қауіп-қатер өте күшті. Король алаңы барлық жағынан атқылануда. Сондықтан тапсырма ерікті түрде орындалуы керек. Қызыл әскерлер оған өз тілек, жеке өтініштерімен ғана бара алады.
Жауынгерлер құрамы анықталғаннан кейін батальон командирі былай деді:
– Топқа басшылық жасауды лейтенант Қошқарбаевқа тапсыру жөнінде ұсыныс бар. Ол «Гиммлер үйіне» бірінші болып кірді... Демек, бұл тапсырманы да лейтенант абыроймен орындайды деп сенемін...
Сөйтті де командир жақтауы жұлынған терезеге қарай жақындады. Өзіне ымдап шақырып алғы жақты нұсқады. Мен қозғалмалы дүрбі арқылы комбат көрсеткен нүктеге ұзақ қарадым. Снаряд жарылыстары ойдым-ойдым етіп қазып кеткен алаң беті жоғарыда тұрған бізге жақсы көрініп тұрды. Оның арғы шетіндегі сұп-сұр ғимарат – Рейхстагтың өзі. Төбесіне күмбез орнатылған алып кешеннің жан-жағында неше түрлі мұнаралар менмұндалайды.
Маған туды батальон командирінің орынбасары капитан Васильченко тапсырды. Бұл шағындау келген рейка таяқшасының ұшына бір жағы мықтап шегеленген қызыл мата екен. Түсін жасыру үшін сыртын қоңыр қағазбен орап тастапты. Оны қолыма алған соң сыртымдағы мақталы кеудешемді шештім де туды шолақ сабымен гимнастеркамның ішіне жіберіп, қозғалмас үшін белдігімді қатты қылып тартып тастадым. Сөйттім де сағатыма қарадым. Ол тура күндізгі 11-ді көрсетіп тұрды.
Өзіміз тұрған «Гиммлер үйінің» терезе саңылауынан бұқпантайлап сыртқа қарадым. Оқ нөсері сәл саябырлапты. Осыны пайдаланып далаға секіріп кеттім. Іле-шала артымнан үстіме келіп біреу құлады. «Кімсің?» дедім оған қарамастан. «Қызыл әскер Григорий Булатовпын». «Басқа жауынгерлер қайда?» «Бораған оқтан сыртқа шыға алмай қалды». Жер бауырлап алға жылжып келеміз. Алдымыздан снаряд қазған шұңқыр көрінді. Соған қарай тұра жүгірдік те ондағы іркілген шалшық суды елемей қойып кеттік. Бірақ мұнда ұзақ бөгелудің өзі мүмкін болмай шықты. Аман қалам десең қимылдау керек. Осы оймен әр төмпешікті бір сағалап тағы алға жылжыдық.
«Гиммлер үйін» Рейхстагтан бірнеше жүздеген метрлер ғана бөліп тұрды. Бірақ жаудың үздіксіз жаудырған оғының астында оған жер бауырлап жетудің өзі өте қиын еді. Сәл ғана алға қозғаламыз. Сөйтеміз де қайтадан қимылсыз қата қаламыз. Өстіп отырып біз өзімізге қауіпсіздеу жерге дейін неше түрлі амалдарды қолдандық-ау. Азап жүріс. Бірақ соған көніп, тірі келе жатқанымызға тәубе дедік. Міне, енді бір сәтте төңкеріліп қалған зеңбірек біз үшін мықты қорғаныс құралына айналды. Оның стволынан сығалай қарағанымда, біз жатқан Король алаңы жан-жақтан тынымсыз жауған пулеметтер мен автоматтар оғының астында екендігін байқап үлгердім.
Бір мезетте бізден бірнеше метр жерде қираған өзіміздің танкіні көзім шалды. Григорий екеуміз енді соған қарай ұмтылдық. Бораған оқ қайтадан жерге жабысуымызға мәжбүр етті. Қасымнан Булатовтың ауыр дем алған үні естіледі. Шамасы жараланған-ау, тізе тұсы қанға шыланыпты. Гимнастеркасы да суға малмандай болған екен. Әрине, сол жерде менің жағдайымның да одан артық емес екені түсінікті-тін.
Осылайша үш сағаттың ішінде бар болғаны 50 метр жер ғана алға жылжи алдық. Рас, жерді мұрнымызбен сыза отырып бағындырған бұл метрлер біздің Рейхстагқа жолымыздың адам айтқысыз қауіп-қатерге толы ең ауыр сәттері еді. Өйткені, әрбір бейқам қозғалыстың кім-кімді болса ажал құштыратыны анық болатын.
Ақырында көздеген танкімізге де келіп жеттік-ау әйтеуір. Оның ығында ұзағырақ жатқың-ақ келеді. Бірақ бізге қалай да алға жылжу керек. Бір уақытта өзімізге қалқа болып келе жатқан қираған қарулар мен танктер тізбесі де аяқталды. Бірнеше метр жерде трансформатор будкасына ұқсас бірдеңе байқалады. Жау кезекті оқ нөсерін бүркіп үлгергенше, соған қарай жай оғындай жарқ еткен жылдамдықпен ызғып отырып жетуіміз керек. Осылай істедік те. Григорий екеуміз дедектеген күйі будкаға барып, топ етіп құлап түстік. Бірақ мұнда бөгелудің өзі тым қауіпті екен. Оқтардан шұрқ тесілген жұқа фанер тақтай қабырғаның бізге қорған бола алмайтындығы бірден белгілі болды.
Осы сәтте алдымыздан танктерден қорғанатын «темір кірпі» арандар қарауытып көрінді. Оның үстінен жаяу әскерлерге арналып салынған баспалдақ іспетті саты қирандыларын көзіміз шалып қалды. Бұл, әрине, будкаға қарағанда неғұрлым сенімдірек қалқа еді. Бірақ оған жету үшін жан-жақтан жауған оқ астынан өту керек. Осы мезетте Рейхстагты қою түтінмен бірге көкке көтерілген қызыл кірпіштердің алапат шаң-тозаңы басып кетті. Бұл сәтті біз де құр жібермедік. Санаулы секундтар ішінде «темір кірпі» арандарға құстай ұшып жеттік те, белімізден суға күмп ете түстік. Ол лас, әрі мұздай суық екен. Оны елең қылмастан судың өзек секілді жүлгесімен каналға қарай қозғалдық. Осы мезетте оның жағасындағы қазылған ор бізді жау оғынан қорғап тұрды. Жүрісімізді жылдамдатып отырып темір көпірге жеттік. Енді Рейхстагқа бар болғаны 100 метрдей ғана жер қалды. Алып та, сұрғылт ғимарат бізге өзінің бар болмысымен зорая көрініп қарап тұр. Осы сәтте екі жақтан атылған артиллериялық шабуыл да күшейе түскен еді. Бірнеше снаряд дәл қасымызға келіп тарс-тұрс жарылды. Енді біздің өз адамдарымыз атқан оқтан да қаза табуымыз әбден мүмкін еді. Соны ойлап дереу көпір астына барып жасырындық.
Біздің жауынгерлер Рейхстагты барынша бораған оқ астына алған тұста күн де алакөлеңкелене бастады. Ғимарат бірнеше жерден отқа оранып, жанып жатты. Иә, сәт! Бір жағыма аунап түстім де, белімдегі туды босатып алдым. Сыртындағы қағазын жыртып жіберіп, алқызыл матаға сия қарындашпен «674-ші СП. Булатов, Қошқарбаев» деп жаздым. Бұл өзімше, егер қаза тапқан жағдайда соңымызда әйтеуір бір белгі қалсын деп жасаған әрекетім еді. Өйткені, өлім мен өмір айқасқан сол бір тұста ішімізге жұтып жатқан ауаның өзіне де ажал сіңіп алғандай сезіліп еді маған.
Рейхстагты тағы да түтін басты. Осынау бұлдыр көрініс біз үшін үлкен сәттілік еді. Бұдан әрі тосуға болмайтын. Сондықтан осы соңғы ышқынысымызға барымызды салдық. Булатов менен 2 метрдей алға түсіп кетті. Бір мезетте Король алаңының өрнектелген тас плиталарының күрт аяқталып, етігіміздің табаны алып ғимарат кіре берісінің мәрмәр табалдырық басқыштарына ілінгенін сезіндік. Міне, Рейхстаг қабырғасы! Осы сәтте бірдеңе менің аяғымды тыз еткізді. Назар аудармадым. Себебі, ауадан жақыннан атылған миномет оғының қорқынышты ызыңы естілген болатын. Бұл жақсылық емес. Өз жобам бойынша ол бізге қарай беттеп келеді. Бақытыма қарай тіреуіш колонналар жақын еді. Соның тасасына тығылдым. Зілмауыр діңгек бағана 5 метрдей қашықтыққа келіп жарылған снаряд жарқыншақтарынан қорғап қалды. Қасымнан Булатовтың алқына демалғаны естіледі.
Ту! Ту қайда? Ол менің қолымда. Оны бекіту керек, бірақ қай жерге? Ол көрінетіндей болып тұруы, алаулап желбіреуі керек. Қабырғаның бір жерінде терезелерді бітеген кірпіштер бар екен. Гриша дереу етігін шешіп тастады да жалаң аяғымен менің иығыма лып етіп қарғып шықты. Шамасы, оның оқыс қимылынан болу керек, осы сәтте жоғарыдан кірпіштер құлап, біреуі тура менің төбеме түсті. Мен оған: «Байқасаңшы сен!.. Ақырын!..» деп ашулана айқайлап жібердім.
Жоғары жаққа қарадым. Қызыл туымыз кешкі шайқас өртімен дәл бір от алауындай жарқырап, жанып тұр екен. Ол ғимараттың кіре берісіне ілініпті. Бұл қызыл ту біздің жауынгерлерді шабуылға шақырды. Отанымыздың символы – алқызыл жалауша фашистік жыртқыштар апанының кіре берісі ашық деп жариялап, жар салғандай болды. Рейхстагқа ілінген бірінші қызыл ту еді бұл!
Біз түстен бергі тозақ жүрістен қатты шаршаппыз. Тапсырманы орындаған соң бір-бірімізге үн қатпастан баспалдаққа отыра кеттік. Сағат тілі 18 сағат 30 минутты көрсетіп тұрды. Осы сәтте мен аяғымның қатты ауырғандығын байқадым. Булатов қалтасынан бинт алып шықты да, балтырымды таңып тастады. Байқаймын, сүйегім сау секілді. Міне, осы кезде барып мен болып өткен оқиғаның мән-маңызын ойлауға сәл де болса мүмкіндік алғандай болдым.
Кейіннен 7 сағаттың ішінде 360 метр жол жүргенімізді білдік. Жас адамға ол е, дегенше екі-ақ аттап жететін жер секілді. Бірақ, Григорий Булатов екеуміз үшін екі аттағаннан гөрі еске алудың өзі өте қорқынышты тар жол, тайғақ кешу дерлік ажал көпірі еді бұл. Одан аман-есен өтіппіз. Азаппен болса да. Сөйтіп, ажалдың үстінен аттап кетіппіз!..
Рейхстаг кіре берісіндегі ілінген алқызыл жалауды бірінші болып 756-шы атқыштар полкы командирінің орынбасары майор Соколовский көрді. Оның қасында кабель катушкасын сүйреткен телефонист бар еді. Майор аты-жөніміз бен әскери бөлімімізді сұрап алды да рация арқылы штабқа біздің Рейхстагқа бірінші болып жеткенімізді және оның қабырғасына қызыл туды ілгендігімізді қуанышпен хабарлады.
Бірнеше минут өткен соң біздің төбемізге, Рейхстаг кіре берісінің үстіне қарай қызыл ракета жарқ етіп атылды да алаңнан: «Ура!» деген қуатты үн естілді. Бұл рота командирі Илья Сьяновтың өз жауынгерлерін шабуылға көтерген дауысы еді. Рейхстагқа қарай толқын-толқын болып қызыл әскерлер жөңкіле жүгіріп келе жатты. Осы кезде мен біздің взводқа таяуда ғана келіп қосылған 18 жасар башқұрт жігіті Рашид Рахматуллиннің минаға қалай тап болып ұшып түскендігін көрдім. Рейхстагқа 20 метр қалған жерде жау снарядының жарқыншағынан рота старшинасы Николай Гончаренко жан тапсырды. Оны өзі көтеріп келе жатқан оқ жәшігі үстінен басып қалды.
Қабырғаға сүйеніп отырып бәрін де көріп отырмын. Ұрыс Рейхстаг баспалдақтарындағы кіре берісте, онан кейін оның залдарында жалғасты. Сьянов ротасынан соң капитан Яруновтың ротасы да келіп жетті. Содан сәл уақыт өткен соң Степан Неустроевтің, Константин Самсоновтың, Василий Давыдовтың батальондары Рейхстаг ішінде фашистермен жан алып, жан берісе шайқасты. Осылайша жау ордасына кіру және шығу жолдарының барлығын генерал В.М.Шатиловтың 150-ші Идрицк атқыштар дивизиясының жауынгерлері толықтай бекітіп алды.
Ымырт үйіріле бере ғимараттың үстіңгі қабаттарында өрт басталды. Гитлершілер бөлмелеріндегі кітаптары бар шкафтар мен қағаз толы столдарды жинастырып, оларға от қойған екен. Мақсаттары шабуыл жасап жатқан біздің жауынгерлерімізге «түтін салу» арқылы Рейхстагтан қуып шықпақ сияқты. Бірақ бұл жандалбаса әрекет фашистерге көмектесе алмады. Қосымша күш келмей, көмек болмағандықтан, жау жағының атысы азайып, қарсылық біртіндеп әлсірей берді. Сөйтіп, түнге қарай 150-ші Идрицк атқыштар дивизиясына берілген әскери советтің №5 туының Рейхстаг күмбезіне тігілгенін естідік. Жау ордасының ұшар басына оны тіккендер М.Кантария мен М.Егоров болып шықты.
Жанболат АУПБАЕВ,
«Егемен Қазақстан».
–––––––––––
Суреттерде: Берлин. Рейхстаг. 1945 жылғы қыркүйек. Лейтенант Р.Қошқарбаев (Оңнан солға қарай екінші); 1945 жылғы 5 мамырда Берлинде шыққан жауынгерлік парақша; қатардағы жауынгер Г.Булатов.
(Жалғасы бар).