Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Әділет вице-министрі Алма Мұқанова референдумда қабылданған конституциялық нормаларға қатысты БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жан-жақты жауап берді.
Вице-министр ең алдымен Конституцияға қабылданған түзетулер елдегі саяси модельді өзгертетінін атап өтті. «Жаңа модельге көшудің негізгі идеясы – биліктің өкілді тармағының өкілеттіктерін күшейту аясында Президенттің өкілеттіктерін қысқарту. Бұдан бөлек, құқық қорғау институттарын күшейтуге ерекше назар аударылуда», деді спикер.
Жаңа саяси модельге көшудің әр сатысына кеңінен тоқталған министрлік өкілі Президенттің өкілеттіктерін қысқарту бөлігіндегі өзгерістерді егжей-тегжей түсіндіріп өтті. Ол сондай-ақ аймақтық саясатты қалыптастырудағы Президент өкілеттіктерінің ықпалы азаятынын атап өтті.
«Мысалы, күні кеше құрылған 3 облыста Конституцияның тікелей нормасын ескере отырып, әкімдер жаңа тәртіп бойынша тағайындалады. Яғни Президент тағайындау үшін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдері мәслихат депутаттарының келісімі бойынша кемінде 2 кандидатура ұсынады, тиісті облыстың мәслихат депутаттары 1 кандидатураны келіседі. Мұндай дауыс беру тәртібі кеше Мемлекет басшысы қол қойған Жарлықта анық көрсетілген», деді Алма Мұқанова.
Референдумда қабылданған конституциялық нормаларға қатысты журналистердің сұрақтарына жауап берген спикер конституциялық заңдар мен заңдарды қабылдау тәртібін, сондай-ақ Конституциялық соттың қызметін айқындайтын Конституцияның ережелері 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетінін айтты.
«Лауазымды адамдарға өкілеттіктер беруді белгілейтін Конституцияның нормалары – егер Конституцияда басқасы көзделмесе, осы лауазымды адамдар өкілеттігі мерзімінің аяқталуына немесе өкілеттіктерінің толық тоқтауына қарай қолданысқа енгізіледі. Мысалы, Сенаттағы Президент тағайындайтын 15 депутат мерзімі аяқталғанға дейін өз өкілеттіктерін сақтайды. Сондай-ақ Конституцияға өзгерістер енгізілген заңда қарастырылғандай, Конституциялық сот пен Жоғары аудиторлық палата құрылғанға дейін Конституциялық кеңес пен Есеп комитеті өз жұмысын жалғастырады», деді ведомство өкілі.
Осыған орай Конституциялық Кеңестің қолданылып жүрген нормативтік қаулылары Конституциялық сот оларды қайта қарағанға дейін Конституцияға қайшы келмейтін бөлігінде қолданылады.
«Қазақстан Республикасы Конституциясының Парламент палаталарын құру туралы ережесіне келетін болсақ, бұл нормалар сегізінші сайланған Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлаудан бастап қолданылатын болады. Яғни қазір Мәжіліс депутаттары 8-ші сайланған Парламент Мәжілісінің сайлауы жарияланғанға дейін (қазір 7-ші шақырылым 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының соңына дейін) өз қызметін жалғастыратын болады», деп түсіндіріп өтті Әділет вице-министрі.
Сайлау туралы заңға өзгерістер енгізу көзделген. Жақын арада тиісті түзетулер ашық нормативті актілер сайтына шығарылып, халықтың талқысына салынады. Алайда Әділет Министрлігі өкілінің айтуынша, президенттікке ұсынылатын кандидаттарға қойылатын талаптар бойынша ұсынылып отырған заң жобасында ешқандай өзгерістер жоқ.
«Президенттікке үміткерлерге қойылатын мемлекеттік қызметте жұмыс істеуінің бес жылдық өтілінің болу талабы сақталады. Неге? Өйткені Президент – дәреже бойынша ең жоғары мемлекеттік қызмет атқаратын тұлға. Сондықтан оның мемлекеттік қызметте жұмыс істеу тәжірибесі, көзқарасы болуы керек. Президенттікке кандидаттар саяси партияның атынан ғана емес, өзін өзі ұсыну арқылы да сайлауға қатыса алады. Оның партияға мүше болуы міндетті емес», деді вице-министр.
Брифинг соңында спикер референдумды «мемлекеттік жүйені жаңғырту мен демократияландырудағы аса маңызды тарихи қадам» деп бағалады. «Президенттің айтуынша, Екінші Республиканың негізін қалайтын – халықтың дауыс беруі. Конституцияға енгізілген түзетулер билік тармақтары арасындағы қатынастардың жаңа тепе-теңдігін қалыптастырады, бұл суперпрезиденттік модельден күшті Парламенті бар президенттік республикаға түпкілікті ауысуды қамтамасыз ете алады», деді министрлік өкілі.