• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Президент 10 Маусым, 2022

Қасым-Жомарт Тоқаев: Біздің мақсатымыз – инновацияларды дамыту

1048 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төраға­лы­ғымен Шетел инвесторлары ке­ңесінің 34-ші пленарлық отыры­сы өтті. Ірі трансұлттық ком­па­ниялар, мемлекеттік орган­дардың басшылары мен халық­аралық ұйымдардың өкілдері қа­тыс­қан жиында экономиканы көміртегінен арылту ісін дамыту және көміртегін аз пайдалану технологияларын енгізу мәселелері қаралды.

Мемлекет басшысы бүгінгі отырыс халықаралық ахуалдың шиеленіскен жағдайында өтіп жатқанын атап өтті.

– Жаһандық логистика жүйесінің бұзылуы, сауда соғыстары, бұрын-соңды болмаған инфляциялық қысым – мұның бәрі бүгінгі күннің шынайы көрінісі. Мұндай жағдайда мемлекет пен бизнес жаңа ойын ережелеріне тез бейімделуі керек. Біз тек осылай ғана бәсекеге қабі­лет­тілігімізді сақтай аламыз, – деді Пре­зидент.

Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіліп жатқан ауқымды демократиялық реформалар, жуырда өткен жалпыұлттық референдумның негізгі мақсат-міндеттері туралы айтты. Президенттің пайымынша, жүргізіліп жатқан саяси реформалар кешенді экономикалық жаңғырумен қатар жүруге тиіс.

– Дәл осындай тәсіл бізге орташа табыстың қыспағынан шығуға, дамудың келесі деңгейіне өтуге жол ашады. Сондықтан біз, шын мәнінде, еліміздің нарықтық, еркін әрі бәсекеге қабілетті экономика құруға бағытталған жаңа экономикалық саясатын жүзеге асырып жатырмыз. Осыған байланысты инвестициялық ахуалды жүйелі түрде жақсартуға да ерекше көңіл бөлеміз, – деді Мемлекет басшысы.

Президент экономиканы көміртегінен арылту және көміртегін аз пайдалану технологиясын енгізудің өзектілігіне назар аударды. Атап айтқанда, климаттың өзгеруіне, бидай өнімінің азаю және су ресурстарының жеткіліксіз болу қатерлеріне байланысты проблемаларды шешу үшін шұғыл түрде жүйелі шаралар қабылдау мәселесіне тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан­дағы барлық парниктік газ қалдық­тарының 80 пайызы қазба отындарын пайдалану ар­қылы энергия өндірумен бай­ланысты және бұның еліміздің климатына кері әсер ететін негізгі фактор екенін атап өт­ті. Оның айтуынша, энер­гетика саласын жаңғыртудың айтар­лықтай маңызы бар.

Қазақстан Президенті инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту және инвес­торлардың заңды құқығын қорғау жүйе­сін жетілдіру мемлекетіміздің страте­гиялық міндеті екенін атап өтті.

– Былтыр шетелдік серіктестер біздің экономикамызға шамамен 24 миллиард доллар инвестиция салды. Бұл оның алдындағы жылмен салыстырғанда 38 пайызға көп. Бір айта кетерлігі, шетелдік инвестицияның 60 пайыздан астамы қазірдің өзінде экономиканың шикізаттық емес секторына тиесілі. Біз бұл инвестицияларды жоғары баға­лай­мыз және шетелдік серіктестер алдын­дағы барлық міндеттемемізді мінсіз орын­дауға бар күшімізді саламыз. Қазақ­стан инвесторлар үшін ашық есік саяса­тын күшейте түседі, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев шетел­дік компаниялармен тікелей ықпал­дастықты жолға қою, соның ішінде оларды елімізге көшіру немесе бірлескен кәсіпорындар ашу үшін барлық институционалдық жағ­дай жасауға дайын екенін мәлім­деді.

– Біздің мақсатымыз – инновация­ларды дамыту және еліміздегі адам капи­талының деңгейін арттыру. Шетел инвес­торларының кеңесі бұл жерде, әсіресе, өзара тиімді шешімдерді табу және ынты­мақтастықтың өзекті бағыт­тары жөнінде тәжірибе алмасу тұрғы­сынан өзіне тиісті рөлін атқаруы керек деп есептеймін. Үкімет осы кеңес­пен бір­лесе отырып, аталған мәселе­лерді ше­шудің нақты шараларын талдап, әзірлеуі қажет, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев инвес­ти­циялық ахуалды жақсарту жөніндегі жүйелі жұмыс ауқымды реформалармен ұштасатынын айтты. Бұл жерде адал бәсекелестікті дамыту, сыбайлас жемқорлықты жою, тиімді мемлекеттік басқару, адам капиталының сапасын арттыру және сот жүйесін реформалау мәселелері сөз болды.

Мемлекет басшысы өз сөзінде 2060 жылға дейін көміртегінен бейтарап­тыққа қол жеткізу үшін күш жұмыл­дыру керек екеніне ерекше назар аударды. Сондай-ақ ауқымды экономи­калық, технологиялық және әлеуметтік жаң­ғыруларды қамтитын тиісті стратегиялық жоба әзірленіп жатқанын жеткізді. Бұл жыл соңына дейін қабылдануға тиіс.

Президент Еуропалық одақтың 2030 жылға қарай парниктік газ қалдықтарын 55 пайызға азайтуға және 2050 жылға қарай көміртегінен бейтараптыққа қол жеткізуге ниетті екенін еске салды. Бұл ретте Мемлекет басшысы 2026 жылдан бастап қазақстандық экспорттаушылар Еуропа одағының бюджетіне шекаралық көміртегі салығын төлейтініне және бұл отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігіне әсер етуі мүмкін екеніне назар аударды.

Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев ел экономикасындағы көміртегін пай­далану көлемін төмендету және эконо­микалық шығындардың алдын алу үшін атқарылып жатқан шараларға егжей-тегжейлі тоқталды. Атап айтқанда, қалдықтарды сау­далауға қатысты ұлттық жүйені еуропалық жүйеге жақындату жөнінде Үкіметтің атқарып жатқан жұмысы туралы мәлімдеді.

– Парниктік газ қалдықтарының үлестік коэффициенттерінің есептеу әдістемесін күшейту бағытында қайта қарауды жеделдету қажет. Есептеу тәсілі еуропалық әдіске сәйкес, яғни саладағы ең озық 10 өндіріс негізінде жасалуға тиіс. Осы ретте өндірістің негізгі ғана емес, қосалқы түрлерін де ескеру керек. Сондай-ақ Еуропа одағының қал­дық­тарды сату жүйесі сияқты экономика секторларын кеңінен қамту қажет. Кеңес мүшелері іс жүзінде көмек көрсетуге тиіс. Бұл жұмысты келесі жылы аяқтау қажет, – деді Президент.

Мемлекет басшысы экономиканың экспортқа бағытталған секторларына арналған квоталарды ақылы түрде бөлуге кезең-кезеңімен көшу қажет еке­нін атап өтті. Президенттің пікірінше, квота саудасының отандық жүйесі пар­ник­тік газ қалдықтарын өлшеу және тек­серу бойынша сенімді деректерге негізделуі керек.

– Алайда, іс жүзінде, біз мүлде олай емес екенін көріп отырмыз. Парниктік газ қалдықтарын тексеру және анықтау жөніндегі органдар берілген есептерді қашықтан куәландырып, қондырғылар орнатылған операторлық учаскелерге бармайды. Осылайша, елдің әртүрлі аймағында олар бір уақытта жиырмаға жуық есепті тексере алады. Мұндай есеп­тердің дұрыстығы күмән тудырады. Сондықтан Үкіметке парниктік газ қалдық­тарын тексеру және анықтау жөнін­дегі органдардың жауапкершілігі мен құзы­ретін күшейту жөнінде пәр­менді ша­ралар қабылдауды тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев үлкен энергетикалық тәсілге көшу­ге дайындық жұмыстарын біртіндеп ынта­лан­дыруға бағытталған жаңа Эколо­гиялық кодекстің қабылданғаны жөнінде айтты. Құжат кәсіпорындарды эколо­гиялық төлемдерден толығымен босату арқылы өндірісті жаңғыртуға мүмкіндік береді. Бұл ретте Президент ірі өнеркәсіп кәсіпорындарына 2023 жылдың 1 қаң­тарынан бастап қалдықтарға мониторинг жасайтын автоматтандырылған жүйені орнату жөніндегі міндеттерін еске салды. Сондай-ақ Үкіметке осы талапты уақтылы және сапалы орындауды қамтамасыз етуді тапсырды.

Қазақстан басшысы атап өткен тағы бір маңызды міндет – аумақтарды көгал­дандыру және жаңа алқаптарға ағаш отырғызу.

– Менің тапсырмаммен 2025 жылға дейін еліміз бойынша екі миллиард ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Өткен жылы 138 миллион, ал биыл 280 миллион ағаш егілді. Алайда бұл қарқын жеткіліксіз, оны жылдамдату қажет. Ке­ңес мүшелерін аталған бастаманы қол­дап, осы іске елеулі үлес қосуға шақы­рамын, – деді Мемлекет басшысы.

Президент елімізде газ тұтынуға сұраныстың артқанын атап өтіп, көмірді пайдалануды азайту ісінде газ саласының маңызды рөл атқаратынын айтты.

– Газ экспортына қарағанда ішкі қажеттіліктерді қамтамасыз ету маңызды екенін қадап айтқым келеді. Үкіметке Теңіз кен орнының акционерлерімен бір­лесе отырып, экспортталатын екі миллиард текше метр газды ішкі нарыққа қайта бағыттауды тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт  Тоқаев.

Мемлекет басшысы жаңартылатын және баламалы энергия көзін дамыту әлеуетінің артып келе жатқанына тоқталды. 2030 жылға қарай еліміздің энергия теңгеріміндегі жаңартылатын энергия көзін кемінде 15 пайызға дейін арттыру міндеті қойылды.

Сонымен қатар Президент атом энер­гиясын пайдаланудың маңызды екенін атап өтті. Оның пікірінше, жаңар­тылатын энергияның тұрақсыз және газ тарату ісі шектеулі болған жағдайда «залалсыз» атом үздіксіз энергия берудің жалғыз көзі болады.

Жиын барысында Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассо, Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, «Шетел инвесторларының қазақстандық кеңесі» Ассоциациясы басқармасының төрағасы Ерлан Досымбеков, Азия даму банкінің вице-президенті Ашок Лаваса, Chevron корпорациясының атқарушы вице-президенті Джеймс Джонсон, Еуропа, Таяу Шығыс және Африка елдеріндегі Citigroup компаниясының бас атқарушы директоры Дэвид Ливингстон, ERG Sarl директорлар кеңесінің төрағасы Александр Машкевич, Exxon Mobil корпорациясының аға вице-президенті Нил Чапман, Ресей мен ТМД елдеріндегі General Electric компаниясының прези­денті Бела Ференци, Шығыс Еуропа бо­йынша Philip Morris International компа­ниясының президенті Марко Мариотти, «Полиметалл УК» АҚ президенті Игорь Финогенов, Орталық және Шығыс Еуропа елдеріндегі PwC компаниясының басқарушы серіктесі Ник Кош, Veon Ltd тобының бас атқарушы директоры Каан Терзиоглу, Азия-Тынық мұхиты аймағы бойынша TotalEnergies компаниясының аға вице-президенті Жулиен Пуже баяндама жасады.

Кеңесте Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассо жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды айтарлықтай кеңейтуді ұсынды. «Ескі табиғи ресурстар – көмір, мұнай мен газдан жел мен күннен энергия өндіруге толықтай көшу керек. Атап айтқанда, біз 2025 жылға қарай кем дегенде 2 ГВт қуат өндіретін жел және күн электр станцияларын салуды ұсынамыз. Өйткені жаңартылатын энергия көздері көміртекті алу мен сақтауға қарағанда арзанырақ», деді Одиль Рено-Бассо. Сонымен қатар ол орталықтандырылған жылумен қамту секторын трансформациялау қажетіне тоқталды. «Қазақстан үшін орталықтандырылған жылу беру­дің қаншалықты маңызды екенін білеміз. Көмірге тұрақты тәуелділік ауаны лас­тайды. Геотермалдық энергия, биомас­са және күн энергиясы сияқты жаңар­тылатын ресурстарға көшу сіздің жылу секторыңызды өзгертеді және Қазақстан азаматтарына тікелей пайда әкеледі», деп қосты ол.

Ал Азия даму банкінің вице-прези­денті Ашок Лаваса 2021 жылы АДБ QazaqGas ҰК АҚ үшін 1 миллионға дейін смарт газ есептегіштерін орнату арқылы бөлшек саудадағы газды есепке алу жүйесін жаңарту үшін 100 миллион доллар ұлттық валюта­дағы несиені мақұлдағанын жеткізді. «Бұл несие операциялық тиімділікті арттыруға және ысыраптар мен пар­никтік газдардың зиян­ды қалдықтарын азайтуға бағытталған. Сондай-ақ АДБ ЕҚДБ-мен бірге Алматы қаласына айтарлықтай экологиялық пайда әкелетін Алматы ЖЭО-2 жаңғырту жобасын бірлесіп қаржыландыру мүмкіндігін қарастыруда», деді Ашок Лаваса.

Сонымен қатар Chevron корпо­ра­циясының атқарушы вице-президенті Джеймс Джонсон Қазақстанның төмен көміртекті болашаққа бағытталған әрі қарай­ғы қадамдарды талқылау үшін инвес­торларды тартуға деген ұмтылы­сын жоғары бағалайтынын және Қазақ­станды «энергия транзитінде», көміртегі шығарындыларын азайтуға бағытталған бастамаларын қолдауға дайын екенін айтты. «Шеврон қоғамның қолжетімді, сенімді және таза энергияға деген қажеттілігіне қызмет етеді және көміртегі қарқындылығын азайту үшін тиімді технологияларды пайдалана отырып, энергия және мұнай мен газ өндіруде көшбасшы. Қазақстанда Chevron серіктестерімен энергия тиімділігін арттыру және біздің нысандардағы метан шығарындыларын басқару бойынша жұмыс істеп жатыр. Біз сондай-ақ Қазақстанның мұнай-газ өнеркәсібіндегі және экономиканың басқа да энергияны көп қажет ететін секторларындағы нысандардың көміртегі сыйымдылығын төмендету бойынша ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін қарастырудамыз. Осыған байланысты «Шеврон» мен «Қаз­МұнайГаз» Қазақстандағы өндіру, кәдеге жарату және пайдалану жо­баларын бірлесіп зерттеуге келісті. Жаңа бірлескен жобалар мен шешім­дерді жүзеге асырумен қатар, біз аз шығарындылары бар табиғи газды пайдалану төмен көміртекті болашаққа маңызды қадам бола алады деп есептейміз. Біз Қазақстанда табиғи газды өндіру мен пайдалануды оңтайландыру үшін саламен және үкіметпен жұмыс істеуге дайынбыз», деді өз сөзінде Джеймс Джонсон.

Еуропа, Таяу Шығыс және Африка елдеріндегі Citigroup компа­ниясының бас атқарушы директоры Дэвид Ливингстон «Citigroup компаниясы үкіметтің климаттың өзгеруімен күресу жөніндегі іс-әрекетін қолдайды. Біз экотиімді қаржыландыру ең үлкен инвестициялық мүмкіндіктердің бірі екенін мойындаймыз. Қазақстанда және көршілес елдерде «жасыл экономиканы» қаржыландыруды одан әрі дамыту және ілгерілету үшін Астана халықаралық қаржы орталығы құрған құқықтық-нормативтік база Қазақстанды қаржының осы саласындағы өңірлік орталығына айналдырады, бұл салада сараптаманы қамтамасыз етеді деп күтеміз», деді. Citigroup компаниясы елде 30 жылға жуық қызмет етіп келеді. «Біз елдің өсуі мен дамуын жеделдету үшін шетелдік инвестицияның маңыздылығын мойындаймыз, сондықтан экономиканы көмір­тексіздендіру бойынша Қазақ­станға қолдау көрсетуді жалғастыру – басты басымдық. Президент мырза, Citigroup компа­ния­сысіздің Қазақстандағы көмір­қыш­­қыл­сыздандыру бағдарламасын ілгерілету жөніндегі күш-жігеріңізді қолдайтынын тағы да қайталауға рұқсат етіңіз. Біз инвестор, несие беруші және сенімді кеңесші ретінде қолдауымыз бен мін­деттемемізді жалғастыра отырып, Қазақстанның болашаққа сапарының бір бөлігі болғанымызға өте қуаныштымыз», деп қосты Дэвид Ливингстон.

Ал ERG Sarl директорлар кеңесінің төрағасы Александр Машкевич бір ғана Павлодар облысындағы кәсіп­орындарда 2030 жылға дейін 16 ірі экожобаны жоспарлап отырғанын айтты. Жоспарланған инвестиция 134 млрд. Жобаның мақсаты – 2030 жылға қарай ластаушы заттардың зиянын 30%-ға азайту. «Сондай-ақ біздің стратегиямызда жаңа технологиялық шешімдерді әзірлеу және қолдану бар. Мысалы, агломерациялық пештерден шығатын газдардың шаң-газ ағынын арнайы скрубберлерде аздап сілтілі ерітіндімен өңдеу. Бұл бізге 50%-ға дейін СО2 алуға мүмкіндік береді. Дегенмен технология глиноземнің құнын арттырады. Біздің басқа жобамыз бокситтерді алдын ала өңдеу де үлкен инвестицияны қажет етеді, бірақ біз технологияны өзгерту энер­гия тұтынуды азайтуға мүмкіндік беретінін білеміз», деді Машкевич. Со­нымен қатар ол, «көмірден бас тарта отырып, бүгінгі таңда өнеркәсіпте 27 мыңға жуық адам жұмыс істейтінін түсінуіміз керек. Біз әлеуметтік жауапты компания ретінде сонша жұмысшы мен олардың отбасын күнкөріссіз қалдыра алмаймыз. Жұмыспен қамту, қайта даярлау, Топ құрамындағы кәсіпорындарға ауыстыру мәселелерін шешуге жылдар қажет. Бізде тәжірибе бар. Арқалық қаласындағы 670 адамы бар жауапты ТБРУ-ны жабу үшін бізге шамамен 4 жыл қажет болды. Бүгінде Қазақстанның көмірді пайдаланудан айтарлықтай шығынға ұшырағаны туралы көп айтылып жүр. Дегенмен еліміздің көмір өндіруден алатыны аз. Ал бұл арзан электр энергиясы, салықтар, сонымен қатар мыңдаған жеткізушілер мен көмір кәсіпорындарының серіктестерінен түсетін жанама орындар. Сондықтан, көмір қуаттары, әрине, алдағы уақытта Қазақстанның энергетикалық секторында болатынын білуіміз керек. Көмірден бірден бас тарту мүмкін емес. Бұл қарапайым көміршілерге әділетсіздік болады. Бізге көмір кеніштеріне тартылған мамандарды қайта даярлаудан бастап, экономиканың жаңа салаларын құруға дейінгі кешенді бағдарлама қажет», деген пікірін білдірді А.Машкевич.

Өз кезегінде Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров елде көмір өнеркәсібінде шамамен 30 мың адам жұмыс істейтінін атап өтті. «Көмірден бас тарту оңтайлы түрде жүргізіледі, ол біртіндеп жүзеге асырылады. Өйткені түбегейлі көше алмаймыз. Тіпті, әлемде бірде-бір ел мұны жүзеге асыра алмайды», деді министр. Мемлекет басшысы да Қазақстан көмірден дәл қазір мүлдем бас тарта алмайтынын жеткізді.

Қазақстан энергетикасын декарбонизациялау жолындағы кедергілерге тоқталған Орталық және Шығыс Еуропа елдеріндегі PwC компаниясының Бас атқарушы директоры Ник Кош кеңес аясындағы кездесулер бизнес басшыларын шабыттандыратынын атап өтті.

«Экономиканы трансформациялау процесі дағдарысқа дейін басталды, өйткені Үкімет экономиканы әрта­раптандыру және климаттың өзгеруіне қарсы күрес сияқты ең өзекті мәселелерді шешу үшін шаралар қабылдау қажет­тілігін түсінді. Алдымен COVID, ал қазіргі таңда Украинадағы соғыс жа­һан­дық саяси және экономикалық ландшафтты түбегейлі өзгертті. Бүгін біз осы оқиғалардың барлық салдарын нақты болжай алмаймыз.

Осы тұрғыдан алғанда, Қазақ елінің күш-жігері ерекше әсер етті. Қазақстан өз алдына экономиканы декарбонизация­лау, атап айтқанда 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу, 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия өндірудің 15 пайызына шығу бойынша айтарлықтай биік мақсаттар қойды. Қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін Үкімет тиісті тетіктерді енгізу арқылы институционалдық және экономикалық негіз салу үшін күрделі, бірақ қажетті шешімдер қабылдауы қажет.

«Жасыл» инновациялық технологиялар мен таза энергияға инвестициялар тарту елдің мақсаттарына қол жеткізу үшін қажет.

Ақылды электрмен жабдықтау желі­лері (Smart Grid), жаңартылатын энер­гия көздері, көлікті электрлендіру (EOT) сияқты ақылды әрі таза техно­ло­гияларға инвестиция салуға ынталандыру жаңа саланың пайда болуына түрткі болды.

«Жасыл» қаржы құралдарының жаңа нарығы дамуда, оның көлемі жыл сайын екі таңбалы санға ұлғаюда. Бұл жаңа экологиялық таза технологияларға инвестициялар әлеуетін ашуға оң серпін береді», деді ол.

Компания басшысы сондай-ақ, Еуро­палық Одақтағы PwC-тің экологиялық таза және тұрақты экономика құру жөніндегі өз міндеттемелерін атап өтті. Оның айтуынша, Орталық Азиядағы барлық PwC компаниялары 2030 жылы R көміртегі бейтараптығына қол жеткізу үшін PwC ғаламдық міндеттемесін орындауға көмектесу мақсатында NetZero ішкі бағдарламасын іске қосқан.

«Біз Орталық және Шығыс Еуропа аумағына 6 млн АҚШ долларын инвестициялаймыз, бұл жергілікті инвестицияларды айтарлықтай толықтырады және PwC компаниясының ESG және тұрақты даму саласындағы клиенттерге қызмет көрсету мүмкіндіктерін кеңейтеді. Біз аймақта USB Hub құруды бастадық, бұл біздің клиенттерге осы бағытта қызмет көрсету мүмкіндігін едәуір арттырды», деген Н.Кош Қазақстанды және жергілікті бизнесті қолдауға дайын екендіктерін айтты.

Мемлекет басшысы сөзін қоры­тын­дылай келе, Кеңес мүшелерін «жасыл» жобаларды жүзеге асыру, ESG инвес­тициясын тарту және орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу жөніндегі іс-қимылдарды жандандыруға шақырды.