1958 жылы университет есігін аштық. Жақсының алдымен көзге ілінетін әдеті, сол жылғы жаңа жыл кеші есте қалыпты. Сол кеште Сәкен әдемі сұлу қыздардың ортасында жүрді. Кісі қызығарлық! Ән салғаны есте – мұндай да әнші болады екен-ау деп таңғалып едік. Содан кейін Сәкеннің шығармаларымен таныса бастадық – талантты дүниелер... Осылайша, Сәкенді көріп-білуіміз басталған. Кейін «Қазақ әдебиеті» газетіне келіп жұмысқа орналасқанымда алдымнан Сәкен шықты. Жақынырақ таныстық. Мінезі қызық екен, нағыз сал-серінің мінезі! Бірбеткей, тура, әділ. Сыйластық басталып жүре берді...
Сәкен Жүнісов Қазақтың мемлекеттік университетінің филология факультетінің үшінші курсында жүргенде қолына қалам алған. Алғашқы туындысы «Бір шофердің әңгімесі» атты балаларға арналған шағын шығармасы республикалық «Қазақстан пионері» газетінде 1953 жылы жарияланыпты. Осыдан соң-ақ әлгі аталған газет, пионер журналының беттерінде, басқадай басылымдарда туындылары жиі басылып тұрыпты.
Жазушы 1955 жылы оқуды бітірген соң, алыстағы тың жердегі онжылдық мектепте сабақ бере жүре өзінің сүйікті тақырыбы – балалар өмірі жайында әңгіме жазуды дамыта түседі. Сол жылдары жазған шығармалары 1959 жылы Көркем әдебиет баспасында «Сонарда» деген атпен жеке жинақ болып жарық көрген.
Қазақ университетінің түлегі Сәкен Жүнісов 1958 жылы өзі ұшқан ұясына қайта келді. Филология факультетінің тіл-әдебиет кафедрасының аспирантурасына түсті. Әйгілі Мұхтар Әуезовтің жетекшілігінде болған Сәкен Жүнісов «Қазақ әңгімелерінің тууы және даму мәселелері» жайында жазған ғылыми еңбегінің кейбір тараулары республикалық «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Жұлдыз» журналының беттерінде жиі жарияланып тұрды. 1962 жылы аспирантурадан кейін академиялық драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарып жүрген Сәкен Жүнісовті Оқу министрлігі Қостанай педагогикалық институтына аға оқытушы етіп қызметке жібереді. Жасынан Қазақстанның солтүстік өңірінде өскен Сәкен Жүнісов тың игеру басталғанда, өзі туып-өскен жердегі ұлы өзгеріс жайында шығарма жазу жоспарын жүзеге асырады. Қостанай жерінде оқытушы болып жүріп, осы тақырыпты тағы да түбегейлі тексеріп, зерттеп, «Жапандағы жалғыз үй» атты шығармасын бастайды. Бұл еңбегі 1964 жылы «Жұлдыз» журналының бетінде жарияланып, 1965 жылы «Жазушы» баспасынан жеке кітап болып шықты.
«Жапандағы жалғыз үй» романынан кейінгі оның сүбелі шығармасы – «Ақан сері» романы. Тақырыбының өзі айтып тұрғанындай, Ақан серіні сері адам ғана жазса бағы жанатын тақырып еді. Құдай сәтін салғанда Сәкен сері тақырыпты жақсы бастап, тәуір аяқтады. Сан қырлы, бір сырлы автордың кейін «Заманай мен Аманай» повесі кино болып шықты.
Сәкен Жүнісовтің драматургия саласындағы шығармалары да бір сала. Оның «Өліра» пьесасынан бастап, «Тұтқындар», «Жаралы гүлдер» болып жалғасып кете береді. «Ажар мен ажал» пьесасының спектакліне арналған бағдарламасында мынандай сөз жазылған: «Б.Майлин, М.Әуезов, Ғ.Мүсіреповтің кейбір новеллаларының сарыны бар». Бұл пьесаның мазмұнына берген авторлық түсінік. Автордың өзі жазғанындай, пьесада жоғарыда аттары аталған үш алыптың кейбір новеллаларының сарыны бар деген сөздеріне және бір үңілсек, бұл драматург тұсынан қазақ совет әдебиетінің аға өкілдеріне деген ілтипат, соларға деген тарту сияқты. «Ажар мен ажал» жазушының драматургия жанрындағы табысты дебюті. Автордың және бір пьесасы – «Қызым, саған айтам...» деп аталды. Сәтті шығарма ретінде жұртшылық жақсы қабылдады.
Жазушының ендігі бір түпкірлі кейіпкері Мұхтар Әуезов болды. Ұлы жазушыға автор «Кемеңгерлер мен көлеңкелер» дейтін пьесасын арнады. Бұл тақырыпты игеру оның арманы еді, сол арманына жетті де. Бұлай болатын себебі, Мұхтар Әуезов – Сәкен Жүнісовтің ұстазы болған ғой. Осы реттен бе екен ол, кемеңгер жазушы жайлы көп сыр, мол деректер айтатын-ды. Бірде:
– Ұлттық университеттің филология факультетіне қабылданған біздің алғашқы қуанышымыз – оқуға іліккеніміз болса, екінші қуанышымыз қазақ ауыз әдебиеті пәнінен Мұхтар Әуезовтің дәріс оқитыны болды, деп бастады әңгімесін Сәкен. – Сол тағатсыз күткен күн де келді. Қоңыраудан кейін аудиторияға сұңғақ бойлы, аққұба өңді, қарақат көздері күлімдеген, аққу мойын, сұлу қыз кірді. Ол сәлемдескен соң, «Мен сіздерге фольклордан лекция оқимын, аты-жөнім – Сармурзина Мәскен» деп, өзін таныстырды. Бізде: «Сұлу қыздың көңіліне келеді ау, сыпайыгершілік сақтайық» деген ой жоқ:
– Мұхтар Әуезов қайда?
– Әуезов оқымаушы ма еді? – деп, орындарымыздан үрпиісіп тұрдық.
Сармурзина сасқан жоқ, осы сұраққа алдын ала дайындалып келген-ау: «Жігіттер, қыздар, тынышталыңыздар, отырыңыздар. Түсіндірейін... Мұхаң біраз күнге командировкаға кетті. Мәскеуге. Ол кісінің орнына уақытша мен дәріс оқимын», – деді. Шынын айту керек, сол арада Мұхаңды тағатсыз күткен арманды көңіліміз ортайып-ақ қалған еді. Жас оқытушы қазақ ауыз әдебиетінен дәріс берді. Бір ай, екі ай өтті: Мұхаң келмеді. Жыл аяғына да шықтық-ау. Сөйтсек, Әуезов, басқа да ірі-ірі ғалымдар, кейбір жоғары курстың студенттері саяси істі болып, қудаланып, алды КГБ-ның қақпанына түсе бастаған екен. Естіген құлақта жазық жоқ, өзіміздің қазақтарымыздың ішінде Мұхаңды көре алмайтындардың: «Әуезов Сұлтанмахмұт Торайғыровпен бірігіп Алаш партиясының гимнін жазған, содан бертін 30-жылдары сотталып, ақыры Ермеков екеуі «Еңбекші қазақ» газетінің бетіне жаздым-жаңылдым деп, өз қателіктерін жаулықтарын мойындап, ашық хат (мақала түрінде) жазып, түрмеден босаған, оның социалистік қоғамға жат екені рас...» деген күңкілін де естідік. Бірақ ол кезде алаштықтардың (Байтұрсынов, Дулатов, Бөкейхановтар...) ақ-қарасын сарапқа салып, безбендейтін бізде шама да жоқ, қолымызда материалдар да жоқ. Болған күнде онымен не бітіресің, арандап қалғаннан басқа. Бар қолдан келгені – екі-үш студент әлгі ашық хатты кітапханадан жасырын алып оқыдық. Кейін Әуезов, Мұқанов, Мүсірепов, өмірінің қызықты да қиын бір сәттерін алып жазған «Кемеңгерлер мен көлеңкелер» деген пьесамда хаттың кейбір жерін тілге тиек етіп пайдаландым.
Сәкен бұдан соң Мұхаңның замана тезіне түсіп, өз ойын көпе-көрінеу бұрмалауға қалай барғанына көшеді де, сол кездегі шындықтың ауылын амалсыздан айналып өтуге мәжбүр болған себептерін еске алады. Бір сөзбен айтқанда, осы тақырыпқа көшкенде Сәкен Сәкен емес, бізге Әуезовтің нақ өзіндей болып көрініп кететін. Міне, осы сөздерді естігеннен кейін, біз, Әуезовтің қудалану себептерін бағдарлағандай болдық. Көбінде Сәкеннің сөзін бөлмейтінбіз.
– Содан біреулер құпия ұйымдастырды ма, әйтеуір, біраз қазақ студенттері, олардың арасында В.А.Щербаков деген орыс, Наум Шафер деген еврей баласы бар, жоғары жаққа Мұхтар Әуезов бізге лекция оқысын деп шағым қағаз жолдадық. Соның шарапаты тиді ме, тимеді ме, әйтеуір, қыркүйек айының соңында (оқу жылы басталып кеткен) Әуезов бізге сабақ береді деген қуанышты хабарды деканат жеткізді. Қуанышымызда шек жоқ. Ақыры, күндердің бір күні қолтығында қалың кітап, маңдайы жарқ етіп Мұхтар Омарханұлы аудиторияға кірді.
Мұхаңның қолтығындағы кітабы – Абай шығармаларының толық жинағы екен. Ақынның 100 жылдық мерейтойына орай 1945 жылы шыққан қалың том. Мұқаң аудиторияға қашан кірсе де студенттермен сәлемдескен соң, әлгі кітабын ашып қойып, екі қолын үстел үстінде екі жаққа жайып жіберіп, лекцияға кірісетін. «Бүгін лекцияға кім келіп, кім келмеді» деген жаттанды, ығыр сұрақты қоймайтын. Кімге бұл пән керек – келер, келмесе зорлаудың не керегі бар дегендей, Абайтану жөніндегі дәрісін әркімнің еркіне, қалауына лайықтап, факультативті курс ретінде өткізеді. Шынымды айтайын, мен өзім конспекті жазуға онша ыждағатты болмайтынмын, өйткені, бірінші курста оқытушылардан көңілім қалды, басын дәптерден, не кітаптан бір алмай, сонда жазылған сөздерді сөйлем-сөйлемімен мүдірмей оқып суылдата беретін. Онымен қоймай, анда-санда басын көтеріп қоятындары, «Неге жазбай отырсың?» дейтіндері де кездесетін. Ал Мұхаңның жөні бөлек. Ойымыздан шықты. Біз әрі қызық, әрі терең мазмұнды мәнерлі сөз, өрнекті тілмен баяндалар лекцияның кей тұсында аузымызды ашып отырып қалатынбыз, кей тұсында асыға жазып, дәптерге түсіріп, үлгере алмай қалған жерлерді ашық қалдырып, әртүрлі әдіспен Мұхаң сөзін хатқа түсіруге тырысушы едік. Өз басым, осы лекцияларды мүмкіндігінше қағазға түсіріп алғаныма осы күні ризамын. Абай атамыздың үлкен тойы алдында басқосқан жиында бір топ жазушы жолдастарға осы туралы айтқанымда, олар да дәптердің сақталғанына таңғалып, оны шағын да болса, кітапша етіп шығару мәселесін қызу сөз етті. Әуезовтің мұндай лекциясы, өз аузынан шыққан сөздері енді қайтып еш жерде, ешуақытта бұлай айтылмайтынын, бұл сықпа құрттай сығымдалған шағын конспекті болса да, Мұхаңның дәріс беру, дәріс үстіндегі өзіндік стилі, сөз саптауы, мәнері – бәрі-бәрі болашақ студенттерге ғана емес оқытушыларға да таптырмайтын қызықты оқиға, тіпті ғылыми мәні бар жағдай екенін бірауыздан әңгіме қылды. Осы әңгімелердің, жанашырлық қасиеттердің нәтижесінде, «Санат» баспасының директоры, белгілі журналист, жазушы-аудармашы Серік Әбдірайымовтың ықыласты қолдауымен Мұхтар Әуезовтің аузынан шыққан, Абай шығармаларының қысқаша әліппесі – осы конспектіні қалың оқушы жұртшылыққа ұсындық.
Мұхаң «Абайтану» жайындағы лекцияның соңғы жағы күрт үзіліп, қорытынды сағаттары оқылмай қалды. Оған себеп, сол кездегі студенттердің топшылауынша – тағы да Әуезовті, т.б. жазушылар мен ғалымдарды қудалау. Қудалаудың басы – 1953 жылдың 30 қаңтарында «Правда» газетінде шыққан Павел Кузнецовтың мақаласынан бастау алады. Оны «Әдебиет және искусство» журналы 1953 жылғы сәуірде қазақшаға аударып шығарды. Сол кездегі қазақ өнеріне, әдебиетіне, әсіресе, қазақ жазушыларының, ең алдыңғы қатарлы ақсақалдарына деген жалпы көзқарастың ол тұста қандай болғанын осы «Правдада» жарияланған мақаладан айқын аңғаруға болады. Ұлт кадрларын тұқырту, тіпті керек болса қудалаудың небір атасын ойлап табу қызыл империяның саясаты үшін түк те емес еді. Міне, қараңыз, 1937 жылғы зұлматтан соңғы 1950-жылдардың басындағы зобалаң Әуезовті қудалаудан басталды.
Осы қуғындаудың нәтижесінде М.Әуезовке жоғары оқу орындарында лекция оқуына жасырын тыйым салынады. Кейін Мұхаңның жетекшілігіндегі аспирант болып жүрген кезімде, «Сол кезде не болды?» деп бір қисынды кезеңді пайдаланып сөз тартқанымда ол: «Пәлі, мен лекция оқымайын дедім бе, тіпті сендерге, үшінші курсқа бұрын өтпей қалған фольклордан да қайтадан лекциялар оқиын деп едім, мені құбыжық көрмеді ме!» деп, беті қабарып, зығырлана сөйледі. Бұл жерде айтқан сөзін де мен кейін «Кемеңгерлер мен көлеңкелер» деген пьесамда тірілттім.
Егер біреу менен өз өмірімнің өткенін білгісі келіп сұрай қалса, онда мен: «Көргендерімнің ең ірісі, ең маңыздысы – Мұхтар Әуезов», дер едім. Әрине, көргеннің де көргені бар, ұлы адамдарды суреттен де, кинодан да, тіпті көшеде көру бар. Ал, бір сәт, не бір күн емес, үш жыл шәкірті болып, күнде араласпасаң да жиі сөйлесіп, күнде дәріс алмасаң да, жақыннан төккен шапағат нұрын көктем шуағындай сезініп жүрген адамың ұлы адам болса, ол сенің тәрбиелі түзу жолыңа септігін тигізсе, сенің көргенділігіңнің де бар есебі түгенделді дей бер.
Алда айтқанымдай, университет қабырғасында Әуезовтен дәріс алғанымыз өз алдына, мен 1958 жылы тікелей аспиранты болдым. Мен ол кезде «Пионер» журналында проза бөлімін басқаратынмын. Бір күні қасымдағы үстелде отыратын досым, поэзия бөлімінің меңгерушісі Тұманбай Молдағалиев жеке алып шығып, үрейлі хабар айтты.
– Біздің үйге, жақында, үстінде ұзын қара пальтосы бар, қара көзілдірікті бір адам келді. Екінші келуі.
– Иә?
– Үндеместің адамы! Сен туралы келіп жүр. Айтатындары баяғы әңгіме – Хрущевтің саясатына қарсымын деп, жиналыстан шығып кеткенің тағы алдыңнан шығып тұрғандай, арызды өз еліңнің адамдары жазған секілді, – деп күмілжіді.
Жүрегім зырқ ете қалды. Сол бір ауылдағы айтулы жиналыстан соң-ақ соңыма «үш әріптің адамдары» түсе бастағанда-ақ жанашыр деген ел ағалары мені «бойтасалауға» жасырын Алматыға аттандырған-ды. Дүмпудің не екенін ішім сезе қойды. Көп ұзамай-ақ мені сол кездегі Қазақстан Комсомол орталық комитетінің хатшысы Қосай Егізбаев шақырды. «Пионер» журналының бас редакторы Рахметолла Ыдырысовта дегбір жоқ. Жаналқымға алды. Тұманбай араласып, «Раха-ау, қағаздарын өзіміз-ақ... Өз ішімізде-ақ қарамаймыз ба?» деп бұртиып еді, оған құлақ аса қоймады. Қосай Егізбаев өте бір салмақты, биязы сөйлейтін, ақыл иесі еді. «Сәкен, түсінемін, қайтейін, бізде амал жоқ, елден, өз ауылың жағынан түсіп жатқан саяси айыптау қағаздары. Оған жауап бермей отыра алмаймыз, жастар комитетінің органында істеп жүрсің, ол енді қиын». Іс насырға шапқан сайын Рахаңның тағаты таусылып: «Бүгіннен қалдырмай шығарамыз, Иманжанов айтқан соң алып едім» деп, күйіп-пісіп, кимелей жөнелді. Сонымен не керек, мені жұмыстан шығаруға редакторым қызу кірісті. Өзім коммунист болмасам да, ата-анам отызыншы жылдардан коммунист. Мен коммунистік қоғамға қарсы емеспін, Хрущевтің тың көтерудегі қате идеяларына қарсымын, қызметтен кетемін, бірақ мына редактор маған «Осындай реттен шығардым» деген бұйрық берсін» деп, қиқайдым. Бірақ, Ыдырысовқа мені қызметтен шығару оңай болғанмен, әлгіндей бұйрық беру оңайға соқпады. Сөйтіп, аяқ астынан, Сармурзина «Мұхаң аспирантураға шақырып жатыр» деп хабар салғаны. Тұманбай: «Мынау құдайдың дес берісі, бар. Сені бәрібір қудалай береді» деген соң, көндім.
Шынымды айтсам, менің үш ұйықтасам түсіме аспирант болу кірмеген нәрсе. Кірген күнде де ғалым болу – отызыншы жылдарда туған ұрпақтың қолы емес сияқты көрінетін. Себебі, менің түсінігімше, ғалым болу – бүкіл дүние жүзі әдебиетіне қанық, содан сусындай нәр алған аса зерек адам болуың керек. Содан соң бір шет тілін игеру міндеті және бар. Шегінерге жер тар, «Қайда барсаң – Қорқыттың көрі» демекші, енді қай қызметке орналассам да саяси бағыты дүдәмал адамның соңынан қаракөзілдірікті үндемес бір елі қала қоймас. Ең тыныштау, тасалау жер – аспирантура. Оның үстінде Мұхаңның – Әуезовтің аспиранты! «Жарайды, тәуекел!» дедім.
Аспирантураға түсіп алған соң, Мұхаңа соңыма ерген «үндемес» жайын қалай айтамын деп, басым қатты. Ұрлық жасағандай қиналамын. Алғашқы күндердің бірінде әлгі «Пионердегі» оқиғаны, оған дейін мұғалімдіктен қалай қуылғанымды түгел айттым. Мұхаң: «Бары сол ма, ол – қылмыс емес. Бірақ есіңде болсын, шындық үшін шырылдап, жаның жай таппай жүрген жалғыз сен емессің, біз де бұл өкіметтің түрмесіне отырып шыққанбыз», деп, Ахмет Байтұрсыновтан бастап біраз әңгіме айтты. – Сен әлі жассың, атың да белгісіз, сенің сөзің – айға шапқан арыстанның әрекетімен бірдей. Ел қамы үшін сөйлеуге үлкен еңбек иесі, атақты адам болуың керек, сонда ғана сөзің өтеді. Қайтесің. Толстой да көп нәрсеге көнген, біз де көніп жүрміз, сен алдымен адам болып алсайшы!» деді. Осы ұзақ әңгімесінің кей тұсын кейін жазған Мұхаң туралы пьесамда пайдаға асырдым, үлкен әжетке жарады.
Мұхтар Әуезовтің жетекшілігіндегі үш жылдық ғұмырымда сол кездегі кеңес, қазақ әдебиетінде, өзімнің жазушылық тіршілігімді неше бір мазмұнды да, есте қаларлық оқиғалар өтті. М.Әуезов өміріндегі, әдеби, саяси, қайраткерлік еңбектеріндегі талай-талай қызықты хикаяларға тиек болатын тарихи, ел білетін де, біле бермейтін де оқиғалар өтті. Енді соның бірер штрихын айтайын, – деп алып, Сәкен және сөзін жалғайтын еді.
– «Әуезов Лениндік сыйлықтың лауреаты атағын алыпты» деген хабар астана жұртшылығын дүр еткізді. Қуанышты хабарды Мәскеуден алғаш жеткізген сол кездегі Лениндік, Мемлекеттік сыйлықтар комиссиясының председателі Тихонов па, әлде өзінің досы, «меншікті» аудармашысы Соболев па, ол арасы маған беймағлұм, не де болса үзынқұлақтан естілген сөз сол күні-ақ бүкіл қаланы шарлап өтті.
Иә, сонымен, Мұхаң үшін де, шын әдебиетті сүйетін қазақ оқырмандары үшін де қуанышты хабар осы күнгі музей үйіне келіп жатқан адамдар тек түс ауа ғана саябырсыды. Талай тартыс, айтыстардың нәтижесінде дара жеңіп шыққан «Абай жолы» романының мәртебелі сыйлықпен аталып өткеніне Мұхаң аса қуанып, желпініп, оның төңірегінде ешбір әңгіме қозғамады. Тілекшілердің де бетін басқаға бұрып, мүлдем әдебиетке қатысы аз, өзге тіршілік жайында сұхбат құрып отырды.
Ұзын залда, белі қайысқан үстелдің басында Қаныш Сәтбаев, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Қажым Жұмалиев, Есмағамбет Ысмайылов, Сәрсен Аманжолов, Бейсембай Кенжебаев, Ісмет Кеңесбаев, тағы басқа өңкей зиялы адамдар, ғалымдар, жазушылар, артис-әншілер отырды. Ішіндегі ең жасы да, елеусіз отырған да мен. Ұлы Мұхаң қаумалай жеткен жастарға қарап:
– Бүгін жасы үлкендердің реті. Ертеңнен бастап сендерге есік ашық, келіңдер, төр сендердікі, деген. Мен де кетіп бара жатыр едім:
– Сен, қайда барасың. Қал. Сен – менің аспирантымсың, – дегенде қуанып, бөгеле бердім.
Тойды қоңырау үнді әнші Жүсіпбек Елебеков өлеңмен ашты: «Сегіз аяқты» ерекше шабытпен, құбылтып орындады. Бұдан кейінгі құттықтау сөз Мұхаң жақсы көретін, ел ақсақалы Сапарғали Бегалинге тиді. Ақ тілектер жалғасып жатты. Үстелдің екінші жақ басында той рәсімін ретіне қарай жүргізіп отырған Мұхаң, есік жақтағы мені шақырып алып, «Әрі қарай сен жүргіз» деп өзінің орнын берді. Мен қарсылық жасай алмадым. Басқалар да қарсылық танытпады.
Той аяқтала бере Мұхаң: «Өзің де сөйлесейші» деген соң, сол кезде сахнадан айтып жүрген Абай операсының төртінші актісінің Абай ариясын орындап бердім. Бұл ария бүгінгі тойға дөп келгендіктен бе, әлде бұрын менің әнімді естімегендіктен бе жұрт ду қол шапалақтап, Мұхаң орнынан тұрып келіп: «Бұл менің аспирантым, менің аспирантым!» деп, мәз болып, бетімнен сүйді, опера авторы Ахмет Жұбанов та, бұл жолы риза көңілмен орнынан тұрып сол жақ бетімнен сүйіп жатыр.
Кейін ойлаймын, Мұхаң мені жиынға әдейі қалдырып, әдейі той басқартып, мұны да үйренсін деген екен ғой! Ақан сері айтқандай, «Көп шалдың ортасында бір бала отырса, дана болады, көп баланың ортасында бір шал отырса бала болады» деген қағиданы ұстанғаны-ау! Мұхаң мезгілсіз кетті. Мен оның сенімін ақтадым ба, ақтамадым ба, әйтеуір, бірсыпыра борышымды өтеген сияқтымын. Академиялық драма театрында Мұхаң қызмет атқарған әдебиет бөлімін басқардым, Қостанай педагогикалық институтында «Мұхтартану» деген факультативтік курс ашып (Қазақстанда бірінші), қырық сағаттан тұратын дәріс оқыдым. Кейін Алматы театр институтында тоқсан сағаттық дәрісімде оны толықтырып өткіздім. Мұхаң өмірінен «Кемеңгерлер мен көлеңкелер» деген пьеса жаздым. Бәрінен де ұстаздық жетекшілігін ешкімге ауыстырмай (Е.Ысмайлов, Т.Нұртазин жетекші болуға ниет білдірсе де) жартысынан көбі дайын диссертацияны қорғамай, Мұхаңның «Менің аспирантым, менің аспирантым!» деп, айтқан сөзін сақтап қалдым, – деп сөзін аяқтады.
Қайран Сәкен-ай, өзі де от, сөзі де от, жүрген жері қызық думан, нағыз Сәкен сері едің-ау! Ақан серіні көрмегенмен Сәкен серіні көрген біздің ұрпақ сері осындай болады екен деп ұқты. Оның үстіне Сәкенге жаңа заман серісі деген «атақты» Ғабең (Ғабит Мүсірепов) берген. Сәкен мәймөңкелеп сөйлеуді білмейтін тосын адам еді. Арқалы ақын Ғафу Қайырбеков:
«Мергенсің атқан оғы кетпес қапыл,
Бір өзің сегіз сері, жеке батыр.
Туған жер Сарыарқаны сағынғанда,
Мен сені бір иіскесем, жетіп жатыр», – деп, дөп басып айтқан. Бір шумақ өлеңде Жүнісовтің бар мінезі тұр. Сәкен екеуміздің арамыздағы жарасқан өмір, сыйласқан достық, ақтарыла айтылатын сыр, шығармашылық бірлік жайлы көп жұрт біледі. Осындай қадір-қасиетімізді анық аңдаған Серік Тұрғынбеков ініміз Сәкеннің 60 жылдық тойында жақсы жеткізді. Ол:
«...Жаны жаратпаса – көңілінің хошы болмаған,
Басына батпандай іс түскенде –
Қасында Қоғабайдан басқа досы қалмаған», – деп жазды.
Өмірдің бәрі той емес, Сәкен көбіне қиналыста жүретін. Бірақ онысын көпке сездіре бермеуші еді. Үйден қиналып жүргенінде Одақтың басшылығына ашық хат жазды. Әнуар Әлімжанов пен Ілияс Есенберлинге жазған сол хаты менде әлі сақтаулы. Көлемді хат, жазушының жан сыры дерлік құжат.
Сәкен әзіл-аңыз әңгімелерге жүйрік-ақ еді. Кейде бурадай буырқанып: – Жә, бір жолдасым: «Әй, өзің де тыныш жүрмейсің, бетегеден биік, жусаннан аласа болып жүре бермейсің бе, дұшпан көбейтіп қайтесің» деуші еді. Мен адамды дұшпан деуден аулақпын. Бірақ қорқып, бұғып та жүре алмаймын. Хамит (Ерғалиев) ақын: «Елу жылдығымды өткізіп алдым, орденді де алдым, енді несіне сасайын, ай, алпысқа дейін тағы бір шайқасып, алысып көрейін!» дейді екен. Сол айтқандай, халқым сыйлайды, елім іздейді, оқиды, несіне айылымды жиямын. Әттең, ел күткен шығармаларымды жазуға мүмкіндіктің жоқтығы ғана қинайды, – деп барып басылатын. Ол ақиқатшыл еді. Шығармаларында еліміздегі, жеріміздегі талай өрескелдіктерді күрес үстінде жазатын. Оның «Қос Анар» пьесасы осындай шығарма болды. Пьеса тың өміріне арналған. Автордың Қарасай дейтін кейіпкері: «Егер шын жауап бергіш болсаң, сонау алғаш колхоз ұйысқан жылдары қырылып кеткен қыруар малға, қаншама жанға неге жауап бермедің кезінде? Сол өңкей бір ұрандатып өткен жерді ғана айтып, сүрінген тұсты айналып өтуге әбден машықтанған екенсің», – дегенде екінші бір кейіпкері Аягөзов: – «Ондай-ондай кішігірім шұқанақтарды сен екеуімізсіз-ақ жаңа заманның жаңа тракторлары тегістеп кетеді», – деп сөз табады.
Міне, осындай диалогтан соң-ақ шығарма астары айқындалып, теріс саясаттың қалтарыстары айқындалады. Тың жерге түрен салған трактор нені жыртпады, жергілікті жұрттың санасына, қазақтың тіршілігіне қандай қиянат жасамады дейсіз. Осы шындықты драматург дөп басып айтты. Сәкеннің соңғы «Кроссворд» пьесасы ше? Жариялылық заманына ұмтылған, елпініп-желпінген дәуірге бет алған кезең арқау болып еді. Бұл шығарма да бүгінде ұмытылып бара ма, қалай?
«Ұмыт» дегеннен шығады. Сәкен Жүнісов «Абылай хан» фильмінің сценарийін де жазды. Кезінде бұл құбылыс болған, бірақ неге екені белгісіз, осы сценарий фильм болып қойылмады.
Жазушы өмірінің соңғы кездерінде көсемсөзге қатты ден қойып еді. Соның жемісі ретінде «Хан мен Президент», «Президентпен болған екі күн», «Бізге президенттік билік керек», «Президент алдындағы сөз», «Жапандағы жалғыз үй», «Жаңа астанаға жаңа ат», т.т. көптеген эссе, ел, жер туралы толғақты мәселелерді көтерді. Ол: «Хан мен Президент» деген дүниемнің бір бөлегі «Көкшетау» газетінде басылды. Әр кезде айтып жүремін ғой, мен Нұрекеңді ертеден танитын едім, сонау Теміртаудан. Бағы жанып, бақыты асты. Елбасы болып танылды. Зор бедел! Менің жазып жүргендерімді әдебиеттің «эссе» жанрына жатқызуға болар, түбі көремін, қай деңгейде, қалай аяқталады... Мәселе шығарманың жанрында емес, мазмұны мен мағынасында. Әзірге хан деп отырғаным – Абылай, Президент деп отырғаным – Назарбаев. Мұны жазу мақсатым – елдің тағдырын айту, яғни, Абылайдың ісін жалғастыру мәселесі. Енді оны уақыт көрсетеді... Осы дүниемді бітірген соң Абылай туралы роман жазбақшымын», – дейтін.
Ол Бурабайда өзіне үй сала бастап еді. «Абылай алаңына жақын жерде тұрсам... Абылайдың жүрген жерінде болсам... Абылайдың рухы мені көтеріп жатса, шығарма да жемісті болады ғой деп ойлаймын дейтін». Арманы көп еді...
Қайран Сәкен, Сәкен Нұрмақұлы қалпымен қалар ел жадында. Өзі бесаспап болған соң жұрты да солай қабылдайтын. Өмірдің аты өмір, тірлікте қас жүйрікті кім қалай көреді. Тұлпарлар аз. Жүйрікке сын көп. Құлагер жүйріктігінен мертіккен. Сәкен – кесек тұлға, керемет талант болатын. «Жапандағы жалғыз үйді» жазған жазушы өзі де өмірінің соңғы жылдары жалғыз тұрды, балалары есейген, үйлі-баранды болып кеткен, жан жары Марина бұрынырақта опат болған. Тағдыр... Жазмыш...
Сәкен тірлігінде көп еңбектенді, мол жазды. Әдебиеттің қай жанрында да көсіле қалам тербеген Сәкен Жүнісов қалдырған алтын қазына ендігі жерде жұртымен бірге жасайтынына күмән жоқ.
Қоғабай СӘРСЕКЕЕВ,
жазушы.