• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Аймақтар 13 Маусым, 2022

Міндет – өңір әлеуетін арттыру

122 рет
көрсетілді

Қонаев қаласында Алматы облысы аумағында орналасқан мәслихат депутаттарының жиыны өтті. Жиынға Премьер-Министр Әлихан Смайылов пен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары қатысты.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Алматы облысына арнайы сапармен келген Премьер-Министр Әлихан Смайылов депутаттар алдында сөйлеген сөзінде Президент ұсынған жаңа реформалар аясында және өткен референдумның нәтижелері бойынша еліміздің саяси жүйесінде маңызды өзгерістер болғанын атап өтті. Ол бо­йынша жаңа норма қабылданып, енді облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдерін тағайындау жаңа, ашық және бәсекеге қабілетті форматта өтеді. Мұнан кейін Әлихан Смайы­лов депутаттарға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы облысы­ның әкімі лауазымына Батыржан Байжұманов пен Марат Сұлтанға­зиевтің кандидатураларын қарауға енгізу туралы хатын оқып берді.

Дауыс беру ашық түрде өтті. Санақ нәтижесі бойынша мәслихат депутаттары Президент ұсынған екі кан­дидаттың арасынан Марат Сұлтан­ғазиевтің кандидатурасын көпшілік дауыспен қолдады. Яғни жиынға қатысқан 188 депутаттың арасынан 129 адам Марат Сұлтанғазиевтің кан­ди­­датурасына, ал 59 депутат Батыр­жан Байжұмановқа дауыс бергені анық­талды. Осылайша, Жаңа Қазақ­стан­дағы облыс әкімін тағайын­дау­дың тың үрдісі өңірде жүзеге асты деу­ге болады.

Мұнан кейін Үкімет басшысы Әлихан Смайылов облыс активіне Марат Сұлтанғазиевті таныстырып, ел Президенті өңір басшылығының алдына бірқатар маңызды міндет қойғанын айтты. Оның ішінде облыстың басқару органдарын Қонаев қаласына көшіру, одан әрі экономикалық даму және әлеуметтік проблемаларды шешу жөнін­дегі міндеттерді белгілеп берге­ніне баса тоқталды.

– Біздің негізгі мақсатымыз – азаматтардың әл-ауқатын арттыру, әлеуметтік жағдайын жақсарту. Ол үшін жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу керек. Халықты сапалы ауыз сумен, табиғи газбен қамтамасыз ету, электрмен жабдықтау, жолдар мен әлеуметтік нысандарды жаң­ғыр­тудың маңызы зор, – деді Премьер-Министр Алматы облы­сын­дағы жергілікті мәслихат депутаттарымен кездесуде.

Сондай-ақ Үкімет басшысы өңір­дің аумақтық орналасу артықшы­лықтарын барынша пайдаланып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен қайта өңдеуді дамыту және Алматы қаласы маңындағы азық-түлік белдеуін құру қажеттігін де атап өтті. Жалпы, Алматы облысында ту­ристік кластерді дамытудың әлеуеті жоғары.

Жергілікті атқарушы органдардың жұмысы халықпен тиімді диалогқа негізделуге тиіс екеніне тоқталған Үкімет басшысы бұл міндетті атқаруда жаңадан тағайындалған әкімге үлкен жауапкершілік жүктелетінін де ескертті.

 

Алматы облысы