Өткен жылғы 22 қазанда «Темірбанк» АҚ ғимаратынан 37 млн. 200 мың теңге ұрланған болатын. Енді, міне, арада жарты жыл өткеннен кейін осыншалықты мол ақшаны кімдердің қолды еткені белгілі болып отыр.
Жүргізілген тергеу барысы қылмысты банктің қауіпсіздік қызметінің қызметкері мен оның сыбайласы жасағанын анықтады. Алматы қаласы ішкі істер департаменті қылмыстық полиция басқармасының бастығы Жанболат Зиядиннің айтуынша, жедел қызметкерлер дереу қылмыскерлердің касса ғимаратына кіру жолын анықтаған. Қылмыс жасаушылар банк ғимаратына терезе ақылы кірген екен. Бұл үшін олар терезенің торын алдын ала кесіп, дайындап алыпты.
Кейіннен жедел қызметкерлер 1977 жылы туған банк қауіпсіздік қызметінің қызметкері мен оның 32 жастағы сыбайласын тап бастырмай тапты. Олардың екеуі де Жамбыл облысы Шу ауданының тумалары болып шықты.
«Негізгі күдіктіні біз Шымкент қаласында қолға түсірдік. Ол ұрланған ақшаның бір бөлігін жұмсап үлгеріпті. Қалған бөлігі тәркіленіп, қылмыстық іс материалына қоса тіркелді. Күдіктілер айыптарын мойындады. Оларға қатысты қылмыстық іс қозғалды», – дегенді айтты Ж.Зиядин соңында.
Құрыш НҰРЫМБЕТ.