Аграрлық сала жетекші мамандарының ҚазҰАЗУ жазғы мектебіндегі кездесуі жас зерттеушілер үшін дәстүрлі іс-шараға айналып келеді. Замануаи тәжірибе және озық біліммен бөлісуді мақсат ететін кәсіби алаңда бұл жолы Америка, Индонезия, Қытай, Таиланд, Испания, Болгария, Малайзия сияқты әлемнің 30-дан астам елінен келген жүзге жуық маман бас қосты.
Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының бағдарламалар мен жобалар директоры Исмаил Абдель Хамид, «Атяб Интернешнл сервис» Бас директоры Мохиб Ахмед Хан (Оман сұлтандығы), Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының Бас директоры Ерлан Байдәулет, ҚазҰАЗУ Басқарма төрағасы-ректоры Тілектес Есполов, тағы басқа ғалымдар аграрлық саланы дамыту, әлемдегі азық-түлік қауіпсіздігі тұрғысындағы ғылыми тұжырымдарымен бөлісіп, халықаралық қысқы және жазғы мектептер ауқымды тәжірибе алаңы ретінде ғаламда туындап отырған көкейкесті мәселелерді талқылауға зор мүмкіндік беріп отырғанын атап өтті.
Жазғы мектептің ашылу салтанатында сондай-ақ Америка университетінің профессоры М.Броди, Ветеринарлық клиниканың жануарларды репродукциялау жөніндегі маманы А.Мюних (Германия), Лейда университетінің профессоры К.Колинас (Испания), «Аграрлық өндіріс және консалтинг» компаниясының маманы П.Шобель (Австрия), Болон университетінің профессоры А.Минелли (Италия), Корей ұлттық аграрлық университетінің өкілі, Азық-түлік, ауыл шаруашылығы, орман және балық шаруашылығы саласындағы білім беру, жылжыту және ақпарат агенттігі Ли Уон Гын (Оңтүстік Корея), Варшава жаратылыстану ғылымдары университетінің профессоры Ю.Мосий (Польша), А.Канчева атындағы университетінің қауымдастырылған профессоры Г.Цветелина (Болгария), Егіншілік және көкөніс шаруашылығы институтының профессоры Д.Карагич (Сербия), С.Демирель университетінің профессоры Айнұр Гюль Қарахан Чакмакчи (Түркия), Мемлекеттік жерге орналастыру университетінің халықаралық қызмет жөніндегі проректоры В.Нилиповский (Ресей), Касетсарт университетінің профессоры Р.Чависук (Таиланд), Қазақстандық зерттеу орталығының директоры, Солтүстік-батыс ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы университетінің профессоры В.Фэн (Қытай), Д.Моторный атындағы Таврия мемлекеттік Агротехнологиялық университетінің ректоры С.Кюрчев (Украина) өз елдеріне тән және ғаламдық жағдайдағы климаттық өзгерістер, азық-түлік қауіпсіздігі, адами капитал, табиғи өнімдер өндірісі мен интеграциялық келісімдердің маңыздылығы тұрғысында өз тұжырымдарын ортаға салды. Бүгінде ғаламдық өзгерістер адамзат дамуының ажырамас бөлшегі ретінде ерекше назар аударуды, кешенді зерттеуді қажет етеді. Осы орайда ой-пікірлерін ортаға салған әрбір шетелдік, отандық ғалымдардың зерртеулері өзекті. Спикерлердің талқылауы биыл он үшінші жыл қатарынан өтіп отырған жазғы мектеп секцияларының жұмысын жандандыра түсті деуге негіз бар. Мұнда маңызды жобалардың бірі ретінде аграрлық өнеркәсіптік кешен саласында заманауи білім мен инновациялық технологиялар, сондай-ақ отандық білім мен ғылымды халықаралық кеңістікке интеграциялау мәселелерінің өзектілігін айрықша атап өткен жөн. Бұл жолы агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы инновациялық технологияларды меңгеру, арнайы пәндер бойынша 5 ECTS алу, кәсіби және тұлға құзыретін қалыптастыру да қатысушылар үшін аса маңызды.
Ендігі кезекте қатысушылар агроөнеркәсіптік кәсіпорындарға онлайн-тур жасап, 13 бағыт бойынша, яғни «Табиғи ресурстарды бағалау және басқару мәселелері», «Жасыл экономика», «Ауыл шаруашылығындағы инновациялық технологиялар мен техникалық құралдар», «Жер және орман ресурстарын басқару», «Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіруді басқару», «Органикалық жеміс-көкөніс шаруашылығы және өсімдіктерді қорғау», «Технология мал шаруашылығы өнімдерін өндіру», «Биологиялық қауіпсіздіктегі ветеринария», «Агроөңдеу технологиялары», «Мал шаруашылығы өнімдерінің сапасын басқару», «Агробизнес», «Топырақтану, агрохимия және экология», «Клиникалық ветеринария» салаларының озық жетістіктерін игеруге қол жеткізе алады.
Екі апта ішінде жазғы мектептің қатысушылары инновациялық орталықтарда, университеттің және ғылыми ұйымдардың зерттеу зертханаларында, озық шаруашылықтар мен кәсіпорындарда білім алып қана қоймай, «Стартап жобалар» конкурстары, волейболдан турнирлерге қатысып, театр, мұражай, көрмелер және қаланың көрікті жерлерімен танысып қайтады.
АЛМАТЫ