• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 14 Маусым, 2022

Еңбек нарығындағы еншімізден айырылмайық

438 рет
көрсетілді

Еліміздегі еңбек нарығында білікті мамандар мен жауапты жұмысшыларға қашан да сұраныс бар. Соған қарамастан жыл басынан бері Электронды еңбек биржасында жұмыс іздеп жүрген 157,8 мың адам тіркеліп отыр. Әрине әрбір жұмыс беруші тұлға маманды қарым-қабілетіне, біліміне, тәжірибесіне қарай қызметке қабылдайтыны анық. Себебі жұмыс өнімділігі – кадрдың кәсібилігіне тікелей байланысты. Бір өкініштісі сол, 160 мыңға жуық отан­да­сымыз екі қолға бір күрек таппай жүрген кезде, 15 мыңға жуық шетел азаматы қалтасын Қазақстанға келіп қалыңдатып жатыр.

Бізге жетіспейтіні – білікті маман

«Еңбек ресурстарын дамыту орта­лы­ғы» АҚ-ның мамандары «Қазақстандағы шетелдік жұмыс күші: кім және қайдан?» тақырыбында жасаған талдауында жоға­ры білікті мамандар экономикалық да­му­­дың маңызды құрамдас бөлігі са­на­ла­тынын жазады. Жергілікті еңбек нары­ғында білікті мамандар болмаған жағдайда мемлекет мұндай кадрларды шетелден тартады. Шетелдік жұмыс күші компаниялардың өнімділігін арттыру үшін инновациялық және технологиялық тұрғыда күрделі жұмысты орындай алады. Бұл қадам шетелдік жұмыс күшін кейін жергілікті мамандармен ауыс­ты­руға, отандық мамандардың білік­тілі­гін арттыруға және жеделдетуге кө­мек­­теседі. Жасыратыны жоқ, елі­міз­­дегі еңбек нарығында гумани­тар­лық сала­да­ғы мамандар саны басым бол­ға­ны­мен, техникалық персоналдың жетіс­пеушілігі байқалады. Соған байла­нысты, шетелдік жұмыс күші кәсіпо­рын­дардың жо­ғары білікті жұмыс күшіне деген қа­жет­тіліктерін дер кезінде қана­ғат­тандыру үшін уақытша баламалы шешім саналады.

Елімізде шетелдік жұмыс кү­ші­не деген алғашқы қажеттілік 90-шы жыл­дар­дың басындағы трансформация ке­зеңін­де пайда болған еді. Кеңес Одағы ыдырап, тәуелсіз мемлекеттер пайда бола бастаған тұста түрлі себептерге бай­ланысты бі­лік­ті мамандар да елден көше бастады. Көп адам тарихи ота­нына оралды. Соның сал­дарынан, 1993 жылы шетелдік жұмыс күшін тарту үшін квоталау процедурасы енгізілді. Соның нәтижесінде, 1993 жылы елімізге шамамен 2,1 мың адам келді. 2000 жылдардың басында Қазақстан ше­тел­діктер үшін тартымды еңбек на­ры­ғы ретінде Ресеймен бәсекелесе бастады. 2006 жылы Қазақстанда 103 елдің 40 мың­нан астам азаматы жұмыс істеді.

16 мыңға жуық шетел азаматы еңбек етеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы өз бағдарламасында және өңірлерді аралаған кезінде шетелдік жұмыс берушілер тарапынан отандас­­­­тарымызды кемсітушілікке жол бе­ріл­мейтіні туралы айтып, кейін шетелдік жұмыс күшін тартатын кəсіпорындарда еңбек және көші-қон заңнамасының сақталуына қатысты тексеру жүргізілген еді. Сол тұста 95 компания тексеріліп, 930 заң бұзушылық фактісі анықталды. Осы жұмыстардың қорытындысы негізінде Еңбек жəне халықты əлеуметтік қорғау министрлігі бір­қатар іс-шара əзірледі. Мәселен, 2020 жылы шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квота ауыз толтырып айтарлықтай қысқарды. Соның нәти­жесінде, 2019 жылғы квота мөлшері 49 мың адам болса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 29 мыңға дейін, яғни шамамен 40 %-ға азайды.

Биыл 1 қаңтарда 14 932 шетелдік азамат жергілікті атқарушы орган­дар­дың рұқсатымен Қазақстан аума­ғ­ында еңбек етіп келген болса, 1 мамырда бұл көрсеткіш 15 932-ге жетіп жығылды. Шетелдік жұмыс күшін тартуға берілген рұқ­сат­тар­дың арасында мынадай санаттар бар: басшылар мен олар­дың орынбасарлары үшін 630 рұқсат (бірінші санат), құрылымдық бөлімшелердің бас­шылары үшін 3 154 рұқсат (екінші санат). Тартылған шетелдік жұмыс күші­нің негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санат­тарға жатады. Тиісінше олар 7 643 және 837 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыс­тар­ға 1 343 адам, ал корпоративтік ауыс­тыру аясында 2 325 адам тартылды.

Бүгінде ел аумағында шетелдік жұ­мыс кү­шін пайдаланатын 1 733 жұ­мыс беру­ші бар. Оларда 391 мыңнан астам Қазақ­стан азаматы жұмыс істейді. Бұл қызметкерлердің жалпы санының 96%-ы. Еңбек мигранттары келетін не­гіз­гі елдер қата­рында Қытай (3 613 адам), Түркия (1 838 адам), Үндістан (1 293 адам), Өзбекстан (1 385 адам) және Ұлыбритания (1 083 адам) сынды мем­лекеттер бар. Ішкі еңбек нарығын қор­ғау мақсатында Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігі жыл са­йын­ республикаға шетел мамандарын тар­туға квота белгілейді және бө­ле­ді. Осы жылғы қаңтарда ірі отан­дық бизнес өкілдерімен кездесу қор­ытындысы бойынша Мемлекет басшысының бер­ген тапсырмасын орындау үшін минис­трл­ік шетел жұмыс күшін тартуға ар­нал­ған квотаны бұрын жоспарланған 28 352 бірліктен 23 560 бірлікке дейін, яғни 4 792 адамға (16%) қысқартты.

«Ішкі еңбек нарығын қорғау – ел қауіпсіздігімен ұштасып жатқан мәселе. Жұмыссыздықты жою­дың тиімді тетігін жұмыс беру­шіден артық ешкім білмейді. Оны қажетінше ынталандыру керек. Бизнес өкілдері шетелдік мамандарды тар­туды азайтуға мүдделі болуға тиіс. Олар да соншама жерден, өз елінен, отбасынан безіп, бөтен елге жайдан жай келмейтін шығар. «Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар...» деген. Ше­телдік жұмыс күшінің тек бірінші санат­та­ғы­сы­нан өзгесін қайта сараптайтын кез келді деп ойлаймыз», деді Мәжіліс депутаты Дархан Мыңбай.

Квотаны кім, қалай белгілейді?

Рас, шетел азаматы табыс көп, жа­ла­қы мол болмаса айшылық алыс жер­лер­ден ат арылтып келмейтіні анық. Дейтұрғанмен, таразы басы тең болуы үшін шетелдік жұмыс күшіне рұқсат берген мемлекет қоржыны да құр қалмауға тиіс қой. Бұл мәселе де елімізде жүйелі жолға қойылған. Мәселен, 2017 жылдан бас­тап Қазақстанда шетелдік жұмыс кү­шіне рұқсат беру және ұзарту үшін са­лық алымы енгізілді. Аталған салық шетел­дік жұмыс күшінің санатына қарай 137-ден 250 АЕК-ке дейін белгіленеді (санаты мен біліктілігі неғұрлым төмен болса, салық алымы соғұрлым жоғары болады). 2019 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдар жұмыс берушілерге 23 520 рұқсат берсе, олар өз кезегінде 7,5 млрд теңге мөл­шерінде салық алымын төледі (2017 және 2018 жылдардың қорытындысы бо­йын­ша жұмыс берушілер салық алымдарын тиісінше 9,1 және 8,5 млрд теңгеге ен­гізді).

Алайда квота кез келген адамға, не бол­маса ұйымға жайдан-жай беріле салмайды. Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің еңбек көші-қонын мониторингілеу басқармасының бас сарапшысы Берік Есқараевтың айтуынша, елімізде квотаны белгілеу және бөлу деген мәселе бар. Жұмыс берушілер жергілікті атқарушы органдарға шетелден жұмыс күшін тарту бо­йынша өз ұсыныстарын әр жыл сайын 1-қазанға дейін ұсынады. Өз кезегінде, жергілікті атқарушы органдар сол ұсыныстардың барлығын жинап, сараптап, комиссия құрады. Жұмысшылардың елімізге келу немесе келмеуін осы комиссия қа­­райды. Комиссия жұмыс бары­сын­да Еңбек және халықты әлеу­­меттік қорғау министрлігі бе­кіт­­­кен қағидаға сүйене отырып, тиісті шешім қабылдайды. Кейін осы комиссияның қорытындысын жер­гілікті атқарушы органдар 1-қа­ра­шаға дейін аталған министр­лі­кке жолдайды. Ведомство 1-қаң­тар­ға дейінгі мерзімде ше­телдік м­а­мандарды тартуға арнал­ған кво­­таның жұмыс күшіне шақ­қан­дағы пайызын анықтап, санын бел­гі­лей­ді. Сосын жергілікті атқа­ру­шы ор­ган­дарға бөледі.

Ең бастысы, квота еліміздегі жұмыс берушілердің қажеттілігіне байланысты белгіленеді. «Алайда жергілікті комиссия жұмыс беруші сұраған мөлшерді басыбайлы қолдай салмайды. Мәселен, жұмыс беруші компания шетелден 200 адамды алдыртуға ұсыныс берсе, комиссия соның 50-ін немесе 150-ін қысқартып тастауы мүмкін. Себебі комиссия сол өңір­дегі жер­гілікті тұрғындар ара­сын­да­ғы жұ­мыс­сыздық деңгейін на­зарға алады. Егер шетелден 200 адам ке­­летін болса, алдағы уақытта ком­па­ния­да еңбек ететін 200 отан­да­сымыз жұ­мыстан босатылуы, қыс­қар­ту­ға ұшырауы ықтимал», деді Б.Есқараев.

Жыл басынан бері Электронды еңбек биржасы арқылы халықты жұмыспен қамту орталықтарының қыз­меттерін ұсы­ну жөніндегі қа­нат­қақты жоба шең­бе­рін­де жұмыс іздеп жүрген 157,8 мың адам тіркелді. Соның ішінде 141,5 мың адам жұ­мыссыз мәртебесін алды. Бұл ретте, жұмыс іздеп жүрген адамдар мен ресми жұмыссыздардың арасынан тұрақты және уақытша жұмыс орындарына Элек­трон­ды еңбек биржасы арқылы 39,7 мың адам жұмысқа орналастырылды. Ал 23,8 мың жұмыссыз азаматқа Электронды еңбек биржасы ар­қылы жұмысынан айыры­лып қал­уына байланысты әлеуметтік тө­­­лемдер тағайындалды. Елімізде 160 мыңға жуық азамат жұмыссыз ре­тінде тіркелген тұста 15 мыңға жуық шетел азаматы Қазақстанда еңбек етіп, табыс тауып келеді. Сол 15 мың жұмыс орнында өзге емес, өз отандастарымыз еңбек етсе жақсы еді ғой? Жақсысы жақсы болғанымен, біліктілік, кәсіби шеберлік, тәжірибе деген мәселе тағы бар. Осы олқылықтың орнын қалай толтырамыз? Білікті маманды қайтсек оқытып шығамыз?