Бүгінде заман ағымына сай алаяқтықтың да түр-пішіні өзгерген. Жұртшылық көп уақытын әлеуметтік желіде өткізетінін біліп алған әккі қулар қазір интернет арқылы алдап-арбауды жақсы меңгерген. Желілерде жылтыңдап шығып қоймайтын «Табыстылардың қатарына қосылғыңыз келе ме?», «Метромен жүресіз бе, әлде өзіңіздің жекеменшік көлігіңізбен жүргіңіз келе ме?», «Демалысыңызды қайда өткізесіз: саяжайда ма, шетелде ме?» деген сияқты жарнамалар – соның куәсі.
Әлеуметтік желілердегі жарнамалардың көпшілігі жеңіл әрі тез байып кетудің жолдарын «ұсынады». Тиісті мекемелер қанша жерден сақтандыруға шақырғанымен онлайн-алаяқтардың арбауына түсіп, опық жеп қалатындар көп. Жақында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің FinGramota.kz сайты жалған жарнама посттарды парақшаларында жариялап, жұртшылықты оған елітіп кетпеуге шақырды.
«Алаяқтардың жиі қолданатын айла-шарғысы – әлеуметтік желілерде жалған аккаунт құру. Мәселен, жақында алматылық телеарнаның атын жамылған жарнама әлеуметтік желіде тарады. Онда алаяқтар жүргізушінің сөзіне салып, «биржада акциялар және «алтын валютамен» сауда-саттық жасайтын платформа пайда болғанын, мұны анау-мынау емес, қазақстандықтар үшін әйгілі Илон Маск құрғанын, бұл қор нарығындағы сауда-саттық адам қолымен емес, робот арқылы жүргізілетіні хабарланды», деп жазды ресми сайт.
Бұл аккаунтты біз де тексеріп көрдік. Жарнама авторларының айтуынша, платформа жанды қинамай, тұрақты және пассивті кіріс алғысы келетіндерге арналған. Оңай олжаға кенелу үшін небәрі «Тесла» компаниясының платформасына тіркеліп, күніне жарты сағат уақытын оқуға жұмсап, инвестиция сала бастаса жеткілікті. Тіркелгеннен кейін келесі күні 24/7 режімінде Қазақстанның кез келген картасына қаржы аударып алуға болады. Оған сіздің бар-жоғы 5-10 минут уақытыңыз кетеді. Бұл жерде бағдарламаны жасаушылар компания өзінің қызметі үшін қаржы сомасынан 1,5% ұстап қалатынын айтады. Сайтқа сілтеме арқылы өтіп, аты-жөніңізбен тіркелуіңіз қажет. Постың астында аяқ астынан «пайдаға кенелген», осы платформаға алғысын білдірген «инвесторлардың» жалған пікірлері жарияланған.
Ал бұл алаяқтардың ісі екенін қайдан білуге болады? Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мамандарының айтуынша, тез баюға шақырған мұндай жалған онлайн-платформалар заманауи технология тілін жете меңгермеген, ұсақ-түйектерге көп мән бере бермейтін адамдарға арналған. Өмірі әлеуметтік желілерге байланған қазіргі адамдар, әсіресе танымал, аты әйгілі адамдардың айтқанына тез иланғыш екен. Мұны да интернет алаяқтары жақсы біліп алған. «Жалпы, мұндай жарнамалардың жалған екенін анықтау қиын емес. Ол үшін қырағылық керек. Мысалы, жоғарыдағы жарнаманың «сюжеті» қолдан құрастырылғанын, онда басқа телеарнаның логотипі бар екенін, сипаттамасында көптеген грамматикалық қате кездесетінін аңғаруға болады. Егер аккуанттың басты бетіне өтсеңіз, онда ешқандай жаңалықтар жоқ екенін байқайсыз. Бұл жерде поста көрсетілген сайттың атауы да Илон Масктің компаниясына тиесілі емес», дейді мамандар.
Ал тез арада көлікке ие болып, демалысты шетелдерде өткізуге үндейтін жарнамада бастапқы инвестиция 53 мың теңге екені, төрт аптаның ішінде оны 890 мың теңгеге дейін көбейтіп алуға болатыны айтылады. Алаяқтар бұл платформаны мемлекеттік платформа ретінде көрсетіп, KAZ Minerals активтеріне 220 мың теңге мөлшерінде инвестиция салудан дивидендтер төлеуге уәде береді. Былай қарасаңыз, ақылға қонатын инвестиция сияқты. Әрі KAZ Minerals – елімізге белгілі мыс өндіруші компания. Бірақ мамандар мұндай жарнаманың ең бірінші доменіне назар аударуға кеңес береді. «Сілтеменің атауы да күдік туғызуы керек. Алаяқтар көбінесе танымал компаниялардың атын жамылатынын тағы да естеріңізге саламыз. KAZ Minerals атақты компания болғанымен оның өзіндік ресми аккаунты бар. Оны да тексеріп шығуға болады. Компанияның ақша мәселелері жөніндегі сауалдаманы басқа ресурстарда жүргізуі күмән туғызады. Егер сіз сауалдамалар немесе лотереялар жалған емес екеніне сенімді болсаңыз, онда сол мекеменің ресми телефон нөмірлеріне қоңырау шалып, анық-қанығын білуге болады», деп ескертеді FinGramota.kz сайты.
Алаяқтар адамдарды құрығына түсіру үшін жалған инвестицияның небір жаңа кейстерін ойлап тауып жатыр. Сондықтан аз уақыттың ішінде толағай табысқа кенелуге шақырған жарнамаларды көрсеңіз, одан мүмкіндігінше бойды аулақ салған жөн. Мамандар өзіңіз туралы дербес деректерді интернет кеңістігінде, әсіресе фишингтік сайттарда қалдырмауға кеңес береді. «Егер сіз қаржы алаяқтарының құрығына түсіп, оларға өздеріңіз туралы маңызды құпия мәліметтерді, төлем карталарының деректемелерін беріп қойсаңыздар немесе қаржы пирамидаларына тап болсаңыздар, онда дереу құқық қорғау органына өтініш беріңіздер! Сондай-ақ қаржы пирамидалары туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне 1459, +7 727 237 1000 нөмірлері арқылы хабарласуға болады», дейді агенттік мамандары.