Биыл домбырашы Қали Жантілеуовтің туғанына 120 жыл толады. Қазақ домбыра күйлерінің алтын қорына, ұлттық музыка қазынасына ең көп күйді жеткізген дарабоз талант иесі бір жағынан көненің көзі, ескінің соңы болса, бір жағынан жаңаның басы, тыңның түрені болатын...
Қали Жантілеуовтің өмір жолын саралап қараса, көптеген замандасы сияқты үлкен сахнаға шыққанға дейін және кейін деп бөлуге болады екен.
Дейін
Жантілеудің Қалиы 1902 жылы бұрынғы Ішкі Бөкей ордасы, Қамыс-Самар қисымы, №10 ауылда дүниеге келіпті. Әкесі байдың малын баққан жоқ-жітік адам екен. Қалидың Бақтыгерей, Әділ атты ағалары болған. «Басқа бауырларына қарағанда Қали сотқарлау, өнерге де жасынан құмар болып өседі. Алты жасында қолына домбыра ұстап, жеңіл әуен тартады. Жастайынан ізденіп, елдегі Тоғайбай, Жұматай, Алабастың Қалиы, Төлепберген, Мекетай сияқты домбырашылардан Құрманғазының «Теріс қақпай», «Адай», «Түрмеден қашқан» күйлерін үйренеді. Бозбала шағында Қалидың әншілік аты да шыға бастайды. Мұса деген болыс өнерлі жасты өзіне делбеші қылып, Тоғайбай деген домбырашыны көмекші етіп, барған жерінде ән салдырып, күй тартқызып жүреді. Ол кезде Қали «Ой, тентек», «Әрайнам», «Үлкен Айдай», «Кіші Айдай» әндерін шебер орындайтын. Тоғайбаймен бірге жүрген кезінде Қали одан көп күй үйренеді» деп жазады Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваториясының профессоры міндетін атқарушы Тмат Мерғалиев өз естелігінде.
«Әнші бала» Қалидың өмірін күрт өзгерткен бір оқиғаны Қазақстан Республикасының халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Қаршыға Ахмедияров жазып қалдырған. Ол бұл әңгімені ұстазының өз аузынан естіген:
«12-13 жас кезімізде Оқап (Қабиғожин) екеуіміз бір тайлаққа мінгесіп, қазіргі Тайпақ ауылы, Андрей базарына бардық. Тайлақты сатып, алғашқы рет костюм кидік. Осындай көңілді тұрған шағымызда арба жеккен ақ інгенді жетектеген бір жігіт базарды аралап, кешке Дина мен Мәменнің күй тартысы болатынын хабарлап өтті. Арбаға бидайық салып, үстіне текемет тастаған, оның үстінде малдасын құрып, қолына үкілі домбыра ұстаған Дина отыр екен. Ел-жұрт орамалға түйіп ақша лақтырып жатыр. Кеште Оқап екеуіміз күй тартыс өтетін әлгі бай адамның үйіне келіп, үлкен өнерге куә болдық.
Бірінші болып Дина қолына домбыра алды, екі қолдың құбылмалы қағыс, қимылдарымен тыңдаушыларын таңғалдырды. Біраз уақыт күй сайыстан соң Дина үйінің жағдайымен жол жүріп кетті. Әйел баласына тағдыр осылай бұйырған ғой. Ал Мәмен байсалды баппен таңға күй тартып, көпшілік кәусәрін бір кенелтті...»
Міне, сол күннен бастап Оқап пен Қали ән салуды қойып, күйге көшіпті. Қалиға нағашы болып келетін Мәмен жиенінен білгенін аямаған. Мәменнің өз шығармалары – «17 жыл», «Ақшолпан», «Қайғылы қара» бізге осы Қали арқылы жеткен.
Зерттеушілер күйшінің 1925 жылдан бастап атқа мініп, ауылда жаңа құрылған өкіметке белсене қызмет еткенін, жүрген жерінде жастар арасында ойын-сауық ұйытқысы болғанын жазады. Осылайша 1930 жылдары Қалидың нағыз домбырашылық аты ел арасына кең тарайды. 1934 жылы Қазақстанда өнер шеберлерінің бірінші байқауы өткенде бала досы Оқап Қабиғожин екеуі бәйгеге қатар түсіпті. Бір қызығы, Оралдағы іріктеуде күй өнерінен Оқап бірінші орын алса, сол 1934 жылы Алматыда өткен өнерпаздардың 1-слетінде Қали үздік шығыпты.
«Менің астанаға барып, елге танылуыма сол кездегі ауылкеңес төрағасы Бегешов Құспанның ықпал, көмегі мол болды», деп еске алады екен Қалекең кейін.
Кейін
Қали Жантілеуов өмірінің екінші кезеңі осылай басталған.
«Міне, маусымның 14 күні бірінші республикалық байқау басталып та кетті. Драма театрдың сахнасынан небір балтаңдай әншілер мен бармағы майысқан күйшілер өтіп жатыр. Кезек Қалиға да келді. Ол домбырасын сәл көтеріңкіреп бұрады да «Адай» күйін екпіндете тарта жөнелді. Зал іші ұшқан шыбынның дыбысы естілетіндей тым-тырыс. Кең далада еркін жортқан ат тұяғының дүбірі ме, зорлықшылдарға деген халықтың ызалы үні ме, әйтеуір домбыраның көмейінен сан құбылған жігерлі қатқыл үн үсті-үстіне төгіліп жатыр. Залды кернеп самғаған күй сазы қалықтап барып біткен кезде тыңдаушылар ду ете түсті. Үсті-үстіне соғылған қолдар қайта шақырып, Қалиды сахнадан жібермей қойды. Қазылар мүшелері де (сыншылар алқасы) Қалидың домбырашылық өнеріне разы болды», деп жазады Тмат Мерғалиев.
Қалидың асқан орындаушылық шеберлігі жайлы академик Ахмет Жұбановтың өзі: «Қали – борандатқан тез екпінді күйлердің орындаушысы. «Адай», «Теріс қақпай» сияқты күйлерді әлі күнге Қалидың өзіндей ешкім тарта алмайды десек өтірікші болмаймыз. Ол сонымен қатар, «Баламайсан», «Науайы» сияқты әндеткен күйлерді де сызылтып-ақ орындайды», деп жазған еді. Байқауда бірінші, екінші орын алған домбырашылардан 25 кісі филармонияда құрылған ансамбльге қалдырылды. Бұл оркестрді Ахмет Жұбановтың өзі басқаратын еді. Айта кетейік, сол ұжым кейін Қазақтың Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптары оркестріне айналды.
Күйшінің Алматыға келуімен оның ұстаздық қызметі де басталыпты. «Қазақстанның төрт бұрышынан жиналған домбырашылардың бәріне ұстаз болды», дейді Қалидың шәкірті, кейін атақты өнер қайраткеріне айналған Қаршыға Ахмедияров. Жасы 30-дан асқан шағында ғана кәсіби өнер ортасына келген Қали Жантілеуов нота сауатына, кәсіби жолға терең бойлаған. «Қалекеңнен сабақ алған қазақ өнерінің қаймақтары Шамғон Қажығалиев, Нұрғиса Тілендиев, Еркеғали Рахмадиев, Хабидолла Тастанов, Құбыш Мұхитов, Фуат Мансұров дүниежүзілік деңгейге күй бұлағының тұнығынан нәр алғандықтан жеткені де айна қатесіз дәлел» – бұл Қаршыға ағамыздың бағасы.
Бұдан кейін Қалекеңнің алдын көргендер қатарында – Рүстембек Омаров, Әзидолла Есқалиев, Рысбай Ғабдиев, Бақыт Қарабалиналар аталса, 1970 жылдары Қаршыға Ахмедияров, Шәміл Әбілтаев, Сәдуақас Балмағамбетов, Айтжан Тоқтаған секілді мықтылар Қали Жантілеуовтің тікелей шәкірті атанып, 20-дан астам күйді күйшінің өзінен алыпты. Қалекеңнің алдын көрген кейінгі буын Тұяқ Шәмелов, Абдулхамит Райымбергенов, Кәрима Сахарбаева, Айгүл Үлкенбаевалардың да осалы жоқ қой.
Қалидың қазасы
Күйші Қали Жантілеуов мәнді де мағыналы, ұзақ өмір сүрген адам. 1942 жылы республиканың еңбек сіңірген әртісі атанды. 1954 жылы Қазақ КСР-інің халық әртісі атағын алды. «Құрмет Белгісі» орденімен марапатталды. Өмірінің соңында өз қалауы бойынша туған жері – Жаңақала өңіріне келіп, ауылда тұрды. 90 жылдық тойының бел ортасында өзі болып, ел-жұртының құрметін көрді. 1993 жылы өмірден өткен кезде қарт күйшіні ақырғы сапарына аттандыру ерекше салтанатпен өтіпті.
«1993 жылы өмірден өткенде ұстазымды соңғы сапарға шығарып салдым. Орал қаласында музыка училищесінде мемлекеттік емтиханға келген едім. Таңғы 6-да сол кездегі облыс әкімі Жақыпов Қабиболла телефон шалып, Қалекеңнің дүние салғанын естіртті. Алматыдан оркестрдің бас дирижеры және көркемдік жетекшісі Айтқали Жайымов бастаған топ келді. Кейінгі ұрпаққа үлгі болсын деп жазып отырмын: Қалекеңді жерлеген қаралы жиынның өзі ұлы күйшіге үлкен құрметті көрсетті», деп еске алады Қазақстан Республикасының халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Қаршыға Ахмедияров.
...Қос ат жеккен арбаға Қалекеңнің сүйегі салынып, қаралы көш қабірге қарай жылжыды. Көш басындағы пар аттың жетегінде тұл ерттелген тағы бір сәйгүлік ілесті. Бос ердің қасына қарт күйшінің талай жылғы серігі – Э.Романенко жасаған альт домбырасы ілінген. Қаралы халық зират басына жеткенде бар жасауымен тігілген киіз үй көрінді. Қарт күйшінің ақырет сапары осылайша ұлттық нақышпен, салт-дәстүрмен көмкеріліп жатты. Марқұмның денесі мәңгі мекеніне жайғасып, жерленген соң халық Қаршыға Ахмедияровтан күй сұрады. Қаршекең қара домбыраны қолға алып, Дәулеткерейдің «Жігерін» жылап отырып тартыпты. «Сол кездегі халықтың ықыласын осы күнге дейін сезінемін. Күйшіге туған жердің, халықтың, тыңдаушысының ықыласынан артық не бар!», деп жазды кейін естелігінде профессор.
Музейдегі домбыра
Бүгінде Жаңақала ауылындағы балалар саз мектебі Қали Жантілеуовтің атында. Тірі кезінде өзі тұрған көшеге де Қалекеңнің есімі берілді. Аудан орталығындағы күйшілер аллеясында Құрманғазы, Дина бастаған күй алыптарының қатарында мүсіні де тұр. 2002 жылы күйшінің ғасырлық мерейтойы құрметіне Жаңақалада республикалық күйшілер байқауы ұйымдастырылды. Сол жиынға арнайы келген әйгілі Әбіш Кекілбай:
– Қазақстанда қала көп, жаңасы бар, ескісі бар, бірақ Жаңақаладай жер жоқ. Өйткені қақ төрінде қазақтың бес ұлы композиторы тұрған бірде-бір қала Аустрияда да, Германияда да, Польшада да жоқ. Мен біраз елді араладым. Бетховен жалғыз тұр. Гайдн жалғыз тұр. Моцарт жалғыз тұр. Қазақ даласындағы күйдің астанасы – Жаңақала! – деп шабыттана шалқи сөйлеген еді-ау!
...Орал қаласындағы Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейіне кірген адам қазақтың ұлы күйшілерінің саусақ таңбасы қалған домбыралар мүйісін көрер еді. Осы мүйісте Иесін мәңгі жоқтап тұрған мұңды аспаптың бірі – Қали Жантілеуовтікі.
– Әлі есімде, 1977 жылы музейдің тапсырмасымен Алматы қаласына бардым. Сол сапарда Қали ағайдың үйіне барып, осы домбырасын алып едік. Мұны қазақтың дәстүрлі музыкалық аспаптарының майталман шебері Қамар Қасымов жасаған. Үні ғажап! Қалекең ол домбыраны біздің қолымызға біржолата ұстатарда, жан жолдасымен қимай қоштасып, соңғы рет күй тартып беруге ыңғайлана берді. Кішкене сәби немересі жанында балбырап ұйықтап жатқан. Кемпірі: «Ей, баланы оятасың ғой... Қойсаңшы!» деп тоқтау салғысы келіп еді. «Ештеңе етпес» дегендей ым қақты да домбыраның құлағын бұрады. Бұл күйшінің шау тартқан шағы еді. Бірақ домбыра қағысына қарағанда, жасы жетпістен асты дейтін емес. Бір көргенде домбыраға үйлесе қоймайтындай гүрзі қолдары, салалы саусақтары көз алдымда күрт құбылып, жүйтки жөнелді. Құрманғазының «Аман бол, шешем, аман бол», Мәменнің «Қаражан ханым» күйлерін тартты, – деп еске алады бүгінде Орал қаласында тұратын музей саласының ардагері Сара Танабаева.
P.S. Биыл Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданында қазан айында күйші-домбырашы, Қазақстанның халық әртісі Қали Жантілеуовтің есімін ұлықтауға арналған «Дүлдүл домбыра» атты республикалық домбырашылар байқауы өтеді. Халқы Қалиды ұмытпайды.
Батыс Қазақстан облысы