Соломон аралдарының жоғары лауазымды шенеунігі «Бізге Қытай Халық Республикасымен арадағы келісім қауіпсіздігімізді қорғау үшін керек», деп мәлімдеді. Атап айтқанда, екі елдің қол алысқан шешімі Соломон аралдарының ішкі қауіпсіздігі мен климаттың өзгеруімен күресудің мәселелерін қарастырады. Бұл бірқатар елді таңғалдырған жаңалық болды.
Қытай-Соломон аралдарының арасындағы «жасырын» келісім әшкереленгеннен кейін Соломон аралдарының Тұрақты сыртқы істер министрі Коллин Бек британдық The Guardian газетіне алғаш болып сұхбат берді. Ол Қытаймен келісім Тынық мұхитындағы елдің дамуы үшін қажетті мәселелерді шешу мақсатында жасалғанын айтты. Коллин Бек Соломон аралдары бүгінде ішкі қиындықтармен бетпе-бет келіп тұрғанын жеткізді, оның ішінде халық санының өсуі экономикаға әсер етіп отырғанын айтты. «Бізде жұмыссыздық деңгейі өзекті мәселе, елде жастар саны көп, жыл сайын 18 мыңға жуық жас жұмыс іздеп сабылады. Ал олардың барлығын жұмыспен қамтуға мүмкіндік жоқ», деді ол сұхбатында. Сонымен қатар ол өткен жылы Хониар қаласында үш адамның өліміне әкелген жаппай тәртіпсіздік жұмыссыздық пен ел премьер-министрі Манассе Согавердің саясаты мен басшылығына халықтың көңілі толмауының нәтижесінде орын алғанын айтты.
Соломон аралдарының Тұрақты сыртқы істер министрі Коллин Бектің айтуынша, екі елдің келісімі «қоғамдық тәртіпті сақтау» және «адамдардың өмірін қорғау» мақсатында Соломон аралдарына Қытайдан «полиция, қарулы күштер, әскери қызметкерлер және басқа да құқық қорғау органдарын» шақыруға мүмкіндік береді. Ал оппозициялық саясаткерлер Соломон аралдары Қытайдың қарулы полициясы мен әскери қызметкерлерін демократиялық наразылықты басып-жаншып, билікті ұстап тұру үшін пайдалануы мүмкін деп алаңдаушылық білдіріп отыр. Бірақ Коллин Бек мұны болдырмайтынын айтады. Ол халықаралық қауымдастыққа алаңдауға негіз жоқ екенін айтып, Соломон аралдары Қытайдың елде тұрақты әскерлерін кіргізуге рұқсат бермейтінін қайталады. «Бұл келісімнің әскери база құруға еш қатысы жоқ», деді ол. Соломон аралдарының оппозиция жетекшісі Мэтью Уэль бұл екі жақты келісім туралы алғаш рет 2021 жылдың ортасында дереккөзден білгенін айтады. Оның пікірінше, мәмілеге премьер-министр Манассе Согавер сенім артқан өкілдердің шағын тобы қатысып, келіссөз барысы құпия сақталған. Екі жақты мәміле жобасында Қытайға «кемелерге кіруге, материалдық-техникалық базаны толықтыруға және қытайлық әскери кемелердің Соломон аралдарында аялдап, әрі қарай өтуге» мүмкіндік беретін ереже болғаннан кейін халықаралық қауымдастық алаңдаушылық білдірген еді. Оны Коллин Бек «мәселен, табиғи апат бола қалса, оның салдарын іздестіргеннен гөрі қай «өрт сөндіру бөліміне» жүгінетіні маңызды, осыған назар аудару қажет. Біз шындығына келгенде ел бетпе-бет келетін мәселелерді алдын алу шараларын қарастыруымыз керек», деді Коллин Бек.
Соломон аралдары соңғы жылдары теңіз деңгейінің көтерілуіне байланысты бес аралынан айырылды. «Бүгінде біз 2,7-3 градусқа (жаһандық жылыну) жақындап қалдық. Бұл нені білдіреді? Бұл көптеген аралымызды су астында қалдыру, экономикаға, туризмге, балық шаруашылығына әсер ету дегенді білдіреді. Мұндай табиғи өзгерістермен күресу бір ғана аралдың қолынан келмейді. Өзге елдердің көмегі ауадай қажет. Серіктес, тілеулес елдердің көп болғаны жақсы», деді Коллин Бек елдегі экологиялық мәселеге тоқталып.
Коллин Бек сондай-ақ халықаралық қауымдастықтың мәміле құжатына жасаған сараптаманың негізсіз екенін айтты. «Негізі аймақтағы басқа да келісімшарттарға ешкім қарап отырған жоқ. Неге? Бізде Тынық мұхиты туралы айтатын әртүрлі альянстар бар, бірақ бәрі тыныш отыр», деді ол АҚШ, Аустралия, Үндістан және Жапония арасындағы Quad төрттік тобын, сондай-ақ Five Eyes-ты құрайтын Канада, Жаңа Зеландия, Аустралия, АҚШ және Ұлыбритания одағын жіпке тізіп. «Халықаралық қатынастарда шын мәнінде маңызды нәрсе – теңдік пен әділдік. Сондықтан егер ұлттық қауіпсіздік мүдделерін қамтамасыз ету басқалардың игілігі үшін болса, ондай келісім қай елге болмасын керек. Қытаймен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі келісімдеріміздің ұқсас екенін әрқашан қайталап айтамын. Мәселен, бізде тек Қытаймен ғана емес, Аустралиямен де қауіпсіздік туралы екіжақты келісім бар. Сонымен қатар Тынық мұхиты аймағындағы аймақтық (қауіпсіздік) құрылымы да бар», деп қосты ол.
Оппозициялық депутаттар мен БАҚ-тың табанды талаптарына қарамастан, мәміле мәтіні көпшілікке жария етілмеді. Үкімет мәмілені жария ете ме деген сұраққа Коллин Бек: «Бұл шынымен екі үкімет, екі мемлекет арасындағы келісім. Сондықтан бұл іс жария етілсе де қос үкімет арасындағы мәселе болып қала береді», деді. Ол келісімнің теңдікке, егемендікті құрметтеуге және әр елдің ішкі істеріне араласпауға негізделгенін баса айтты. «Қытаймен қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастығымыз Тынық мұхиты аймағындағы Соломон аралдарының ядролық қарусыздануына құрметпен қарайтынын айтқым келеді», деп қорытындылады сұхбатын Соломон аралдарының Тұрақты сыртқы істер министрі.
Аустралия, Жаңа Зеландия және АҚШ бұл келісім Қытайға Аустралияның шығыс жағалауынан 2000 км қашықтықта әскери база құруға мүмкіндік береді деп күдіктеніп, қатты алаңдайтынын мәлімдеді. Өйткені мәтін жобасында Қытайға «кемелерге кіруге, материалдық-техникалық базаны толықтыруға және қытайлық әскери кемелердің Соломон аралдарында аялдап, әрі қарай өтуге» рұқсат берілген.
«Бұл келісім Аустралия үшін ең үлкен мәселе», деп пікір білдірді Аустралияның Соломон аралдары бойынша бұрынғы жоғарғы комиссары Джеймс Батли. Ал Қытайдың жоғары лауазымды шенеунігі The Guardian басылымына: «Біз Соломон аралдарында әскери-теңіз базасын салуға мүдделі емеспіз» деді. Аустралияның бұрынғы премьер-министрі Скотт Моррисон да сенімді болып, «Соломон аралдарында ешбір әскери базаларды қабылдамайтынын» анық айтқан еді. Алайда оның орынбасары келісім Соломон аралдарының «кішкентай Кубаға» айналуы мүмкін екенін ескертті. Барнаби Джойс: «Егер Қытай табысқа жетсе, онда әскери база құра алады» деп мәлімдеген болатын.
Соломон аралдарының тұрғындары да елінде әскери-теңіз базасының бой көтеруін құптамайды. «Халық егемендікке нұқсан келеді деп қорқады. Оның үстіне бүгінде тұрғындар әлеуметтік наразылық, билікке деген сенімсіздік, саясаткерлердің цинизмі және т.б. мәселелерге «ашулы», деді Джеймс Батли. Сонымен қатар ол Соломон аралдары әлдеқайда маңызды геостратегиялық бәсекелестікке тап болуы мүмкін екенін айтады. Ал Соломон аралдарының белсендісі Джорджина Лепингтің айтуынша, елдегі жастар бұл келісім үкіметке наразылықтарды басу сияқты саяси мақсаттар үшін Қытай әскерін шақыруға мүмкіндік береді деген ойда екенін айтады. Қазірде «Қытаймен қауіпсіздік туралы келісім барлық әлеуметтік желілерде, әсіресе Facebook-те жиі қозғалатын тақырыпқа айналғандықтан, мен 16 жастан асқан көптеген жастың «Бұл үкіметтің өз армиясы» деген статустар мен пікірлер жариялағанын көрдім», деді Джорджина Лепинг.
Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ван Вэнбиннің айтуынша, келісім «теңдік пен өзара тиімділік» принципіне негізделген. Қытай мен Соломон аралдарының қауіпсіздік ынтымақтастығының мақсаты Соломон аралдары мен Оңтүстік Тынық мұхиты аймағының ортақ мүддесіне сай келетін Соломон аралдарында әлеуметтік тұрақтылық пен ұзақ мерзімді тұрақтылыққа қол жеткізу болып табылады» деді ол. Бірақ бұл келісім елдегі ішкі тәртіпсіздіктерді тудыруы мүмкін деген алаңдаушылық да бар, өйткені Соломон аралдары оппозициясының жетекшісі Мэттью Уэль, бұл келісім Тайваньнан Қытайға дипломатиялық көшуді қолдамайтын халық саны көп провинциясы «Малайтаға бағытталған» деп санайды. «Қазіргі Малайтадағы жағдайды ескере отырып, мен ондағы халықтың бұл келісімді өздеріне бағытталған «қару» деп қабылдайды деп қатты алаңдап отырмын. Демек, бұл елдің бірлігіне және ішкі тұрақтылығына қауіп келтірері сөзсіз», деді Мэттью Уэль.