• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 19 Маусым, 2022

Дәрігерлерге сұраныс екі есе өсті

971 рет
көрсетілді

Былтыр Мемлекет басшысы Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңесте маман тапшылығы мәселесіне тоқталып, «Білікті мамандардың тапшылығы да жағдайды ушықтырып отыр. Облыста 207 дәрігер жетіспейді. Соның ішінде, ауылдық жерлерге 52 дәрігер қажет», деген еді. Бұл бір ғана өңірдегі жағдай. Ал ел аумағындағы жалпы көрсеткішті біреу білсе, біреу біле бермейді.

Тапшылық жай ғана бар емес, кейінгі кезде екі есе артып отыр. Мәселен, күні кеше Республикалық бюджеттің ат­қа­рылуын бақылау жөніндегі есеп коми­теті кейінгі 5 жылда еліміздегі медицина кадрларының жалпы тапшы­лығы екі есе өсіп, 23,1 мың бірлікке жеткенін анықтады. Бұл ретте, маман тапшылығын азайту мақсатында дәрігерлер бір емес, бірнеше лауазымды қоса атқарып келеді. Соның салдарынан денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің жүктемесі артады. Бұған қоса, көрсетілетін медициналық көмектің сапасына да теріс әсерін тигізеді. Жүктеменің артқаны ақ халаттыларды жұмысты жүрдім-бардым істеуге итермеледі ме, жоқ әлде өзге де себептері болды ма, әйтеуір 2020-2021 жылдары медицина қызметкерлері мен денсаулық сақтау ұйымдарының үстінен түскен шағымдар екі есе өсті.

Бұл аз десеңіз, Есеп комитеті жүр­гізген мемлекеттік аудиттің нәтижесінде аталған салада барлығы 5 825,6 млн теңге сомасында қаржылық бұзу­шылықтарды (оның ішінде бухгалтерлік есепті жүргізу және қаржылық есептілікті жасау кезіндегі бұзушылықтар – 5 058,0 млн теңге), 7 541,8 млн теңге сомасында бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау мен тиімсіз пайдалануды, 61,2 млн теңгеге ықтимал шығындар мен жіберіп алған пайданы, сондай-ақ 151 рәсімдік бұзушылықты анықтады. Әрине, Есеп комитеті анықтаған олқылықтар мен кемшіліктер бұл салада атқарылып жатқан қыруар жұмыс пен есіл еңбекті түп-тұқиянымен жоққа шығарады деген сөз емес. Тек, медицина саласында да маңызды проблемалар барының қаперден шығармаған жөн. Ата Заңның алғашқы бабында мемлекетіміздің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі екені анық жазылып тұр. Кемшіліктерді келешектің еншісіне қалдырып, шешімін бүгіннен іздемесек, ақыр-соңында сан соғып қалуымыз бек мүмкін. Бұған жауапты органдар бұдан былай мәселені майшаммен қарайды деген үміттеміз.