Жас кәсіпкер Серғали Баубеков жайлы осыған дейін де жиі еститінбіз. Ол жетекшілік ететін «Баубеков Серғали» ЖШС-і Алматыдағы мемлекеттік рәміздер – Ту мен Елтаңбаны дайындайтын үш компанияның бірі. Мәселені С.Баубековтің сөзімен нақтыласақ, Алматыда бірнеше мемлекеттік ұйымдарда олар дайындаған Елтаңба мен Ту Қазақстанның әр аймағында, Алматыда жүздеген мемлекеттік мекемелерде қолданылады.
Оның ішінде ірі мемлекеттік стратегиялық ғимараттар да жетерлік. Осыған дейін ресми жиындарда кездесіп жүрген кәсіпкермен бұл жолғы әңгіме басқаша сипатта болды. 2015 жылдан бері мемлекеттік порталға тіркеліп, мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмысын дөңгелетіп келген, бар болғаны 4 жұмысшысы, 4 тігін машинасы бар шағын компания қаңтар айынан бері тапсырысқа қолы жетпей, қайраңда қаңтарылып қалғандай күй кешіп келеді.
С.Баубеков айтып өткендей, жұмыстың тоқтап қалуына биылғы наурызда «Атамекен» ҰКП тарапынан индустриялық сертификаттың пайда болуы әсер еткен сияқты. Бұл құжаттың талабы да тым салмақты. Алғашқы талап – мемлекеттік рәміздерді дайындайтын мекеменің қызмет өтілі үш жылдан кем болмауы керек. Ішкі нарықта жеті жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан компания бұл талапқа сай. Ал екіншісі, «ғимараттың аумағы 150 шаршы метрден кем емес, 20 тігіншісі және 20 тігін машинасы болуы қажет» деген шарт. Дәл осы шарт қол астында 4 тігін машинасы, 4 тігіншісі бар «Баубеков Серғали» ЖШС-не сертификатқа қол жеткізетін мүмкіндікті шектеп, мемлекеттік порталдың тізіміне ілінбей қалуына себеп болды.
«7 жыл бойы 4 тігінші және 150 шаршы метрден аз аумақта жұмыс істеп келдік. Біз дайындаған өнімдерге ешқандай сын айтылған жоқ. Әрбір жарты жыл сайын Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті барлық талаптарға сай жұмыс істеп жатқанымызды куәландырып келген.
«Мемлекеттік Елтаңба біз жұмыс істей бастаған жеті жылдың ішінде көрер көзге қатты байқала қоймаса да 3 рет өзгерді. Кейбір иірімдері әрленді. Үшіншісінде Елтаңбадағы жазу латын қарпіне өзгертілді. Ал Туда өзгеріс болған жоқ. Біз талаптардың бәріне бейімделдік», дейді кәсіпкер.
Одан кейін ол мәселенің анық-қанығын білмек болып, Нұр-Сұлтан қаласындағы «Атамекен» ҰКП-ға хат жазылды, онлайн жүйесінде де, zoom желісінде де бейнебайланысқа шықты. Бірақ нәтижесіз болды.
Кәсіпкер С.Баубеков айтып өткендей, нақ осы тұста кәсіпкерлерге қойылған талап, тіпті Қазақстанның мүмкіндігінен жоғары. Мысалы СТ-kz бірінші индустриялық талабы бойынша өнім құрамында қазақстандық үлестің көбірек болуына басымдық беріледі. Ал Ту немесе Елтаңба құрамында пайдаланылатын өнімнің құрамында елімізде шығарылатындары аз. Көпшілігі – импорт. Осы тұста сарапшы мемлекеттік тапсырыс порталынан өткен бәсекелес-әріптестері туралы тілге тиек етті. Мысалы, Жезқазған қаласындағы мемлекеттік рәміздер дайындауға сертификат алған компанияларда Ту мен Елтаңба ғана емес, киім тігіледі. Ал Алматыда жолы болған бір компания жұмысын 2019 жылы бастаған.
«Қазақстанда мемлекеттік рәміздерді шығаратын жүздеген компанияның қайсысының порталдан өткенін білмеймін. Бірақ сертификаттың талабынан кейін олардың қатарының азайып қалатынына күмәнданбаймын. Сертификатты қатаңдату талабы нарықтан біз тәрізді аз құрамда жұмысын жалғастырып келе жатқан ұсақ компанияларды ығыстырып, монополияға жол аша ма деп қорқамын. Себебі жеті жылдан бері біздің жұмысымызға сын айтылған жоқ. Бар мініміз – аз құрамда болса да сапалы өнім шығарып келгеніміз. Үлкейіп, өсіп, мамандарымызды да, тігін машинасын да, шаршы аумағымызды да көбейту жоспарда бар. Бірақ соңғы сәтте жұмыс сапасы емес, шаршы метрдің, жұмысшылардың аздығы жолды кесіп тұр. Мәселе жақында оң шешімін таппаса, алдағы бірер айда өзімізді банкрот деп жариялауға тура келеді», дейді кәсіпкер.
Содан кейін кәсіпкер айтқан екінші мәселе – индустриялық талап жыл сайын қатаңдана беретіндігі. Басқаша айтқанда шығарылатын өнім құрамында қазақстандық өнімге басымдық берілмек. Мысалы, биыл өнім құрамының 40 пайызы біздің өнім болса, келер жылы бұл көрсеткіш 60 пайыз болуы мүмкін.
«Бірер жылда мемлекеттік рәміздерді дайындауда технологиялық тізбек жүйесі ұйымдастырылса, құба-құп. Бірақ бізде мұндай үрдіс тәжірибеде болмаған. Мысалы, Тудың да, Елтаңбаның да құрамында импорт көп. Өзіміздің өнім мол болуы үшін отандық өнеркәсіп дамуы керек. Бізде бұл мәселе кенжелеп дамып келе жатыр. Алдағы уақытта бұл мәселе шешімін таппаса, күндердің күнінде Туымыз бен Елтаңбамызды дайындауға көрші елдерге, мысалы ҚХР-ға тапсырыс беруіміз әбден мүмкін. Бұл жағдай біздің елдігімізге сын. Ішкі нарықта мемлекеттік рәміздерді шығаруға маманданған шағын компаниялардың өсуіне, көбеюіне мемлекет мүдделі болуға тиіс», деп сөзін түйіндеді С.Баубеков.
Осы ретте Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетовке хабарласып, оның бұл мәселеден мүлдем хабарсыз екенін білдік. Ал С.Баубеков болса, Алматыдағы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасарлары бұл жағдайдан хабардар екенін, олар жыр болған сертификат талабын жеңілдету өздерінің құзыретіне жатпайтынын, жоғары жақта шешілетінін айтқанын жеткізді.
АЛМАТЫ