• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Әлем 19 Маусым, 2022

Зардап шеккен балалар...

778 рет
көрсетілді

Украина президенті Володимир Зеленский өткен демалыс күндері оңтүстіктегі Николаев қаласына барды. Сапар барысында ел басшысы шаһар әкімшілігінің ғимаратын көріп қайтқан. Сондай-ақ жергілікті ауруханаға да ат басын бұрған көрінеді.

Өздеріңізге мәлім, Николаев қаласы Украинаның оңтүстігінде орналасқан. Оған таяу маңдағы Херсон қаласын Ресей әскерлері басып алған болатын. Ал әкімшілік ғимаратқа зымыраннан жасалған шабуыл салдарынан залал келген еді.

«Біздің Николаев облысы. Өңірдегі маңызды мәселе­лер бойынша кеңес өтті. Біз экономиканың жай-күйін, сумен қамтамасыз етуді қалпына келтіруді, ауыл шаруа­шылығындағы жағдайды талқыладық. Құрлықтан және теңізден келетін қауіптерге ерекше назар аудардық. Украинаның жеңісі үшін жұмысты тоқтатпаймыз», делін­ген Зеленскийдің Telegram арнасында.

Сондай-ақ Володимир Зеленский күтпеген жерден Одесса облысына да барды. Бұған дейін бұл сапар туралы ештеңе айтылмаған еді. Сондықтан көпшілік үшін Зеленскийдің бұл әрекеті тосын болды. Украина президенті баспасөз қызметінің хабарлауынша, ол Ішкі істер министрлігі бөлімшелерінің бекінісін, қару-жарағын және атыс тирін аралап, шекарашыларға марапаттар тапсырған.

Айта кетерлігі, әскери қақтығыс басталғалы В.Зелен­ский ел аумағын жиі аралап жүр. Киев маңы­нан Ресей әскері кеткеннен кейін бірнеше рет сапар­ға шықты. Әуелі Харьковқа барды. Содан кейін Запо­рожье облысына ат басын бұрды. Тіпті Донбасқа да барып, алғы шептің жай-күйімен танысып қайтты.

Литва билігі Ресейдің Калининград облысынан негізгі аумаққа өтетін жүк пойыздарының өтуіне тыйым сал­ды. Бұл туралы алғаш болып облыстың губернаторы хабарлаған-ды. Литваның мұндай қадамға баруына Еуропалық одақтың салған санкциясы әсер етіп отыр.

Тыйым салынған тауарлар жалпы жүк ағынының жартысына жуығын құрайды. Соның ішінде көмір, металл және құрылыс материалдары бар. Өткен аптада Литваның бір топ депутаты Украинаның қоймаларынан тоналған астық ел аумағы арқылы да тасымалдануы мүмкін екеніне алаңдаушылық білдірген еді.

Украинадағы әскери қақтығыс басталғалы бері жеті жарым миллионнан астам адам елден кеткен. Бұл Біріккен Ұлттар Ұйымының Босқындар ісі жө­ніндегі Жоғарғы Комиссары басқармасы мәлімдеді. БҰҰ келтірген деректерге сүйенсек, 24 ақпанда Ресей басып кіргелі елден кеткен 7,5 миллионнан астам украиналықтың 2,5 миллионы ғана оралған.

Ал Украинаның өзінде 7,1 миллион адам ел ішін­де босқынға айналып, баспанасын тастап кет­кен. Сондай-ақ 15,7 миллион адам шұғыл гумани­тарлық көмекке зәру. БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы Комиссары Еуропада 5,1 миллионнан астам украиндық босқын бар екенін алға тартады. Ұйым қазіргі босқындар дағдарысын Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең үлкен дағдарыс деп бағалап отыр.

Бұдан бөлек 323 бала қаза тауып, 583-тен астамы жарақат алған. Мұндай деректі Украина Бас прокуратурасы келтірді. Бірақ соғыс әлі аяқталмағанын, Украинаның біраз аумағын Ресей басып алғанын ескерсек, зардап шеккен балалар саны бұдан да көп болуы ықтимал. Өйткені ол өңірде санақ жүргізу мүмкін емес.

Балалардың көпшілігі Донецк, Харьков, Киев, Чер­нигов, Луганск, Херсон, Николаев, Запорожье және Сумы облыстарында зардап шеккен. 2028-ден астам оқу орнына бомбалау мен атқылаудан түрлі дең­гейде залал келген. Соның 209-ы толығымен қираған. БҰҰ мәліметі бойынша, Ресей агрессиясы салдарынан 4 509 бейбіт тұрғын, оның ішінде 294 бала қаза тапты. БҰҰ сондай-ақ қаза тапқандар мен жараланғандар әлдеқайда көп екенін алға тартады. Ұйым тек тіркелген, құжаты бар ресми мәліметті ғана таратады.