Елордада Балалар жылына орай өткізілген FAMILY STEAM CHALLENGE-2022 отбасылық сайысының финалдық кезеңі қорытындыланды. Байқауды «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен STEAM LAB компаниясымен бірлесіп ұйымдастырды.
Финалға дейін іріктеу кезеңі өткен, мамыр айының 10-ы мен 30-ы аралығында онлайн режімдегі іріктеу сынына республика бойынша 444 отбасы тіркелді. Алғашқы кезеңде қатысушылар сайыстың шартына сәйкес қолжетімді материалдардан STEAM LAB компаниясы көрсеткен жобаны (гидравликалық кран) әзірлеу барысын бейнероликке түсіріп, инстаграм парақшаларына жүктеді. Арнайы комиссия әр бейнероликті қарап, жұмыстың сапасына, уақытына, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасқа қарай бағалады. Нәтижесінде, әр өңірден үздік деп танылған 16 жоба екінші финалға жолдама алды. Бірінші кезең жеңімпаздарына «Сенімен болашақ» РҚБ 100 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлықтар табыстады.
Жарысқа қатысушылар финалда 150 дана ағаш тяқшаларды ыстық желіммен біріктіре отырып, 90 минут ішінде мықты көпір құрастырып шығудан бақ сынасты. Мұнда отбасы мүшелерінің ұйымшылдығы, бір-бірін қолдауы үлкен рөл ойнады. Байқауды ұйымдастырған бірлестіктің төрағасы Рақымбек Қуатбекұлы аталған іс-шара балалардың каникулдағы бос уақытын пайдалы әрі қызықты өткізу мақсатында ұйымдастырылғанын айтады.
«Бұл байқау осынау атаулы жылда балаларды қолдау, еңбекке баулу, оларға ұлттық құндылықтарды насихаттау, жас ұрпақтың техникалық ғылымдарға деген сүйіспеншілігін, өмірге құлшынысын арттыру мақсатында ұйымдастырылды. Сайыс арқылы оқушылардың каникулдағы уақытын пайдалы әрі қызықты өткізуге, отбасы мүшелерінің арасындағы жақсы қарым-қатынасты нығайтуға атсалысуды көздедік. STEAM технологиясы елімізге бірнеше жыл бұрын келсе де, осы туралы ата-аналар көп біле бермейді. Соның пайдасын, қолжетімді нәрселерден, тіпті тұрмыстағы қажетсіз заттардан да танымдық, қажетті дүние жасауға болатынын көрсеткіміз келді», дейді Р.Қуатбекұлы.
Отбасылық сайыс қорытындысы бойынша Атырау облысынан келген Меруерт Оташева мен қызы Әдемі Жұмабай бірінші орынға және 500 мың теңге сыйақыға ие болды. Ал Нұр-Сұлтан қаласынан қатысқан Салтанат Умашева мен баласы Ислам Керемханға екінші орын мен 300 мың теңге бұйырса, Шымкент қаласынан келген Серік Айтуаров пен қызы Кәусар Әліпбек 200 мың теңге ақшалай сыйлықпен 3 орынға тұрақтады.
Бірінші орын иеленген атыраулық Меруерт Оташева: «Қазір техника мен технология санамызды тұрмысымызды жаулап алған заман болып тұр. Телефонға телмірген бала ата-анасынан ажырап кетеді. Ал осындай сайыс ата-ана мен баланың арасын жақындата түседі екен. Соған көзіміз жетті. Сондықтан мұндай байқаулар көп болғанын қалаймын», дейді.