• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Бокс 22 Маусым, 2022

Бұқтырманың жағасында жас жеткіншектер жарысы өтті

662 рет
көрсетілді

Жуықта былғары қолғап киген жас спортшылар Алтай ауданында өткен жекпе-жекте жұдырықтасты. Балалар жылына орай өткен облыстық турнирге аудандар мен қалалардан жүзден астам спортшы келді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бұрынғыдай емес, қазір балалар үшін үйірменің, спорттық секциялардың сандаған түрі бар. Баланың икеміне қарай итермелеп, бағыт-бағдарын беріп отырсаңыз болғаны.

Айта кетсек, облыста өтіп жатқан бұл жолғы жарыстың бір ерекшелігі, жекпе-жек тұңғыш рет табиғат аясында, Бұқтырманың жағасында өтті. Жаттықтырушылардың айтуынша, жарыс көпшіліктің көңілінен шықты. Балалар да үлкен дайындықпен келген.  

– Жекпе-жек Бұқтырма жағасында, «Саяхат» демалыс базасында ұйымдастырылды. Балалар жұдырықтасып қана қайтқан жоқ, су жағасында демалып, сергіп қалды. Ата-аналар да риза. Сайысты ұйымдастыруда қолдау көрсеткен аудан басшылығына, кәсіпкерлерге алғыс айтамын, – деді жарысты ұйымдастырушы әрі Алтайдың «Арлан» жекпе-жек командасының жаттықтырушысы Дәурен Шоматов.

Шаршы алаңға шыққан балалардың басым бөлігі жарыс мәдениетін, жарыс тәртібін қатаң сақтады. Жеңіске жеткендері қарсыластарына сыйластықтарын білдіріп, құшақтарына қысып жатты. Жекпе-жекте Риддерден, Семейден, Үржардан, Көкпектіден, Самардан, Өскеменнен және Алтайдан келген спортшылар өнер көрсетті. Ең бастысы, ешкім жарақат алған жоқ.

– Жекпе-жек жаныма жақын спорт. Төбелесу үшін емес, төбелеспеу үшін жаттығамын. Өйткені жаттықтырушым Жасұлан Бекболатұлы күштеріңді жарыста ғана көрсетіңдер деп үнемі айтады. Бүгінгі жарыста жеңіске жеттім, – дейді өскемендік «Намыс» командасының жас спортшысы Әлихан Болат.

Әлихан Болат 4-сыныпта оқығанымен, соққысы жойқын. Осы уақытқа дейінгі қатысқан жарыстарында қарсылас шақ келтірмеген. Алдағы уақытта өтетін халықаралық жарысқа дайындалып жүр. Иә, жекпе-жек еркелікті, еріншектікті көтермейтін спорт. Сондықтан да спортшылар жас та болса, үнемі дайындықта жүрулері тиіс. Еңбектенсе ғана жетістікке жетеді. Бүгінгі жеңіске жеткен спортшылар табанды жаттығудың, бойдағы рухтың арқасында жеңіс тұғырынан көрінді.