• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 22 Маусым, 2022

Тыныштық пен тұрақтылықты сақтау – киелі парыз

435 рет
көрсетілді

Елу жылда ел толықтай жаңарса, отыз жылда ордалы, бағаналы елге айналады. Сондықтан 30 жыл тарихи өлшеммен алсақ та, басқалай есепке салсақ та, тіпті аз уақыт емес. Осы жылдар ішінде ішкі істер саласы қандай «тар жол, тайғақ кешуді» басынан өткермеді. Қаншама өзгерісті, қаншама реформаны қабылдамады. Басын тауға да, тасқа да соқты, әйтсе де алға қарай тынымсыз ұмтылыс тоқтаған жоқ. Бүгінгі қол жеткізген жетістік – сол кешегі ұмтылыстың, алдыңғы аға буынның маңдай терінің жемісі.

Сонау 90-жылдардың басында алып кеңестік империяның ір­гесі сөгіліп, еркіндікке, тәуелсіздікке қол жеткізгенімізде, әлі оңы-солын танып үлгермеген жас мем­­­лекеттің ішінде қылмыс дең­гейі де күрт өсіп, екі жүз мың­дық межеден асып кеткен еді. Айту­ға оңай болғанымен, сол уа­қыт­та осыншалық бетімен кет­кен тәртіпсіздікті тежеу оңай­ға түспеді. Сол кезде тәртіп сақшы­лары­ның иығына үлкен жүк түс­кені белгілі. Ел ішін ұры-қары жай­лап, нарықты «рэкеттердің» реттеп тұрған кезі. Қару да, күш те, уыс-уыс ақша да, билік те солар­дың қолында еді. Осындай кри­ми­налдық күшке қарсы мардымсыз жалақы алатын, кейде атты, кейде жаяу қалатын тәртіп сақшылары қарсы тұрды. Олардың қолында қуатты күш, бет қаратпайтын билік болмағанымен, бойларында Ар, Намыс, Рух сынды ата­ның қаны­мен дарыған асыл қасиет­тер бар еді. Сондықтан олар ел ты­ныш­тығын сақтауды ең ұлы парыз санады. Жылағанды жұ­бат­ты, құлағанды тұрғызды, сү­рін­генді сүйеді, қорғансызды же­бе­ді. Бұл нағыз ауыр еңбек, табан­ды төзім, қажымайтын қа­жыр-қайрат! Осындай ірі де, кесек­ті қасиеттер алағай да бұла­ғай заманда қылмыспен, тәр­тіпсіздікпен алдыңғы шепте жүріп күрескен аға буынның бойы­нан табылды.

Қайтсем елімнің тыныштығын сақтаймын, берекесін арттыру­ға үлес қосамын деген ізгі ниет, туған жерге, халқына деген сүйіспеншілік оларға жалақысы аз, бейнеті ауыр әрі аса қауіпті қыз­метті мойымай атқаруға күш берді. Әсілі,  ізгі ниетпен атқарылған істің ғана берекесі артса керек.

Біздің аға буынның, бүгін­гі ардагерлердің осындай жан­кеш­ті еңбегі, тәртіп пен ты­ныш­­тықты сақтау жолында өт­кіз­ген ұйқысыз түндері, күлкі­сіз күндері еш кеткен жоқ. Елдің тұрақтылығы сақталды, тұр­мысы түзелді. Тыныштық пен тұрақтылық салтанат құрған жер­ге ырыс-береке, құт даритыны жара­т­ылыстың заңдылығы ғой. Осы тұрғыдан алғанда сол кездегі тәртіп сақшыларының елдің әл-ауқаты көтерілуіне, халықтың тұр­мыс-жағдайы жақсарып, эконо­микамыздың өрге басуына тигіз­ген септігі ұшан-теңіз.

Елімізде тұрақтылық пен ты­ныш­тық салтанат құрған соң, сырттан келер шетелдік инвес­ти­цияның да көлемі артты. Бірлес­кен кәсіпорындар құрылды. Ха­лықтың басым бөлігі жұмыспен қамтылды. Ал егер елде ұры-қары мен қарақшылық, тонау мен талау көп болса, ондай жерге шетелдік алпауыттар аяқ баспас еді, инвес­тиция да ағылмас еді. Оны айтасыз, ел ішінде кәсіпкерлік пен бизнеске жүрегі дауалап бет бұра қоятындарды кездестіреміз бе, кездестірмейміз бе? Шындығына келсек, елдің экономикасы мен әл-ауқатын көтерген түрлі кәсіппен айналысқандар, бизнесті жолға қойғандар.

Елдің кәсіпкерлікке еш алаңсыз қорықпай кірісуіне жағдай жасап, мүлкінің қорғалуына мүдделі болғандар – тәртіп сақшылары. Осы жолда талай жалындаған жас қызметкерлеріміз қыршын кетті. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап бүгінге дейін қызметтік міндетін атқару кезінде 815 по­л­и­ция қызметкері қаза тапса, 4593-і түрлі жарақат алды. Бей­біт күнде туған халқының ты­ныш­тығы үшін басын қатерге тігіп, мерт болғандар ішінде батыр болып елге танылғандары қан­шама?! 2011 жылы Тараз қала­сында болған лаңкестік кезінде қо­лында жарылғыш заты бар тер­рористі кеудесімен жауып, тұр­ғындардың өмірін аман сақтап қалған полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың ерлігі мемлекеттік деңгейде жоғары бағаланып, оған қаза тапқаннан кейін «Халық Қаһарманы» атағы берілген еді. Ал 2016 Қарағандыдағы оқу-жаттығу алаңында жас сарбазды денесімен жауып, граната жарқыншақтарын өз денесіне қабылдаған Ұлттық ұлан полковнигі Қайрат Үмбетов те осындай жоғары мемлекеттік наградаға ие болды. Біздің даңқты батырымыз таяуда ғана Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары қызметіне тағайындалды.

Ішкі істер саласында Тәуелсіз­дік­тің алғашқы жылдарында ерек­ше қажыр-қайратпен қыз­мет атқарып, елдегі тәртіптің нығаюы­на өлшеусіз үлес қосқан ардагер­леріміздің еңбегін біз бүкіл санамызбен, жүрегімізбен сезінеміз. Дана халқымыз «Өткенсіз бүгін, бүгінсіз болашақ жоқ» деген. Арлы да намысты, жүректі де білекті ер­леріміз асқан табандылықпен, жанкештілікпен еліне қызмет етті. Біз аға буынның осындай өр рухы алдында әрдайым басымызды иеміз. Бүгінгі біз көтерілген биік, шыққан белес сол ағаларымыздың қара тері, қызыл қанымен келген жетістік.

Тыңнан түрен салған сол аға буын әлі де сапта. Бүгінде «Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлерінің қазақстандық ұйымы» қоғамдық бірлестігі құрамында 70 мыңнан астам зейнеткер мен ІІМ жүйесінің ардагері бар. Соның ішінде 11-і Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, 84-і сол соғысқа қаты­су­­шыларға теңестірілген, 82-сі со­ғыс ардагерлерінің жесірі, 491-і тыл еңбеккері, 337-сі ауған со­ғысының ардагері. Осы арда­гер­леріміз Отанын шексіз сүйе­тін ұрпақ тәрбиелеу ісіне, ізба­са­р­ларды шыңдайтын мектеп қалып­т­астыру жұмысына белсенді қ­а­тысады. Тәлімі мен тәжірибесі мол ардагерлеріміздің арқасында кешегі өткеніміз бен бүгініміз берік жалғасып жатыр. Ұрпақтар сабақтастығын сақтамайынша, бұрынғы бабалар рухын, олардың намысы мен жігерін бүгінге жеткізу қиын. Тұма бастауынан тамыр тартпаған ұлттық рухсыз алға басу, елдің еңсесін тік ұстау мүмкін емес. Сол себептен де Ұлттық рух – ұлы құндылық саналады. Осындай баға жетпес құндылықты шыңдап, жанып отырмаса, оның да тот басатын, жүзі қайырылатын кезі болады ғой. Әрқашан арға жүгінген, на­мыс­қа тігілген, от пен суда шың­далған аға ұрпақ бүгінгі жас по­ли­ция қызметкерлерінің ру­хын шыңдау, патриоттық, отан­шылдық сезімдерін нығайтып, ортақ мақсатқа жұмылдыру ісіне әлі де өлшеусіз еңбек сіңіріп келе жатқаны бізді қуантады.

Еліміздегі ішкі істер сала­сы­ның қалыптасуы кезеңіне шолу жасағанда әр жылдары ішкі істер министрі болған Болат Бае­кенов, Қайырбек Сүлейменов, Болат Ысқақов, Бауыржан Мұ­ха­меджанов сынды қоғам қайрат­кер­лерінің қызметіне тоқталмай өте алмаймыз. Олар ішкі істер органдары туралы алғашқы заңнамалық актілерден бастап, халықаралық құқықтық базаны нығайту, са­ланы құрылымдық жағынан жетілдіру сияқты аса күрделі де ауқымды іс-шаралардың бел ортасында жүрді. ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің, бірқатар Еуропа елінің полиция қызметтерімен белсенді байланыс орнатып, озық тәжі­рибелер алмасу мүмкіндігін арт­тырды. Сондай-ақ әлемде озық сана­латын Қытай, АҚШ, Түркия, Гер­мания, Франция сияқты елдер­дің құқық қорғау органдарымен кәсіби байланысты жаңа жол­ға қойды. Соның нәтижесінде, БҰҰ, ЕҚЫҰ, ҰҚШҰ, ШЫҰ, ТМД, Еуро­палық одақ сынды ха­лық­ара­лық құрылымдар шеңберінде ынты­мақтастық айтарлықтай дамыды.

Әлемдік деңгейдегі осындай батыл байланыстардың нәтиже­сінде, біздің елімізде де бірқатар ауқымды реформа қолға алынды. Кезінде қабылданған «Ұсақ бұзақылыққа нөлдік төзімділік» қағидасы ұсақ бұзақылық пен мәдениетсіздікке немқұрайды қарамауға үйреткен еді. Соның нәтижесінде, қоғамның құқықтық сауаты, мәдениеті көтерілді. Сон­дай-ақ ішкі істер органдарында екі қайтара жүргізілген ауқым­ды аттес­таттау да өз жемісін берді. Мұндай іс-шаралардың бәрі саланың дамуына, әлемдік стан­­­дарттарға теңесуіне айтар­лықтай септігін тигізді. Әсіресе «ІІО жаңғыртудың 2019-2021 жылдарға арналған Жол картасын» жүзеге асыру аясында штаттық оңтайландыру жүр­гізіліп, полицейлердің 100 мың тұр­ғынға шаққандағы саны 471-ден 372-ге азайған болатын. Бұл орташа еуропалық көрсеткішпен тең. Мәселен, қазіргі уақытта бұл көрсеткіш Бельгияда – 412, Чехияда – 383, Францияда – 340. Оған қоса 106 басшылық буын және 1,5 мың басшылық лауазым қысқарды. Жол картасы негізінде, сонымен бірге ведомстволық білім беруді оңтайландыру, полицияны өзіне тән емес қызметтерден босату, тұрғындармен жұмыс істеудің жаңа үлгісін қалыптастыру, қыл­мыс­тық-атқару жүйесін жаң­ғыр­ту, полиция қызметін баға­лаудың жаңа тәсілдерін енгізу сияқты басым бағыттар бойынша нақты жұмыстар атқарылды.

Әрине, саладағы жаңа өзге­рістер, жаңа бастамалар осымен бітпейді. Қазіргі уақытта полицияны сервистік модельге көшіру бағытында кешенді жұмыс жүргізілуде. Бұл өзі сан түрлі бағыттарды қамтитын, бірнеше жыл бойы жүзеге асырылатын жоба. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында құқық қорғау органдары жұмыстарының озық әдіст­ерін пайдалануының маңыздылы­ғын атап өткен еді. Сол Жолдауын­да «Жұртқа жақын полиция» қағидатын енгізуді тап­сырған болатын. Аталған қағи­даны іске асыру аясында оның модульдік бекеттері же­лі­сін дамыту, полицияның жаңа учаскелік пункттерінің ор­на­ласуын оңтайландыру, бей­не­бақылау жүйесін дамыту, сон­дай-ақ «икемді» патрульдеу әді­сін енгізу көзделген. Қазіргі уа­қытта бұл бағытта белсенді жұ­мыс жүргізілуде. Соның ішінде дамыған елдердің тәжірибесі бо­­йынша (Жапония, Корея, Син­гапур) қалалардағы ең кри­миногендік аймақтарға модульдік полиция бекеттері орнатылуда. Бүгінде ел көлемінде осындай жүзге жуық бекет жұмыс істейді.

Қай жерде де, қайда да басты талап – заман ағымына сай болу. Жылдар өткен сайын бұл сөздің салмағы ауырлап келе жатқанын кім-кімде де анық сезінері сөзсіз. Өйткені бүгінгі әлем, бүгінгі заман цифрлы технологияның қарыштап, қарқынды дамыған уақыты. Еліміздегі ішкі істер саласы да бұдан тыс қалып жатқан жоқ. Заман талабына сай бүгінде қыл­мыстық оқиғалар мен түрлі құқық бұзушылықтар жайлы хабар­ламаларды «Police 102» мобиль­ді қосымшасы арқылы қабыл­­даудың жаңа тәртібі енгізіл­ді. Бұл азаматтарға полицияға бей­не-аудиожазба қоңырау болсын, әлеуметтік желілер мен мессенд­жерлермен болсын, кез келген тәсілмен жүгінуге мүмкіндік береді.

Бүгінде жол-патрульдік полиция қызметкерлері де түгел дерлік қызметтік планшеттермен жабдықталды. Көшедегі, жол­дардағы, жалпы, барлық қо­ғам­дық орындардағы құқық бұзу­шылықтар электронды түрде тір­келеді. Ал еліміз бойынша әр­түрлі меншік нысанындағы (қо­ғам­дық орындар, көшелер, алаң­дар, мектептер) 687 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орна­тылса, оның 145 мыңға жуығы аумақ­тық бөлімшелердегі Жедел бас­қару орталықтарына қосылған. Бұл құрылғылар қылмысты, түрлі құқық бұзушылықты ашуға белсенді қолданылуда. Сондай-ақ полиция бөлімшелері мен пенитенциарлық мекемелерін жаппай бейнекамералармен жабдықтау жұмысы да назардан тыс қалып жатқан жоқ. Нәти­же­сінде, барлық бағытта бейне­бақы­лау ауқымы да жыл өткен са­йын кеңейіп келеді. Бұған қоса, көшелерде құқыққа қайшы әрекет­тер немесе төтенше жағдайлар туындаған кезде полицияны шұғыл шақыруға арналған «SOS түймелері» орнатыла бастады. Дәл қазіргі уақытта елімізде осындай жүзден астам құрылғы бар. «SOS түймелері» аппараттық-бағдарламалық кешені адамдар көп жиналатын орындарда, көше­лерде, күзет объектісінің аума­ғында орнатылуда. Бұл түймені ірі сауда нүктелерінде, әлеуметтік-мәдени мақсаттағы объектілерде, яғни мектептерде, ауруханаларда, спорт клубтарында және т.б. жерлерде көруге болады.

Қызметтік жұмысты цифрлан­дырудың маңызды жобаларының бірі – Бас прокуратураның Құ­қық­тық статистика және арнайы есепке алу комитетімен бірлесіп енгізілетін қылмыстық іс жүргізуді электронды форматта жүргізу жобасы. Қазіргі уақытта тергеушілер мен анықтау­шылар­дың барлық жұмыс орны қа­жетті техника, құралдармен жаб­дықталды, тиісті байланыс арналары ұйымдастырылды. Бүгінде қылмыстық істердің көп бөлігі электронды форматта жүргізіледі. Бұл іс-шаралардың барлығы азаматтардың тыныштығы мен заңды мүдделерін қорғауға және полиция жұмысының сапасын арттыруға, оның ішінде қылмыс пен құқық бұзушылықтың санын азайтуға бағытталған.

Бұл бағыттағы қолға алынған жұмыстар қазірдің өзінде нәтижелі болды деп сеніммен айта аламыз. Статистикаға сүйенсек, соңғы жыл­дары елімізде қылмыс деңгейі айтар­лықтай төмендеді. Мұн­дай оң үрдіс биыл да сақта­лып отыр. Қоғамдық тәртіпті нығай­ту, аза­мат­тарымыздың еркін­дігі мен бостан­дығын қорғау бағы­тында ішкі істер саласы алда өз міндеттерін абыроймен атқа­ра береді. Бүгінгі біздің басты мін­детіміз, киелі мақсатымыз – ха­лық­тың сенімінен шығу, ха­лық­тың игілігі үшін қызмет атқа­рып, Жаңа Қазақстанның іргесін қалауға сүбелі үлес қосу.

 

Марат АХМЕТЖАНОВ,

Ішкі істер министрі,

полиция генерал-лейтенанты