Халқымызда «Батырға оқ дарымайды, батылға жау жоламайды» деген тағылымды тәмсіл бар. Сондай батыр да батыл тұлғаның бірі – Бақытжан Ертаев. Ол тәуелсіз еліміздің Қарулы Күштерінің қалыптасуына зор үлес қосты. Ауған соғысындағы жанқиярлық ерлігі де жас ұрпаққа үлгі. Біз бүгін қатардағы жауынгерден генерал-лейтенант шеніне дейінгі өнегелі әскери жолдан өткен айтулы азаматпен кездесіп, әңгіме өрбіттік.
– Бақытжан аға, әңгімемізді бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып отырған ұлттық-патриоттық тәрбиеден бастасақ. Оны жас ұрпақтың бойына қалай дарытып жүрміз?
– Меніңше, патриоттық тәрбие адамға әкенің қанымен, ананың сүтімен дариды. Оған өскен ортаның да ықпалы мол. Қазір патриотизм туралы көп айтамыз. Бірақ соған терең үңілмейміз.Шындап келгенде, отансүйгіштік тәрбиенің мәні де, мазмұны да бөлек. Мен әкесіз өстім. Әкем сегіз айлығымда дүние салды. Оның өмірде жоқтығы жаныма бататын. Кейде көрші ағамыз баласына ұрсып жатқанда, соған көңілім түсетін. Сонда шешем: «Балам, саған айтып жатқан жоқ, ұрысса, өз баласы, неге біртүрлі болып отырсың» дегенде, ол кісіге, «әкем тірі болғанда маған да солай ұрсатын еді. Кейде соны сағынамын» деймін.
Шын мәнінде, менің патриот болып өсуіме ата-анам, бауырларым ғана емес, туған ауылым, онда өзім тәлім алған ата-әжелерімнің тәрбиесінің әсері көбірек тиді. Сондықтан жасы үлкен азаматтар жастармен жиі кездесіп, қазақтың кеңбайтақ жері үшін басын бәйгеге тіккен атақты хандардан бастап, Бөгенбай, Қабанбай, Наурызбай, Райымбек секілді ержүрек бабаларымыздың батырлығын жан-жақты айтуымыз керек. Одан кейін кешегі Екінші дүниежүзілік соғыстағы Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Рақымжан Қошқарбаев, Талғат Бигелдинов, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова секілді аға-апаларымыздың ерлігі де үлгі. Және мұндай әсерлі әңгімені жастарға аузы дуалы ақсақалдар айтуы керек. Олардың сөзі ұғынықты болады. Кезінде осы мәселені көтеріп, Үкіметке ұсыныс хат та жолдадым.
Бір жағынан, мен өз өміріме ризамын. Кеңес Одағының Батыры, барлық қазақ қадір тұтатын Бауыржан Момышұлы туған топырақта кіндік қаным тамды. «Адам туған жеріне тартып туады» дейді. Баукең өмірге келген Жуалының табиғаты өте қатал. Ол жердің апталап соғатын бораны мен сақылдаған сары аязына жергілікті адамдар болмаса, былайғы жұрт төзе бермейді. Жас күнімнен Бауыржан ағама ұқсап, батыр болсам деп армандадым.
– Балалық шағыңыздан әскери маман болуды мақсат тұттыңыз ба?
– Жасымнан еңбекке араластым. Жазғы демалыста колхоз жұмысына араластым. Өзім қатарлы балалармен қырманда көлікке астық тиедік. Сонда бізге еңбекақымызға астық береді. Кейде маған қырман меңгерушісі жетім бала ғой деп, бірнеше қап бидайды артып жібереді. Оны базарға апарып өткізіп, ақшасына мектепке киетін киім-кешек, оқу құралдарын сатып аламын.
Оныншы сыныпта оқып жүргенде қандай жоғары оқу орнына түссем екен деп ойладым. Алматыға барып оқуға жалғыз шешемнің жағдайы көтермейді. Содан Жамбылдағы жоғары оқу орнына барсам деп ойладым. Бірде біздің ауданның әскери комиссары Ботабай Ташбулатов есімді ағамыз жолығып қалды да: «Бақытжан қандай оқуға барам деп жүрсің, военком болғың келмей ме?» деді. Шынында да, әскери училищеге түссем, тамағы мен киімі тегін, үйге де салмақ салмаймын. 1969 жылы Ташкенттің жалпы әскери жоғары командалық училищесіне оқуға түстім. Онда бір жыл оқығаннан кейін Алматыда жаңадан ашылған әскери училищеге ауыстым. Әскери жолым осылай басталды.
– Жалпы, сізді жұртшылық Ауған соғысының батыры ретінде жақсы біледі. Алғашқы шайқасқа түскен күн есіңізде қалды ма?
– Шынымды айтсам, соғыс туралы айтқанды ұнатпаймын. Кейде Ауғанстанда бірге болған жігіттермен кездескенде ғана өткен жылдарды есімізге аламыз. 1980 жылы 4 қаңтарда екінші атқыштар батальонына қарайтын біздің рота шекарадан өткенде Саланг асуында Ауған Демократиялық Республикасы «Отан» армиясының артиллерия полкі дұшмандар жағына өтіп жатыр, соларды мақсатына жеткізбей тез арада жою керек» деген бұйрық түсті. Бұл алғашқы шайқасымыз соғыс көрмеген командирге де, жауынгерлерге де оңай болған жоқ. Ауғанстан өлкесінің жер бедері өте күрделі. Жал-жал жақпар тастармен көмкерілген таулы аймақ. Қай тастың тасасында жау жатқанын білмейсіз. Бір қадам алға жылжу қиын. Соған қарамастан, өзім басқаратын ротаны әскери іс-қимылға келтіріп, дереу шешім қабылдадым. Алдымыздан жау пулеметі тосып алды. Оның үнін өшірмесең бүкіл жеке құрамды баудай түсіреді. Рота мен пулеметшінің арақашықтығын болжап, гранатометшіге бұйрық бердім. Осылай пулеметтің үнін өшірдік. Артынан біздің автоматшылар шайқасқа кірісті. Адам шығыны болған жоқ. Таң атқанша осындай 3-4 атысты басымыздан өткіздік. Сөйтіп, біз сол күні дұшмандар жағына өткелі отырған полкке тосқауыл қойдық.
– Сізді соғыс кезінде мешіт тұрғызды деп айтады, сол рас па?
– КСРО Қарулы Күштері Бас штабының басшысы, Кеңес Одағының маршалы Сергей Ахромеев мені ерекше батальонға командир етіп тағайындағаннан кейін, Асадабатқа келдім. Бұл жерді жергілікті халық Чихо Сарай деп атайды. Біздіңше «Керуен сарай» деген мағынаны білдіреді. Біз осы елді мекенге таңғы төрт шамасында келіп кірдік. Қай көшемен келе жатқанымызды білмейміз. Сондай бір алакеуім шақта батальонның бір танкісі жергілікті мешіттің дуалын бұзып кетті.
Мешіт ішінен адамдар шығып, бізге наразылықтарын білдірді. Содан мен қолымдағы қаруымды тастап, оларға бардым. Мені көріп, олардан үш адам бізге қарай жүрді. Біреуі мешіттің имамы болса, екіншісі Аллах-Қадір, яғни ауыл әкімі екен.
Үшеуі келе сала, маған: «Сендердің біреуің де тірі қалмайсыңдар, – деді алғаш сөз бастаған мешіт имамы. – Өйткені сендер Алланың үйі – мешітті бұздыңдар. Алланың үйін бұзғандарды құдіреті күшті Алла жазасыз қалдырмайды.
Содан мен: – Біз мешітті бұзайық деп бұзған жоқпыз. Қараңғыдан байқамай қалдық. Сондықтан кешірім сұраймыз. Мешітті Алланың үйі екенін білемін. Мен мұсылманмын, – дедім.
– Сен мұсылман екеніңді немен дәлелдейсің? – деп сұрады имам.
– Бисмиллахир-ар Рахман ар-Рахим! Әшәдуән-лә иллаха иллал-ла, әшәдуәнна Мухаммед Расулуаллах!, – дедім. Содан үшеуі менің шын мұсылман екенімді біліп, құшақтасып, қол алыстық. Бұл – ауған халқының дос болуға ниет білдіргенде қолданатын дәстүрі. Біз мешітті жөндеп береміз дедім. Содан кейін имам: «Мешітті жөндеуге дәретін алып, мұсылман балалары келсін», – деді. Сөйтіп, бар мәселе мұсылманшылық жолмен шешілді.
Сонымен ауылдың ақсақалдары жиналып, әңгімелестік. Жергілікті тұрғындармен осылай дін арқылы жақындасып кеттік. Кейін қай жерге мина қойылды, қай жерден қанша дұшпан өткелі жатыр деген ақпараттардан хабардар болып отырдым.
Мешіт салдырғаным туралы кезінде « Комсомольская правда» газеті жазды. Аталған газеттің 1983 жылғы 22 наурызындағы санында «Біздің комбат» атты көлемді очерк жарияланды. Басылым тілшісі Снегирев мен кетіп қалғаннан кейін қызмет еткен жеріме – Кунарға барыпты. Сол жерде тасқа арабша «Бахтияр дара» деп жазып қойыпты. Кунарда мен екі жыл тұрдым. Негізі батальондар ауысып тұруы керек. Бірақ жергілікті жұрт үкіметке «Бақтиярдың батальоны қалсын» деп хат жазған. Сөйтіп, мен сол жерде әскери қызметімді жалғастырдым.
– «Бақтияр» деп неге атаған?
– Ауған жұртының «Бақытжан» дегенге тілі келмеді. Содан олар мені «Бақтияр» деп атады. Шындығын айтқанда, ауған жеріне алғаш кіргенде орыс әскерлері жергілікті тұрғындарға онша жылы рай танытпаған. Ал мен өз батальонымда мұндайға жол бермедім. Сондықтан да жергілікті халық мені «Біздің Бақтияр» немесе «Мұсылман командир» деп іш тартты.
Кейбіреулер осыны басқашаға жорып «Ертаев душманом стал» деп сан-саққа жүгіртті. Бірде осы үшін бригада командирі Смирновпен бәстесіп қалдым. Мен оған: «Сіздер Асадабадтан Жалалабадқа дейін 250 шақырымды бүкіл бригада болып қырғын салып, қырқысып жүріп, әзер жетесіздер. Ал мен болсам, бір өзім-ақ барып қайта аламын. Маған ешкім тимейді. Өйткені мен жергілікті халыққа қиянат жасамайтынымды олар да біледі» деп едім, ол «Ты не шути!» деді. «Онда қара да тұр» дедім де, жүргізушімді алып, «Уаз» көлігімен Асадабадтан Жалалабадқа жолға шықтым. Таулы өлкенің жолы өте қиын. Соған қарамай жүріп отырып, Жалалабадқа 4 шақырым қалғанда біздің көлігімізді дұшмандар ППШ автоматымен ата бастады. Жалалабадқа аман-есен жеткесін Смирновқа: «Жолдас комбриг, 200 шақырым жол жүргенімде маған ешкім тиіскен жоқ, енді сендердің күзет аймақтарыңа келгенде маған дұшмандар оқ жаудыра бастады. Бұл сендердің ауған халқы алдында сенімге ие бола алмағандарыңның белгісі» деп едім, үнсіз қалды.
– Неше жасыңызда батальон командирі болдыңыз?
– 28-29 жасымда болдым. Ол кезде аға лейтенантпын. Бір жолы біздің бөлімге Кеңес Одағының маршалдары Сергей Ахромеев пен Сергей Соколов келді. Жауынгерлермен кездесіп, жұмыстарымызды көрді. Соған көңілдері толды ма, мені батальон командирі етіп қойды. Бұған қазақ жігіттерінің де мерейі өсті.
– Өлімнен қорықпайтын пенде жоқ. Соғыс кезінде сондай қорқыныш болды ма?
– Әрине. Батыр да адам, ол да өмір сүргісі келеді. Бірақ соғыста командир, біріншіден, бұйрықты орындау керек, екіншіден, қарамағындағы жауынгерлерді аман сақтауды ойлауы керек. Кейбіреулер қарамағындағы қаншама сарбазын қырып алса да, «біз жеңдік» деп ұрандайды. Бұл – дұрыс емес. Бірде өз агенттерім арқылы барлау жасап, дұшмандардың қару-жарақ қоймасын таптық. Соның көзін жоямыз деп барғанда бізді дұшмандар қоршап алды. Атыс басталды, шайқасып жатырмыз. Дұшмандардың күші басымдау. Бізге Әлімжан Ерниязов басқаратын үшінші рота көмекке келе жатты. Олар келгенше сарбаздарды аман алып шығу үшін беделді үш-төрт жігітті ертіп, таудың басқа тұсынан оқ бораттық. Дұшмандардың назары бірден ауып, бар күшін бізге бұрды. Сол кезде негізгі бөлім қоршаудан шығып үлгерді. Ал біз төртеуміз көзге ілінбей, із жасырып кеттік. Жауынгерлерімді аман сақтап қалу үшін осындай айлаға бардым. Бірақ мен мұны өзімді көрсету үшін айтып отырған жоқпын. Осыдан кейін сарбаздарым менімен бірге қандай шайқасқа болмасын қорықпай барды.
– Қазір әлемдегі жағдайды көріп, енді Қазақстанның қорғаныс саласы қай бағытта дамуы керек деп ойлайсыз?
– Еліміздегі Қарулы Күштердің басты мақсаты – қазақ жерін, елін қорғап, тұтастығымызды сақтау. Өзім де әскери адаммын. Сондықтан басы артық еш нәрсе айта алмаймын. Бастысы, сарбаздарымыз ант қабылдағаннан кейін Отанымызды қорғауға дайын болуы керек. Жас жауынгерлер қиыншылыққа төзіп, тәртіпке бағынуы қажет. Бауыржан Момышұлы «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деп бекер айтпаған. Әскери қаталдық та керек. Қорғаныс саласында еңбек етіп жүрген мамандардың кәсібилігі жоғары болғаны дұрыс. Қазір кейбіреулер «армия контрактілі» болсын деген ұсыныс айтады. Мен оны қолдамаймын. Жалпы, әскерге бармаса да, барлық азамат Отан алдында ант беруі қажет. Сонда ант бұзылмайды. Егер ант бұзылса жазалануы керек. Бұрын әскери борышын үздік орындаған жауынгерлерге жоғары оқу орнына түсуге мінездеме беретін. Егер мінездеме жақсы жазылса, ол сарбаз оқуға конкурссыз қабылданатын. Қазір соның бірі жоқ. Әскерге шақырылған жастарды ынталандыратын осындай артықшылықтар қайта қарастырылса артық болмайды.
– Әскердегі әлімжеттікті қалай азайтамыз?
– Әлімжеттікті жалғыз офицерлер азайта алмайды. Оған қоғам болып атсалысуымыз қажет. Командир әр жауынгерді өз баласындай немесе бауырындай көру керек. Мәселен, 1973 жылы әскери училищені бітіргесін Орта Азия әскери округіне қарасты әскери бөлімде мотоатқыштар взводының командирі болдым. Сонда қарамағымдағы әр жауынгердің үйіне «біздің взводқа балаңыз келді, оның мінезі қандай, егер кем-кетігі болса, бірге тәрбиелейік» деп хат жазып, ата-аналарынан балалары туралы сұрадым. Сарбаздарға да әке-шешесіне үнемі хат жаздырып отырдым. Командир мен жауынгерлер арасында осындай бір сыйластық орнады. Мысалы, кейбір бала ата-әжесінің қолында өсіп, әке-шешесіне «сен» деп сөйлеседі. Соны да білген дұрыс. Қысқасы, командир сарбаз көңілінің кілтін таба білуі қажет. Жастар бұзылған жоқ, олар заманына сай өмір сүріп жатыр.
– Халқымыздың ардақты перзенттері Қасым Қайсенов пен Талғат Бигелдиновтің ерліктерін жастарға үнемі үлгі етіп жүресіз. Өзіңіз ол кісілермен жақын араластыңыз ба?
– Екі батыр ағаммен өте жақын сыйластым. Әне бір жылдары біреулер маған қара күйе жағуға тырысты. Сонда мені қорғап, даңқты партизан Қасым Қайсенов: «Если вы судите генерала Ертаева, вы, судите меня, Қасым Қайсенова. Если вы судите боевого генерала Ертаева, вы судите меня, партизана Қасым Қайсенова. Если вы посадите его, посадите меня с ним!» деп хат жазды.
1992 жылдары Сарыөзектегі мотоатқыштар дивизиясы командирінің орынбасары болып жүргенде Кеңес Одағының екі мәрте батыры, атақты ұшқыш ағамыз Талғат Бигелдинов келді. Алдынан шығып күтіп алдым. Соған балаша қуанды. «Басқа елге барғанда менімен құшақтасып амандасады. Ал өз елімде маған ондай құрмет көрсетпейді» деп еді. Ол кісі жауынгерлермен кездесіп, тағылымды әңгіме айтты. Жалпы, тұлғаны көзі тірісінде қадірлеу керек. Талғат ағамыздың өзімен бірге қаншама қазына кетті.
– Кеңес Одағының Батыры, Армия генералы, еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовті де аузыңыздан тастамайсыз.
– Әскери училищенің 2-курсында оқып жүргенде Сағадат Нұрмағамбетов келіп, оқу орнын аралады. Біздің казармаға келді. Сәлем бердім. Маған қарады да: «Әй, бала, қайдан боласың?» деді. «Жамбыл облысы, Жуалыдан»деп едім, «Баукеңнің ауылынан екенсің ғой», деді де үстіме бір қарап: «Генерал боласың» деді. Ол кезде мен қатардағы курсантпын. «Қайдағы генерал» деп қоямын. Казарма есігінен шығып бара жатып бұрылып, «Сен батыр боласың» деді тағы да. Шынында, кейін Ауғанстанда болдым, генерал-лейтенант шенін алдым. Сол кезде-ақ менің болашағымды дәл болжаған Сағадат ағаның адам танитын қасиетіне әлі таңғалам.
Сарыөзектегі мотоатқыштар дивизиясының командирі болып жүргенде сол кездегі Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов ұшып келіп, дивизия жұмысымен танысты. Жауынгерлердің әскери дайындығын көрді. Президент пен Сағадат Қожахметұлы екеуі қатарласып алда, мен әдеп сақтап олардан кейінірек келе жатқанмын. Сол кезде Нұрсұлтан Әбішұлы Сағадат ағаға қарап: «мына Бақытжанға генерал шенін бүгін бере салсақ қалай болар екен?» деп еді, ол кісі де: «Берсек, реті келіп тұр. Бақытжан бұл шенге әбден лайық. Ол ауған соғысында батальон басқарды. Германияда полк те басқарды. Жоғары әскери академияны бітірді» деді құптаған ойын білдіріп.
Сосын Сағадат Қожахметұлы маған бұрылып: «Бақытжан, Нұрсұлтан Әбішұлы саған генерал шенін қазір-ақ бере салайын дейді. Сен өзің қалай қарайсың?» деді. Сосын мен: «Генерал атағын мен өз еңбегімді сіңіріп, маңдай терімді төгіп алайын» деп жауап беріп едім, екеуі осы сөзіме риза болып, қолымды алды.
– «Тәуелсіз Қазақстанның халық батырлары» атты қоғамдық бірлестік құрыпсыз, соның мақсаты туралы да айтып өтсеңіз?
– Бұл ұйым жақында Әділет министрлігінің тіркеуінен өтті. Бұрын Кеңес Одағының батырларын қалай құрметтедік. Қазір сондай құрмет азайған. Мәселен, жұртшылық «Халық қаһарманы» мен «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алған тұлғаларымызды толық танымайды. Өткен жолы жастармен болған кездесуде бір жастан: «Бауыржан Момышұлы кім?» деп сұрасам, ол маған «ғарышкер» деп жауап берді. Ал сол жеткіншек Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіровті, Халық қаһармандары, ғарышкерлер Талғат Мұсабаев пен Айдын Айымбетовтің өмірі мен ерлік жолын біле ме? Оған күмәнім бар. Сондай-ақ қорғаныс саласында қызмет ете жүріп, ерен ерлік жасап, «Халық қаһарманы» атанған батырлар бар. Оларды да көпшілік білмейді. Насихат жоқ. Сол азаматтардың қаланың бір көрнекі жеріне ілінген суретін кездестірмейсіз. «Қазақстанның Еңбек Ері» атанған ардақтыларымызды да көп дәріптемейміз. Ал олардың өмірі өнегеге толы емес пе?! Бастысы, біздің ұйымның мақсаты – жастарды отансүйгіштікке, елдікті сақтауға, туған жерді қорғауға тәрбиелеу.
– Өз-өзіңізге көңіліңіз толатын бір ісіңізді айтасыз ба?
– Туған ауылыма жиі барамын. Бір жол түскенде елдегі жасы үлкен Жолтай қария: «Айналайын, Бақытжан, біз сені ауылымыздан шыққан батырымыз деп білеміз. Сыртыңнан тілеулеспіз. Еліңді де ұмытпай келіп тұрасың. Енді ауылымызға мешіт салуға қолдауыңды көрсет» деді. «Аға, менің ондай қаржым жоқ. Бірақ ниеттеріңіз үшін барымды салып, көмектесемін» дедім. Содан оған жақын достарымды тартып, Алланың ақ үйін салдық. Мешіттің ашылуына сол кездегі Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти, шығыстанушы ғалым, марқұм Әбсаттар қажы Дербісәлі ағамыз келді. Тағы бір елге барғанда баяғы Жолтай ақсақал: «Қарағым, бізге мешіт салып бердің, рахмет, енді ескі көпіріміз тозып, қиналып жүрміз. Осыған қолғабысыңды тигіз» деді. Бұл мәселе де шешілді. Жаңа көпір салынды. Ауыл ортасынан құдық қазып, таза су шығардым. Негізі менің әкем осы ауылды 18 жыл басқарған. Елге сыйлы азамат болған. Әкемнің елге жасаған жақсылығын жерлестері ұмытпай, ол кісінің есімін ауылға берді. Қазір ол елді мекен Ертай ауылы деп аталады. Өмірде көңілім толатын бір ісім болса, ол – осы.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Азамат ЕСЕНЖОЛ,
«Egemen Qazaqstan»