Полиэтилентерефталат, яғни термопластикалық полимер бөтелкеден бастап, киім, жиһаз сынды қарапайым заттар өндірісінің бәрінде қолданылады. Енді бұл тізбек Қазақстанда заңмен жүйеленбек. Осыған байланысты жақында пластикалық қалдықтарды өңдеушілер мен қазақстандық тоқыма өндірушілер арасында стратегиялық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Экономика қоқыс реформасынан басталады
Қазақстан қаптаушылары қауымдастығының төрағасы Батырбек Әубәкіров аталған құжат жеңіл өнеркәсіп пен полиэфирлі талшық өндіретін Green Technology Industries кәсіпорны арасындағы байланысты жандандыруға септігін тигізетінін жеткізді. Ал кәсіпорын басшысы Гүлмира Уахитованың айтуынша, тараптар арасындағы бұл келісім кәдеге жарату саласы мен айналмалы экономиканы дамытуға серпін береді, жеңіл өнеркәсіп пен отандық пластик қалдықтарды өңдеушілер арасындағы өндірістік кооперацияны ұйымдастыруға ықпал етеді. Қысқасы, жеңіл өнеркәсіпті полимер шикізатымен қамтамасыз ету қолға алмақ.
Жалпы, біздің қолымызда өңделмеген тері, мақта және жүннен өзге ещтеңе жоқ. Оның да тең жартысын кәдеге жарата алмай, қоқысқа лақтырып отырмыз. Ал одан қаншама дайын өнім шығаруға болатынына мән бере бермейміз. Дайын өнім шығаруға қанша химия, полимер шикізатын қолданатынын білмейміз. Экономист Мағбат Спановтың айтуынша, экономиканың дамуы қоқыс реформасынан басталады. Мысалы, өткен аптада түрік ағайындар қой терісінен желатин дайындайтынын айтты. Ал өндірістік мақсаттағы желатин – жеңіл өнеркәсіп саласында құны алтынмен ғана бағаланатын қоспа. Себебі табиғи тері де, мақта та табиғатта жұмсақ. Ал қоспаның мұндай түрі бұйымның серіппелігін, беріктігін арттырады.
«Қоқыс реформасына күле қараудың қажеті жоқ. Мысалы, Франция бренд маркілі иіссуларымен танымал. Ал оның бағасын 25 пайызға қымбаттатып отырған – оның құтысы. Ал бұл құтының 80 пайызы – терең өңделген ПЭТ қалдығынан, 20 пайызы хрусталдан тұрады. Иіс су шығаратын әрбір кәсіпорында ПЭТ қалдықтарын қабылдайтын орын болады», дейді М.Спанов.
Сарапшының айтуына қарағанда, қазір тауарларды қағаз қаптамаларда дайындаудың шығыны өсіп отыр. Сондықтан оның орнын полимер қаптамалар алмастыра бастады. Жақында сүт өнімдерінің 20 пайызға қымбаттағаны қаптамасына байланысты екені айтылды.
«Әр өңірде соларды өңдейтін шағын кәсіпорындар ашсақ, жеңіл өнеркәсіп дамып, бұл саладағы үлесімізді 20 пайыздан асыруға мүмкіндік алар едік. Қалғаны – уақыттың еншісінде. Ендігі жерде инновациялық жобаларды қаржыландырған кезде жан-жағымызда шашылып жатқан тұрмыстық қалдықтарды пайдаға асыратын жобаларға басымдық берген дұрыс», дейді М.Спанов.
Сұрыптауға ерекше ден қойылуы керек
Қалдықты сұрыптау мәдениеті қалыптаспайынша, импортты алмастыру бағдарламасынан үміт күтуге болмайтыны ұдайы айтылып келеді. Бірақ мұнай ақшасының буы жерде шашылып жатқан ен байлыққа қаратуға мұрша бермейді. Енді басты импортеріміз Ресейге салынған санкцияның салдары өз мүмкіндігімізді саралауға мәжбүрлеп тұр.
Үкімет қарап отырған жоқ. Наурыз-сәуір айларында күнделікті қолданатын бұйымдардың тым болмаса бірнеше түрі өзімізде өндірілетінін айтты.
«Қазақстан қаптамашылары қауымдастығы» ЗТБ басқарма төрағасы Батырбек Әубәкіров былтыр елімізде 2,3 млрд литр сусын, минералды су, шырын және күнбағыс майы ПЭТ-бөтелкеде шығарылғанын, елге жыл жыл сайын 1,5 млрд дана бөтелке сырттан жеткізілетінін айтты. Соның 5 пайызы ғана өңделіп, өзгесі қоқыс полигондарында өртеледі немесе шетел асады. «Қалғаны қайда кетіп жатқаны белгісіз. Қанша ПЭТ-бөтелке сыртқа шығарылғаны, қаншасы қоқыс полигонында жатқаны белгісіз», дейді Б.Әубәкіров.
Оның айтуынша, қоқысты өңдеу саласына баса мән беру қажет. Қалдықты қоқыс полигондарына көме салмай, қайта өңдеу шарт. Бұл экономиканы әртараптандыру үшін маңызды. Сыртқы нарықта тоқыма талшығының бағасы 1 200 доллар болса, ПЭТ үлпектері (қайта өңделген пластик) – 850-900 долларға бағаланады. Ал еліміздегі сусын шығаратын кәсіпорындар ПЭТ үлпершектерін Ресейден, Өзбекстаннан тоннасын 800-900 доллардан экспорттап отыр. Қауымдастық өкілдері ПЭТ бөтелкелерін қайта өңдеуге байланысты проблема елдегі қалдықтарды сұрыптаудың ғаламдық проблемасының бір бөлшегіне айналып кеткенін айтады. Ресей 2030 жылға қарай қалдықтардың 100 пайызын сұрыптап, 49,5 пайызын қайта өңдейміз деп отыр. Біздің елде шикізат қалдықтарын кәдеге жаратудың тетіктері – әрі қарай қолданудың стратегиясы жоқ. Көзқарас сусынды ішкен соң бөтелкесін қоқысқа лақтыру қажет деген көзқарастан аса алмай тұр.
Күнделікті тұрмыста қолданатын бұйымдарда қолданатын полипропиленнің бағасы тоннасына 475-500 мың теңге, ішкі қажеттіліктің 80-90 пайызы – импорт. Шикізатты алмастыратын бағдарлама іске қосылса, шикізат тапшылығына тап боламыз. Себебі елдегі шикізат қалдығын өңдейтін 14 зауыт еңбек өнімділігінің 30-35 пайызында ғана жұмыс істейді.
Мамандардың айтуынша, бұл мәселені қиындатып отырған қосымша факторлар жетеді. Қайта өңдеуге жарамды пластик, қағаз, аллюминий банкалары, картонның бәрі тұрмыстық қалдықпен араласқан күйі зауытқа келеді, ал ондай қалдықтарды өңдеу қиынға түседі. Сол себепті де жауапты органдар қоқысты сұрыптап жинауға кірісу керегін айтады. Макулатура, қораптар, пластик, қағазды тұрмыстық қалдықтармен араластырмай, бөлек жинаса, қоқысты қайта өңдеудің пайыздық көрсеткіші 70%-ға дейін жетуі мүмкін. Әлемнің дамыған елдерінде қоқыс қалдықтарын сұрыптау және қайта өңдеу ісі жүйеленген. Дамыған елдердің өлшеміндегі қоқысты жинау, тапсыру мәдениеті бізге жетпей жатқаны өкінішті-ақ.
Қайта өңделген пластик қалдықтардың пайдасы
Б.Әубәкіров айтып өткендей, импортты алмастыру бағытында полиэфирлі талшықты қайта өңдеусіз алға баса алмаймыз. Жиһаздың, тұрмыстық техниканың, компьютер мен көліктің бір бөлігі болып табылатын пластик қазір тренд емес. Ал қайта өңделетін пластик қалдықтарынан жаңа киім, аяқ киім тәрізді күнделікті тұрмыста қолданатын бұйымдар дайындау – біздің қоғам үшін тың, басқаша айтқанда, «ноу-хау». Сала өкілдерінің пікірінше, полиэфир қосылған пластмассадан жасалған киім-кешек пен аяқ киімді бірқатар әлемдік брендтер де шығарады. «Біз бұл мәселені әлі күнге дейін экология тақырыбына сәйкес келмейді деп жылы жауып келеміз. Мысалы, жаңа футболка жасау үшін 7-10, жылы кеудеше үшін 40-60, ал ұйықтау қапшығын дайындауға 114 бөтелке кетеді. Бөтелкелердің пластикалық қақпақтарынан бау-бақша тырмаларын, иірілген жіп, жаңа бөтелке қақпақтарын, автомобильдерге арналған құтқару жастықшаларын, парашют, т.б дайындауға болады», дейді Б.Әубәкіров.
Қауымдастық өкілдерінің пікірінше, ПЭТ-қалдықтарын, макулатураны, шыныны, яғни қайталама шикізатты сатып алуда қазақстандық қайта өңдеушілер басымдыққа ие болуға тиіс. «Әкімдіктер қоқыс полигондарына иелік етеді және бұл жұмысты жолға қою да осы лауазымды тұлғалардың қолында. Бұл салық тұрғысынан да, халықты жұмыспен қамту жағынан да пайдалы. Мәселен, 2021 жылы біздің кәсіпорындар салық түрінде бюджетке 2 млрд теңгеден аса сома аударды. Сондай-ақ осы арқылы экспортқа бағдарланған өнім жасауға болады. Бірақ бұл үшін мемлекеттік қолдау мен қоқыс реформасы қажет», дейді Б.Әубәкіров.
ПЭТ қалдықтарын кәдеге жарату мәселесі көптен айтылып келеді. Табиғи жағдайда жүздеген жыл бойы ыдырамайтын бөтелке қалдықтарын өртеп жіберу туралы да кезінде сөз болған. Бірақ полиэтилентерефталат жанған кезде бөлініп шағатын зиянды түтіннің ауаға әсері бұл идеяны қош көрмеген. Тек соңғы бес жылда ПЭТ бөтелкелері мен басқа пластикалық қалдықтарды қауіпсіз жағдайда өртеу үшін оқшауланған камералар құру жобалары пайда болды. Бұл да әзірге жоба күйінде.
«Дорпласт-Инвест» ЖШС өндірістік компаниясы директоры Наталья Иванованың айтуынша, биыл шикізат бағасы аспандап кеткен. Сол қымбат шикізаттың өзі тапшы. Ел ішіндде ПЭТ қалдығын қабылдайтын нүктелер көптеп ашылса, жұмыс өнімділігі артып, қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік туар еді. Дәл қазір тәулігіне 40-50 тонна шикізат қалдығын өңдейтінін айтқан Наталья Иванова кәсіпорынның қуаттылығы 100 тонна өнім өндіруге қауқары жететінін айтты. Ресей мен Өзбекстанда 2013 жылдан бері ПЭТ қалдықтары мен екінші реттік шикізатты экспорттауға тыйым салған. Себебі технологиядағы соңғы жетістік ПЭТ шикізатының мүмкіндігін әртараптандырды. Сұйық фазалы поликонденсация технологиясымен полиэтилентерефталатты қайта қалпына келтіруге болады. Мысалы, қоқыс жәшігінен алып, қайта өңдеуге жіберілген шикізаттан дайындалған өнімнің ПЭТ үлпершегінен дайындалған өнімнен түк те айырмашылығы жоқ көрінеді.
Түйін
Б.Әубәкіров айтып өткендей, мемлекеттің дамуын, алға басуын қаласақ, алдымен өзгерістерді өзімізден бастаған жөн. Ал бізде ықылас кемшін. Қазақстанда ПЭТ бөтелкесін қолданатын зауыттардың өңірлерде филиалдары бар. ПЭТ қалдығын қайта өңдеуге алдымен солар мүдделі болуы керегін айтқан Б.Әубәкіров бұл мәселені әр бөтелке сусыннан түскен табыстың 0,1 пайызын қалдықты қайта өңдеуге жұмсау арқылы да шешуге болатынын еске салды. Сарапшының пайымдауынша, бұл мәселе шешімін тапса, әрбір зауыттың жанынан олардың еншілес компанияларын ашып тастауға болар еді.
«Егер шикізат базасының жетіспеушілігі мен тұрақсыздығы мәселесі шешілсе, кәсіпорындардың өндірістік қуаттылығы артып, қосымша жұмыс орындары ашылады. Өндірістерде технология бар, бірақ шикізат кемшін. Қолдағы шикізат далада шашылып немесе шетелге жасырын жолмен сатылып жатыр. Біз мол шикізат қорын экспортты шектеу арқылы ғана құра аламыз. Ол үшін «ЭкоҚолдау» жүйесі және қаржылық демеу арқылы жинаушыларды ынталандыру қажет. ПЭТ қалдықтарын қайта өңдейтін кәсіпорындар көптеп ашылса, сұраныс өседі. ПЭТ бөтелкелерін қолма-қол ақшаға қабылдайтын нүктелер әр ауладан ашылса, бұл міндетті аулада ойнап жүрген балалар-ақ орындап тастайды», дейді Б.Әубәкіров.
Сарапшының айтуынша, 2021 жылы минералды су және алкогольсіз сусындарды тұтыну сыйымдылығы 2,3 млрд литрге дейін көбейді. Сараптамалық бағалаулар бойынша, бұл шамамен – 1,5 млрд ПЭТ бөтелке, оларды тамақ кәсіпорындары импорттайды. Демек қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретін қаржы көз алдымызда уыстан шығып кетіп жатыр. Қазақстандық қайта өңдеушілер болашақта тұрақты шикізат базасы болған жағдайда өндірістің осы сегментінің импортын алмастыруға, қажетті жабдықтарды жеткізіп, өндіріске инвестиция салуға дайын.
АЛМАТЫ