• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Ғылым 27 Маусым, 2022

Ғылым академиясына қандай өзгеріс керек?

1133 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық ғылым академиясының (ҰҒА) 75 жыл­дығында аталған ұйымға мемле­кеттік мәртебе берілетінін мәлім­деді. Бұл – отандық ғылымға жа­салған зор қолдау. Мұндай мүм­кіндікті қалай пайдаланған тиімді? Академияның алдағы бағыты мен міндеттері қандай болмақ? Құқық­тық мәртебесін ғана емес, бұрынғы беделін қайтару үшін не істемек керек? Ендігі мәселе осы секілді. Осы ретте біз сал­мақты сауалдарға жауап берген ғалымдардың ой-пікірін жария­лау­ды жөн көрдік.

Egemen Qazaqstan: – Президент ҰҒА-ның 20 жыл бойы ғылымды бас­қару ісінен тыс қалғанын айтты. Алдағы уақытта академия ғылымды басқару ісіне қалай араласа алады?

Мұрат ЖҰРЫНОВ, ҰҒА прези­денті: – Академия ғылымды басқару ісіне қайта келу үшін ешбір ведомствоға ба­­ғынбайтын тәуелсіз ұйым болуы ке­­рек. Дүние жүзінде министрлікке ба­ғы­нышты Ұлттық ғылым академиясы жоқ. Бұл – халықаралық тәжірибе. Содан соң, ғылыми-зерттеу институттары – академияның «ішек-бауыры» ғой. Академияны 1995 жылы Ғылым министрлігіне қосты, 1999 жылы қайта­дан шығарғанда оған дейін ҰҒА-ның құрамында болған ғылыми-зерттеу инс­титуттары министрлікте қалып қойды. Міне, енді кезінде құрамында болған ғылыми-зерттеу институттарын да қоса қайтару қажет. Тағы бір мәселе, Ұлттық ғы­лым академиясы тағайындайтын стипендия болғаны жөн. Бұл туралы ел Президентінің өзі айтты. Ресейде әр академик осы атағы мен саналы ғұмырын ғылымға арнағаны үшін ай сайын 2 мың доллар алады. Дәл осы жүйе Франция, Германия секілді Еуропа елдерінде, Америкада, тіпті мынау зейнетақысы 10 доллар болып тұрған Қырғызстан мен Арменияда да бар. Жастарды ғылымға тарту осыдан басталады.

Мақсат ЖАБАҒИН, генетик-ға­лым, Президент жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі: – Заман талабына қа­рай кез келген басқару жүйені жетіл­діріп отыру керек. Бүгінде ғылым өте қар­қынды дамып жатыр. Мемлекеттің бола­шақ іргетасы берік болғанын ойлайтын Президент ғылымның дамуын, яғни басқару жүйесінің уақытында жетілдіріліп отыруын және ғылым мен білім деңгейінің жоғары болуын көздейді. Соңғы үш жылда ғылымды басқару жүйе­сінде өте маңызды өзгертулер жасалды. Осыған дейін кенже қалған ғылымға байланысты заңдардағы мүмкіндіктер аясы кеңейтілді, көптеген әділетсіз жүйеге тосқауыл қойылды. Ғылымды дер кезінде дамыту үшін басқару жүйесі қатып қал­ған бағытта болмауы керегін Үкімет енді түсініп отыр. Бұған өткен коронавирус пандемиясы және сол кездегі ғылым же­тіс­тігі дәлел бола алады.

Ұлттық ғылым академиясы 20 жыл бұрын тағдырын өзі шешті. Неге ғылымды басқарудан шеттетілді? Мұның жауабын академиктерден сұрасақ болады. Бірақ содан бастап Ұлттық ғылым академиясын академик Мұрат Жұрынов басқарып келеді. 75 жылдық тарихы бар Ғылым академиясының 20 жылы – үлкен бір тарихи кезең. Қандай кезең болғанын тарих көрсетеді. Дегенмен академия ғылымды басқару ісінен мүлдем тыс қалды деп айту қиын. ҰҒА жыл сайын Ғылым жөнінде ұлттық баяндаманы әзірлеп отырды. Баяндама Президентке таныстырылады, яғни бұл есепте академияның ғылыми ой-тұжырымдарын жасауға мүмкіндігі болған, сол арқылы ғылымның дамуына қатысты саясатқа ықпал жасай алатын. Сонымен қатар ҰҒА-ның ғылымдағы ар­наулы ғалымдарға стипендиялар мен сыйақылар тағайындау құзыреті бар. Мысалы, мен 2017 жылы жаратылыстану ғылымдары бойынша үздік жас ғалымға арналған Қонаев атындағы сыйлығына ие болдым. Оны Ғылым академиясының конкурстық тобы анықтайды. Сол себепті Ұлттық Ғылым академиясының мемлекеттік мәртебеге қайта ие болудағы бағыты туралы айтқанда, мағыналы өзгерістердің қажеттігіне тоқталу керек.

Амангелді БИСЕНБАЕВ, биолог, ҰҒА академигі: – Академияның мәртебесін көтеру Қазақстан ғылымын дамытуға сөзсіз ықпал етеді. Дегенмен ғылымды жеке алып қарастыруға болмайды. Біз мәңгілік ел боламыз дейміз. Бұл үшін Қазақстан медицина, қауіпсіздік, азық-түлік болсын, барлық жағынан тәуелді болмауға тиіс. Академия деген ғылым бағытындағы кез келген саланы ілгерілетудің стратегиялық тетігіне айналғанда біз жақсы нәтижеге жетеміз. Айталық, өз салам бойынша болашақта қандай биомедициналық өнімдер бізге қажет болатынын анықтап, соған жұмыс істеу алдағы проблеманы шешіп қана қоймай, келешекте осы тұрғыда шетел­дерге тәуелді болудан сақтайды. Ендігі елу жылда қажет, тапшы болатын технологияларды іске қосу жайын қазірден қолға алуды ғылым дейміз. Жаңа технология мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін негізгі фундамент деуге келеді, өйткені онсыз даму жоқ.

Академия кез келген саладағы ғы­лымның даму бағыттарын, алдағы қа­жеттілігін стратегиялық тұрғыдан анық­тауы керек. Әйтпесе бір күн­дік жұмысты бәрі істей алады. «Халық­ара­лық деңгейде қандай технологиялар дамып келеді, біз оған қалай ілесеміз? Бұл үшін не істемек керек?» деген салмақты сұрақтарға нақты жоспарлар мен айқын­далған міндеттер арқылы жауап табатын ұйымға айналға­ны қажет. Оған қалай жетеміз? Қазір ғы­лыми жобаларды қар­жыландыруға жыл сайын қомақты қара­жат бөлінеді. Сол жұмыстардың дәл қайсысы болашақтағы елдің қандайда бір өнімге, сырт елге деген тәуелділіктен сақтайтынын анықтауға академия да араласса жақсы. Қазір мемлекеттен қар­жыландырылатын жобаларды Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы іріктеуден өткізіп отыр. Бірақ мұндай жауапты жұмысты бір ғана емес, бірнеше ұйым атқарғаны абзал. «Жеті рет өлшеп, бір рет кесу» де­ген содан шығады. Мәселеге бір емес, бір­неше көзбен қарап көру керек.

Дурвудхан СҰРАҒАН, математик, ҰҒА ең жас корреспондент-мүшесі: – Бәрінен бұрын академияның беделін қайтарған жөн. Бұл үшін ҰҒА-ның жағдайы заңдық тұрғыдан ғана емес, материалдық жағынан да жақсаруы қажет. Мен өзімді ең алдымен мұғалім деп санаймын. Көпке ұзамай-ақ қояйық, осыдан 5-6 жыл бұрын мұғалім екеніңіз­ді айтсаңыз, сізге мүсіркеп қарайтын. Қазір әріптестерім мұғалім екенімен мақ­танатын жағдайға жетті. Мұндай нәти­же­ге жету үшін қанша жыл бойы жү­йе­лі жұмыстар жүргізуге тура келді. Демек бізде тәжірибе бар, енді ғалымдардың мәртебесін көтеретін кез келді. Негізі бұл жұмыс соңғы жылдардан бастап қолға алынды. Былтыр, мысалы, көп ғалым алғаш рет «Үздік ғылыми қызметкер» атағы үшін мемлекеттен арнайы және қомақты сыйақы алды. Мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Өйткені бұл бір-бірін толықтыратын жүйелі, ауқымды істің біреуі ғана. Академияға көңіл бөлуді де дәл осы кешенді жұмыстың бір негізгі бағыты деп білемін.

Сенсеңіз, қазір академия орналасқан кезіндегі Қаныш Имантайұлының өзі салдырып кеткен киелі ғимаратта «пәтер жалдаушы» сияқты жарна төлеп тұрамыз. Аты дардай ҰҒА-ның сіз бен біз құра салатын шахмат клубы секілді, ешқандай мәртебесі жоқ ұйым болып тұр. Соны ең алдымен аянышты күйден арылтып, материалдық тұрғыда дұрыстаған абзал. Өткенде Президент академияны мемлекет қарамағына өткізу туралы айтты ғой. Сол тапсырмасы соңына дейін жетуі керек. Осы ретте «Академиядан не пайда? Экономикаға үлес қоса ма?» дейтіндер табылады. Мен бір нәрсені айтайын, өзін сауатты санайтын көп адам ғылым мен технологияны айыра алмайды. Ғылымның ақшаға қатысы жоқ, бұл – табыс табудың басты көзі емес. Ғылым дегеніміз – қоғамның, мемлекеттің интеллектуалдық әлеуетінің көрсеткіші және сапалы білімнің тірегі. Ғылым технологияға жетіп, өндіріске айналуы үшін арасына жемқорлық түспеуге тиіс.

Egemen Qazaqstan: – ҰҒА-ның 75 жыл­дығында академияға болашағы зор нағыз ғалымдарды қабылдау жайы да айтылды. Бұл талап орындалуы үшін академик атағын беру немесе академияға қабылдау ережелерін өзгерту керек пе?

Мұрат ЖҰРЫНОВ: – Кезінде Ғы­лым академиясында мемлекеттік мәрте­бе де, бедел де болды, ғылым өз деңгейін­де қаржыландырылды, ғылыми-зерттеу инс­титуттары нәтижелі жұмыс істеді, Қа­зақ­стан ғылымы Ресей мен Украина­ның ғылымынан кейінгі үшінші орында тұр­ды. Академияны министрлікке қосып жібергенде ведомствоның ішіндегі бір департаментке бағынышты болып қалды. Оған шетелдік академиктер күле қарады. Содан біздің академиктер намыстанып, хат жазып, қоғамдық ұйымға айналды. Осындай жағдайды көрген ғалымдар­­дың 80 пайызы – әлі тірі. Со­дан бері қан­ша­ма құлдырауды көрген ака­демия­ның ҚазКСР уақытындағы жарғысының бір жерін өзгерткен жоқпыз. Қандай да бір ғалымның академик атағын алуға немесе академияның корреспондент-мүшелігіне өтуге берілген өтінішін сол саланың ғалымдары қарайды, жасырын дауыс береді. Айталық, физика саласы бойынша кандидатты тек физиктер ғана таңдайды. Тағы бір ерекшелігі – жасырын дауыс беру ғана емес, бюлле­теньдердің сайлаушылар көзінше, ашық саналатынында. Осындай бағыт пен тиім­ділігін әлдеқашан дәлелдеген жүйе кадр таңдауда басшылыққа алынғаны абзал. 1995 жылғы академиктер саны күні бүгінге дейін өзгермеді. Өмірден өткен қариялардың орны босағанда ғана жаңа вакансия есебінде сайлау арқы­лы қабылданып келеді. Сайлау 3 жылда 1 рет ­ өткізіліп отырады.

Дурвудхан СҰРАҒАН: – Көбі «академияда жастар неге жоқ?» деп сұрап жа­тады. Бұл да жоғарыда айтқан беделден шығады. Академик атағын алудың, ұйым­ға корреспондент-мүшесі болудың аса бір қаржылық, әлеуметтік тиімділігі жоқ. Сондықтан да жастар қызықпайды. Де­генмен де академия өзінің атын сақ­тап қалуы үшін, әсіресе соңғы жылда­ры күнкөрістің қамымен жоғары лауа­зым­дағы адамдарды қабылдауға мәжбүр болды. Алайда өз саламда академик ата­ғын алғандардың бәрін білемін, кіл мық­тылар. Өйткені сайлау бар, дауыс­ты ашық санайды. Енді осыған жас­тар да үміткер болуы үшін фильтр бол­ға­ны дұрыс. Мысалы, қайбір жылы 4 мың­нан аса зерттеуші өзінің жобасын грант­тық қаржыландыруға тапсырды. Оның үміткерлерге халықаралық дең­гей­­дегі жұмыстарына қатысты қоятын та­лап­­тары бар. Сондағы ең жоғары ұпай жи­на­­ғандардың бәрі – жастар. Сондай кри­те­рий академияға қабылданудан үміт­тілер­ге де қойылғаны жөн. Қазір мұндай ха­­лықаралық деңгейдегі талап жоқтың қасы.

Амангелді БИСЕНБАЕВ: – Бізде ­аб­солютті шындық деген жоқ қой. Десек те академияға қабылдау, академик атағын беру ғылыми метриялық көрсеткіштер­ге негізделгені жөн. Сон­да үміткердің қа­зақстандық журналдарда ғана емес, отан­дық ғылымды халық­аралық арена­да публикацияларымен қалай танытып жүргеніне, үлкен масштабта қаншалықты бәсекеге түсе алатын жобалар жасағанына мән беріледі. Әрине, сайлау арқылы қабылданатыны өте орынды. Бірақ канди­даттардың баяндамасын тікелей эфирде, онлайн режімде ашық тыңдайтын мүм­кіндік болса, олар да өзін жақсырақ көр­сететін еді, екінші жағынан халық та біледі. Үкімет те бола­шақтағы ғалымның жос­парларына, ой бағдарламасына кө­ңіл бөліп, кей ұсы­нысын назарға алуы мүмкін.

Негізі академиядағы басқа бөлімдерде қалай екенін білмеймін. Биология және медицина бағыты бойынша академияға қабылдау процесіне келсек, біз жоға­рыда айтқан ғылыми метриялық көрсет­кіш­терді ескереміз. Әр үміткердің баян­дамасын тыңдаймыз, оларға сайлаушылар сұрақ қояды. Содан кейін барып сай­лауға көштік, сол кезде бізде кімді сай­лауға болатын-болмайтыны туралы түсі­нік, ой-пікір алдын ала қалыптасып тұ­рады. Енді осы таңдалған, сайлан­ған ака­демиктер мен корреспондент-мү­ше­­лерінің жұмыстарын бөлімнің өз ішін­­де қалдырмай, кез келген адамға қол­же­тімді болатындай, жария ету керек. Және сол атақ алып, академияға қа­был­данғандардың жұмыстары мен ал­да­ғы жұ­мыс-жоспары кандидат кезінде, яғни сайлауға дейін ілінсе, әділдік пен ашық­тыққа одан сайын жақындаймыз. Бү­гінде үміткерлердің алдын ала тек тізі­мі ілінеді, ал олардың жұмысы көрсе­тіл­мейді.

Мақсат ЖАБАҒИН: – Институцио­налдық трансформация негізінде, ҰҒА-ның мүшелігін қайта толықтырған жөн. Толықтыруда гендерлік және жас­­­тық ерекшеліктерді, жаңа ғылы­ми бағыт­тарды ескерген орынды. Қа­зір Пар­ла­менттің өзінде осындай тәжірибе бар. Мысалы, Ұлттық ғылым академиясының сайтындағы тізім бойынша барлығы 163 академик, 75 корреспондент-мүшесі бар. Ал сол 163 академиктің 17-сі, 75 корреспондент-мүшесінің 12-сі ғана – әйел. Сонда корреспондент-мүше­леріндегі әйелдердің үлесі 16 пайызды ғана құрайды. Ал академиктердің небәрі 10,4 пайызы – әйелдер. Қолданыстағы заңдар бойынша Қазақстанның жоғар­ғы ғылыми атағы профессор саналады. Оны алу талаптары бүгінде күшейтілген. Со­ған байланысты академик ғылыми атағы қайтарылып, қойылатын талаптары қазіргі профессордан кем түспеуі тиіс. Осыған қоса құрметті академик, толық академик, қауымдастырылған академиктің мәртебесі мен құқықтарын нақтылау керек.

Egemen Qazaqstan: – ҰҒА отандық ғылым дамуының негізгі тірегіне айналуы үшін оның келесі қадамы қай бағытта болғаны жөн?

Аменгелді БИСЕНБАЕВ: – Акаде­мия академиктер мен оған қабылдана-­ тын корреспондент-мүшелерінің еңбек­тері арқылы отандық ғылымды кеңінен насихаттаумен айналысқаны дұрыс. ҰҒА түрлі ғылыми журналдарды шығарады ғой. Бірақ бізге ғылымның пайдасы жай­лы ақпаратты жас ұрпаққа, жалпы қо­ғамға көбірек жеткізу үшін иллюс­тра­­циялары бар, қарапайым тілмен жа­зыл­ған танымдық бағыттағы ғылыми басы­­лымдарды шығару керек. Мемлекет академияның осы бағыттағы жұмысына қолдау көрсеткені абзал.

Мақсат ЖАБАҒИН: – Жөн сөз. ҰҒА жоғарғы деңгейдегі зерттеулерді ауқым­ды қаржыландырумен қоса, негізгі мақ­саттарының бірі ретінде ғылымды және ғалымдарымызды қоғамға танымал етуді жолға қоюы қажет. Бұл академия тарапынан ғылымды танымал ету мемлекеттік сыйлығын тағайындау арқылы нәтижелі болады.

Қазір өз функциясын жетілдіре атқа­рып жатқан ғылымды басқару жүйесінің не­гізгі бірліктері – Ұлттық ғылыми ке­ңес және Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техни­калық сараптама орталығы (жойы­лып кетпеуі керек екенін ескерте кету керек). Трансформациядан Ұлттық ғылым академиясы өтуі қажет. Өйткені бұл қоғамдық бірлестік ретінде Қазақстан қоғамында төрден орын ала алмады. Президент академияның мәртебесін көтеру туралы ұсыныс жасады. Осы ұсынысты іске асыру үшін ең бірінші ұйымның Қазақ ғылым академиясы деген тарихи атауын қайтарған жөн. Қазақ ғылым академиясының жаңа тарихы, әлбетте, жаңа басшысының сайлауынан басталуы керек. Екіншіден, Қазақ ғылым академиясы туралы заң қабылдау мүмкіндігін қарастырған дұрыс. Мысалы, академияға арнаулы заң Ресейде және Жапонияда бар. Ондай заңда Қазақ ғылым академиясының қазіргі ғылым басқару жүйесінің негізгі бірліктерімен (Жоғары ғылыми-техникалық комиссия, Ғылым комитеті, Ұлттық ғылыми кеңес және Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы) үндес­тігін айқындаған абзал.

Дурвудхан СҰРАҒАН: – Қазіргі ­Ұлт­тық ғылым академиясын да ақша әкеледі деп ашсаңыз, түкке қажеті жоқ. Оны отандық ғылымның ұйытқысы ете­­міз, қазақстандық ғылымды дамыту­дың жолдарын, жөн-жосығын айқындап беретін ой-тұжырым орталығына айналдырамыз десек, жөн болар. Қайткен­мен де «келісіп пішкен тон келте болмас», кез келген көп жылдық жұмыс, стратегия­лық жос­пар ғылымға негізделгенде ғана өзінің лайықты жемісін береді.

Десек те Ғылым академиясының бе­де­­лін арттыру не беретінін болжауға болады. ҰҒА еліміздегі ең беделді ұйым­ның біріне айналды делік, онда ака­демик болу мәртебелі дәрежеге айна­лады. Сонда жас буын ғылымға, ғалым болуға ұмтылады, армандайды. Және мұның тағы бір жақсы жағы бар, бәсе­келестік қалыптасады. Ал бәсеке бол­ған жерде даму болады. Түптің тү­бін­де академия елімізде ғы­лымды дәріп­теудің бір мықты құралы бо­луы қажет. Академияның басқаруға қатысуы, ба­қы­лауы, сараптауы дегеннің бәрі осы­­дан кейін ғана келеді. Барлығы да ҰҒА-ның беделін көтеруден басталады. Бе­делді болғанда ғана министрлік немесе бас­қа да ведомстволар санаса бас­тайды. «Шетелге жіберіп, ақшаға сараптама жа­сатқанша, өзіміздің академияға берейік, тіпті болмаса қаржыны үнемдеу үшін алдымен халықаралық тексеріске жіберуге тұрарлығын іріктеп берсін» деген шешім содан кейін шығады. Өйткені беделді ұйымға, мәртебелі адамға сенім пайда болады. Мысалы, менің жапондық әріптесім бар, екеуміз ғылыми мақаланы бірге жазып жүрміз. Сол зерттеуші – Жа­понияда ғалымдардың жобаларына мемлекеттен қаржы бөлуді қарастыра­тын (Жапонияның Ғылым кеңесі – The Science Council of Japan) Математика ғылымы комитетінің төрағасы (Chair of Mathematical Science Committee). Сон­да бүкіл Жапония елі математика саласы бойынша 1 ғана ұйымға, ондағы 5-6-ақ адамға сенеді. Себебі ұйымның бе­делі жоғары, оған тек мықтылар ғана еңбек­пен мүшелікке өтеді. Жарайды, алысқа ұза­май-ақ мына Өзбекстаннан үлгі ала­йық. Онда академиктерге атағы үшін ғана ай сайын қомақты қаламақы береді. Екін­­шіден, ғылым саласына қатысты мем­лекеттік деңгейдегі шешімдерді шы­ға­руда, ғылыми атақ беруде, зерттеу жо­ба­­ларына грант немесе стипендия таға­­йын­дарда академиктермен санасады. Сондай жағдайға жетуіміз керек.

Мұрат ЖҰРЫНОВ: – Мемлекеттік мәртебемізді қайтарып бергенде бәрі анықталады, құқықтық міндеттеріміз жазылады. Мемлекет басшысы өткенде біраз міндетті өзі айқындап бергендей болды. Айталық, ғылыми сараптаманы жүргізу, гранттық қаржыландыру мәселесін шешу құқығы Ұлттық ғылым академиясына берілуі керек. Ғылымның түйткілін ғалым ғана анық біледі. Мұндай маңызды шешім шығаруды ғылымнан алшақ адамдарға беріп қиянат жасауға болмайды. Кез келген сала өзінің кәсі­би кадрларымен мықты. Маман өз ісін өзі істеуі керек, оған сол үшін мүм­кін­дік берген жөн. Қазір бастыққа жал­тақ­тайтындар көбейді. Мәселен, бір ғы­­лыми жобаға қаржы беру-бермеуді ше­шетін комиссияның құрамындағы 30 адамның 20-сы – шенеуніктер, қалғаны – ғалымдар. Кімнің дауысы басып кетеді? Біздің дауысымыз далада қалады, түбінде ғалымдар отырғандықтан, ғалымдар шешті болып шығады. Барлық басқа мемлекетте, соның ішінде ТМД елдерінің бәрінде гранттық қаржыландыруды Ұлт­тық ғылым академиясы шешеді, біздің елде ғана мұнымен ғылыми кеңес пен сараптама орталығы айналысады.

 

Дөңгелек үстелді жүргізген

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»