Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) Солтүстік Қазақстан облысы өкілдігінің ұйымдастыруымен «Қызылжар өңірінің рухани мұралары» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Оны ашып, жүргізіп отырған ҚМДБ өкіл имамы Хамзат Қажымұратұлы конференцияның мақсаты дін өкілдеріне, имамдарға Солтүстік Қазақстан облысының рухани мұраларын таныстырып және оларды діндар жамағатқа мүмкіндігінше білдіріп отыруды көздейтінін атап өтті.
Конференцияға құттықтау сөз айтқан облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов кезінде Қызылжар қаласында тоғыз мешіт болғанын, соның бәрінің және облыстың аудандары мен ауылдар мешітінің жалпы саны 49 имамы қуғын-сүргінге ұшырап, көбі атылғанын еске салды. Соның ішінде Мағжан оқыған медресенің ұстазы Бегішев те болған. Қуғын-сүргін құрбандарын жаппай ақтау жөніндегі Президенттің Жарлығымен құрылған комиссия олардың бәрінің жарқын есімдерін ақтау жолында еңбек етуде, деді ол өзінің сөзінде.
Баяндамашылар қатарында ҚМДБ «Уағыз және насихат» бөлімінің маманы Думан Сайфуллин, «Ботай» мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығының директоры Қуаныш Шақшақов, М.Қозыбаев атындағы СҚУ профессоры Ақмарал Ыбыраева, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы әскери институтының директоры Жанбатыр Сартаев, «Астана» халықаралық университеті Жоғары өнер мектебінің деканы Саят Ыбырай және т.б. болды.
«Ботай» мәдениеті: өткені мен бүгіні» тақырыбындағы баяндамасында Қуаныш Шақшақов осыдан бес мың жыл бұрын адамзаттың жылқыны алғаш рет Солтүстік Қазақстан аумағында қолға үйреткенін және сол кез тұрғындарының тұрмыстық бұйымдары мен шаруашылық құралдарының зерттеліп жатқанын, тұрғылықты мекендерінің құрылысы мен ерекшеліктері туралы да көптеген әңгіме айтты.
Ал Ақмарал Ыбыраева өңірдің этностық ерекшеліктері туралы баяндады. Бұл жерден кезінде сақ, сармат, массагет тайпалары өткенін, кейін қыпшақ, арғын, керей тайпаларының қоныстанғанын ғылыми дәлелді пікірлермен жеткізді. Сонымен бірге ол Алтын Орда мен «Қызыл оба» қорымының тарихына шолу жасады. «Қызыл обаның» маңында басқа да Алтын Орда хандарының бірнеше қорымдарының табылып жатқаны кезінде болған алып империяның орталығы Солтүстік Қазақстан даласы екендігінің дәлелі», – деді ол.
Әскери институттың директоры Жанбатыр Сартаев Солтүстік Қазақстан өңірінде Ұлы даланың тарихына енген 13 батырдың дүниеге келгені дәлелденгенін жеткізді. «Солтүстік Қазақстан және Абылай хан» деген тақырыпта баяндама жасаған осы жолдардың авторы қазақтың ұлы ханының Қызылжар қаласымен байланысы тығыз болғаны, қазіргі қаланың аумағында өзіне ағаштан үй салдырғаны, орыс патшалығының ханға босатып отырған астығы мен ақшасының да осы қалада берілгені туралы баяндады. Сонымен бірге біз кезінде Ресейдің батыс облыстары және Украинадан қоныс аударып, Қазақстанға көшіп келген шаруалардың қыстағы мен хуторларының, деревняларының атаулары тегіс христиан дінінің апосталдары, архангелдері, угодниктері және діни мерекелерінің атауымен аталғанын жеткіздік. Бұл – қазақ даласына христиан дінін таратудың бір қитұрқы амалы еді. «Әлі күнге біздің аудандарымызда Николаевка, Михайловка, Петровка, Покровка, Рождественка, Боголюбово, Спасовка, Святодуховка, Благовещенка және т.б. ауыл-село атаулары самсап тұр. Кейбірі тіпті бірнешеуден. «Коммунистер өз билігінің кезінде дінге қарсымыз, дін – апиын деп мешіттер мен шіркеулерді талқан қылса да өздерінікі болған соң дін атауларын жоймаған. Осы ауыл-селолардың бәрінің де жер-суға байланысты қазақы атаулары бар. Оның үстіне қазір бұл ауылдардың көбінде мұсылман халқы өкілдерінің үлесі басым. Сондықтан христиан атауларын өзгертуге, еліміздің ономастикалық саясатына сіздер де үлес қосып, діни уағыздарыңызда осы мәселелерді де жамағаттың құлағына жеткізіп отыруларыңыз керек» дедік біз өз сөзімізде.
Конференцияның соңында қатысушыларға Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының басшылығымен дайындалған «Ихсан – рухани тәрбие негізі» жинағы мен ҚМДБ Солтүстік Қазақстандағы өкіл имамы Хамзат Қажымұратұлының «Уақыт және сен» атты кітабы таратылды. Ал конференция материалдары жеке жинақ болып шығарылатыны айтылды.
Петропавл