• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
26 Сәуір, 2014

Алтын сандық

1049 рет
көрсетілді

Халықаралық кітап және авторлық құқықты қорғау күні мен Ұлттық академиялық кітапхананың 10 жылдық мерейтойына орай «Ұлттық ұғымға ұласқан кітапхана» атты ашық есік күні басталды. Онжылдық белесті түрлі басылымдармен, жарияланымдармен бейне, аудиотас­палармен айшықтайтын көрмеден көкейге көп нәрсе тоқисыз. Он бөлім өткен жылдар тағылымынан жыр толғайды. Жоқ іздеген адам да, жол іздеген адам да алдымен осы жерге бас сұғады. «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында қазақ қаламгерлерінің туындылары дәріптеліп жатыр. Осы орайда бас кітапхананы жас санаға ұлттық рухтың дәнін сеуіп отырған бірден бір киелі орын деп бағалаушылар алтын қазынаға айрықша құрмет көрсете білді. Мерекелік жиында жас ақын Бауыржан Қарағызұлы оқыған «Кітапханашының әңгімесі» өлеңіндегі: «Кітапхана – тағдырымның тынысы, Кітапхана – Рухымның мекені. Менің ғазиз «Өмір» деген – жұмысым, Кітаптардың арасында өтеді.   Кітапхана – жүрегімнің жанары, Кітапхана – қасиетім, киелім. Досым, саған қалай айтсам болады, Кітаптарды, кітаптарды сүйемін...   «Әй, шіркін-ай жаңбырдан соң бүр жарған, Ең алғашқы жапырақтай үлбірек – Ақын жаны кітаптарда нұрланған, Өлең болып өзегіме тұнды» – деп оқырман қыз маған сырын ашатын, көздерінен жан әлемі оқылып. Бір кітаппен мауқын әрең басатын, Кітапханада күні бойы отырып...» деп келетін жыр жолдары бірінші кезекке дүние-байлықты емес, кітап пен білімді қойған балғын үндердің бәріне бірдей ортақ ойды жеткізді. «Біз кітаптың сөзін ұғынып оқыған ұрпақтың өкіліміз. Әр шы­ғармада адамның ішкі сыры, се­зімі, күйініші, сүйініші, махаббаты, ақ пен қараның арпалысы, жан жарасы ақтарылып жазылады. Мал бағып өскенімізбен, қолымыздан ешқашан кітап түскен емес. Сүйікті авторларымызды іздеп жүріп оқыдық. Қазіргі технологияның шарықтап дамыған заманында жастардың көп уақытын компьютер жұтып жатқаны қобалжытпай қоймайды. Кейінгі өскелең ұрпақ көркем шығармадағы кейіпкердің көзінен жас тамса, қосыла жылап, күлсе, бірге қуанып, кітаптың, сөздің құдіретін жүрегімен түсініп өссе екен деп армандаймын. Ал он жылда тәуелсіз елдің жаңа тұрпаттағы кітапханасын құрған еңбектеріңіздің жөні өз алдына бөлек әңгіме», – деп лебізімен бөліскен Парламент Сенатының депутаты Жабал Ерғалиевке Ұлттық академиялық кітапхана директорының орынбасары Ғалия Исаханова «Кітапхана жанашыры» төсбелгісін табыстады. Академик, жазушы Ғари­фол­ла Есім: «Кітапсыз ел, кітап­сыз болашақ болмайды. Мен кіш­кентайымнан екі жермен тығыз байланыста өмір сүрдім. Бірі – кітап дүкені де, екіншісі – кітапхана » дей келіп, білімді жеткізуде басты құрал саналатын кітапқа бүгінде жастардың шұғыл бет бұра бастағанын айтты. Ақпараттық технологиялар дамудың шырқау шегіне жеткенде, баспа кітаптарының маңызы бастапқыдан да зорая түсетінін тілге тиек еткен Ғ.Есімге кітап оқуды үздіксіз насихаттаған елеулі еңбегі үшін «Оқуды қолдаған ең үздік қайраткер» сертификаты табыс етілді. Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан кітап­ханашыларды мерейтоймен құттықтауға келген Нәзипа Ыдырысқызына сөз берілді. Қазақтың қазіргі рухани орталығы болып саналатын кітапханаға сандаған тағдырлар бас сұғып, өздерінің ізгілікті мұратын тауып жатқанын баяндаған тілек білдіруші он жылдағы айтулы оқиғаларға тоқталды. Республика кітапханалары қауымдастығының президенті Роза Бердіғалиева ел Президенті Нұрсұлтан На­зарбаевтың мұнда әлемнің ең заманауи технологияларын қолданып, бірінші кезекте АҚШ Конгресі кітапханасының тәжірибесін үлгіге алуды тапсырғанын атап өтті. Түстен кейінгі шараны майталман мамандардың шеберлік сыныптары жалғастырды. Айта кететін болсақ, шешендік өнер зерттеушісі Б.Мұсабековтің сабағын, Челябі мемлекеттік Өнер академиясының оқытушысы Л.Со­кольскаяның дәрісін тыңдаушылар риза­шы­лықпен қабылдады. Жоғары са­палы ақпарат, білім мен мә­де­ниет орталығына айнал­ған бас кітапхана 20 мыңнан ас­там оқыр­манға тұрақты қыз­мет көрсетуімен, әлемнің 52 тілін­де түрлі салалар бойынша 860 мыңнан астам баспа және мультимедиалық кітаптардың бай қорын жинақтауымен озық саналады. Айта кететін тағы бір жағдай, профессордан бастап, мектеп оқушысына дейінгі түрлі деңгейдегі қызметкерлердің ба­сын қосатын рухани қазынаға айшы­лық алыс жерлерден қызығушы­­­лық танытып, қашықтықтан пайдаланушылардың көбеюі жыл өткен сайын артып келеді. Мүмкіндігі шектеулі оқырмандар талабы тасада қалып қоймағаны сүйсінтеді. Олар үшін арнайы қазіргі заманғы озық техникамен жабдықталған зал жұмыс істеп тұр. Бұрындары кітапты үйге алып кетіп оқу үрдісі тәжірибеде аса көп кездеспейтін. Қазір білім қуған, кітап оқимын деген азаматтың жолы ашық. Оқырмандар өтіні­ші бойынша көркем әдебиет абонементі жұмыс істейді. Мұнда қалаған кітабыңызды үйге әкетіп оқуыңызға жағдай туғызылған. Ал барлығын қосқанда, кітапханада 14 оқу залы келушілерге ұдайы қызмет көрсетеді. Электронды каталогқа, әр саладағы қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде локальды және қашықтықтағы толықмәтінді деректер базасына, Ресей Мемлекеттік кітапханасы, Электронды кітапханасы диссертацияларына қолжетімділік үлкен жетістік болып табылады. Мұның қабатында интернет, виртуалды анықтама қызметі, құжаттарды электронды форматта жеткізу сияқты көптеген қызметтер атқарылуда. Америка, Пәкістан, «Кореяға терезе» бұрыштарын, Үнді зерделеу, Ақпараттық даму орталықтарын құруда серіктестер рөлі жоғары бағалануда. 2007 жылдан бері кітапхана базасында қазақстандық Ұлттық электронды кітапхана жасақталуда десек, жобаның идеясы электронды мемлекеттік кітапханалық қордың бірыңғай ұлттық каталогын және Ұлттық электронды кітапхана базасында бірыңғай электронды сақтау орнын құру болып саналады. Мұнда сондай-ақ 16 мыңнан астам сандық толықмәтінді құ­жаттар мен авторефераттардың көшірмелері сақтаулы. Олар­дың ішінде «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында жарық көрген басылымдар, халқымыздың дәстүрі, мәдениеті мен тарихынан сыр шертетін кітаптар бар. ҚазҰЭК порталына жұртшылықтың қызығушылығын жыл сайын бұл порталға 74 елден 120000-нан астам адам кіретін жағдайдан байқау қиын емес. Электронды кітапхананы құруда әсіресе, кітапханалардың, университеттер мен баспалардың белсенділігі өте жоғары. Бірталай жобалар бүгінде халыққа етене таныс. «Бір ел – бір кітап» акциясы, «Қазақстан аймақтық кітапханаларының күндері», «ММУ ғалымдары ша­­қы­рады...», «Көкжиек» халықтық дәрістері, «Жансусар» жас қалам­герлер клубы, ғылыми-таным­дық, әдістемелік «Кітап патша­лы­ғы» журналы, қысқасы олардың әр­­­­қайсысының іші тұнып тұрған та­рих. Ә.Науаи: «Кітап – ақылына ақы сұрамайтын алтын қазына» де­ген екен. Ізгілік рухын себетін кі­тапқа сөзбен соғылған мұндай биік ескерткішке бас имей тұрмайсыз. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан». АСТАНА. –––––––––– Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ.