Жасыл жайлау, ақ шаңқан боз үй, белдеуге байланған тұлпарлар және табиғатпен етене өскен қазақ. Дәл осындай көрініс бейнеленген ашықхаттар кезінде Еуропаны шарлағаны шындық. АҚШ Конгресінің кітапханасынан табылған қазақ халқының өміріне қатысты суреттер легі бізді бейжай қалдырмауға тиіс.
Аталған топтаманың біреуі киіз үй алдына алқа-қотан отырып, суретке түскен қазақтар. Сурет түсіндірмесінде: «Бұл фотосурет ХХ ғасырдың басында Оңтүстік Сібірдің Алтай таулы аймағында фотограф Сергей Иванович Борисов (1859-1935) түсірген түрлі түсті ашықхаттар топтамасының бір бөлігі.
Борисов Симбирскіде (қазіргі Ульяновск) крепостнойлар отбасында дүниеге келген және жастайынан еңбекке жегілген. 1880-жылдардың аяғында Алтай өлкесіндегі Барнаул қаласына қоныс аударып, 1894 жылы фотосурет студиясын ашады. Бұл студия кейінірек қаладағы ең үлкен орталыққа айналады. 1907 жылы Борисов Алтай тауындағы экспедициясын бастады, ол 1911 жылға дейін жалғасты. Осы экспедиция барысында ол 1500-ге жуық фотосурет түсіріп, Барнаулға оралған соң, бейнеэкран арқылы жұртшылыққа көрсетеді.
Фотосуреттер Алтай тауларының шалғай түкпірлеріндегі табиғат көріністерін және осы өлкенің байырғы кейпі мен қазақ халқының тұрмысын бейнелейді. Борисов фотосуреттерді әртүрлі еуропалық баспаларға ашықхаттар жасау үшін ұсынады. Коллекция түрлі түсті ашықхаттардың екі сериясын қамтиды.
Бірінші серияны Стокгольмдегі шведтік Granberg Society баспа компаниясы шығарды, бірақ екінші серияның қай жерде жарияланғаны белгісіз. Ашықхаттар Барнаулдағы Алтай мемлекеттік өлкетану мұражайында сақтаулы, 2000-жылдардың басында «Шекаралар кездесуі» цифрлы кітапхана жобасы үшін цифрландырылған», деп жазылыпты. Аталған кітапханада сақталған бұл сурет түрлі түсті көлемі: 9 x 14 см.