• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Саясат 29 Маусым, 2022

Орталық Азия елдері: қауіпсіздік үшін ынтымақтасу маңызды

923 рет
көрсетілді

«Қазіргі өзгермелі әлемде Орталық Азия елдері қауіпсіздік мәселесін бірінші орынға қою керек», дейді елордаға жиналған сарапшылар. Орта­лық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесуі аясында ұйымдастырылған «Жаңа геосаяси жағдайдағы Орталық Азия ынты­мақтастығы: сын-қатерлер мен келешегі» атты халықаралық конференцияда әлемдік проблемалар сөз болып, Орталық Азия елдерінің су саясаты, қоршаған ортаны қорғау, азық-түлік қауіпсіздігі, ғылыми және мәдени саладағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.

Конференцияға Орталық Азия ел­дерінің президент жанындағы страте­гиялық зерттеулер институттары, сон­дай-ақ өзекті мәселелер бойынша айналысатын аймақ елдерінің сарап­шылары жиналды. Германияның Конрад Аденауэр атындағы қордың Қа­зақ­стандағы өкілдігінің қолдауымен өт­кізілген іс-шараға қатысушылар да­мудың сыртқы және аймақішілік факторларын ерекше атап өтті.

Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымовтың айтуынша, қазір әлемде геосаяси жағдай қарқынды өзгеріп, бұл Орталық Азия елдерінің сыртқы экономикалық байланыстарына тікелей әсер етуде. Осы орайда ол жаһандық проблемаларды шешу үшін бірлесіп шешім қабылдаудың маңыздылығын атап өтті.

«Халықаралық валюта қорының деректеріне сәйкес, Таяу Шығыс пен Орталық Азия елдеріндегі орташа температура 1,5 C өсті. Бұл жаһан­дық өсімнен 0,7 C екі есе жоғары. Ор­талық Азия аумағының 60 пайыздан астамы жауын-шашынсыз құрғақ кли­матқа ие екенін ескере отырып, температураның жоғарылауы судың булануына әкеліп, құрғақшылық қау­пін арттырады. Осыған байланысты экономикалық даму мен қоршаған ортаны сақтау арасындағы теңгерімді ұстап тұрудың шоғырландырылған ше­шім­дері үшін өңірлік платформа құр­ған орынды. Су проблемасы «суды үнем­деуді» Орталық Азия мемлекеттері сая­сатының айқындаушы қағидаты ре­тінде қабылдауы мүмкін. Мұның барлығы байыпты зерделеу қажеттілігін өзектендіре түседі», деді Е.Тұқымов.

Бүгінде Орталық Азия елдері үшін геосаяси және геоэкономикалық сын-қатерлер аса өзекті болып отыр. Сарапшылар халықаралық терроризм қауіп-қатері, көші-қон және азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін кейінге қалдыруға болмайтынын айтады.

«Ауғанстандағы жағдай өте тұрақсыз болып тұр. Ел гуманитарлық апат пен экономикалық коллапс шегінде өмір сүріп жатыр. Шамамен 19,7 миллион адам, халықтың жартысына жуығы аштықтан зардап шегуде. БҰҰ есептеуі бойынша, бұл дағдарыстан шығу үшін шамамен 4,4 миллиард доллар қажет. Ал, сәуір айында Еуропа мен Орталық Азия өңіріндегі инфляцияның орташа көрсеткіші 12%-дан асты. Бұл 2008 жылдан бергі бүкіл кезеңдегі инфляцияның ең жоғары деңгейі. Африка халқының да жағдайы мәз емес. Елді жихад идеясын көксейтін террористік топтар жайлап жатыр. Мәселен, терроризмнен Буркино-Фасода – 732, Сомалиде – 599, Нигерде – 588, Малиде 574 адам қаза тапқан», деді Еркін Тұқымов Ауғанстан мен Африкадағы халықтың жағдайын саралап.

Ал, Қырғызстанның Ұлттық страте­гиялық зерттеулер институтының директоры Рустам Асизбаевтың пікірінше, әлемдегі геосаяси жағдайдың ушығуы болашақта Орталық Азия елдеріне зиянын тигізуі мүмкін. «Бүгінгі таңда Орталық Азия елдерінің ортақ күн тәртібінде бірінші кезекте өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі тұр. Сондай-ақ Орталық Азияның барлық елдері үшін азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері өте өзекті. Оны біз тек бірлескен күш-жігермен ғана ше­ше аламыз. Транзиттік бағыттарды әрта­раптандыру мәселесі де өте өткір. Орталық Азия елдеріне қарсы қайталама санкцияларды енгізу ықтималдылығы экономикалық дағдарысқа әкелуі мү­мкін», деді Р.Асизбаев. Сонымен қатар ол Ауғанстанның мәселесін сөз етті. «Ауғанстанды талибандар басқарғаннан бері халықтың жағдайы нашарлады. АҚШ осы жылы әскерлерін елден шығарып, ондағы проблеманы Орталық Азия елдеріне қалдырып кетті. Олар біздің гуманитарлық көмегімізге мұқтаж. Қырғыз елі мұндай көмекті көрсетіп келді, көрсете береді де», деді сарапшы.

Ал Өзбекстан Республикасы Пре­зи­денті жанындағы Стратегиялық және аймақаралық зерттеулер институты директорының орынбасары Бобур Усманов экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту қажет деп санайды. «Экономи­кала­рымыздың бә­секелестік артықшы­лықтарын, олар­дың бірін-бірі толық­тыруын пай­далана отырып, сонымен қатар эконо­микалық өсімнің драйвері болып табылатын өнеркәсіптік кооперация жобаларын кешенді дамыту қажет. Осы мақсатта біз халықаралық және өңірлік сауда, логистикалық және индустриялық жобаларды дамыту тәжірибесін жалғастыруды ұсынамыз», деді Б.Усманов. Сондай-ақ, Орталық Азия халықаралық институтының директоры Анвар Насиров өзара іс-қимыл аясын кеңейтудің өзектілігін атап өтті. «Ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын, әсіресе экономиканы жеделдетілген цифрландыру және жасыл өсімнің басымдығын ескере отырып ілгерілету өте маңызды. Көлік-коммуникацияның өзара байланысын дамытуға да көңіл бөлу қажет. Біз барлығымыз мұхиттарға тікелей шығу жолының болмауына байланысты қиындықтарды бастан кешіріп отырмыз. Сондықтан кедергілерді алып тастау және өзара жеңілдіктер мен преференциялар беру өте маңызды», деді ол.

БҰҰ Бас хатшысының Орталық Азия бойынша арнайы өкілі, БҰҰ Орталық Азиядағы превентивті дипломатия жөніндегі өңірлік орталығының басшысы Наталья Герман: «Бүгінде әлем барған сайын поляризацияланып келеді және бұл үрдіс Орталық Азия өңірін де айналып өтпеді. Террористік және экстремистік әрекеттің геосаяси мүдделерінен бастап, климаттың өзгеруіне дейінгі сыртқы факторлар әсер етуде. Мұндай жағдайда аймақтық өзара іс-қимыл мен ынтымақтастық Орталық Азия алдында тұрған сын-қатерлерді жеңілдету үшін шешуші мәнге ие», деп атап өтті бейне үндеуінде.

Конференция барысында Орта Азия елдері қауіпсіздікті нығайту мақсатында ынтымақтастықты одан әрі дамытуға уәделесті.