Екінші дүниежүзілік соғыста И.В.Сталин 6 миллион адамнан айырылдық десе, Н.С.Хрущев АҚШ Президенті Дуайт Эйзенхауермен кездескен кезде 12 миллион шығын болды деп көрсетеді. Ал Л.И. Брежнев 1975 жылы Ұлы Жеңісті тойлағанда кеңес халқы 20 миллион адамынан айырылды деген болатын. Соғыстан қайтпаған солдаттар туралы ақпарат 1985 жылғы «бетбұрыс» саясатынан кейін ғана ашық айтыла бастады. 1991 жылғы КСРО Қорғаныс министрлігінің ресми ақпараты бойынша Кеңес Одағы 28 600 мыңдай адамнан айырылған екен. Сұрапыл соғысқа аттанып, сүйегі жат жерде қалған қазақ жауынгерлерінің тағдыры туралы көптеп мысал келтіруге болады. Туған топырақтан жырақ кетіп, із-түзсіз жоғалып кеткен қызыл әскердің бірі – Қасым Аяғанов.
Сол сұрапыл соғыс басталғанда біздің ауылда көп болса 15-20 отбасы болған. Ал тек Ақтастан 58 адам соғысқа аттанған екен. Арасында Еңбек армиясына алынғандар да бар. Санасақ, әр үйден 3-4 адам майданға кеткен екен. Ал 1945 жылдары туған жеріне оралғандары небәрі – 16 адам.
Біздің үйде Аяған атамыздың үлкен ұлы Қасымды жиі еске алатын. Қасым атамыз 1898 жылы не 1902 жылы туған. Ол кісі соғысқа алынғанда артында 80-нен асқан әкесі, кәрі анасы, 9 және 5 жастағы қыздары, жөргектен шықпаған кішкентай ұлы Сәлем қалады.
Сусар тәтемнің айтуы бойынша әкесін суық күзде «Балқай шоқ» пен «Тетен шоқ» арасында арнайы келген әскери «полуторка» көлікке тиеп алып кеткен. «Барлығымыз жылап қала бердік» деуші еді тәтем. Сол «грузовик» ауыл азаматтарын Ақтас – Қарағай – Бұлақ арқылы қалаға әкетеді.
1942 жылы Ленин аудандық әскери комиссариаты арқылы 17 жастағы әкем Ғелман Аяғанов, Шыңғыс Нұрмағамбетов, Батырбай Аяпбергенов үшеуін соғысқа шақыртады. Бірақ Алланың нұры түсті ме, әлде біреу аяды ма, әйтеуір үшеуін де тікелей соғысқа айдамай, Шыңғыс ағамызды әскери қарауылға, әкемді Чита жағына «резервке» жібереді. «Резерв армиясы» дегені Жапон әскеріне қарсы қойған тосқауыл. Ол жақтан әкем 1947 жылдың аяғында демобилизациямен елге қайтып келді.
Әкеміз де, басқа туыстарымыз да Қасым атамызды жиі еске алып, алыста қалды ғой деп отыратын. «Қайтпады ғой, сүйегі қайда қалды екен?!», деп жылап та алатын. Қасым атамыздан хабар болмағанына қарағанда, төте жазуды игергенімен орысшаға шорқақ болған сияқты. Сондықтан болар елге хат жазбаған, не болмаса ауылға майданнан хат жетпеген. Сол ұлы қырғын тұсында атамыз із-түзсіз жоғалды. Соғыстан аман қайтқан туысымыз Мәкен Бейсеновтің айтуынша, жеңіл жарақаттанған Қасымды Сталинград майданында көрген. Ол Мәкенге: «Енді сен елге қайтасың, інілерім Хамитке, қарындастарыма көз қырын салып жүр», деп өтінген екен. Ақыры Қасым атамыз соғыстан қайтпады. «Майданнан аман оралған Мәкен атамыз бауырын еске алып ұзақ жылады» дейтін көзін көргендер.
Мен 1973-1975 жылдары әскер қатарында Украина, Молдавияда болдым. Ол жақта соғыстан қалған траншея, блиндаж, окоптар жиі кездесетін. Сол кезде атамыз осында соғыспады ма екен деген ой маған жиі келетін.
Кейін тарих факультетін тәмамдаған соң, соғыс тақырыбын қайта оқи бастадым. Сосын ағамыз Сәлем екеуміз атамызды іздеп Сталинград, Ленинград әскери госпитальдарында қаза тапқандардың тізімін сұратып хат жаздық. Олар тізімде мұндай фамилия кездеспеді деп жауап беретін. Кейін мен сұратқан Қорғаныс министрлігі ақпаратында бес Аяғанов Касим, Касен деген азаматтардың дерегі шықты. Төртеуінің мүлдем не туған жылы, не туған жері дәл келмеді. Тек біреуінің ғана 1944 жылы «пропал без вести» деп көрсетілген мәліметі ұқсаңқырады. Ал атамызды кездестірген адам Сталинград маңайында көргенін айтады. Сталинград шайқасы 1943 жылы ақпан айында аяқталғаны тағы белгілі.
Содан қайтадан архивтерге хат жолдадым. Маған Қазақстан Президенті архиві қызметкерлері көп көмек көрсетті. Атамызды тұтқындар арасынан да іздедім. Осы арада соғыс туралы біраз кітаптың авторы болып та үлгердім. Оның арасында «Қазақ тұтқыны» деген қызылордалық жауынгер Сүлеймен Бекенов ағамыздың естелігі де болды. Бұлардың арасындағы ең көлемді де сапалысы 2015 жылы шыққан «Абырой мен парыз» монографиясы еді. Мұнда Мемлекет тарихы институты ғалымдары әріптестерімен бірлесе отырып, Қазақстанда жинақталған ірі әскери полк пен дивизияларды, олардың әскери жолдарын көрсеткен болатын.
2008 жылы «Ақтас деген ауыл бар» деген жинақты ел болып дайындаған болатынбыз. Соның 3-тарауы «Ақтас ауылы Ұлы Отан соғысы жылдарында» деп аталады. Біршама дерек ауылдан табылып, жауынгерлер аты ескерткіш тасқа басылды. Ал «Қазақ энциклопедиясы» шығарған «Боздақтар» мен аудан елтанушысы М.П.Ключеровтің кітабында байқағаным соғысқа аттанған жауынгерлердің көбі «пропал без вести» делінеді.
Өкініштісі, Қасым атамыздың суреттері де қалмаған. Тек көргендер атамыздың түрі Сәлем ағамыздың баласы Анарханға келеді десетін. Атамыздың артында Сақан мен Қарбалас атты екі қарындасы қалды. Ол қарындастары «Жаңалық» ауылына тұрмысқа шыққан болатын.
Сонымен 2021 жылдың наурыз айында алынған құжаттарда мынадай анықтама беріледі: «Красноармеец Аляганов Касим пропал без вести, ранен 15.01 1945 г. умер от ран 10.02.1945 г. Извещение отправлено 14.02.45 г. Похоронен Венгрии г. Хатван, военное кладбиище n.10».Бұл анықтамадағы қате бір-ақ әріптен кетіп тұр, «Аяганов» дегеннің орнына «Аляганов» деп жазылған. Қалған мәліметтер – туған жері, әйелінің аты – Бикамал, тіпті «Тунгуюкский» сельсовет дегені бәрі келіп тұр. Шақырылған жері – «Ленинский райвоенкомат». Тек штабтағы біреудің жіберген қатесі – «л» әрпі және 1944 жылы «пропал без вести» дегендері шатастырып тұр.
Бірақ қалай дегенде де, 1945 жылы атамыз Қызыл әскер қатарында Мажарстан жерінде артиллерия полкінде соғысқан. 15 қаңтарда алған жарақатынан 10 ақпанда қайтыс болып, басқа да қызыл әскерлермен бірге «Мадьяр» зиратында жерленген. Жауынгер Қасым Аяғанов осылайша ерлікпен қаза тапқан.
Қасым Аяғанов қараша айында Петропавл қаласынан майданға аттанған. Бірақ ол қаладан шыққан 314-дивизия қатарында болмаған сияқты. Мысалы, сол дивизияда болған Есқали Рамазанов Ленинград түбіндегі майданда қаза табады. Яғни атамыз басқа «әскери бөлімге» түскен деген ой туындайды.
Қасым атамызды жерлестері 1942/1943 жылдары қыста Сталинград түбінде көргенін айтады. Жеңіл жарақатты болған атамызды шиттей үш баласы болса да үйге қайтармай қайта майданға жібереді. Қоршауға түскенімен ол тұтқында болмаған, әйтпесе 1947 жылы оның отбасына жәрдемақы берілмес еді. Әрине, Қызыл әскердің «Личный листогі», не госпитальдағы қағаздары табылса біраз мәселе анықталар еді. Бәлкім болашақта олар да табылар.
Өзекті өртейтіні – бір әріптен кеткен қатеден атамыз туралы деректің жоғалуы және Кеңес өкіметінің соңғы кезге дейін архивтерді жабық ұстауы, елден ақпаратты жасыруы.
Соғыстан аман-есен елге қайтып оралған Әміржан Аманжолов, Әблин Қаратай, Секен Айсин, Мәкен аталарды өз көзімізбен көрдік. Олар майданға осы ауылдан аттанып, аттары ескерткіш тасқа алтын әріппен жазылған. Енді біз сол тасқа қызыл әскер Қасым Аяғановты осы ауылда туып, 1945 жылы Мажарстан жерінде 10 ақпанда көз жұмып, «Мадьяр» зиратына жерленген деп көрсетіп жазғымыз келеді...
Бүркітбай АЯҒАН,
профессор