Жаз шықса болды жолаушылар тасымалына қатысты шағым да көбейеді. Жылда солай. Биыл да өзгерген ештеңе жоқ. Жолаушылар билет бағасы мен қызмет сапасы сәйкес келмейді деп дабыл қағуда. Пойыз билетінің бағасы қымбат, ал вагондар тозып тұр. Ұшақ билетіне екінің бірінің қолы жетпейді. Жеткен күннің өзінде негізсіз кешігу көп. Сарыла күтуге сабыр жетпейді. Қайтпек керек?..
Вагондардың тең жартысы тозып тұр
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметіне сүйенсек, бүгінгі таңда ел аумағы бойынша 130-дан астам жолаушылар пойызы жүреді. Жылжымалы құрам паркінде 2,6 мың жолаушылар вагоны бар. Өкінішке қарай, оның шамамен 46 пайызы тозып тұр. Соңғы 10 жылда 1,1 мыңнан астам жаңа вагон сатып алынған екен. Биыл тағы 73-і қатарға қосылмақ. Соған қарамастан, 900-ден астам вагонның қолданылу мерзімі 30 жылдан асып кеткен. Амал жоқ, сұраныс өскен кезде оларды да пайдалануға тура келеді.
Жолаушылар пойыздарына қатысты шағымның көп екені белгілі. Ведомствоға қарасты Көлік комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қасым Тілеповтің айтуынша, саладағы түйткілді мәселелерді шешу үшін министрлік тиісті шаралар қабылдауда. Бұл ретте еуропалық технологиялар бойынша отандық жолаушылар вагондарының өндірісін ұйымдастыру қолға алынған. Ол үшін швейцариялық «Штадлер» компаниясы тартылып отыр.
Жоба аясында «Тұлпар» вагон жасау зауытының базасында 537 вагон шығару жоспарлануда. Вагондар кемінде 35 пайыздық оқшаулау деңгейімен, еуропалық сапа стандарттарымен және жаңа технологиялар трансфертімен шығарылатын болады.
– Мемлекеттік қолдау тетігін енгізу арқылы тасымалдаушыларды вагондарды жаңартуға ынталандыруға басымдық беріліп отыр. Министрлік вагондарды сатып алуға кредит беру кезінде сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялауға жыл сайын 14 млрд теңге қаражат бөледі. Соңғы 5 жылда осы бағдарлама аясында жеке тасымалдаушылар 85 вагон сатып алып, салаға 3 млрд теңгеден астам қарыз инвестициясын тартты, – дейді Қ.Тілепов.
Жағдайды реттеудің бір тетігі – жолаушылар вагондарының жай-күйіне және сервис деңгейіне қойылатын талаптарды нормативтік тұрғыдан қатайту. Атап айтқанда, министрлік жолаушылар пойыздарында жолаушыларға қызмет көрсету жөніндегі ұлттық стандартты қайта қарады. Жасалған шарттар шеңберінде жолаушыларды тасымалдау ережелерін, стандарттар мен санитарлық нормаларды сақтау бойынша тасымалдаушылардың жауапкершілігі көзделген. Паркті кезең-кезеңімен жаңарту аясында вагондарға қойылатын нормативтік талаптар күшейтілмек.
– Жолаушылармен кері байланыс орнату да маңызды. Сондықтан Көлік комитетінің Ахуалдық орталығының базасында тәулік бойы жолаушылардың өтініштерін қабылдау үшін Whatsapp нөмірі жұмыс істейтінін атап өткім келеді. Уақтылы қарауды бақылауды тікелей Көлік комитетінің басшылығы жүзеге асырады. Осы жылдың өзінде 1 мыңнан астам өтініш қаралды және тиісті ден қою шаралары қабылданды, – деп нақтылады Көлік комитеті төрағасының міндетін атқарушы.
Қ.Тілеповтің пікіріне сүйенсек, жолаушылар пойыздарын бақылауды күшейту де белгілі бір деңгейде оң нәтиже бермек. 2022 жылдың 5 айында аумақтық көліктік бақылау органдарымен 200 жолаушылар пойызы тексерілген. Тексеру нәтижелері бойынша жолаушыларды тасымалдау қағидаларының талаптарын бұзуға қатысты 431 кемшілік анықталған. Билетсіз жолаушыларды тасымалдауға қатысты 33 оқиғаның жолы кесіліпті. 31,2 млн теңге көлемінде айыппұл өндірілген.
– Паркті жаңарту аясында мүмкіндігі шектеулі жандар үшін «кедергісіз орта» қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінеді. Бүгінде 44 бағыттың құрамында 98 бірлік мамандандырылған купе вагондары жүреді. Осылайша, облысаралық бағыттардың 75 пайызы мамандандырылған вагондармен қамтылған. Тасымалдаушылармен жасалған шарттарда 2023 жылдың соңына дейін облысаралық пойыздарды мамандандырылған вагондармен 100 пайыз қамту бойынша шарттар енгізілді. Осылайша, қабылданатын шаралар орта мерзімді перспективада тозуды едәуір азайтуға және темір жол жолаушылар тасымалдарының сапасын арттыруға мүмкіндік береді, – дейді Қ.Тілепов.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ басшысы Жәнібек Тайжановтың хабарлауынша, шілде-тамыз айларында үш жаңа маршрут іске қосылады. Олар: Нұр-Сұлтан – Шымкент, Нұр-Сұлтан – Қостанай, Нұр-Сұлтан – Алматы. Оның ішінде бастапқы екі бағыт бойынша «Тальго» пойызы қатынамақ.
– Бүгінде ел аумағында пойыз қатынайтын 138 бағыт бар. Оның ішінде 104 маршрут бойынша тасымалға біз жауаптымыз. Қалған бағыттарға жеке тасымалдаушы компаниялар жауапты. Елімізде ұлттық тасымалдау компаниясынан бөлек, 9 жеке компания бар. Бүгінде «Қазақстан темір жолына» қарасты 2 215 вагон бар. Оның 1 429-ы бұрынғы стандартты вагон, ал 670-і – «Тальго» вагоны. Пандемиядан кейін ТМД бойынша Қазақстан халықаралық пойыз рейстерін қайта іске қосқан алғашқы ел екенін атап өткім келеді. Бүгінде 11 халықаралық пойыз рейсі бар. Олар Ресейдің Астрахань, Омбы, Самара қаласына қатынайды. Сонымен қатар Өзбекстан мен Қырғызстан астанасы Бішкекке пойыздар қатынап тұр, – деді Ж.Тайжанов.
Оның айтуынша, елімізде пойыз қызметіне қатысты жаңа стандарт енгізілді. Оған тазалықты сақтау, қызмет көрсету кіреді.
– Пойыздарға қатысты бұған дейін болған проблема – билет сатушы делдалдар және билеттерді жаппай сатып алып тапшылықты қолдан жасау мәселесі шешілді. Аталған мәселелерді шешу үшін 2 жыл бұрын «Мобиус» билет сату жүйесі іске қосылған еді. Жаңа жүйе тиімділігін көрсетті. Қазір алыпсатарлық жоқ, – деп сендірді ол.
Ж.Тайжанов компанияда «Күту парағы» жүйесі жұмыс істейтінін алға тартты. Ол не үшін керек? Кейде жолаушылар bilet.railways.kz сайты арқылы тиісті бағытына билет таппай қалады. Осындай кезде жолаушы «Күту парағына тұру» батырмасын басуы керек. Осының нәтижесінде, қажетті маршрут пен пойыздар туралы ақпараттар шығады. Аталған жүйе арқылы вагонның түрі мен нөмірін таңдауға мүмкіндік бар.
Ұшақтардың кешігуіне әсер ететін фактор көп
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Салтанат Томпиеваның айтуынша, бүгінгі таңда ішкі бағыттар бойынша тасымалдау нарығы толығымен қалпына келтірілді. Қазіргі уақытта ішкі тасымалдау нарығында 5 авиакомпания 57 авиамаршрут бойынша аптасына 600-ден астам рейс орындайды. Сондай-ақ 22 авиамаршрут республикалық бюджеттен субсидияланады. Олар әлеуметтік маңызы бар авиамаршруттарды көліктік қолжетімділікпен қамтамасыз ету үшін субсидияланады. Сонымен қатар олар тасымалдаушыларға коммерциялық негізде орындау үшін шығынды болып саналады.
– Халықаралық бағыттар бойынша ұшу географиясын кеңейту жалғасуда. Жалпы, Қазақстан аптасына 465 рейс жиілігімен 106 маршрут бойынша 27 елмен әуе қатынасына ие. Халықаралық әуе қатынасы пандемияға дейінгі деңгеймен салыстырғанда, 24 елмен аптасына 442 рейс жиілігімен 99 маршрут бойынша рейстер орындалған. Осы жылы Италиямен және Грекиямен рейстер ашылды. Авиакомпаниялар Қытайға, Гонконгқа және Малайзияға рейстерді қалпына келтіріп, Пәкістанға ашып, Ресеймен, Германиямен, Сауд Арабиясымен және Өзбекстанмен ұлғайтуды жоспарлап отыр, – деді С.Томпиева.
Осы жылдың алғашқы 5 айында елдегі әуежайлар 6,84 млн жолаушыға қызмет көрсетті. Көрсеткіш 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13 пайызға артық.
– Жүргізілген талдау қорытындысы бойынша, атап айтқанда, ішкі тұрақты рейстерде жолаушылар ағынының айтарлықтай өсуі анықталды. Осыған байланысты ұшу тұрақтылығы көрсеткіштерінің төмендеуі байқалады. Бұл динамика халықаралық статистикамен де расталды. Өткен жылы ұшулардың тұрақтылығы 81 пайызды құрады. Сонымен қатар Еуропалық одақ елдері мен АҚШ көрсеткіштері тиісінше 77 пайызды және 80 пайызды құрайды. Бірінші кезекте министрліктің, авиакомпаниялардың, әуежайлардың және әуе тасымалдарына тартылған басқа да тараптардың негізгі басымдығы жолаушыларды тасымалдау қауіпсіздігі екенін атап өткен жөн, – дейді Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары.
С.Томпиеваның айтуынша, авиатасымал кешенді рәсімдердің жиынтығы болып саналады. Оған тасымалдаушылардан бөлек, әуежайлар, әуе қозғалысын басқару органдары, жолаушылар қатысады. Демек кешігу себептері де әртүрлі болуы мүмкін. Мәселен, әуе кемесінің техникалық ақаулығы, ауа райының күрделі жағдайлары және басқалары. Сол себепті рейстердің кешігуі әуе тасымалында қалыпты құбылыс саналады.
– Авиакомпанияның кінәсінен рейс кідірген жағдайда, қолданыстағы заңнамаға сәйкес тасымалдаушы кідіріс ұзақтығына байланысты тегін негізде екі телефон қоңырауын шалу, салқын сусындар, ыстық тамақ, қонақүйде тұру, сондай-ақ қонақүйге дейін және әуежайға кері қайту көлігін ұсынуға тиіс. Сонымен қатар кешіктірудің әр сағаты үшін тасымалдаушы билет құнының 3 пайызы мөлшерінде айыппұл төлейді. Жоғарыда көрсетілген талаптар орындалмаған не тиісінше дұрыс орындалмаған кезде авиакомпания 200-ден 1000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылады, – деді С.Томпиева.
Соңғы уақытта билеттердің бағасына қатысты сын айтылып жүр. Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары атап өткендей, Қазақстанда халықаралық тәжірибеге сәйкес баға белгілеуді реттеу 2016 жылы күшін жойды. Сондықтан қазіргі уақытта авиакомпаниялар әуе билеттерінің бағасын дербес қалыптастырады. Демек аталған мәселе бойынша авиакомпаниялар ғана жауап бере алады.
– Министрлік жолаушылардың құқықтарын қорғау мақсатында тұрақты жұмыс жүргізуде. Қазіргі уақытта рейсті кешіктіргеніне айыппұл төлемегені үшін әкімшілік жауапкершілікті енгізу мәселесі қарастырылуда. Бұл норма биыл күшіне енеді деп күтілуде, – дейді С.Томпиева.
Ол биыл елімізде 9 әуе кемесін сатып алу жоспарланып отырғанын айтты. Жалпы, жоспарға сәйкес, 2025 жылға дейін 45-тен астам әуе кемесі алынбақ. Мысалы, биыл Air Astana мен FlyArystan компаниясының паркі 2 әуе кемесімен толықты. 27 маусымнан бастап Air Astana және FlyArystan-ның кестесінде жаңа аэробус пайда болды. Сонымен қатар биыл жыл соңына дейін аталған 2 әуе компаниясы тағы 5 әуе кемесін сатып алмақ.
«SCAT» АҚ өкілі Николай Буряковтың айтуынша, белгіленген әуе рейсін кейінге қалдыру – амал қалмаған жағдайда қабылданатын шешім. Әуе компаниялары мүмкіндігінше жолаушыларын діттеген жерге уақтылы жеткізгісі келеді. Алайда кейде әуе рейстерін 8 немесе 12 сағатқа дейін кейінге шегеріп жатады.
– Көбіне рейстерді кешіктіру мен болдырмаудың себебі ауа райының қолайсыздығына байланысты. Тұман, қатты жел, боран, тағы сол сияқты факторлар әсер етеді. Әуе рейсі кейінге шегерілген жағдайда компания жолаушыларға тиісті жағдайды жасауға тиіс. Айтар болсақ, басқа әуе рейстерін немесе басқа қала арқылы ұшып баруды ұсыну секілді. Егер жолаушы толық құнын қайтаруды талап етсе, онда талап 100 пайыз орындалуға тиіс, – дейді Н.Буряков.