Өтеу аға Ұлы Жеңістің иісі енді сезіліп жатқан 1944 жылы 1 мамырда Қызылорда облысындағы Арал ауданының Арал тұз комбинаты елді мекенінде дүниеге келді. Ұл баланың өмір есігін ашқанына қуанбайтын қазақ бар ма! Сол күні қоңыр тірлікпен күн кешіп жатқан қараша ауылдың еңсесі әжептәуір көтеріліп қалды. Соғыстан тағы бір азамат елге аман оралғандай сезінді. Жаңа туған нәрестені ести салысымен бір-бірінен сүйінші сұрап, қауқылдасып, шаршағандарын ұмытып, қолдағы бар шашуларын Ильяш пен Зибираның үйіне ала жүгірді. Бәрі «Ұлыңның бауы берік, ғұмыры ұзақ болсын!» деген тілекпен мәре-сәре болып, шілдеханада бас қосты.
Бұл кез Аралдың да Кеңес Одағында кемері тасып тұрған кемелді шағы еді. Аралдағы балық зауыты теңізден 10-нан астам өнім түрін өндіріп, бүкіл Одақты бағалы азықпен қамтамасыз етіп отырды. Арал теңізінің сыртқы жағалауы да неше түрлі аң-құстарымен қазыналы болатын. Құлан да, жезкиік те, ақбөкен де желе жортқан. Сәуір түсіп, күн жылығаннан теңіз жағалауы қиқуласқан базарлы құспен жарасым табатын. Қазір «Қызыл кітапқа» жазылған аршын төс аққулар, маңмаңгер аққаздар, ақ күмістей қанатты шағалалар, басқа да әр тектес құс төрелері сол уақытта теңізде емін-еркін сайрандап, салтанат құратын.
Сол күні қай жақтан ұшып келе жатқаны белгісіз, дәл Ильяш үйінің төбесінен тыраулай ұшып, топ-тобымен тырналар керуені өтті. Мұны ауылдағы бір қария жақсылыққа жорып, «Мына Ильяштың ұлы Алла қаласа, несібесі ерекше мол әрі қайырымды, беделді азамат болады» деп ырымдады...
Бір жылдан соң көптен күткен Жеңіс те жетті. Соғыстан тұралаған халық еңселерін түсірмей, қоңырқай тірліктерін жалғастырып жатты.
Маңдайдағы тағдыр шығар, Өтеу де әкеден ерте айырылды. Өтеген ағасы, Фатима әпкесі, Омар інісі төртеуі бір ұяның балапанындай анасының қасына топтасып, бір-біріне қамқор болып өсті. Қозы өрістетті, бұзау бақты, балық аулады. Құм сағыз шайнап, сексеуілдің шекер алмасын жеді. Қызыл жыңғылдың көлеңкесінде кесіртке мен ешкіемер ұстап, құм жыланмен де, су жыланмен де ойыншықтай ойнады.Қысқасы, туған жердің табиғатымен тыныстап, тел өсті. Ойнап жүріп, еңбек етті, оқыды. Осылайша орта мектепті бітіріп, оқуға түсуге де талап қылды. Туған ауылдан тұңғыш алыстап ұзап шығуы Павлодар индустриялық институтының инженерлік-механика факультетіне оқуға түскен 1962 жылы болатын.
Бес жыл институтта оқыған жас жігіт енді елге қайта оралып, Арал тұз комбинатында өзі таңдаған мамандығымен қызмет ете алмайтынын, тіпті кейін теңіздің суы тартылып кететінін сезген жоқ еді. Уақыт тегершігі басқаша айналды.
1968 жылы Павлодар индустриялық институтын инженер-механик мамандығы бойынша бітіріп, қолына диплом алған 24 жастағы Өтеу Кенжеев Арқалық қаласына жұмысқа жіберілді.
Міне, сөйтіп Өтеу аға еңбек жолын Арқа төсіндегі Арқалыққа келіп автокөлік пайдалану кәсіпорнында гараж меңгерушісі, одан кейін аға инженер болып бастады. Бір жылдан соң Павлодарда институтта оқып жүргенде көңілі жарасқан Қалимаш Хакімқызымен үйленіп, отау құрды. Бірі техникалық-көлік саласында, екіншісі білім саласында қызмет істеді.
Көп ұзамай 1970 жылы Торғай облысы ашылып, Арқалық аймақ орталығына айналды. Мұндағы жергілікті боксит кенінен алюминий өндіру үшін Павлодарға өңдеуге жіберіліп, өңірде сан салалы шаруалар қанат жайды.
Торғай облысында техникалық-көлік саласының барлық жұмысына Ө.Кенжеев өз қолтаңбасын қалдырды. Қызметін аға инженерліктен бастаған ол автокөлік кәсіпорнында директор, одан әрі Арқалық автобус паркінің меңгерушісі, Жаңадала ауданының «Қазсельхозтехника» басқармасының бастығы тәрізді өзіне жүктелген өзге де жауапты міндеттерді абыроймен атқарды. 1996 жылы Алматыға қоныс аударып, күні бүгінге дейін жеке кәсіпкерлікпен айналысып келеді.
Жақсы ағаның жары Қалимаш та өзіне сай шықты. Ерімен 45 жыл отасқан уақыт ішінде кездескен қуанышпен қатар, қиындықты да қайыспай көтерісті. Соның бір мысалын келтірсек, Өтеу ағаның туған бауыры Өтеген, артынша жеңгесі Күлхан қайтыс болып, ауылда шүпірлеген шүрегейдей төрт баласы жетімдік қамытын киді. Өтеу аға қатты қиналды. Жеңгей жарының қиналысын жақсы түсінді.
– Өзімізге алып келейік, балаларымызбен бірге өсірейік, сен алаң болма, – деді Қалимаш сонда. Бұдан кейін де әпкесінің бес баласын қарауларына алды. Аға мен әпкенің ұрпақтарына ерлі-зайыптылар өздерінің перзенттері Ләззатқа, Арманға, Ерланға көрсеткендей ыстық пейілдерін аямады.Олар да оқыды, жоғары білім алды. Қазір бәрі де балалы-шағалы.
Торғай облысында көп жылдар ұстаз болған Қалимаш жеңгей білім беру саласында жеткен жетістігі үшін «Қазақ КСР-нің білім үздігі» атағына ие болды. Ал Алматыда АХАЖ бөлімін басқарды.
Жаны жайсаң аға, міне кемел жасқа шықты. Жүріс-тұрысы ширақ. Үлкен-кішіге әрдайым мейірім шуағы төгіліп, аузынан «айналайын» сөзі түспейді. Иә, біз де оған шаттық тілейік. Өйткені, ол соған әбден лайық әзіз аға.
Өріс ЯШҮКІРҚЫЗЫ.
АСТАНА.