Қазақстандағы 1937-1938 жылдардағы репрессия тақырыбын жіті зерттеп, мұрағаттық құжаттармен тыңғылықты бірден-бір жұмыс істеген ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі Кеңес Нұрпейісовтің өз аузынан Алаш қайраткерлері үшін «саяси репрессия кезеңі нағыз сын сағатына» айналғанын естіген едім.
Осы оттың ортасынан абыройын сақтап, аман шыққан тұлға – Ахмет Байтұрсынұлы екенін тарихи мұрағаттық құжаттар айғақтайтынын айтқан еді. Бұл жайтты тәптіштеп сұрағанымда, Кеңес Нұрпейісов ағамыз: «Қанқұйлы репрессия тепкісін көрген жандарды кінәлай алмаймын. Ал жеке ісін қарап отырып, қайран қалғаным, Ахмет Байтұрсынұлы ешкімді сатпаған, жауапкершілікті тек өзінің мойнына алған. Ол кезде Ахаң патша түрмесін көріп, өмірдің ащысы мен тұщысын татқан, шыныққан, шыңдалған. Басқалары мұндай мектептен өтіп, шынықпаған еді» – деген болатын. Кейін тура осы ойларын Кеңес Нұрпейісов кезінде «Қазақстан» ұлттық арнасынан шыққан жазушы Жұмабай Шаштайұлының «Үзеңгі жолдас» хабарына берген сұхбатында да айтқан-ды.
Иә, Алаш қайраткерлерінің аңдысын баққан кеңестік билік алаш элитасын өзіне қарсы тұрған ықпалды әрі қауіпті күш ретінде бағалап, ақыры есеп айырысу қажет, оппоненттерін түп-тамырынан шауып тастау керек деп шешеді. 1926-1927 жылдардан бастап репрессиялық шараларды қолға алған олар, 1930 жылғы 4 сәуірдегі ОГПУ (Біріккен Мемлекеттік саяси басқарма) алқасының шешімімен Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы бастаған қырыққа жуық Алаш зиялысын түрлі мерзімге түрмелерге және концлагерьлерге қамап, жер аударады және басқа да жазаларға кеседі.
1932 жылғы 20 сәуірдегі ОГПУ «үштігінің» үкімімен жиырмадан астам Алаш зиялысы бес жылға Ресейдің Воронеж облысына жер аударылды. Ал алашшыл жастың бірқатары ағаларының ақылын тыңдап, Алаш идеологиясынан бас тартатындықтарын ресми түрде мәлімдей отырып, ұлт мүддесін коммунистік партия қатарында жүріп қорғауға тырысты. М.Жұмабаев, М.Әуезов және Ә.Ермеков осы жолды таңдағанмен де ОГПУ-дің тепкісін көрді. Өкінішке қарай, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, Д.Әділов, Ә.Байділдин, А.Юсупов және басқа бірқатар Алаш зиялысы ату жазасына кесілді немесе абақтыда көз жұмды.
1920 жылы Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы және Мұхтар Әуезов коммунистік партия қатарына бекерден-бекер өткен жоқ. Осы уақыттың талмауыр талабын тап басқан Әлихан Бөкейхан қазақ халқын және танылып қалған алашордашыларды аман сақтау үшін «көзге түспеген» жастар тезірек міндетті түрде коммунистік партияға өтуі керек деген ұстанымын білдіреді.
Алаш жұртының қамы үшін айла мен тығырықтан шығар амал іздеген олар оттан да, судан да тайсалмады. Айталық, Алаш идеясын толыққанды жүзеге асыруда большевиктерден жеңіліс тапқанымен, таулары шағылып, тауандары қайта қойған жоқ. Қайта қайраттана, ширыға түсті. Өз елінің тарихын жақсы біліп қана қоймай, туған топырағының сүйемдей жері көрші мемлекеттердің құзырына өтіп кетпес үшін бар білігі мен батылдығын жұмсаған Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермеков және Мұхаметжан Сералиндер қазақ ұлтының бірлігімен қатар, жерінің де тұтастығын сақтап қалды. Кеңес өкіметінің көсемі Ленин бұл ретте бір жағынан әділдікке, бір жағынан саясатқа салып, қазақ зиялыларының ығына жығылды. Нәтижесінде, бұрын Ресейдің құрамына өтіп кеткен жерлер Қазақстанға қайтарылып, тарихи әділеттілік орнады.
Академик Кеңес Нұрпейісов айтқандай, патша өкіметінің отарлау саясатына қарсы революциялық күреске қатысқан ағартушы, ақын, публицист, ғалым-түрколог Ахмет Байтұрсынұлы ерте жазықты болған жанның бірі. Айталық, 1907-1909 жылдары Қарқаралы, Семей түрмелерінде тұтқында болды. 1910 жылы ақпанда Орынборға екі жылға жер аударылған, онда 1912 жылдың аяғына дейін саяси бақылауда өмір сүрген.
Жүрген жерінде Ахмет Байтұрсынұлы патша өкіметіне қарсы насихатпен үздіксіз айналысады, отаршылдық қанауда қалған халықтың санасын оятуға жанын салады.
Онда патшадан: 1) діни сенімге қысым жасауды тоқтату; 2) қазақ тілінде оқыту, интернат, пансионат, жоғары оқу орындары жайлы; 3) қазақ тілінде газет шығару; 4) переселендердің көшіп келуін тоқтатып, жерді қазақтікі деп жариялау; 5) қазақтарды атамекен қоныстарынан көшіруді тоқтату; 6) «Дала ережелерін» өзгерту; 7) болыстық кеңселер мен халықтық соттарды істі қазақша жүргізу, өтініштерді қазақ тілінде қабылдау правосын қалпына келтіру, 8) сот ісін қазақша жүргізу; 9) бастықтар мен урядниктер санын қысқарту; 10) генерал-губернатор билігімен жер аударуды тоқтату; 11) Жоғары үкіметте қазақ депутаттарының болуын талап етеді.
Төңкеріс басып-жаншылған 1907 жылы өкімет Ахаңды Қарқаралы түрмесіне отырғызады. Кейін босатқанымен, бұрыннан ұйымдасқан астыртын топты қатаң бақылауға алған патша итаршылары 1909 жылы Ахмет Байтұрсынұлын, Әлихан Бөкейханды, Міржақып Дулатұлын, тағы да үш жолдасымен бірге Семей түрмесіне қамап, 1910 жылы 21 ақпанда қазақ жерінде тұруға екі жылға тыйым салып, жер аударады. Ахмет Байтұрсынұлы сол жылы Омбыға, 1913 жылы Орынборға келеді.
1919 жылы «Алаш» партиясы басшыларының бірі болған Ахмет Байтұрсынұлы онымен байланысын үзеді. Бұған В.И.Ленин қол қойған амнистия («Алаш» партиясында болғандарға кешірім жасау) мен Ә.Жанкелдиннің тікелей ықпалы да тисе керек. Сөйтіп, ол 1919 жылғы 24 шілдедегі РСФСР Совнаркомының қаулысы бойынша Қазақ өлкелік әскери-революциялық советіне мүше болып кіреді, коммунистік партия қатарына өтіп, қызу еңбек ете бастайды.
Алайда 1929 жылы қамауға алынған қазақ зиялыларының ішінде «рухани көсем» Ахмет Байтұрсынұлы да болды. Өзі Архангельскіге, әйелі Бадрисафа (Александра) мен қызы Шолпан Томскіге жер аударылады. Оған М.Горький Қызыл Крест арқылы көмектесіп, Ахметті 1934 жылы айдаудан босаттырады. Ол әуелі Батыс Сібір өлкесіне, сонан соң Алматыға келеді. Ұзақ уақыт жұмыссыз қалып, әзер деп қызметке орналасқан халық перзенті 1937 жылғы 9 қарашада сталиндік репрессияның қанды пышағына ілігеді.
Бүгінде Алаш қайраткерлерін қуғын-сүргінге ұшыратқан 1937-1938 жылдардың ызғарлы лебi ескен сұрапыл зұлматтың зардабы мен салдары қандайлық болғаны тарихтан белгілі. Яғни тарихи нәубеттiң қазiргi жаңа буын, жас ұрпаққа берер сабағы турасында ойлану қажеттiгі туындайды. Атап айтқанда, сол аға буынның қабырғасын қайыстырып, iргесiн сөгуге қауiп тудырған зауалдың ендiгi уақытта алдын алу, оның әлеуметтiк зардаптарынан арылу жайы тұр. Осы тұрғыда өткен ғасырдың 1937-жылдары бетке ұстар ұлт зиялыларын саяси қуғын-сүргiнге ұшыратқан қоғамның қайшылықты қарекетiн таразылау, тарихи жадыны жаңғырту қажеттілігі туындайды.
Әрине, 1937-жылдары кеңестiк тоталитарлық жүйе жүргiзген солақай саясаттың ауыр зардаптарын арқалаған азаматтар мен сол жылда құрбан болған Алаш зиялыларымен қатар, бiр ғана репрессия салдарынан қазаға ұшыраған қазақстандықтардың жалпы саны 25 мың адамнан асып жығылады. Сонымен қатар ұжымдастырудың сұмдық салдарынан 1,5 миллионға жуық қазақ көз жұмды. 1930-1932 жылдары 1,5 миллион қазақ КСРО-дан шетелдерге біржола көшiп кеттi.
1930 жылы Республикада 5 миллион 873 мың адам тұратын – бұл осында көшiрiлгендердiң жалпы санымен бiрдей делiк. 1933 жылға қарай халықтың саны 2 миллион 493 мың адам ғана болды. Ал 1937-1938 жылдардағы қуғын-сүргiннен бастап Сталин дүниеден өткенге дейiнгi аралықта Қазақстанда 103 мың адам саяси айып тағылу арқылы сотталса, оның жоғарыда айтып кеткендей 4/1 «ОГПУ – НКВД үштiктерi» үкiмiмен, сот үкiмiмен атылған». Осы отызыншы жылдардың жуан ортасындағы Алаш зиялылары итжеккенге айдалып, атылмас бұрын қандай қоғамдық-саяси және психологиялық қыспаққа ұшырағандығына нақты тарихи құжаттармен таныса отырып, көз жеткізуге болады.
Осы ретте азалы тарихымызға бас ие отырып, құрбан болған аяулы азаматтар рухына тағзым етiп, өткенiмiзге сауап, өткенiмiзге салауат айту парызымыз дегенiмен, дәл мұндай жағдайлардағы шетелдердiң озық тәжiрибесiнен үлгi алу қажеттiгi туындайды.
Айталық, сол кездегi кеңестiк жүйенiң ықпалында болған Моңғолия мемлекетi кеңестiк репрессияның артынша-ақ оны өз елдерiнде қайталаған болатын. Кейiннен Моңғолия басшылығы бұл солақай саясаты үшiн халқынан кешiрiм сұрап, құрбан болғандар мен азап шеккендердiң ұрпақтарына өтемақы төледi. Бұл жайт турасында оның куәгерлерi – бүгiнде сол жақтан атажұртқа қоныс аударған ағайынның айтары баршылық. Осы сынды азалы тарихымыздың қасіреттi беттерiн парақтағанда әлi алда атқарар iстердің көп екенiне көз жетедi.
Енді осы отызыншы жылдардың бел ортасындағы Алаш зиялылары итжеккенге айдалып, атылмас бұрын қандай қоғамдық-саяси және психологиялық қыспаққа ұшырағанына нақты тарихи құжаттармен таныса отырып, көз жіберіп көрсек. Өйткені дәл сол уақытта қалыптасқан саяси ахуалдың зілмауыр салмағы тек Алаш элитасын ғана емес, тұтастай қазақ ұлтын жаныштады.
Әрине, бүгін біз сол кездегі замананың ығымен кезінде алашшыл азаматтарға қара күйе жаққан адамдарды айыптай алмаймыз. Оның әлі әділ бағасын беретін уақытты төрешілікке қалдырамыз. Дегенмен құжаттың аты құжат. Әсіресе қазақ тарихында өзіндік орны ғана емес, тағылымы зор саналатын Алаш қозғалысына, оның қайраткерлеріне қатысты мәселелердің күнгейі мен көлеңкесінің барлық қырын қамтитын құжаттарды рухани айналымға шығару міндетіміз.
Жалпы, кезінде биік мінбелерде сөйленген немесе мерзімді басылым беттерінде жарық көрген негізсіз сындарды авторлары өз еріктерімен айтты ма, әлде әлдебіреулердің нұсқауы немесе қысымы арқылы жүзеге асырды ма дегенге сол құжаттардың өздері жауап беріп тұрғандай. Бұл жағын, яғни мәселенің ақ-қарасын таразылауды зерделі оқырманның өзіне қалдырдық. Ал коммунистердің қызыл қырғын мен азапты сүргінді қалайша қаныпезерлікпен жүргізуге деген шамадан тыс белсенділіктеріне құжаттар айғақ болары анық.
Сонымен тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл адамзатқа ауыр қасірет алып келген жиырмасыншы ғасырдың басында ұлттық идея өзінің рухани және әлеуметтік эволюциясының барысында «Алаш» идеясы түрінде көрінді.
Сөз басында айтқандай, тарих ғылымының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі Кеңес Нұрпейісов айтқандай, Ахмет Байтұрсынұлы ұлт ұстазы, ағартушы, ақын, публицист, ғалым-түрколог қана емес, ең алдымен, өз ұлтының адал ұлы бола білді.
Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
философия ғылымдарының кандидаты