• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 07 Шілде, 2022

Сауда рәсімдерін жеңілдететін портал

120 рет
көрсетілді

Қазақстанда бизнес үшін сауда рәсімдерін жеңілдететін tradeinfo.kz ақпарат порталы жұмысын бастады. Жаңа онлайн-платформа трансшекаралық сауда рәсімдері туралы ақпаратты ұсынып, оны бизнес үшін қолжетімді етеді.

Ready4Trade-Орталық Азия жобасы Қазақстанның сауда порталын іске қосты. Оны Еуропалық одақ (ЕО) қаржыландырып, Ха­лық­­аралық сауда орталығы (ХСО) іске асырады. Портал бар­лық импорттық, экспорттық және транзиттік шарттылықты, қажетті құжаттарды, нысандар мен рәсім­дер­ді егжей-тегжей сипаттайды. Қазір порталда 50-ден астам тауар­ға арналған рәсімдер сипатталған.

Қазақстанда платформа­ны­ Сауда және интеграция ми­нис­тр­лігімен ынтымақтастықта «QazTrade» сау­да саясатын дамыту ор­талығы» АҚ әзірледі.

Порталды іске қосуға Қазақ­стан Республикасы Премьер-Ми­нистрінің орынбасары – Қар­жы министрі Ерұлан Жамау­баев, Еуропалық одақтың Қазақстан Республикасындағы Ел­шісі Е.П.Кестутис Янкаускас, «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ бас директоры Азамат Асқар­ұлы қатысты.

Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев жобаны дайындау мен іске асыруға қосқан үлесі үшін ЕО пен ХСО-ға алғысын білдіріп, сауда порталы Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азия өңі­рін­де тұрақты және жан-жақты эко­но­микалық дамуға ықпал ететініне сенім білдірді.

«Енді Қазақстанның сыртқы экономикалық қызметіне қатысу­шылар импортта, экспортта және транзитте қолданылатын қа­ғидалар мен рәсімдерге қол жет­кізе алады. Біз үшін Сауда порталы отандық бизнестен кері бай­ланыс алу құралына айналады. Осы бағыттағы жұмыс бизнес қауымдастықтармен және уәкілетті органдармен белсенді түрде пысықталатын болады», деді вице-премьер.

Өз кезегінде ЕО-ның Қазақстан Республикасындағы Елшісі Кестутис Янкаускас мырза порталды әзірлеуге қатысқан барлық тараптарға, әсіресе Сауда және интеграция министрлігі мен QazTrade компаниясына алғысын білдірді. Ол сондай-ақ сауда порталы мен­ сауда рәсімдерін жеңілдету жө­ніндегі бастамалардың бүгінгі жаһандық сын-қатерлерге нақ­ты жауап екенін атап өтті. Қоры­тын­дылай келе, Елші ЕО-ның Қазақстанмен және оның барлық қатысушыларымен бірге тұрақты экономикалық дамуға жәрдемдесу және даму саласындағы барлық басқа мақсаттарға қол жеткізу ісіне бейілділігі туралы мәлімдеді.

«QazTrade» АҚ бас директоры Азамат Асқарұлы порталды іске қосу арқылы кәсіпкерлердің барлық нысандар мен құжаттарды қоса алғанда, импорт пен экспортта қолданылатын қағидалар мен рәсімдер бойынша толық және нақты ақпаратқа қол жеткізе алатынын атап өтті.

«2020 жылдың тамыз айынан бастап QazTrade – Ready4Trade-Орталық Азия жобасының инсти­ту­ционалдық серіктесі. Теңіз кө­лі­гімен тасымалдауды ұлғайтуға қызығушылықты арттырудың және Каспий теңізіндегі порттардың әлеуетін кеңейтудің өзектілігін ескере отырып, алғаш рет теңіз порттарының импорттық және экспорттық операцияларының бизнес-процестерін кезең-кезеңі­мен құжаттау жүргізілді. Мен сау­да порталы барлық сауда рәсім­де­рі бойынша гид болатынына сенімдімін», деп түйіндеді QazTrade бас директоры Азамат Асқарұлы.

Қазақстанның сауда порталы – Халықаралық сауда орталығы іске асыратын және Еуропалық одақ қар­жыландыратын Ready4Trade Central Asia жобасының құрамдас бөліктерінің бірі. Осыған ұқсас порталдар әлемнің 30 елінде іске асырылған. Орталық Азияда ұқсас порталдар Тәжікстан мен Қырғызстанда бар. Сауда порталдарын іске қосуды Өзбекстан мен Түрікменстан жоспарлап отыр.

Сауда порталы – бұл бақылау органдарының коммерциялық шарттылық туралы ақпаратын шоғырландыратын бизнестің анықтамалық құралы ғана емес, сонымен қатар сауда процедураларын жеңілдетудің бірқатар артықшылығын ұсынады. Атап айтқанда, портал бизнесмендер тап болатын коммерциялық шарттылықтың күрделілігін анықтауға және мөлшерлеуге, артық және қажетсіз кідіртулер тудыратын рәсімдер мен талаптарды айқындауға, трансшекаралық операцияларды оңтайландыру және қысқарту бойынша мақсаттарды белгілеуге және сауда рәсімдерін жетілдіруге бағытталған бизнес үшін реформалардың әсер ету тиімділігін өлшеуге мүмкіндік береді.