Соңғы жылдарда бала тәрбиелеу ісі қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызып отыр. Тастанды балалар, білім мекемелеріндегі әлімжеттік, өз-өзіне қол жұмсау, ажырасқан отбасылар көрсеткіші мемлекеттік тұрғыда бақылауға алатын келелі мәселеге айналып барады. Осы орайда мамандар тұрмыс тауқыметін тартып, ата-ана мейрімінен зәрулік көріп, тағдыр тәлкегіне ұшыраған балалардың өмірі қоғамға сын ғана емес, елдің болашағына төніп тұрған үлкен қауіп екенін алға тартады.
Мамандар өтпелі кезеңде тегін кеңес беру орталықтарын көптеп ашып, отбасы берекесін сақтау мен бала тәрбиесіне жіті көңіл бөлу керектігін айтады. Бұл істе әсіресе, ата-ана жауапкершілігі мен тәрбиесін де қаперде ұстау қажет. Жақында тәрбие мәселесін көтерген алқалы жиында мамандар осы мәселеге ерекше назар аударуға шақырды.
Халықаралық психологиялық ғылымдар академиясының мүшесі, Қазақстан психологтер одағының сарапшысы, психолог-маман Нұргүл Молдабайқызы «Балаға қарау, яғни баланы бағып-қағуды оның болашағына қараумен шатастырып жүрміз. Ата-ананың ойынша, балаға қарамай-ақ оның болашағына болжам жасау арқылы мұқтаждығының бәрін сұраусыз бере беру баланың сезімталдығы мен бас көтерер адамдығынан айырады. Оның өз жетесі арқылы ойлап, ар-ожданы мен жүрек қалауы арқылы тіршілік етуіне кедергі келтіреді. Баланы бағып-қағу әуелі оның өзіңізге тиесілі екенін, екінші жағынан өз алдына бөлек әлем, жаратқанның пендесі екенін мойындау арқылы жүзеге асқаны дұрыс», дейді. Психолог атап өткендей, бала әйтеуір бала тусам болды деген талпысының көрінісі ғана болмауы керек. «Бала – адам, тірі жан иесі. Ол өз тірлігін, өз тіршілігіне деген құқығының бастауын ата-анасынан алады. Сондықтан бала өсірудің алғышарты, іргетасы – оның әкесі мен анасының табиғатына, тірлігіне, тіршілігіне деген құрметтен басталады. Яғни адам өзін рухани жан иесі ретінде сезінуі өте маңызды». Ал біздің қоғамда толыққанда тұлға болып қалыптасуда жетіспейтін басты мәселе – жан руханияты.
Нұргүл Молдабайқызы бала тәрбиесіне қатысты мазмұнды дүниелерді «Өзге бұлақ: балаға қараудың экзистенциялық негіздері» атты студенттер мен педагогика саласы мамандарына арналған еңбегінде де тереңнен талдау жасап, балаға құрмет көрсету, оның бойындағы құндылықтарды бағалай отырып, денінің саулығына, ойы мен жан-дүниесіне барынша үңілу арқылы отбасынан, қоғамнан жырақта өмір сүруіне мүмкіндік бермеу қағидаттарына ерекше мән береді. Сонымен қатар әсіресе, ұлттық ойындардың бала тәрбиесіндегі мазмұнын аша түседі. Бұдан өзге еңбектерінде де психолог маман баламен жұмыс істеудің көптеген амал-тәсілдеріне жүгініп, баланың толыққанды тұлға болып қалыптасуының негіздерін ғылыми әрі тәжірибе тұрғысынан талдап көрсетеді.
Нұргүл Молдабайқызының еліміздегі сот жүйесінің зорлық-зомбылық мәселелерімен, қылмыскерлердің психологиясымен оншақты жылдай айналысқан маман ретіндегі еңбектерінің мазмұны тәрбие саласындағы құндылықтардың ерекшеліктерін айшықтай түседі. Осы орайда психолог маман қазаққа өзінің төл психологиясы қажеттігін айтады.
Ұлын батырындай тәрбиелеп, қызын қанатындай үкілеп өсірген халықтың бойында ұлттық педагогиканың бай мұрасы жатыр. Осы орайда халықтың тұрмыс-тіршілігімен бірге жасасып келе жатқан осынау рухани бай мұраны заманауи құндылықтармен байланыстыра отырып бала тәрбиесінде пайдаланудың мазмұны тереңде жатқанына мән беру қажет. Психолог атап өткендей, адамның сүйген перзенті адамның билік жүргізіп, өзіндік маңызын дәлелдеу үшін берілген меншігі емес. Тапқан баласын сыртқа теппеу, бауырына басып, аса жауапкершілікпен қарау ата-ананың міндеті. Бала өз алдына бөлек әлем, ол бар болмысымен қабылдағанды қалайды. Қорғауға, аялап, мәпелеуге мұқтаж қоғамның кішкентай мүшесінің болашағы ата-ана ғана емес, мемлекеттің көзінің қарашығындай сақтап, жауапкершікпен қарайтын басты міндеті.
АЛМАТЫ