«Дәріхана аяқтың астында» дейді ауласына бітік өскен түрлі шөптерді алақанымен аялай көрсеткен Сәуле Акульджан. Ол қызы Зарина екеуі Катонқарағайда туризм саласын дамытуды қолға алған. Жылына жүздеген туристі қабылдап, Алтайдың тұмса табиғатын аралатады. Жанға қуат, ем болатын шөп шайларын, түрлі бал өнімдерін ұсынады.
Ауылда тұрып кәсіптің көзін тапқан бұл отбасының туризм саласында атқарып отырған жұмыстары баршылық. Алыс-жақын шетелдерден, елімізден келген туристерді күтіп алып, Рахман көліне, Қаракөлге, Мұзтауға, Ирек соқпағымен Марқакөлге апарып келеді. Кәсіп болған соң да, әр бағыттың бағасы бар, шарты бар. Катонқарағайдан арнайы үй сатып алып, ерекше стильдегі қонақүй ретінде жасап, жасақтап қойған. Ала жаздай туристер легі бір үзілмейді.
– Адам табиғатпен біте қайнаса өмір сүруі керек. Айтпағым, катонқарағайлықтарға дәріхана керек емес. Химикаттан гөрі емдік шөптерді пайдалансақ деймін. Емдік шөп тауда ғана емес, аяқтың астында да жатыр. Өзіміз шайды жергілікті шөптен тұндырамыз. Мысалы, мынау грей, – деп ауланың бұрыш-бұрышында өсетін сидаңдау арам шөпті көрсетті Сәуле Акульджан. – Соғыс жылдары Ленинградта грей шөбінің тұтқырлау біткен ұзын тамырын кептіріп, ұн жасаған. Содан нан пісірген. Оны тұтынған адамдар мүлдем ауырмаған, – дейді.
Ұн демекші, қазіргі ақ нан әбден сұрыпталған ұннан пісіріледі. Яғни құрамында дәрумен аз. Сәуле Акульджанның айтуынша, қора-қопсының маңында қаулап өсетін гүлтәжі (амарант) өсімдігінің ұны да әлдеқайда пайдалы. Пайдалы ғана емес, дәмі де тіл үйіреді. Байқасақ, жер талғамайтын, күтімді қажет етпейтін арам шөптің бойы тұнған энергия. Иә, арам шөптерге күтім керек емес, суармайсың, түптемейсің. Жұлып тастап жатқаныңызбен құрымайды, қурамайды. Сонысымен де емге бай шығар. Мысалы, қанша отасаңыз да таусылып бітпейтін көкпек (лебеда) шөбі мың да бір ауруға ем екен. Ағзаны тазалайды, дене қызуын қалыпқа келтіреді, буынның сырқырағанын басады, тағысын тағы. Тек ғана әзірленуін, пайдалануын білсеңіз болды. «Шөп білгенге ем, білмегенге у» деуші ме еді, қалай дегенмен де, шөптің өзін емдік мақсатта біліп барып пайдаланбасаңыз, зиянды болуы да мүмкін. Ал кәдімгі бақбақты Францияда салат жасау үшін арнайы өсіреді.
Айтқандай, Сәуле Акульджан мен қызы Зарина Мастикбаева турист ретінде Франция, Индонезия, Италия, Германия сынды Еуропа елдерін көп аралаған. Үндістанға да жиі барады. Демек, Катонқарағай мен шетелді салыстыра сөйлеуге құқылы.
– Табиғатымыз шетелдерден артық болмаса, кем емес. Инфрақұрылым дамыса, солармен тереземіз теңеседі. Ол үшін әрбіреуіміз үлес қосуымыз керек. Үлес қосу дегенде, бәрі тегіс заманауи қонақүй көтеріп қойсын деп отырғаным жоқ. Қыл аяғы жергілікті тұрғындар табиғатқа қоқыс тастамаса, соның өзі үлкен үлес еді. Біз өз жерімізде өзімізді қожайын сезінуіміз керек. Сол жағы кемшін. Дамыған елдерде қоқыс тастағанды қойып, түкіре алмайсың. Себебі жергілікті ел өте мәдениетті. Жуықта Щвейцариядан келген туристерді Марқакөлдің Ұранхай ауылына апардым. Өкінішке қарай, көрінген жер қоқыс. Полиция қызметкерлері де құрмет көрсетсе деймін. Білеміз, заң ортақ. Өткенде шетелдік қонақтарға болмашы ереже бұзғандары үшін қомақты айыппұл салып жібергенін көрдім. Ал Үндістанға бара қалсаңыз, сақшылары патшаны қарсы алғандай құшақ жаяды, – дейді Зарина Мастикбаева.
Сонымен қатар, облыс орталығынан алыс жатқан соң да туризмнің жайбасарлана дамып келе жатқандығын сөз етті. Жолдың нашарлығы да қонақтардың көңіл күйіне әсер етеді. Айтуынша, Еуропада туристер жүздеген шақырымды басып өтпейді. Бәрі жинақы орналасқан. Оның үстіне, жарты сағат сайын күре жолдың бойынан демалыс орындары шығады.
– Ең бірінші, қоқыс шашуды доғарайық. Жайқалып тұрған табиғатқа қоқыс тастап кететіндер – ой-өрісі тар, мәдениеттен жұрдай азаматтар деп ойлаймын. Содан кейін қоқысты сұрыптауды үйренейік. Менің ойымша, кәсіпкерлер бірлесіп, халық демалады-ау деген орындарға контейнер қойып, уақтылы қоқыстарды жинап отырса дұрыс болар еді. Бұл – өте үлкен мәселе. Өзім тұрмыстық қалдықтарды сарайда жинап отырмын. Ауылдың өр жағындағы қоқысқа апарып тастағым келмейді, – дейді табиғат жанашыры Зарина Мастикбаева.
Табиғи өнім тұтынып, денсаулыққа зор мән беретін бұл отбасының жұмысы, қорыта айтсақ, жаңа шайқалған балға түрлі дәрумен өсімдіктер қосып, құрамын күшейтеді, Алтайға келген меймандарды қарсы алып, тау-тасты аралатады. Ал бүгін-ертеңгі армандары сол, қоқысты сұрыптап, оны өңдеу. Айтуларынша, Щвейцария мен Францияда әр үй қоқысты үйінде сұрыптайды екен. Сұрыптағаны үшін мемлекет ақша төлейтін көрінеді. Полиэтилен мен пакет мүлдем пайдаланбайды. Ал пластикті қалдықтарды толықтай өңдеп отырады. Ендеше, жарты әлемге белгілі Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағы да ластанбауға тиіс. Қоқыс өңдеу зауыты салынған жағдайда, ақша табуды көздейтін емес, әлеуметтік жоба болса дұрыс деген ойларын білдірді.
Шығыс Қазақстан облысы,
Катонқарағай ауданы