• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Әдебиет 10 Шілде, 2022

Құм тағдыры

372 рет
көрсетілді

Қазақ прозасында айшықты қолтаңбасын қалдырған көрнекті жазушы Дүкенбай Досжанның «Жолбарыстың сүрлеуі» атты хикаяты бар. Бас-аяғы жинақы, шымыр жазылған шығармадағы бас кейіпкер – Аяпберді қарапайым қойшы болса да өз-өзінің жан сарайына үңіліп жүретін философ.

Жан-жағынан құм саулаған Қызылқұмның қиян түкпірінде атакәсіптің жолын қуған бозбала шаруасына шегедей мығым. Үйлі-баранды, күні еңкейген кәрі шешесі, қолды-аяққа тұрмайтын келіншегі, қос бүлдіршіні бар. «Ой­лайтыны: маңдайына жазған тағдыры – қысы-жазы төбеде шыжғырған аптап күн, ысқырған аңызақ жел, сары сағым, ит байласа тұрғысыз Қызылқұмның қиян түкпірі деп. Ұжымның азынаған ашқарақ қойы тағы. Биыл ерте көктемнен құм ішіне жылы жаң­быр ел-сел жауып, айдаһар – жел ішін тартып, бетінен боздағы шыққан өлке түлеп шыға келгені. Кәрі шеше соңғы отыз жылда құм төсіне құдайдың рахымы жауғаны деп жеті нан пісіріп, күңіреніп құран оқыды. Ерте тойынған мал жедел күзекке түсті, үйіп төл төкті. Әшейінде қусаң құмалақ түспей­тін қатпа саулықтар биыл егізден қозы маңыратты. Тізбенің соңында сүметіліп жүретін Аяпберді аяқ астынан «озат», «Аякең» ата­лып, ба­лағын шұбалтып мін­беге өрме­леді… тәжірибесін терме­леді…»

Оқиға осылай басталады. Ұжым атқамінері, өзге белсенді­лер кеу-кеулеп Аяпбердіні шипажай­ға жөнелту қамында шала шабы­лып жүр. Дай-дай көтерме сөздің аяғы мұны Мәскеу түбіндегі қалың жыныс тоғай арасына қоныс тепкен демалыс орнына сүйреп әкелді. Аяпбердінің ойы өзгеде. Тағдыры құммен құмша сусыған кейіпкердің жүрегі ойнамалы, көңілі алай-дүлей. Үй іргесіне көрпесін қымтап саулап кеп қал­ған құмға баспанасы көміліп қал­мақшы ма?.. Күнұзаққа қолды-аяққа тұрмай, үйдің былыққан шаруа­сында тыпырлаған келін­шегінің мойнына бар салмақты үйіп сап, шипажайдың ақ сейсепті төсегінде аяқты көсіп салып шіре­ніп жатпақшы ма… Анасы, екі баласының тағдыры не болады деген сан сауал кейіпкерді жегідей жейді. Аяпберді алыс­тағы Мәскеуге жол тартады. Көмек­шілікке Таубай, Әбутәліп есімді екі бозбала жегіледі. Кейіпкеріміз іштей жүз толғанады: «Ел шетінде отырса бір жөн, Қызылқұмның бөрі жортып, мәлін шулаған, желі азынаған қиян түкпірінде жан сақтаудың өзі қиямет-қайым» деп уайымдайды… түңіледі… күңіренеді… Шипажайдың ақ төсегі жамбасына тастай батады, ішкені ірің, жегені желім.

Құмды өңірде өмірге келген қаламгер бала жасынан шөл азабын сезініп, тұшынып өскен. Сол себепті құмның сек­сеуі­ліне, жантағына дейін тіл бітіріп қозы­дай жамыратып шы­ғарма желісіне көгендейді. Құм ішін­де көрпесі ашылмаған құпия қаншама. Қа­зақ құмды кие тұтады, «құмдай көп болайық, бір-бірімізге сеп бо­лайық» дейді. Көкірегі көмбе Аяп­берді құдайдың құтты күні шегелеп келеді: «Бұйраттың балапан сексеуіліне тимеңдер, қызылдың құмы ішкері суси түссе, қарап қалады, қыстауды басып қалады», деуші еді».

Айтқаны келіп, жағадағы тотияйындай селдір тоғайды жұтып, үй іргесін кеміріп құлатуға айналды. Айтқан ауыз жаман. «Әуелі қораның іргесін басты, ойпаттың шұрайлы жерін жалмап жұтты, қолтықтағы қойшы құжырасына айдаһарша ысқырып, жер бауырлап төне түсті. Қомағай, тойым­сыз, жұтқаны жұмырына жұқ болмай, құйрығымен жер сабалап ын­дыны кепкен құм-жыланға Аяпберді күн сайын күрегімен беттесуге шығады. Құм-жыланы әккі, түнемесі жылжиды». Осы апатты көре отырып, біле тұрып ауыл әкімі дәрменсіз. Сынап секілді сырғанап, сырғақтап, жауырды жаба тоқиды, басшыға қосшы тағдыры керзі етік ауыстырғанмен пара-пар. Төрт аяқты малдың амандығын ғана сұрайды. Құм-жыланмен алысып, шалысқан Аяпберді тірсегі тірсегіне тоғысып титықтайды. Дүниеден баз кешіп кеткісі келеді. Ақыл сұрап алыс­тағы ғұламаға хат жазып әуре. Маңайы – таскерең мылқау…

Көз ашқалы түкпірдегі ауылдан ұзап шықпаған Аяпберді үлкен қалада құмырсқадай құжынаған нөпір жұрттан жүрегі лоблып, басы айналады. Аман-есен шипажайға жетіп, жан шақырып, қалың ойға беріледі. Жазған басы: «Бұйраттың пұшпағын жүлгелеп өтетін жолба­рыс сүрлеуіне малды да, жанды да жолатпай түнемесі сақ жатыңдар» деуді жүрерінде тарс ұмытыпты. Жон арқасынан суық тер құйылып, жүрегі май ішкендей кілкиді. Сұмдығы соңынан ашылады.

Ілкі заманнан бұйрат пұш­пағындағы кісі аяғы баспаған сек­сеуілі, жыңғылы дарияның сағасына тірелетін. Ғасыр басында құм, жың­ғыл, қамысы қоян-қолтық жап­тасқан тоғай ішінде жолба­рыс жортқан деседі. Өткен ға­сыр аяғында Ақмешітті алған әскер­басы Черняев әлденеше дүр­­кін осы маңнан жолбарыс аулай шық­қанын жазушы ағамыз тәп­тіш­теп жазған. Сымтемір сүр­­гі­мен отаған сексеуіл мүлде си­ре­ді, жыңғылды өрт шалды, нар­қа­мыс қарттың шашындай сиреп жоғал­ды. Азынаған жел мен ойдым-ойдым айтақыр қалды. Жел үп етсе, күл суырғандай көзді тұтады.

Бір заманда найқала аққан дария жағасында жолбарыс бол­ған деген аңыз кешегі күнге де­йін айтыла­тын. Ел ішіндегі ескі сөз ұмытыла қоймаған. Бабасы жол­барыс аулап жан бағыпты. Нарқоспақтың белінен жолба­­рыс ырғып өтсе, түйе белін көтере ал­май қалады екен. Жолбарыс жорт­қан көне сораптағы қауіп ке­йіп­кердің жүрегін тіліп өтеді, уа­йым­ шегеді. Ел шетінде жүргенде кие­лі аңды көзі шалып қалғандай еді. Малдың жайын малдан артық се­зетін Аяпберді жаз шыға азығын сайлап, бөктергіге жұмырын байлап, ашқарақ мазасызды алыс­қа айдап жоғалады. Далаға түнеп, бұйраттың етегіне аяқ созады. Сүті қайтып, үрпісі қатып тойын­ған саулықты күн көтеріле қыстау­ға айдаймын ғой деп бекінген түні… «Түн емес-ау, апақ-сапақ кешқұрым, көкжиек қызылы әлі жуыла қоймаған кез… Жолбарыс сүрлеуі аталып кеткен еспе құмның күнес беткейінен созалаңдап бара жатқан әлденені шалып қалды. Саулық дүр етіп үрікті. Бұрын «көкжал көрсе қаймықпай қарсы шабады», деп дүрдиткен төрткөз төбеті құйрығын бұтына қысып қыңсыласын, жер бауырлап жата кетсін…».

Әлгі оқиғадан кейін піскен бауырдай тілініп жатқан құм ішіне аттап баспауға бекінген. Көргенін ешкімге тіс жарып айтпаған. Жүрер алдында осы қауіпті зайыбына ескертіп кетпегенім-ай деп бармағын тістейді.

Ауыр бейнеттің кезегінде қал­ған жас келіншектің басыннан өткен азапты жазушы көркем бояу, көрікті тілмен майын тамызып суреттейді. Келіншектің әрі нәзік, әрі сезімтал, әрі бейкүнә жан сарайын аралай­сыз. Сыпайы, қазақы, жан жылулы, құштарлығы отша шарпыған әйел басына төнген қатерді тағдыр деп қабылдайды. Көмекшіге сенбей отарға өзі иелік етеді. Ақ тер, көк тер бей­неттен мүжіле бастаған. Күйеуіне көп жайтты жіпке тізіп айта бермейтін. Жар төсегінің ыстығы басылған. Күйеуі құлағың қайсы десе – мұрнын көрсетердей можантопай, мырың мінез, құм адамы деген есім жамады. Жұбайына қаратып айтылған әзіл-оспақ әйелдің нәзік жүрегіне біз боп қадалады. Құрбылары: «Миы ашыған, мәңгүрттен құтыл», деп келеке қылады. Табиғаттың тылсым сырын тамыршыдай тап басатын жігіттің жан азабын түсінетін келіншектің өз мұңы өзіне жетеді.

Суреткер әуелгіде ағыл-те­гіл ақтарылмай, оқиғаны шие­леністіріп барып біртіндеп ше­шеді. Ой қайшыласуы оқиға қай­шыласуына алмасады. Мәскеуде жатқан Аяпберді мен ауылдығы Зейнелдің ой ағыны бір көлбеуде түйісіп, өрмек тініндей қатар өріледі, мистикалық элементтерге жиі жүгінеді. Демалыста қамсыз жатқан кейіпкеріміз оқыс ойдан түс көргендей шошынып, бұйрат сүрлеуінде бүлкектеп бара жатқан құбыжық пәленің келіншегін қанжоса қылып талағанын ойша елестетеді. Төсегінен атқып тұрып: «Сақта-сақта!..қайда-қайда!» деп жын қаққан кісідей сыртқа ытырылады.

Осыдан кейін-ақ оқиға өзгеше өріс алады. Келіншекті баяғыда тұқымы тұздай құрыған аң патшасы емес, іргедегі үлкен шаһарда жер сілкініп, хайуанаттар саябағынан қашып шыққан, қолдан тамақ жеп үйренген Аустралия ақ қасқыры алқымдапты.

…Ай жарығы астында келін­шек түзге шығады, қаперінде дә­не­ме жоқ, әудем жерге ұзап кетеді. Әсерлі сурет көлбеп өтеді: «Ашық қалған есіктен ашыққан, бүктетілген әппақ мақұлық үйге сып енеді. Келіншек аяңдап келіп табалдырықтан ішке аттап, сол қолымен есікті қаусыра жапты. Қаракөлеңкеде кәсекіні сипалап ілгекті тауып, ішінен ілді. Ар­тына айналып, кібіртіктей ба­сып төр бөлмеге жылыстап жыл­жи берген. Жүрек басы дір етті. Әппақ иретілген құбыжық ар-р етіп, қарсы ұрып, жағаласа кетті. Үрейден есі шыққан ұр­ға­шы бетін басып, аһ ұрып, құлап түсті…». Жаңа бүр жарған өмір қызғалдағы – жас әйелдің ғұмыры қысқа. Жазушының тұспалынша – ғұмырды үзген – құм ішіндегі ауыр бейнет, құм-кеселге ұшыра­ған кісілердің немкеттілігі, енжар­лығы, қамсыз-мұңсыз мінезі, бір-бірімен түсінесе алмауы, мінез эко­логиясы дер едік.

Сарғыш сағымға жұтылып, бірде керілген жіпке ілген кірдей, бірде таңғы бұлтша желпілдей жүзіп, көлденең ұзап бара жат­қан келіншектің үлбіреген рухын көресіз. Хикаят осымен тәмам.