Елордада сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің биылғы бірінші жартыжылдықтағы жұмыс қорытындысын талқылауға арналған алқа отырысы өтті. Жиын барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектенов баяндама жасады.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің биылғы алты айдағы жұмысына елімізде болып жатқан оқиғалар әсер еткені бәрімізге мәлім. Тек қаңтар оқиғасы бойынша құқық қорғау органдары қызметкерлерінің тарапынан азаптау мен өкілеттігін асыра пайдалану фактілері бойынша агенттік тергеушілерінің өндірісінде 360 қылмыстық іс болды», деді О.Бектенов.
Агенттік төрағасының келтірген мәліметтеріне сүйенсек, қазір құқық қорғау органдары тарапынан азаптау фактілері бойынша 170 іс тергеуде жатыр. Бұл санаттағы істердің саны өткен жылдармен салыстырғанда екі есе артық. Қазіргі таңда 170 іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. 167-сі аяқталып, 23 қылмыстық іс әрі қарай тергеу үшін прокуратураға жолдаған екен.
«Еліміз бойынша 1300-ден астам сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелді. 800-ден астам тұлғаның жемқорлығы әшкереленді. Олардың 140-ы – түрлі деңгейдегі басшылар. Ауыр қылмыстарды анықтау 33 пайыздан астам өсті. Тергеу қорытындысы бойынша 592 іс сотқа жіберіліп, 357 жемқор сотталды. Экономикалық ресурстарды заңсыз шоғырландыруға және оларды мемлекет меншігіне қайтаруға байланысты істерді тергеу ерекше бақылауда тұр. Қабылданған шаралардың нәтижесінде, мемлекетке 430 млрд теңге немесе шамамен 1 млрд АҚШ доллары сомасына активтер қайтарылды», деді агенттік басшысы.
Сонымен қатар шетелге заңсыз шығарылған қаражат пен мүлікті елге қайтару үшін халықаралық ынтымақтастықты күшейту керек екеніне тоқталды. Таяуда Еуропа кеңесінен Қазақстанға еуропалық Сыбайлас жемқорлық үшін қылмыстық жауапкершілік туралы конвенцияға қосылу жөнінде ресми шақыру хаты келген екен.
«Енді конвенцияға қосылу үшін қажетті процедураларды қолға аламыз. Бұл конвенция шетелден коррупционерлер мен ұрланған активтерді қайтару жолындағы мүмкіндіктерімізді кеңейтеді. Еуропа кеңесінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобының мүшесі болу – еліміз үшін өте маңызды қадам.
ГРЕКО-ның толыққанды қатысушысы ретінде алғашқы мониторингтік раундтар шеңберінде бізге берілген 27 ұсынымын орындап жатырмыз. Еуропа стандарттарына сай болу үшін біз сот жүйесінің толыққанды тәуелсіздігін, тиісті қоғамдық бақылауды қамтамасыз етуге, деректерге қолжетімділікті кеңейте отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы органның мәртебесін күшейтуге тиіспіз. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр», деді О.Бектенов.
Алқа отырысында сонымен қатар азық-түлік бағасын тұрақтандыруға бөлінген қаражат мәселесі сөз болды. Мәселен, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар азық-түлік бағасын тұрақтандыруға бөлінген 39 млрд теңге тиімсіз игерілген.
«Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың қызметінде елеулі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталды. Бұл – жер учаскелерін инвестициялық жоба желеуімен сату, аффилирленген тұлғаларға активтерді арзандатып сату үшін конкурстан тыс беру сияқты әрекеттер. Азық-түлік бағасын тұрақтандыруға бөлінген 39 млрд теңге нақты нәтижесіз игерілген. Корпорациялар тарапынан үлестес компанияларға несие беріліп, міндеттемелердің орындалуына бақылау жүргізілмеген. Аталған фактілер бойынша ӘКК лауазымды тұлғаларына қатысты 11 қылмыстық іс тіркелді. Шығын 7 млрд теңгеден асты», деді О.Бектенов.
Сонымен қатар мемлекет меншігіндегі әрбір үшінші ақпараттық жүйені есептен шығару қажет екеніне тоқталды. Агенттік басшысының айтуынша, цифрландыру саласына жүргізілген мониторинг отандық ақпараттық технологиялар нарығын мемлекеттік органдармен үлестес компаниялар монополиялап алғанын көрсеткен.
«Қажетсіз және бір-бірін қайталайтын бағдарламалар әзірлеу тыйылмай тұр. Мемлекет балансындағы әрбір үшінші ақпараттық жүйе есептен шығаруға жатады. Қолданыста жүрген технологиялар жаңа әзірлеме ретінде сатылып жүр. Мемлекет цифрландыруға 400 млрд теңгеден астам қаражат жұмсады. Жыл сайын жүйелерді күтіп-баптауға 20 млрд теңгеден астам қаражат бөлінеді. Мемлекеттік органдар агенттіктің ұсынымдарын орындап, саладағы шығындар оңтайланады және отандық IT нарықтың барлық қатысушысына тең жағдай жасалады деп күтеміз», деді О.Бектенов.
Сонымен қатар спикер бизнесті қорғау бойынша жүйелі жұмыс жүріп жатқанына тоқталды. Заң аясында жұмыс істейтін және сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды енгізуді қолдайтын компаниялар үшін түрлі мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылғанын атап өтті. Әйтсе де, сыбайлас жемқорлық схемаларын қолданатын, лауазымды тұлғаларға пара беруге барған компанияларға жауапкершілік шаралары күшейтілмек.
«Мұндай адал емес бизнес адал бәсекелестік принциптерін бұзады. Заң бойынша жұмыс істейтін кәсіпкерлер зиян шегеді. Мұндайға қатаң түрде жол бермеу керек. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бизнестің ісіне заңсыз килігуден, оның ішінде біздің жауапсыз қызметкерлерден де қорғайтын тетіктер енгізіліп жатыр. Кәсіпкерлерге қатысы бар істерді тергеудің алгоритмі әзірленді. Мұнда сотқа дейінгі тергеу істерінің бірыңғай тізбесін тіркеуден бастап, жауап алу және тінту жүргізу тәртібі түгел қайта регламенттеледі.
Біз кәсіпкерлердің үстінен іс қозғау туралы бастамалардың 15 пайызынан бас тарттық. Өйткені оған негіз болған жоқ. Кәсіпкерлерді ведомство ғимаратына негізсіз шақыртудың кез келген дерегі онлайн мониторинг арқылы қашықтан бақыланады. Соның арқасында антикор ғимаратына шақырылатын кәсіпкерлердің саны 2 есе азайды. Сонымен қатар агенттік жанынан «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысатын арнайы жұмыс тобы құрылды. Оның негізгі міндеті – ақпаратты жедел алмасып, өзге мемлекеттік органдардың әрекеті туралы бизнестің шағымдарын бірлесіп қарау», деді агенттік басшысы.
О.Бектеновтің сөзіне сүйенсек, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі органдардың қызметін бағалау критерийлерін анықтаудағы қателіктер жүйенің бұрмалануына, қызметкерлердің алдында тұрған міндеттерді теріс қабылдауына әкелуі мүмкін. Бұрын аумақтық департаменттерге лауазымды тұлғаларды жауапқа тартқаны үшін ұпайлар берілген. Күдікті ісі ашылған шенеуніктің дәрежесі неғұрлым жоғары болса, балл соғұрлым жоғары болады.
«Біз нақты нәтижеге емес, процестің өзіне көбірек назар аудардық. Нәтижесінде, қолайлы статистика аясында жемқорлық жағдайының жақсаруы айқын болған жоқ. Қылмыстық-процессуалдық кодекстегі елеулі өзгерістерге, қылмыстарды тіркеу тәсілдері қайта қаралғанына қарамастан, есеп беру жүйесі өзгеріссіз қалған. Цифрлы бағалау кезінде нақты жедел уәкіл жемқорлықты азайтуға мүдделі емес. Кейде көрсеткіштерге ұмтылу кезінде қылмыстар қылмыс жоқ жерден шығарылады. Әрбір істің артында адамның тағдыры бар. Осыны ұмытпауымыз керек», деді О.Бектенов.
Сонымен қатар баяндамашы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қызметкерлерінің моральдық және кәсіби келбеті мінсіз болуы керек екенін атап өтті.
«Қоғам тарапынан сынға себеп болмауы керек. Қызметкерлердің заңға қайшы және әдепке жат қылықтары туралы кез келген қарама-қайшылықтары менің жеке бақылауымда болады. Биыл екі қызметкер сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін сотталды. Тәртіптік жауапкершілікке тартылған 142 қызметкердің бесеуі теріс әрекеті үшін жұмыстан босатылды.
Жақын арада агенттік өз қызметкерлерінің жемқорлыққа төзімсіздігін тексеру үшін Integrity Check тетігін пилоттық сынақтан өткізеді. Біз осы ұсыныстың бастамашысы ретінде сынақты өзімізден бастаймыз. Жаңа тәсілдерді қолдана отырып, өз қатарымыздың тазалығын қамтамасыз етеміз», деді О.Бектенов.
Бұдан бөлек агенттік басшысы жазадан бұлтартпау принципін ұмытпауға екпін берді. Жемқорлық фактісі туралы шағым немесе белгі түскен жағдайда кез келген қызметкер заңды түрде қаралуын және қабылданатын іс-шараның толыққанды болуын қамтамасыз етуге міндетті.
«Біз жұмысымызда осы әдісті қолдануды бастап кеттік. Өңірлік департаменттің басшылары есеп беру баяндамалары кезінде цифрлы көрсеткіштерді қолданбайтын болады. Бірде-бір цифр жоқ, тек шынайы іс, халықты толғандырған проблемалардың шешімі, шығынның алдын алу. Мұндай жаңа әдіс сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тиімділігін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді.
Алқа отырысымыздан бұқаралық ақпарат құралдары хабар тарататын болғандықтан барлық азаматқа үндеу жасап, жемқорлыққа қарсы қызметтің жеке құрамы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына жемқорлықтың теріс әсерін төмендету, мемлекеттің экономикаға салған қаражатының соңғы алушыға дейін жетіп, қазақстандықтардың өмір сапасын арттыруға қызмет етуі үшін бүкіл күш-жігерін жұмсайтынына сендіргім келеді», деді агенттік басшысы.