• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 12 Шілде, 2022

ҰҚК: 30 жылдық меже

532 рет
көрсетілді

Қазақстан халқының басты байлығы – еліміздің тәуелсіздігі. Ол біздің жеріміз, дәстүріміз, балаларымыздың болашағы. Тарихи өлшеммен алып қарағанда аз ғана уақыт ішінде еліміздің өмірі түбегейлі өзгерді. Отаншылдық рухта тәрбиеленген жаңа буын өсіп шықты. Қазіргі әлемдік үдерістерден қалыспайтын білімді, ізденімпаз ұрпақ үшін Қазақстан тұрақты дамыған діңгекке айналуы тиіс. Осы жолда біз үшін ең маңызды құндылықтарымызды, ұлттық мүддемізді қорғау ісі Ұлттық қауіпсіздік комитетіне жүктелген.

Қоғамның қауіпсіздігі мен тұрақ­тылығына нұқсан келтіретін ерекше қауіп-қатерлердің алдын алу, терроризм, тыңшылық, трансұлттық қылмыстық қауымдастықтар мен есірткі картельдерінің жолын кесу – еліміздің арнайы қызметінің күнделікті тынысы. Кез келген дағдарыстар қылмыстың өршуіне жол ашатыны жасырын емес.  Заңды белінен басып, жымысқы ойларын іске асыруды көздеген қылмыскерлер мемлекеттік жүйенің әлсіз тұстарын аңдып, қоғамдағы процестерді жіті бақылайтыны анық. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Қазақстан Республикасының ҰҚК тиімді қызметінің арқасында ел ішіндегі тұрақтылық пен бейбітшіліктің кепілі болып келеді.

Жаңа Қазақстанда көптеген іргелі заттарға, соның ішінде ұлттық қауіпсіздік органдарына да жаңа көзқарас қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Комитетке үлкен сенім артып, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жауапты миссия жүктеді. Бүгінгі таңда Ұлттық қауіпсіздік коми­тетінің әлеуеті сыртқы жаудың жасырын әрекеттерінен сенімді қорғауға және Қазақстанның конституциялық негіздерінің мызғымастығын қамтамасыз етуге қабілетті.

1992 жылғы 13 шілдеде құрылған Ұлт­т­ық қауіпсіздік комитеті тәуелсіз­дігімізді нығайту жолындағы маңызды қадам болды. Биыл Қазақстан Республикасының ұлт­тық қауіпсіздік органдарының құрыл­ғанына 30 жыл толды. Ұлы ата-баба­ларымыздың өсиеті – Отанға адал қызмет ету миссиясы еліміздің бас арнайы қызметінің әрбір қызметкері үшін қасиетті борыш.

Отыз жыл ішінде ҰҚК ауқымды істер атқарып, әзірге жария етуге жатпайтын операцияларды жүргізді. Бұл – кәсі­би агентуристердің, тергеушілердің, тал­дау­шылардың күнделікті және тынымсыз жұмысының нәтижесі. Даңқты істердің, батырлық оқиғалар мен жарқын күндердің қатарында – «Набат», «Сапфир», «Вик­тория» арнайы операцияларының «ал­тын топтамасы» бар... Өз өмірін Отан­ға қызмет етуге арнаған ардагерлік кор­пусқа үнемі алғыс пен құрмет білдіру мерейтойлық күндердің дәстүрлеріне айналғалы қашан. Әлемдік тәжірибеде теңдессіз деп танылған «Жусан» операциясы Комитетіміздің кәсібилігінің ең биік дәрежесін көрсетті.

Бүгінде халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы табысты іс-қимыл жасап, ұйымдасқан қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қойып, мемлекеттік шекараны сенімді қорғап жүргендердің кәсібилігі мен отаншылдық сезімдерін жоғары бағалаймыз. Өз өмірінің жастық шағынан бастап құрметті ардагер атағына дейін ҰҚК органдарында қызмет қылу нағыз ерге тән игі қасиет.

Қызметкерлердің күнделікті тынымсыз еңбегі, қиындыққа қарамай, кейде денсаулығы мен өміріне қауіп төнсе де Отанды қорғауға бар күшін салатын Комитеттің әр қызметкер туралы жеке айтуға болар еді.

Қазіргі кезеңде елдің ұлттық қауіп­сіз­дігін қамтамасыз ету жүйесінде сырт­қы барлау ерекше орын алады. Әлем­де «қымбат барлау арзан соғыстан гөрі жақсы» деген тіркестің болуы тегін емес. Тәуелсіздік жылдарында кең ауқымды міндеттерді табысты шеше­тін толыққанды барлау қызметі құрыл­ды. Әрине, оны құру барысында жетек­ші ше­телдік арнайы қызметтердің тәжіри­белері ескерілді.

Бүгінде ҰҚК-нің қызметі жаңа фор­матқа көше бастады. Отандық қызметтің бірегей тәжірибесі ел ішіне бүлік салуды көздеген теріс бағыттағы күштерге қарсы тұруда жақсы нәтижелер бере бас­тады. Тек осы жылда  заңсыз айналым­нан 691 бірлік қару, 54 граната және 17 000 оқ-дәрі алынды. Атыс қаруы мен оқ-дәрілерді сатумен айналысатын қылмыстық топтардың іс-әрекетінің жолы кесілді, жасырын орындар анықталды.

Антитеррор қызметінің алдында да ауқымды міндеттер тұр. Бүгінде Қазақ­стан азаматтарын радикалды орталарға, оның ішінде шетелдегі халықаралық террористік ұйымдардың қатарына тарту қаупі сейілмей тұр. Бұл бағытта ҰҚК өткен жылы террористік сипаттағы 3 зорлық-зомбылықтың, биыл бір тер­рор­лық шабуылға дайындық кезеңінде жолын кесті. Жедел жауынгерлік әзірлікті жоғары ұстау үшін Терроризмге қарсы орталықтың  штабы үш командалық-штабтық және 29 жедел-тактикалық оқу-жаттығу өткізді.

Есірткі бизнесіне қарсы күреске келсек, осы жылдың бірінші тоқсанында ҰҚК қызметкерлері 15 есірткі зертханасының жұмысын тоқтатты, 23 халықаралық және 40 өңірлік есірткі арналарын жойды. 680 кг түрлі есірткі және 8 тонна прекурсорлар тәркіленді.

Елдің киберқауіпсіздігіне, коми­тет­тің, оның бөлімшелері мен ведомс­тво­ларының ақпараттандыру саясатына ерекше назар аударылған. Автоматтандыру про­цестерінің қарқынды дамуы, ақпа­раттық технологиялардың қазіргі өмір­дің барлық салаларына енуі ресурстар мен деректерге рұқсатсыз қол жет­кі­зудің жаңа мүмкіндіктеріне, сондай-ақ олардың жоғары осалдығы мен бұғат­талуына әкелді. Мемлекеттік органдар­дың ақпараттық ресурстары жаппай ком­пьютерлік шабуылдарға ұшырап, ерекше қызығушылық туындатады.

Бұл шабуылдың ауқымын мына­дан-ақ байқай аламыз: Өткен жылы «Ин­тернетке қолжетімділіктің бірың­ғай шлюзіне» және «Мемлекеттік орган­дардың электрондық поштасының бірың­ғай шлюзіне» 150 млн астам ақпараттық қауіпсіздіктің қатері, соның ішінде мемлекеттік органдардың атына 35 млн жуық зиянды хаттар келген.

Кибершабуыл фактілері анықталып, жолы кесілді. Олардың кейбіреулері ел­дің ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының маңызды объек­тілеріне қол сұғуды көздеген. Осы ба­ғыттағы комитет жұмысының нәтижелері Қазақстан Республикасы Президентінің жоғары бағасына және қолдауына ие болғанын айта кеткен жөн.

ҰҚК ынтымақтастық шеңберінде жақын және алыс шетелдердің шетелдік серіктестерімен бірлескен операцияларды  кең көлемде жүргізеді. Тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығында мемлекеттік шекараның жаңа учаскелерінде шекара инфрақұрылымын қалыптастыру бо­йынша қыруар жұмыс атқарылды. Жаңа бірлестіктер, құрамалар мен бөлімдер, жедел әрекет ету күштері құрылды. Дәл осы кезеңде Қазақстан Республикасының Мем­лекеттік шекарасының қорғалатын және бақыланатын учаскесінің ұзақтығы 5 есе­ден астам ұлғайды. Ал 30 жылдық даму тарихымызда бұл көрсеткіштер 10 есе­ден асаға ұлғайып, 1700 км 15 мың км астам құрлық және теңіз учаскелері қам­тылды.

Шекара қызметі «Цифрлық Қазақ­стан» Мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде 2021 жылдан бастап жұмысын электрондық форматта жүр­гізуге мүмкіндік беретін жаңа техникалық құрал­дармен жарақтандырылған. Шека­раны қорғаудың озық құралдары, оның ішінде ұшқышсыз ұшу аппараты, алыс қашықтықтағы мобильді оптикалық-электрондық бақылау жүйелері және тағы басқа құралдар сатып алынды. Бөлімшелер барынша заманауи шекаралық бақылау жабдықтарымен, киім-кешекпен, амунициямен, жарақтармен жарақтандырылған.

Әрине, алғашқы нәтижелер де көп күттірген жоқ. Жыл басынан бері мем­лекеттік шекараны қорғау саласын­да 2315 тәртіп бұзушы ұсталды. Кас­пий­де 110 аумақтық су режимін бұзушы­лар­дың жолы кесіліп, 466 085 шақырым браконьерлік аулау құралдары тәркіленді. Мемлекетке келуі мүмкін 1,9 млрд теңгеден астам шығынға жол берілмеді.

Сөз соңында Комитеттің кадрлық құрамы жайында тоқталсақ, олар еліміздің нағыз патриоттары, толықтай және қалдықсыз өздерін қызметке арнаған адамдар деп айтуға толық негіз бар.

Қазақстанда болашақ офицерлерді даярлаудың заманауи жүйесі қалыптасты. Алдыңғы қатарлы әскери оқу орындары – ҰҚК Академиясы және ҰҚК Шекара академиясы қызмет атқарады. Бүгінгі таңда талдау қабілеттері, стратегиялық көзқарас пен қазіргі заманғы сын-қатерлер мен қауіптерді терең түсінінетін, сондай-ақ шынайы патриотизм мен антқа адал қызметкерлердің арнайы қызметке келуіне жағдай жасалған.

Қазіргі уақытта елімізде жеке адам­ның, қоғам мен мемлекеттің қорғалу дең­гейін арттыру үшін барлық шаралар қабылданды. Ұлттық қауіпсіздіктің жаң­ғыртылған жүйесі кез келген күрделі сын-қатерлерге қарсы тұруға дайын болуға тиіс.