• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 13 Шілде, 2022

Өңірлік рәміздер – мемлекет біртұтастығының негізі

828 рет
көрсетілді

Мемлекеттік рәміздерден кейін аталатын өңірлік рәміздер Жаңа Қазақ­стан бірегейлігін нығайтудың негізгі факторы саналады. Аумақтық, этностық, тілдік, конфессиялық қауымдастықтарды біріктіріп, азаматтардың патриоттық санасын қалыптастыратын әлеуетке ие өңірлік рәміздер – Қазақстанның аумақтық-әкімшілік бірліктерін тарихи-географиялық, этнографиялық жағынан сәйкестендіруді оңтайландыратын идеологиялық құрал. Ауыл, кент, ауылдық округ, қала ішіндегі аудан, қала, облыс және республикалық мәртебеге ие қалалардың гербтері, тулары, гимндері өңірлік рәміздерге жатады. Алайда олардың стилистикасы, көркемдік және семантикалық мазмұны мемлекеттік сая­сат пен ұлттық құндылықтардың басымдықтарын көрсететін жалпы элементтерден тұрмайды.

Әлбетте, әр қаланың өз рәмізі болуы өскелең ұрпақтың туып-өскен өңірі­не деген патриоттық сезімін оята­ды. Алайда өңірлік рәміздерді зер­де­леу бойынша Мәдениет және спорт министрлігі жүргізген мониторинг­тер қорытындысы республикада қол­да­нылатын таңбалық символикалар тәжірибесінің жүйеленбегенін көрсетті. Өкінішке қарай, заңнамада да өңірлік рәміздерді әзірлеу, бекіту және пайдалану бірыңғай нормативтік құқықтық актілермен реттелмеген. Осыған орай, Жаңа Қазақстандық қоғамның қазіргі заманғы даму реалийлері мен перспективаларын бейнелеу арқылы өңірлік рәміздерді әзірлеу және бекіту жүйесінде ереже мен әдістемелік нұсқаулықты енгізу маңызды.

Қазіргі таңда Қазақстандағы 17 облыстың 13-інде, 3 мегаполис қаланың 3-інде, 175 ауданның 137-інде, 87 ша­ғын қаланың 33-інде өз гербтері бар. Бірақ бұл гербтердің барлығы да тиісті әкім­дердің қалауымен және олардың талғамдарына сай жасалған.

Жаңа қазақстандық стилистика­лық дизайн мен семантикалық мазмұн­мен үндеспейді. Әрине формасы мен мазмұны жағынан бір-бірінен айтарлықтай ерекшеленеді. Мәселен, Жамбыл, Ақмола облыстарының гербтерінде табиғи ландшафтар (тау, дала, көл) қамтылса, Қарағанды, Сол­түс­­тік Қазақстан, Қызылорда облыс­­тарының гербтері кеңес дәуірі­нің гераль­дикалық элементтерін (өнеркә­сіп­тік объектілер, бидай баулары, жұлдыздар, вымпелдердің бейнелері) пайдаланған. Алматы, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарының герб­теріне қанатты барыс пен гриф­финнің спиральды бейнесі сияқты мифтік жануарлар алынған. Жамбыл, Қостанай облыстарының гербтерінде флора мен фауна бейнелері басты элементтер ретінде айшықталған.

Алматы қаласының гербінде Алматы қаласының сегіз ауданын бей­не­лейтін сегіз алма ағашының бұтағын тістеп тұрған қар барысы бейнеленсе, Батыс Қазақстан облысының гербінде халық музыкалық аспаптары салынған. Маңғыстау облысының гербінде эпикалық жауынгер жылқы мінген садақшының жартас бетіндегі суреті көрініс тапқан (Бұл сурет Кент баба қорымының 16-17 ғасырлардағы кесенесінің қабырғасындағы суреттер галереясында сақталған. Ол жақын және алыс қашықтықтағы шабуылдаушы қарудың әртүрімен қаруланған, кейде сферокондық дулығада немесе үстіңгі бас киімде көрінеді).

Алматы облысының Алакөл, Талғар аудандарының, Жамбыл облысының Байзақ, Жуалы аудандарының, Қостанай облысының Әулиекөл аудандарының гербтерінде табиғи ландшафттар бейнеленген. Атырау қаласының гербінде өнеркәсіптік объектінің бейнесі пайдаланылса, Қостанай облысының Жітіқара ауданында ауданның тау-кен өндіру өнеркәсібінің нышандары  (қайла мен балға) қолданылыпты. Басты элементтер ретінде флора мен фауна бейнелері Атырау қаласының, Атырау облысының Қызылқоға, Мақат аудандарының, Алматы облысының Балқаш, Сарқан аудандарының, Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданының гербтерінде орын тепкен. Жамбыл облысы Талас ауданының гербінде байлық пен амандықты бейнелейтін Алтын мүйізді қошқардың басы салынса, Қостанай облысындағы Лисаков қаласының гербінде даналықты білдіретін және Лисаков қаласының атауын айшықтайтын қара түлкі тұр.

Алматы қаласының Жетісу, Нау­рыз­бай аудандарының, Алматы об­лы­­сының Жамбыл, Райым­бек аудан­дарының, Жамбыл облысы­ның Жамбыл ауданының, Шығыс Қазақ­стан облысының Абай ауданының герб­­терінде батырлар мен ақындар бейне­­ленсе, Алматы облысының Ақсу ауданы­ның, Атырау облысының Құр­ман­­ғазы, Ма­хамбет аудандарының, Жам­­был об­лы­сының Қордай ауданының герб­терін­­де халық музыкалық аспаптары қол­д­а­нылыпты. Сондай-ақ Түркістан об­лы­­сының Сайрам, Отырар және Бәй­дібек аудандарының гербтерінде діни ғима­рат­тарды (мешіт, медресе) ішін­ара пай­даланған. Түркістан қаласы­ның гербін­де екі әлемнің есігіне кіруді бей­н­елей­тін «екі қақпа» элементі көрініс тапқан.

Ал екі мегаполис – Нұр-Сұлтан мен Алматыға ерекше мәртебе берілген. Мәселен, «Қазақстан Республикасы елордасының ерекше мәртебесі туралы» Заңының 3-бабында Нұр-Сұлтан қаласының өз рәміздері – туы, гербі және гимні бар екендігі белгіленген. Рәміздердің сипаттамасын және оларды пайдалану тәртібін Нұр-Сұлтан қаласының мәслихаты айқындайды. Нұр-Сұлтан қаласының мәслихаты ту, герб, гимнді пайдаланудың сипаттамасы мен тәртібін бекіту жөніндегі өкілеттіктерді заңды түрде белгіленді. Осыған сәйкес, Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының 2008 жылғы 5 маусымдағы N 109/16-IV «Қазақстан Республикасының елордасы – Нұр-Сұлтан қаласының рәміздері туралы» шешімі қабылданды. Нұр-Сұлтан қаласының гербі тек қала деңгейінде бекітілген. Герб Нұр-Сұлтанның 3 ауданының екеуінде жоқ. Екі ауданның біреуінде герб іс жүзінде бар, бірақ оны бекіту туралы нормативтік акт жоқ.

Сол секілді «Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заңның 1-1-бабынла Алматы қаласының өз гербі бар екені айқындалған. Алматы қаласы гербінің сипаттамасы мен оны пайдалану тәртібін және оның бейнесін Алматы қаласының мәслихаты айқындайды. Соның негізінде Алматы қаласы мәслихатының 2010 жылғы 22 қаңтардағы № 277 «Алматы қаласының елтаңбасы туралы» шешімі қабылданды. Бұл ретте Алматы үшін заңнамада өзінің туы мен гимнін бекіту мүмкіндігі көзделмеген. Сонымен қатар Алматы қаласының гербі қала деңгейінде де, қаланың барлық 8 ауданы деңгейінде де бар. Әйтсе де, 8 ауданның гербтерін бекіту туралы құқықтық нормативтік акт жоқ.

Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары­ның мәртебелеріне қатысты жергілікті атқарушы (әкімдік) және өкілетті (мәслихат) органдардың өкілеттіктері мына тәртіппен реттеледі. Қазақстан Рес­пуб­ликасының Конституциясы, Қазақ­стан Республикасының «Қазақ­стан Республикасындағы жергілікті мем­лекеттік басқару және өзін-өзі бас­қару туралы» Заңы, «Қазақстан Респуб­ликасы астанасының мәртебесі туралы» Заңы, «Алматы қаласының айрық­ша мәртебесі туралы» Заңы бас­ты назарда ұсталады. Сондай-ақ қан­дай да бір саладағы немесе қызмет ая­сындағы жекелеген құқықтық қатынас­тарды реттейтін басқа да нормативтік құқық­тық актілермен қамтамасыз етіледі.

Бірақ Нұр-Сұлтан мен Алматы қала­ларына ғана көрсетілген бұл норма­тивтік құқықтық актілер елдің әрбір әкімшілік-аумақтық бірлігі үшін жеке-жеке ресми рәміздерді қабылдау немесе бекіту жөнінде жергілікті мемлекеттік басқару органдарының мүмкіндіктері мен өкілеттіктерін көздемейді. Республиканың қалған әкім­шілік-аумақтық бірліктері үшін, соның ішінде облыс, аудан, қала, ауыл­дық округ, кент немесе ауыл деңгейінде өз рәміздерін қабылдау мүмкіндігі заңмен реттелмесе де қолданыстағы заңға қайшы келмейді. «Қазақстан Рес­публикасындағы жергілікті мемле­кеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңға сәйкес, ауыл, кент, ауылдық округ, қала ішіндегі аудан, қала, аудан, облыс және республикалық мәртебеге ие қалалар гербін бекіту мәселесі – жергілікті атқарушы және жергілікті өкілетті органдардың құзыретіне жатады.

Іс жүзінде жағдай басқаша. Мәсе­лен, Павлодар, Ақтөбе, Орал, Талды­қорған қалаларының гербтері жергілікті мәслихат шешімімен бекітілсе, Атырау, Риддер қалаларының гербтері әкімнің өкімімен бекітілген. Приозерск, Қара­жал қалаларының гербтері конкурс комиссиясының хаттамасымен қабыл­данған. Осыған орай, ауыл, кент, ауыл­дық округ, қала ішіндегі аудан, қала, аудан, облыс және республикалық мәрте­беге ие қалалардың гербтерін бекітуді – жергілікті атқарушы органның (әкімдік) емес, өкілетті органның (мәслихат) құзыретіне беруіміз керек.

Өйткені бір қаланың мәслихаты бекіткен гербті екінші бір қаланың әкімдігінің жоққа шығару фактілері кездесіп қалып жатыр. Мысалы, 2015 жылы Павлодар қалалық мәслихаттың шешімімен қабылданған қала гербін 2016 жылы Семей қаласының әкімдігі «заңсыз» деп таныған. Сонда қалай? Бір-бірімен көршілес отырған екі облыс Қазақстан заңнамасын екі түрлі түсінікпен пайдаланған ба? Бұған қоса Шығыс Қазақстан облысындағы Өскемен, Риддер, Алтай қалаларының гербтері түсініксіз жағдайда бірінен соң бірі заңды күштерін жойған. Негізінде бұл гербтер еліміздің тәуелсіздігі жылдарында заман талабына сай жаңар­тылған еді. Таяуда Өскемен қаласы­ның әкімдігі: «Қалада герб болуы заңмен реттелмегендіктен...» дегенді желеу етіп, оны логотипке ауыстыруға шешім қабылдапты. Мүлде күлкілі жағдай. Логотип дегеніміз – компаниялардың «сауда белгісі» емес пе? Оның үстіне «Қалада герб емес, логотип болуы керек» деген қағиданы қала әкімдігі қай нормативтік-құқықтық актіден алып отыр екен?! Герб пен логотиптің екі бөлек ұғым екенін геральдикадан аз да болса сауаты бар кісі білуге тиіс еді...

Өңірлерде орын алып отырған бұл келеңсіздіктерге әкімшілік-аумақтық гербтерге қатысты заңмен бекітілген арнайы нормалар мен ережелердің болмауы мен жергілікті атқарушы биліктен мемлекеттік стильді бүге-шігесіне дейін бұлжытпай сақтау мен орындауды қатаң талап ететін бірегей тұжырымдаманың жоқтығы себеп болып тұр. Енді келешекте мұндай келеңсіз жағдайлар қайталанбауы үшін бірқатар ұсыныс айтқанды жөн көріп отырмыз.

Өңірлік рәміздерді реттейтін норма­тивтік құқықтық актілерді қолдану тәжіри­бесін жетілдіру мақсатында жергі­лікті өкілетті органдардың (мәсли­хат) құзыретіне өңірлік рәміздерді бекі­туге тиісті өкілеттіктерді беру жөнін­­де Қазақстан Республикасы заңы­­на өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы нормативтік құқықтық акті­лер­дің жобасын дайындауымыз керек. Өңірлік рәміздердің әрбір гераль­дикалық белгілері мен негізгі құрамдас элементтерінің (белгінің) сурет стилін, түс гаммасын, параметрін, мәдени-көркемдік безендіру мен идеясын, сипаттамасын және оны пайдаланудың тәртібі мен талаптарын нормативтік құқықтық актімен бекітуді регламенттейтін ереже мен әдістемелік нұсқаулық әзірлеу қажет. Өңірлік рәміздерді пайдаланудың барлық нормалары мен ережелерін сақтауды қамтамасыз ету үшін, өңірлік рәміздер туралы ереже мен әдістемелік нұсқаулықты нор­мативтік құқықтық актілер дең­гейін­де Прези­дент жанындағы геральдикалық комиссиямен келіскен және бекіткен жөн.

 

Айдын РЫСБЕКҰЛЫ,

геральдист,

философия докторы (PhD)