Ел тұрғындарының орталық қалалар мен ірі мегаполистер маңына үздіксіз көшіп келуі сол өңірлердегі халық санының күрт артуына әкелгені жасырын емес. Бұл үрдіс соңғы 20 жыл көлемінде тоқтаусыз жалғасқаны және шындық. Ал ауылдан ағылған қазақ көшін қабылдауға қала маңы дайын ба еді?
Әрине, дайын емес еді. Яғни бұл үрдіс өз кезегінде баспана, жұмыс орны, мектеп, емхана, жол, қоғамдық көлік қатынасы сияқты әлеуметтік қажеттілікті бірден күн тәртібіне шығарғаны анық. Соның нәтижесінде, елде «әлеуметтік аутсайдерлер» атанған тұтас тап қалыптасты деуге болады. Қазір де жергілікті экономикаға түсетін қосымша салмақтан бөлек, реттелмеген еңбек күші мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету сияқты талаптар туындауда. Бұған қала маңындағы елді мекендерде адам төзгісіз жағдайда тұрып жатқан жұрттың проблемасы ұзақ жылдар бойы шешілмегенін қосыңыз. Оның ащы жемісін биылғы қаңтар оқиғасы кезінде татып та үлгердік. Өйткені бейбіт шерудің соңы жаппай тәртіпсіздік пен террорлық актілерге ұласқанда, арандатушылардың ұранына ілесіп кеткен жастардың көбі осы аумақтарда тұрып жатқан «әлеуметтік аутсайдерлер» болатын. Қаңтар оқиғасының салдары қазір екіге бөлінген Жетісу мен Алматы облыстарын да айналып өтпеді. Бұлғақ кезінде аймақта 758 адам зардап шеккен болатын. Оның ішінде 643 полиция қызметкері, 78 әскери қызметші және 37 бейбіт тұрғын бар. Оның дені – өрімдей жастар. Әлеуметтік зерттеу нәтижесі көрсеткендей оқиғаға қатысқандардың дені жастар және олардың тұрақты жұмыс істемейтіні белгілі болып отыр. Яғни Жетісу мен Алматы облысының аумағында жастар арасындағы жұмыссыздық өршіп тұр деген сөз. Дерекке жүгінсек, екі облыс бөлінгенге дейін өңірдегі NЕЕT санатындағы жастар саны 21 560 адамға жеткен. Өкінішке қарай, осынша жастың арнайы білімі жоқ және олар бір ретте болсын еш жерге тұрақты жұмысқа орналаспаған. Жалпы, бұған дейінгі дерек бойынша Алматы облысында 14 пен 29 жас аралығындағы жастар саны 391 016 адамды құраса, оның ішінде 311 508 жас ауылдық жерде және 79 508 бозбала мен бойжеткен қалада тұрады екен.
Тоқ етерін айтқанда, жастар саясатының жемісті жұмыс істеуі үшін облыс қана емес, жалпы ел болып жұмылу қажеттігі өткір мәселеге айналып отыр. Әрине, мемлекет жастар саясаты бағытында түрлі жобаларды жүзеге асырып та жатыр. Бірақ ол жобаларға жастардың тартылу деңгейі төмен. Әсіресе, ауыл жастары нақты қолдауға зәру. Мұны Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев та мойындаған еді. Саясаткер жүргізілген сауалдама бойынша жастардың өз бизнесін ашудан бас тарту себептерін саралай келе, олардың 32 пайызы бастапқы капиталдың жоқтығын және 18 пайызы өзіндік бизнес жоспар құру үшін білімнің жетіспейтіндігін айтқан болатын. Осыған байланысты кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларының тиімділігіне күмән туындайды.
«Мемлекет жастар саясаты саласында түрлі бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асыруда, алайда оған жастардың тартылу деңгейі төмен. Көбінесе ол 10 пайыздан аспайды. Жастардың республикалық және өңірлік жастар ұйымдарының жұмысына қатысу деңгейі де нашар. Сондай-ақ қазіргі уақытта жұмыс істейтін жастарға жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасына қатысты да сұрақ көп. Тұрғын үй мәселесінің өткірлігін ескерсек, бұл шаралардың барлығы әзірше жеткіліксіз. Осы тұрғыда біз жастар саясатының жастардың нақты проблемалары мен қажеттіліктерінен біршама алшақтығын көріп отырмыз», деген еді Сенат төрағасы.
Жоғарыда Жетісу және Алматы облыстарындағы жұмыссыз әрі оқымаған жастардың саны 21 мыңнан асқанын айттық. Яғни олардың тұрақты табыс тауып, жоғары жалақы алатынына кепілдік жоқ. Ал бұл өз кезегінде жастардың әлеуметтік жағдайының төмендеуіне әкелетіні анық. Әлеуметтік теңсіздік болған жерде теріс пиғылды әрекеттер мен қылмыс та өршитіні белгілі. Тәрбие тізгіні де қолдан шығып, имансыздық пен ізгіліктің кемуі де өкінтеді. Жастар мәселесінің дер кезінде шешілмеуі олардың өкшесін басып келе жатқан буынның да проблемасына айналып отырғаны көңілді алаңдатады. Басқаша айтқанда, жастарға қатысты тарқатылмаған түйін жасөспірімдердің де жолына теріс әрекет болып, кесе көлденеңдеп шығуда. Мысалға, бұған дейін мәлім болған қос облыстағы дерекке үңілсек, биыл 204 қыз бала жүкті болғаны айтылуда. Олар 15-17 жас аралығында екен. Ал былтыр қағынан қағынған қыздардың саны тіпті көп болған көрінеді, тізімде 228 жасөспірімнің жүкті болғаны туралы дерек бар. Өкініштісі, жүкті болған қыздардың басым бөлігі колледж студенттері болып шыққан. Тағы бір көңілсіз дерек жастар арасындағы қылмыстың өршуіне қатысты. Жақында жария болған мәліметке сүйенсек, жыл басынан бері қару-жарақ пен оқ-дәрілерді ұрлау немесе бопсалау деректері 11 есеге өскен. Бұл жерде мамандар қылмыскерлер құрамының жасарып келе жатқанына алаңдаушылық білдіреді. Әсіресе, аса ауыр қылмысқа баратындардың қатарында жастар көп болып отыр және бұл тізімде де Алматы облысы республика бойынша екінші орынға шыққан. Жыл басынан бері аймақта 31 құқық бұзу дерегі тіркелген. Демек қылмысқа бейім жастардың көбеюіне өңірдегі жұмыссыздықтың да орасан ықпалы бары анық.
– Қазір осындай жастарды жұмыспен қамту үшін түрлі жобалар жүзеге асып жатыр. Мәселен, Zhas project жобасы бар. Аталған жобаны іске асыру үшін республика бойынша 380,7 млн теңге бөлінді. 4 өңірде жалпы 250 шағын грант көзделген, оның ішінде Алматы облысына 63 жобаның әрқайсысына 1 млн теңгеден қарастырылған. Жобаға 18 бен 29 жас аралығындағы жастар қатысуда, – дейді Алматы облысы ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы Елдар Сапаров.
Жалпы, Жаңа Қазақстан ұғымындағы жастар саясаты да олардың кәсіп үйрену, өзін-өзі тану, шығармашылық және қоғамдық белсенділікке ұмтылу сияқты жаңғыру құндылықтарын басты мақсат етіп ұстауға тиіс. Яғни мемлекет NЕЕT санатындағы жастардың ойында не барын тап басып танып, тәрбие мен танымдық бағыттағы және даму жолындағы қолдау жұмысын жеделдетсе, кәні...
Алматы облысы