• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
30 Сәуір, 2014

Қобызға құштар Краузе

453 рет
көрсетілді

Халқымыздың дәстүрлі музыкалық аспабына неміс Роземаридің құштарлығын оятқан не құдірет? «Музыка шексіз әлем» орта­лы­ғының жетекшісі Оспан Сүлейменұлы «Егеменге» еріккеннен бас сұқпайды. Газетіміздің тұрақты авторы әрі өнер жанашыры редакцияға үнемі жа­ғым­ды жаңалықты жеткізуге асығады. – М.Өтемісов атындағы оқушылар сарайында №1 Балалар музыка мек­тебінің 1 Мамыр – халықтар дос­тығы мерекесіне орай «Аяулы Аста­нам» атты жылдық есеп беру кон­­церті өтті. Мұнда ұлт-аспап­­тар оркестрі К.Күмісбековтің «Музы­калық эскиздер» және Гро­­на­дас­тың «Испан биін» орындады. Мәде­ниет қайраткері Ш.Қор­ған­бекова жетекшілік ететін ұжымның өнеріне көрермен ризашылығы шексіз. Дом­бырашылар, жеті­ген­шілер ансамбль­дері, әсіресе, хал­қы­мыздың қасиет­ті көне аспабының бірі – қыл қобыз­да ор­ын­даушылар ерекше әсер қалдыр­ды. Қорқыт атамыздың күйін орында­ған 12 оқу­шыдан тұратын ансамбльге белгілі қобызшы Раушан Оразбаева же­текшілік етеді, – деп сөзін бір қайы­рып алған музыканттың бізге айта­тын әңгімесінің қызық жеріне әлі жете қой­мағанымызды іштей сезіп отырмыз. Содан кейін: «Мынаны компью­те­ріңізге көшіріп алыңызшы» – деп таспаны қолымызға ұстата салды. Мұн­дағы суреттермен танысып шық­қа­нымызда, ішінен сыртқы бет-пішімі қазақ деуге келмейтін өзге бір ұлттың өкілін көзіміз шалды. Еуропалық кескін-келбеті орыс шығар деген байлам жасатты. Бүгінде домбыра, қобыз т.с.с. дәстүрлі музыкалық аспаптарда өнер көрсетіп жүрген өзге ұлттың өкілдері аз ба? Сондай тағы бір жанмен таныстырғалы келген болар деген ойымызды бөліп жіберіп, сөзін ары қарай жалғастырды. – Осы ансамбльдің құрамында Гер­мания елінен арнайы келген Розе­мари Краузе ханым қыл қобызбен өнер көрсеткенде, бейтаныс қонақтың шеберлігіне бәріміз таңғалдық. Алғашқыда бұл кісіні кешегі кеңес тұсында Германияға бізден қоныс аударған жерлестеріміздің бірі шығар деп топшылағандықтан, онша мән бере қоймаған жұрт соңынан керемет бір жағдайға тап болды, – деп біз­ді одан әрі білмекке жұтындырып қой­ды. «Сонау Германияға біріншіден, қобыздың үні қалай жетіп жүр? Екіншіден, өзі неміс бола тұра Краузе ханым Қорқыт бабамыздың күйіне соншама қалай ғашық болып қалған? Турасын айтқанда, қыл қобызда ойнау екінің біріне бұйыра бермейді. Бұл халқымыздың ең қасиетті де киелі аспабы саналады. Сондықтан мұны ол қалай үйренген, одан кейін басы бүтін сол аспапты таңдауының сыры неде?» деген сансыз сұрақ сананы сабалай жөнелді. Сұхбаттасымыз ойымызды ұғып қой­ғандай. «Ертеңіне мен бұл кісімен әде­йі іздеп барып таныстым» деп есті­­геннен гөрі, көргенді айтуға нық бе­кін­ді. «Германиядағы Ерланген қаласы тұрғынының негізгі кәсібі дәрігер, терапевт-психолог екенін естігенімде одан бетер көп нәрсені біле түскім келді», – деді О.Сүлейменұлы. Оның айтуынша, Роземари Краузе интернеттен өзінің жанына жайлы музыка аспабын іздеу арқылы біздің ұлттық аспаптың құдіретіне көз жеткізіпті. Алғашқыда Мысыр елінің музыкалық аспабы дауысына құлақ түріп, соны тауып алып үйренеді. Бірақ, бірте-бірте оған деген ынтасы азая бас­тайды. Әсер етпеген дыбыстан тез жалығады. Мұнан кейін жанына түріктің сырнайын серік етіп көреді. Біраз уақыт мұнымен сырлас, мұңдас болған жан бірде адамның ішкі түйсігінен асқан сезім жоқтығына көз жеткізеді. Тағы да бағын интернеттен сынап көруге бел буады. Жанына жапырақтай жылы тиетін жайлы, жұмсақ дыбыс іздеуге кіріседі. Кенет бұрын-соңды үнін еш жерден естімеген бір әуеннің сиқырына балқып, лезде байланып қалған ол мақсатына жеткенше мазасыз күй кешеді. Технологияның дамыған заманында интернет дегеніңіз асқақ арманыңызды жаныңызға әкеліп байлап қоятын мүмкіндік емес пе? Сол арман осы аспаппен бірге көкірегіне шуақ орнатқандай. Әуелі ғаламтор арқылы бұл үннің ерекшелігін анықтап алғысы келеді. Мұнан кейін қобызды іздей келе, ол аспап Қытай елінің Үрімші қаласында тұратын ұйғыр шеберінің жасаған аспабы екендігін біледі. Оған тапсырыс бер­ген Р.Краузенің үш айдан соң сол ойы жүзеге асады. Аласұрған көңі­лі шалқар айдынға бөленген шебер кере­мет үнді аспаптың қолына түскен­дегі сәтін айтып тауыса алмайды. Сүйіп қалаған аспапта ойнау­ды мұрат тұтады. Үйренеді. Алайда, интернеттен алған әсер бөлек те, өзі тартқандағы күй одан мүлде басқа сияқты. Сөйтіп жүрген уақытта, Австрияның Грац қаласында қыл қобызшы Раушан Оразбаева жеке концертін береді деген хабарды құлағы шалып, арнайы іздеп барып жолығады. Танысады. Содан бастап, қыл қобызды тоқтамай тартып жүреді. Австрияда, Германияда ұстазымен кездескен сайын одан дәріс алуын ары қарай жалғастыра береді. Өткен жылы тіпті сол үшін Алматыға ұшып келіп, 2 апта тағы да оқып қайтқан екен. Міне, ізденіс неге жеткізеді? Биыл өз өтінішімен Астана қаласында өткен №1 Балалар музыка мектебінің есеп беру концертінде өнер көрсетіп, қыл қобыздың кереметіне бас игізген қонаққа мұнан кейін не дейсіз? Неміс қызына рахмет. Жұрттың санасын улаған ескіліктің сарқыншағы деген желеумен көзін жойып жібергісі келген кеңестік саясаттың сумаңдаған қылышынан талай мәрте мойны кесілмей қалған құндылыққа құрмет көрсете білгені үшін. Ұлттық музыкалық аспабынан, байырғы дәстүрінен қол үзіп, мойны батыстың баянсыз жылтырағына бұрыла бастаған кейбір жастарымызға сол елдердің өзі біздің рухани байлығымызға бас иіп, бағынып жатқанын дәлелдеп бергені үшін. Қазақ ұлттық өнер университетінің аға оқытушысы, түрлі халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты, мәдениет қайраткері Раушан Оразбаевамен әңгімелескенімізде, сол сөздерді растап берді. «2012 жылы Австрияның Грац қаласында қызым Тоғжанмен қобыз күйлерінен концерт бергенім есімде. Концерттен соң қасымызға Роземари есімді әйел келіп: «Қобыз үйренгім келеді, қобыздың үні менің жүрегімді қозғап, ішкі рухымды оятты» деді. Мен, әрине, үйретейін деп ниет білдірдім, себебі, қобыздың үнінде расында да адамның жүрегін емдейтін құдіретті күш бар. Мен оған біраз сабақ бердім. Алматыға да келіп менен көп нәрсе үйреніп тұрды. Жыл сайын өзім Германия мен Австрия жұртшылығы алдында өнер көрсетемін. Ондағы жұрт мені тағатсыздана күтеді. Ал енді, міне, дәм-тұз бұйырып Роземари елордаға ат­басын тіреуде. Ол менің « Аққу» атты шығармашылық жеке концертімнің сәтті өтуіне шексіз үлес қосқан жан. Оның үстіне ұлты неміс бола тұра қыл қобызды айрық­ша құрмет тұтқан осы бір ғажап тағдырдың шәкірттеріммен бірге ансамбльде өнер көрсетуі мен үшін өте қуанышты жағдай. Роземари Қор­қыттың күйлерін шалқар сезіммен ойнай­ды. Бұл өте сирек кездесетін құбы­лыс» деген ұстаз Астанаға кел­гелі сегіз айдың жүзі болып қалғанын, осы мерзімде №1 Балалар музыка мектебіндегі қыл қобыз класы бойынша ансамбль құрып үлгергенін айтты. Қобыз ұстаған Краузе жүрегін майдай ерітіп әкеткен баба күйі неткен құдіретті еді! Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан». АСТАНА. Суретті түсірген  Орынбай БАЛМҰРАТ.