Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Бас хатшысы Ламберто Заньермен кездесті, деп хабарлады осы ведомствоның баспасөз қызметі.
Кездесу барысында Қазақстан мен ЕҚЫҰ арасындағы екіжақты ықпалдастықты одан әрі дамытуға бағытталған ауқымы кең мәселелер, оның ішінде өзекті халықаралық мәселелер және әртүрлі бірлескен жобалар аясындағы ынтымақтастықтың болашағы талқыланды.
Е.Ыдырысов Қазақстан мен ЕҚЫҰ ынтымақтастығының өзекті мәселелерінің бірі қауіпсіздікті қамтамасыз ету және трансұлттық қатерлерге қарсы іс-қимыл болып табылады деп атап өтті. Осы тұрғыдан Ауғанстан аумағынан шығатын ықтимал қауіп-қатерлер Орталық Азия елдері үшін де, барлық халықаралық ұйымдар үшін де өте маңызды болып қала бермек. Ауғанстанмен өзара іс-қимыл мәселесі Ұйымның күн тәртібінен де түспек емес.
«Үлкен тәжірибесі бар ЕҚЫҰ, БҰҰ және басқа халықаралық ұйымдармен бірлесіп, Орталық Азия елдеріндегі шекара қызметінің тиімділігін нығайтуға көмектесе алар еді, Ауғанстан мен көрші елдерде есірткіге қарсы күреске қолдау көрсету бағдарламаларын жүзеге асыруға қатыса алар еді деп санаймыз», деп атап өтті ҚР СІМ-інің басшысы.
Сұхбаттастар жұмыстың маңызды бағыттарының бірі ретінде ЕҚЫҰ Астана Саммитінің басымдықтарын бірлесіп ілгерілету екендігін растады және бұл бағыт алдағы жылдарда Қазақстанның Ұйымдағы қызметінің негізгі басымдығы болып қала беретіндігін алға тартты. Бейбітшілік пен ынтымақтастықты нығайтуда болашақтағы тұрақты және сенімді әріптес ретінде Қазақстан 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелерінің құрамына, соның ішінде Астана декларациясындағы стратегиялық мақсат – Еуроатлантикалық және Еуразиялық қауіпсіздік ұйымын құруға қол жеткізу үшін өз кандидатурасын ұсынды.
Тараптар, сондай-ақ, Украинадағы ішкі саяси ахуалдың даму мәселелерін талқылады. «Біз Украинаның дағдарыстан бейбіт жолмен шығуын және оның БҰҰ мен басқа да беделді халықаралық ұйымдардың көмегімен келіссөздер үдерісі жолымен шешілуін қалаймыз», деп атап өтті қазақстандық СІМ басшысы.
Л.Заньер атап өткендей, осы жағдайда «Ұйымның Астана Саммитінде айтылған, біртұтас және бөлінбейтін қауіпсіздік қауымдастығын құруды жалғастыру қажеттілігі сезіліп отыр». Келіссөздер барысында әлемдік экономиканың құлдыраудан баяу шығуы және теріс экономикалық факторлардың шыдамсыздық пен қысым көрсетушіліктің артуы әсер етуі есебінен дінаралық және этносаралық төзімділік мәселелері де талқыланды. Тараптар ЕҚЫҰ өңіріндегі, оның ішінде ғаламтордағы қастандық жасау мен жеккөрушілік, ксенофобия мен исламофобия салдарынан туындаған қылмыстардың көбеюіне алаңдаушылық білдірді.
Келіссөздер күн тәртібінің басқа бір маңызды пункті ЕҚЫҰ-ның Қазақстандағы қызметі болды. Е.Ыдырысов Ұйымдағы істер жағдайының мәні, оның тиімділігін арттыру, қабылданған шешімдерді орындау және қауіпсіздіктің барлық үш өлшемінде әлеуетті нығайту бойынша жүйелі және жоспарлы жұмыстың қажеттілігі жөнінде айтты. Ал ЕҚЫҰ Бас хатшысының ойынша, «Қазақстан-2050» ұзақ мерзімді даму стратегиясын ескере отырып және еліміздің тиісті қажеттіліктері жағдайында Ұйымның Қазақстандағы өкілдігінің қызметін жаңғырту және заманға сай бейімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.