Бейжің қаласында «6+5» форматында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің ұлттық үйлестірушілері және ШЫҰ жанындағы бақылаушы мемлекеттердің құзыретті өкілдері арасында Ұйымның тарихында алғашқы кездесу өтті.
ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің, ШЫҰ Хатшылығы мен Аймақтық лаңкестікке қарсы құрылымның Атқарушы комитетінің өкілдері өз сөздерінде Ұйым жанындағы бақылаушы мемлекеттермен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниет білдірді. Аталған ынтымақтастық ШЫҰ-ның әлеуетін арттыруға, осы ұйым жұмысының нәтижелілігін кеңейтуге мүмкіндік береді және оған кіретін мемлекеттердің мүдделеріне тиімді болады, деп атап өтті олар.
Бақылаушы мемлекеттер өкілдері ШЫҰ іс-шараларына түрлі дәрежелерде қатынасуын белсенді етуге қызығушылық білдірді.
Қазақстандық делегацияны Шанхай ынтымақтастық ұйымы қызметінің мәселелері жөніндегі ұлттық үйлестіруші, Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Шахрат Нұрышев басқарды.
Қазақстан делегациясының басшысы өз сөзінде ШЫҰ жанындағы бақылаушы мемлекеттермен бірлескен ынтымақтастық комитеттерін немесе нақты бағыттары жөніндегі байланыс топтарын құру туралы, сонымен қатар, бақылаушы мемлекеттерге ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ресми ашық құжаттарын жолдаудың мүмкіндігі бар екенін атап өтті.
«Егемен-ақпарат».