• RUB:
    4.94
  • USD:
    443.16
  • EUR:
    480.39
Басты сайтқа өту
30 Сәуір, 2014

Францияда еліміздің KazEOSat-1 жер серігі сәтті ұшырылды

1643 рет
көрсетілді

АСТАНА. 30 сәуір. Бүгін Астана уақыты бойынша таңғы сағат 7:35-те еліміздің жерді қашықтықтан зондтау (жерді ғарыштық құрылғымен бақылау) бірінші жер серігі Францияның «Куру» ғарыш айлағынан сәтті ұшырылды. Бұл туралы Kazakhstan Today хабарлады. KazEOSat-1 (Kazakhstan Earth Observation Satellite – қазақстандық Жерді қадағалау жер серігі) аппаратын Ұлттық ғарыш агенттігінің тапсырысы бойынша Францияның Airbus Defence and Space компаниясы жасап шығарған. Барлық салмағы 900 кило тартатын аппарат ғарыш әлемінде 7 жыл жұмыс істейді. KazEOSat-1 стихиялық апаттар мониторингін түзу, алдын алу, жер кадастрын жүргізу, қорғаныс пен елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жасалды. Ол Қазақстан аумағының, сондай-ақ, жердің басқа телімдерінің көріністерін түсіруге арналған. KazEOSat-1 құрылғысын күн-синхронды орбитаға «Вега» еуропалық зымыран тасығышы алып ұшты. KazEOSat-1-ді ғарышқа жеткізу мақсатында 2009 жылы жерді қашықтықтан зондтау жер серіктерінің экспорты жөніндегі әлемдік көшбасшы – Airbus Defence and Space пен «Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық компаниясы» Акционерлік қоғамы арасында халықаралық тендерлік үдеріс қорытындылары бойынша келісім жасалған. Жерді ғарыштық құрылғымен бақылайтын бұл аппаратты құруға арналған Қазақстан-Франция келісім-шарты шеңберінде еліміздің 50 инженері практикалық тағылымдамының толық курсынан өтті. Олар жер серікті автономды басқаруды және ғарыш түсірілімдерін өңдеуді меңгерді. «Куру» ғарыш айлағына Қазақстан делегациясын бастап барған Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев KazEOSat-1-дің сәтті ұшырылғанына орай Францияның аталған сала басшыларына, Еуропа ғарыш агенттігінің жетекшілеріне және осы іске атсалысқан барлық мамандарға еліміздің атынан алғыс білдірді. Жолдыбай Базар. Дереккөз: Kazakhstan Today. Фото: «ҚазАқпарат».